Жаңалықтар

Арқадағы 100 том

ашық дереккөзі

Арқадағы 100 том

Кез келген мемлекет әуелі қасиетті өнерімен, мәуелі мәдениетімен басқаға танылып, бағаланады, әлемдік өркениеттің алтын қорына қосқан асыл мұраларымен мақтанады. Сондықтан да бүгінгі күні осынау асыл қазынамызды, ғасырлар қойнауынан жеткен бай мұрамызды сақтау, шашау шығармай келер ұрпаққа жеткізу, жан-жақты қолдау көрсету – мемлекеттік маңызға ие мәселе болып отыр.

Биылғы жылдың 11 сәуірінде Арқаның зиялы қауым өкілдері облыс әкімі Бауыржан Әбдішевпен кездесті. Қарағанды облысының әкімімен болған кездесуге жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми мекеме басшылары, шығармашылық ұжым өкілдері және белгілі ақын-жазушылар қатысты.

«Сарыарқа жері – қазақтың қазба байлығының ғана емес, өшпес өнерінің, мәуелі мәдениетінің және қатпарлы тарихының алтын кеніші. Олай болса, қазыналы Қарағанды жерінің, қазақтың өнері мен мәдениетін дамытуға өлшеусіз үлес қосып жүрген сіздермен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын,– деді өңір басшысы.

Басқосуда зиялы қауым өкілдері де өздерін мазалап жүрген көкейкесті мәселелерін айтып, ойларын ортаға салды. Атап айтар болсақ, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру бағытында нақты жұмыстар жүргізу, облыс аумағында тарихи жер-су атауларын қалпына келтіру, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановқа ескерткіш орнатып, көшеге есімін беру, қала көшелерінің атау­ларын қазақыландыру, өнер ұжымдарына келетін жас мамандарға баспана бөлуге көмектесу және өзге де өзекті мәселелер сөз болды.

Облыс әкімі барлық ұсыныстарды мұқият қарастырып, тиісті жұмыстардың жүргізілетіндігін баса айтты. Айрықша атап өтерлігі, келелі кездесуде көптен бері көпшіліктің көкейінде жүрген «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен Бұқар бабамыздан бастап бүгінгі күнге дейінгі ақын-жазушыларымыздың, қайраткер тұлғаларымыздың еңбектері қамтылатын 100 томдық таңдамалы жинақ шығару жөнінде маңызды шешім қабылданды.

Едіге БЕКТАС