Жаңалықтар

YШIНШI ОҚ КIМДIКI?

ашық дереккөзі

YШIНШI ОҚ КIМДIКI?

Ұлт данасы Шәкәрiмге ажал әкелген үшiншi оқ кiмдiкi? Ғұламаның қансыраған торжорғамен бiрге құлағанын жақын жерден көрген, онан соң оң қолын көтере: “Мен өкiметке керек адаммын, менi ауданға жеткiзiңдер?!” деген соңғы сөздерiн естiген куәлердiң бiр де бiрi, амал не, үшiншi оқ жөнiнде жұмған аузын ашпай кеттi. Ол жөнiнде тiсiн тiсiне қоюға өзара анттасып, баталасқанға ұқсайды.

Жалпысында дүмпу басталған 3 қыркүйектен ақын оққа ұшқан 2 қазанға дейiнгi оқиғалар төңiрегiнде қауесет, хикаялар телегей-теңiз әрi дерек-дәйектер бiрi-бiрiне қиғаш келiп жатады. Мұның өзiндiк себебi: Шәкәрiмнiң өлiмiне тiкелей қатысты басшы адамдар сол кездiң өзiнде-ақ көпшiлiктi куәге тартып, оларды “Қылмысқа бiздi апарған Шәкәрiм десеңдер, босатамыз, әйтпегенде өздерiңдi айдап-байлап жоқ қыламыз” деп үркiту және “ол жалғыз болмаған, қарулы бандымен бiрге келе жатқан” деген сияқты “мифтер” жасау арқылы сұмдық қылмыстың iзiн жасыруға тырысып баққан болатын. “Бұл жағдайда, әрине, торжорға – баға жетпес құнды “дәлел” едi, ол кiмнiң тақымынан табылса, сол кiсi көтерiлiстiң көсемi” дестi.

1963 жылы Абай аудандық партия комитетi жанынан Шәкәрiмдi ақтау мақсатымен 9 кiсiден құрылған комиссия 3 айы бойына 300-дей адамдармен сөйлескенде анықталған басты жәйт осы. Төменде көп материалдар iшiнен ең сенiмдiсi, дәлелдiсi дегендерiн ғана iрiктеп, оның өзiнде қарама-қарсы топтан екi куәнi таңдап: бiрi — Айтмырзаны, бiрi — Бердештi ғана сөйлетпекпiз.

“Бұл оқиға тұсында Қарасартовтың қарауында чекистiк қызмет атқардым, — дейдi Қарасартовтың тобында болған Айтмырза Түңлiкбаев. — Бандалар Қарауылды шауып, Олжабайды өлтiрiп кеткен соң араға үш күн салып Шәкәрiм аға бiздiң үйге келдi, қатты ауырып жатқан тоқсандағы әкемнiң көңiлiн сұрады. Сонда ол: “Қарауылдың балшық үйiн қиратып, кiсi өлтiргенде жексұрын көрiнгеннен басқа не шығарды?.. Өңшең ақымақтардың iсi бұл!” деп, бүлiншiлiкке қатысқандарды қатты жазғырып отырды. Сонда оның банда болғаны қайсы?.. Ал, ақын қазасына келсек, ол былай болған. Таң мезгiлi. Күздiң бiр бұлыңғыр күнi едi. Жердi қырбақ қырау басқан боқырау шағы.

Күзетте тұрған башқұрт Халитов анадайдан мұнартып көрiнген бiр топ аттылардың бiзге қарай беттегенiн көрген. Осы хабар құлағына тиiсiмен оларды банда деп ойлаған Қарасартов бiзге бiрден-ақ, “Атыңдар!” деп бұйырды. Одан-бұдан мылтық атыла бастаған соң аналар iркiлiп қалды. Сол кезде iркiлген топтан бiреуi үзiлiп шығып, атының жорғасын төгiлдiре бiзге қарай беттедi және де қайта-қайта қолын көтерiп, залалсыз адамбыз дегендей белгi бердi. Жақындағанда Шәкәрiм екенiн бәрiмiз-ақ таныдық. Бiрақ, “Атысты тоқтатыңдар!” деген бұйрық болмаған соң Халитов екi дүркiн тағы атты. Шәкәрiм атының жалын құша берiп жерге құлап түстi. Аты да оңбай жарақаттанды. Шәкеңнiң бiзге бiрдеңе деуге де шамасы келмедi. Ат, түйе мiнген қалпымызда бiз оны қоршап бiраз уақыт үнсiз тұрдық. Бұл кезде Шәкеңнiң серiктерi зым-зия жоқ боп кеттi.

