Жаңалықтар

ХОККЕЙШІ БАЛАЛАР МӘЗ

ашық дереккөзі

ХОККЕЙШІ БАЛАЛАР МӘЗ

Өскемендік хоккейші балалардың қуанышында шек жоқ. Өйткені, қаладан ашылған екінші мұз айдынының арқасында 3 мың бала хоккей ойнауға мүмкіндік алды. Ол үшін «Қазақмыс» корпорациясынан 250 млн. теңге бөлініпті. Сонымен қатар облыстағы әлеуметтік маңызы бар нысандарға 1 млн. 200 мың теңге қарастырылуда.

Салауатты өмір салтын қалыптастыруға кәсіпкерлер қауымы да атсалысатыны белгілі. Осы орайда, «Қазақмыс» корпорациясының Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі арасында 2012 жылы қол қойған Әлеуметтік ынтымақтастықтың Кешенді жоспары аясында Өскемен қаласында екінші хоккей алаңын пайдалануға берді. Алаң құрылысына «Қазақмыс» тарапынан 250 млн. теңге қаржы бөлініпті. Игі істің нәтижесінде №24 спорт мектебінің аумағында орналасқан хоккей алаңы жас спортшылар мен Өскемен қаласының тұрғындарының көзайымына айналды. киініп-шешінетін бөлмелері мен қосалқы бөлмелері қажетті жабдықтармен жарақталған. Алаңның ашылу салтанатына қатысқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтың әлеуметтік дамуына тұрақты түрде инвестиция бөліп отырғаны үшін корпорация басшылығына алғыс айтып, ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді.

Шараның ашылу салтанатында облыс басшысы: «Егер естеріңізде болса, былтыр Президенттің қатысуымен Өскемендегі «Қазақмыс» қаржыландырған алғашқы хоккей алаңын ашқан едік. Бүгін сондай алаңның екіншісін пайдалануға бергелі отырмыз. Ол да «Қазақмыстың» қаражатына салынған. Бұрын Спорт сарайына сыймайтын балалар енді жаңадан ашылған орындарда жаттығуға мүмкіндік балды. Мәселен, екі алаңда аптасына 3 мың бала хоккей ойнамақ», – деп мәлімдей келе, биыл «Защита» шағын ауданынан үшінші мұз айдынының ашылатынын айтты.

Жергілікті атқарушы билік пен «Қазақ­мыс» арасындағы келісімге сәйкес, би­ыл­ғы жылға арналған жоспарлар шеңберінде спорт са­ласында дарынды балаларға арналған мектеп-интернет салынбақ. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы мен модернизациялауға 1,2 млрд. теңге қарастырылыпты. Олардың қатарында көлік жолдарын жөндеу, жұмысшы қыстақтарындағы жылу жүйелерін жақсарту, Семейдегі «Спартак» стадионын жөндеуден өткізу т.б. бар.

Балақайларға хоккей алаңының кілтін табыстап тұрып, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС Басқарма Төрағасы Эдуард Огай: «Қазақмыс корпорациясы Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған салауатты өмір салтын қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді. Біз әлеуметтік бағдарламамыздың басты бағыттарының бірі болып табылатын балалар мен жастар спортын дамытуға алдағы уақытта да қолдау көрсетіп отырамыз», – деп мәлімдеді.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