Қапелiмде жантәсiлiм қыла алмай қиналып жатқан қарттың қаруын, үстiндегi киiмдерiн бұйрық бойынша жұрт үлесiп ала бастады. Қасқыр iшiк, тымақ, саптама етiк, сырма бешпет, шалбар дегендерiңiз бiр-бiрден алынып болған соң ақ қыраудың үстiнде ақ жейде, ақ дамбалымен қан жоса боп ақ сақалды шал жатты. Сонда начальник маған: “Әй, тобықты, сен неге алмадың? — деп зекiдi. Мен: “Алатын несi қалды?” — дегендi ызаға булығып айттым. Ол: “Өзiн ал! Бақанасқа жеткiз! — деп бұйрық бердi. Мен түйемдi шөгердiм де, астымдағы өре киiздi жайып жiберiп, соған өлiктi ұзын күйiнде орап, екi жерден арқанмен бунап, түйенiң бiр жағынан екi өркешiнен iлдiм. Өзiм түйеге жайдақ мiнiп, Бақанасқа жеткiздiм. …Бiздiң аса қиындықпен ойған жерiмiзге қарттың ұзын денесi сыймаған соң соған отырғыздық та жүзiн жасырдық”.

Айтмырза Түңлiкбаевтың өз қолымен жазып берген дәйектi материалға нанымды дерек көзi деп қарауға тиiспiз. Өйткенi, мұнда баяндалған уақиғаны сәл-пәл өзгергенi болмаса әлденеше куәлер қайталап айтады. Талдап көрелiк.

Бiрiншiден, “Шәкәрiмдi бәрiмiз таныдық” дейдi куәгер. Өйткенi, Қарасартов тобындағы жиыны он солдаттың бәрi де жергiлiктi тұрғындар едi. Тiптi, бөтен дейтiн башқұрт Халитовтың өзi де Шыңғыста талай жыл тұрған, Шәкәрiмдi жақсы бiлген пақыр. Екiншiден, ГПУ-дiң солдаттары жылдам аттарынан түсiп, денесi әлi суып үлгермеген қарттың “қаруын, үстiндегi киiмдерiн үлесiп ала бастаған”. Бұл кезде түйенiң қомында отырып, үлестен қағылған Айтмырзаның: “Маған алатын несi қалды?” деуiне қарағанда командирге ренiшi де жоқ емес. Оның “Шәкәрiмнiң қаруы” деп отырғаны, ақынға бiр кездерде ағасы Абай сыйлаған үнемi жанында жүретiн мылтық-винчестер деген сөз бар. Екiншi бағалы мүлкi — Стамболдан сатып алған алтын сағаты болатын, мұны ел аузы: “Әбдiрайым деген бiреу алған” деседi.

Сөйтiп, Айтмырзаның сөзi, әсiресе, оны мен командир арасындағы диалогы, начальниктiң бұйрығынсыз ешкiмнiң де ешқандай қимылға бармағанына көзiмiздi жеткiзедi. Жазалаушы әскери отрядта тек солай болуға тиiстi. Бұйрықты орындамау я болмаса өз бетiңше әрекет қылу – қылмыспен пара-пар екенi өз өзiнен түсiнiктi.

Керегетаста болған қанды оқиғаның куәгерлерi ләм-мим демей, өздерiмен бiрге қара жерге ала кеткен ең үлкен жұмбақ — үшiншi оқтың иесi кiм екен дегенбiз. Халитов жақын жерден атқан екi оқтың бiрi Шәкәрiмге, бiрi торжорғаға тигенi бiршама анық. Бiрақ қол созым жерден атылып, Ахаттың сөзiнше, “төс сүйектiң ортасынан өтiп, оң жақ омыртқаның қанатын сындырған” үшiншi оқ ше?

Мұның жауабын беруден бұрын қарсы топтың адамы — Бердеш Әзiмбайұлына (1885-1963) кезек берейiк, ол көтерiлiстiң белсендiсi ретiнде Қытай жерiне өтiп кеткен, одан елге оралған, қысқасы, “Ойпыр-ай, Бердеш-ай, сен де жер басып тiрi жүр ме едiң?” деп Мұхаңның (М.Әуезов) өзi ғажаптанғандай, қилы оқиғаларды белшеден кеше жүрiп, бәрiбiр тiрi шыққан кiсi. Оның “Үш анық” газетiнiң 1991 жылғы №3 санында “Шәкәрiм қалай атылды?” деген атпен жарияланған, Қабден Есенғараұлына айтқан әңгiмесiнен төмендегi үзiндiнi аламыз.

“Шәкәрiм, Зияттар түн жамыла Керегетасқа жетiп, Бердештiң тобына қосылады. “Келесi күнi, — дейдi Бердеш, — таң атар-атпастан мылтық тарс етiп атылғанда бәрiмiз шошына орнымыздан тұрдық. Бiз атқа мiнiп қарсы бетке шыққанымызда, жатқан жерiмiзге 15-20 адам келiп тоқтады. Сол түнi сiлбi жауып, күн бұлыңғыр едi. Олар бiзге, бiз оларға қарап бiраз тұрдық. Сол кезде Шәкәрiм Зиятқа қарап: “Қош, жан балам!” — деп НКВД адамдарына тура тартты. Ол НКВД адамдарына таяп барғанда екi дүркiн мылтық атылды, торжорға ат көкке бiр секiрiп барып құлады. Шәкәрiм атпен бiрге құлап түстi де орнынан атып тұрып, қолын жоғары көтердi. Онысы “атпаңдар” деген белгiсi едi. Оған қараған жан жоқ. Тағы да мылтық сарт еттi. Шәкәрiмнiң жоғары көтерiлген оң қолы сылқ түстi… Шәкәрiмнiң өлгенiн көзбен көрiп тұрсақ та, қолдан келер қайран жоқ, керейлерге қарай бет алып, олардың көмегiмен Қытайға кеттiк”.

Бұл оқиғалар қиялдан деп күдiктенуге, жоғарыда айтқанымыздай, ешбiр негiз жоқ. Бәлкiм, Алла тағала Бердештiң жанын шындықтарды бiзге жеткiзу үшiн де сақтаған шығар. Оның айтуынша, бiрiншiден, мылтық үш дүркiн атылған. Алдыңғы екеуден соң торжорға “секiрiп барып құлаған” екен. Екiншiден, соңғысы үшiншi оқ атылғанда “Шәкәрiмнiң оң қолы сылқ түстi”, яғни, Шәкәрiмнiң “өлгенiн көзбен көрдiк” дейдi Бердеш.

* * *

Француз жазушысы Виктор Гюгоның “93 жыл” деген романында екi революционер бейнесi кестеленедi. Оның бiрi жас офицер, революционер Говен былай дейдi: “Қазiргi революцияның мәнi құпия… Белгiлi жағы — қатiгездiк, белгiсiз жағы — ұлылық. Мен мұны бүгiн айқын түсiнемiн. Бұл таң қалатын әрi тамаша iс. …Құрылыс жүрiп жатыр. Тағылық сатылары үстiнен өркениет салтанат құратын болады”.

Ең жоғарғы — үкiмет басшысы Елтай Ерназаровтан, ең төменгi — аудан, ауыл деңгейiндегi Қарасартовтарға дейiнгi қазақ (орыс) революционерлерiнiң ойлау үлгiсi Говендiкiне ұқсас болған. Олар да қатыгездiктi — ұлылық, ұлттың дәстүрлi жолын — тағылық деп бiлдi. Түбi шикi, таяз, шолақ идеяларға құлай берiлгендердi қалың бұқара халық сол кездiң өзiнде-ақ “шолақбелсендiлер” атап, дәлдi бағасын бергенi мәлiм.

Тағы бiр сөзiмiз қалып барады. Шәкәрiм әулие ажалы Қарасартовтың қолынан боларын алдын-ала сезгендей, оған жолай алмаған. “Олар жақын жанасып, сұхбаттасқан-мыс, философия, поэзия хақында пiкiрлесiптi-мiс” дегенге малданып қалмаңыз, бiлместiкпен айтылған жалған, шикi сөздер.

Көрнектi ғалым Евней Букетов Қарасартовтың берген жауаптарын магнитофон таспасына құпия түрде жазып алған материал 1989 жылдың ақпан айында “Қазақ әдебиетi” газетiнiң үш санында жарияланғаны мәлiм. Бiз ондағы Қарасартовтың Шәкәрiмдi үйiне шақырып, “қонақ” қылғаны баяндалған тұста: “…Маған қараса күллi денесiмен бұрылып, “қасқырша” қарайды да, қайтадан қалпына отырып сөйлейдi. Бiр күн, бiр түн сөйлескенде езу тартып бiр күлмедi! …”Қарағым-шырағым” деген сөздi далада да, үйiмде де, еш жерде естiгем жоқ!” дегенiн қаперге ала отырып, ақынның 1931 жылдың жазында жазылған “Кейбiреу бездi дейдi елден менi” деген зарлы өлеңiндегi:

“Елдi зарлатқан арсыздың қылығынан,

Жанына жаным шошып бара алмадым”, —

деген өз сөздерiне ғана сенемiз. Бiле бiлсек, шарасыздық қысқан ақын мұны абстарктiлi, жалпылама емес, нақты арсыз адамға айтқан.

Соңғы сәттерге келейiк. Бiрi — ұлылықты махаббат, мейiрiмдiлiктен тапқан ұлт данасы, бiрi — оны қатiгездiк деп ұққан, көзi қанталаған жас революционер, олар соңғы сәтте, сiрә да, жанарларымен шарпысты. Екi арада — шексiз ымырасыздық. Сондықтан шошаңдаған маузерiн қақ жүректiң тұсына кезеп, шүрiппенi қалай басқанын чекистiң өзi де аңдамай қалған шығар-ау. Соңғы демi ышқына шыққан Шәкәрiм тұяғымен әлi де ауаны тарпып, денесi дiрiл қаққан торы жорғаның үстiне құлап бара жатты…

Сонымен, Евней Букетов 1984 жылы жазып алған “Бiлмедiм, Шәкәрiмдi кiм атқанын…” деген Қарасартовтың сөзiмен аталған көлемдi сұхбаттағы оның жауаптары, т.б. материалдар легiмен таныса отырып, Шәкәрiмдi кiм атқанын бiз бiлемiз деймiз. Ол — Қарасартов. Соңғы оқ — сонiкi!

Бұл пайымды алғаш рет Жайық Бектұров өзiнiң “Ақын мен арамза” атты поэмасында көркем тiлмен тұспалдап жеткiзгенi мәлiм. Онан төрт жылдан соң, яғни 1988 жылы Шәкәрiмдi ақтауға қатысты құрылған комиссияның төрағасы, ақын Хамит Ерғалиев “Бiз бiлемiз Шәкәрiмдi кiм атқанын!” атты мақаласында: “…Қарасартов ақынды бiр емес, екi дүркiн өлтiрттi. 1959 жылы жоғарыда айтылған әрекеттерiн iстемей жайына жүре берсе де ешкiм оның жағасына жармаспас едi. Ал, ақынның мол мұрасы осыдан отыз жыл бұрын-ақ ел дәулетiне айналған болар едi. Қарасартов сталинизм тұсындағы психологиядан елдiң әлi де арылып болмаған кезеңiн шебер пайдаланды”, — деп атап айтқан едi. Бүкiл “қарасартовшылдыққа” деген тарихтың үкiмi осы.

Барлық жинап, терген еңбегiн адам баласы үшiн, бүкiл саналы ғұмырын туған халқының игiлiгiне арнаумен өткiзiп, өмiрiнiң соңында:

“Қанды қанау айналам,

Соларды көрiп ойланам.

Құтқарып алар қуат жоқ,

Құр саламын байбалам,” —

деп күйзеле зарлаған кемел данышпан Шәкәрiм рухына баршамыз бас иемiз. Ол өлiмi арқылы да қазаққа зор сабақ қалдырып кеттi. Бұл – қиянаттың жеңiсi қашанда уақытша, түптiң түбiнде бәрiбiр махаббат пен әдiлет жағы жеңбек деген сабақ. Басқаша болуы мүмкiн де емес, ұлы Абай өзiнiң 45-шi сөзiнде паш еткендей, бұл “Жаратқан Тәңiрiнiң iсi”, яки заңы. Тақырыбымызды осы түйiнмен түйiндегiмiз келедi.

Асан ОМАРОВ, философия ғылымдарының кандидаты