Жаңалықтар

ҰЛЫН ҰЛЫҚТАДЫ

ашық дереккөзі

ҰЛЫН ҰЛЫҚТАДЫ

Түркі халқының рухани астанасы аталатын Түркістан жұртшылығы да Наурызды ерекше атап өтті. Қала әкімшілігі мен Бекзат мөлтек ауданының ұйымдастыруымен түрлі іс-шаралар атқарылды. Молшылыққа жайылған ақ дастарханмен бірге, мерекелік концерт, дәстүрлі спорт ойындары, қазақша күрес, арқан тарту, қол күрес, гир көтеру, бокс, таэквандо, көкпар ұйымдастырылып, ұлыстың ұлы күні әз-Наурызды ұлықтады.

Сонымен бірге Түркістан топырағынан түлеп ұшқан ер Бекзаттың 4 сәуір туған күніне орай, оның рухына арнап Есімхан алаңында «Ер есімі – ел есінде» атты арнайы гала концерт өткізді. Кештің шымылдығын ашқан қала әкімі Әліпбек Шәріпбекұлы Бекзат туралы толғанысқа толы сөз сөйледі. Аталмыш кешке арнайы келіп қатысқан батыр ұлдың ата-анасы, ауыл ағалары, дос-жарандарымен бірге Бейбарыс Серікбаев, Дәурен Сейітжан, «Қыран» тобы, Бек Шәріп және Асан Пердеш сынды эстрада әншілері дүйім жұртқа әннен сый тартты.

Жиырма жасында Олимпиада ойын­да­рының чемпионы атанып, көк байрағымызды Сидней аспанында желбіреткен Бекзат Саттарханов арамызда аман жүрсе биыл 33 жасқа қадам басар еді. Біз «ол тірі болғанда ғой» деп ешқашан таусылып айтпаймыз. Қазақ халқы тағдырға нала болатын емес, шүкір ететін халық. Ең бастысы, ғұмыры келте болса да, Жаратқанның бізге Бекзаттай ұл сыйлағанына шүкіршілік етеміз. Сұм ажал дарынды спортшыны арамыздан ерте алып кетсе де, бір көңіл жұбатарлығы, Бекзат тым қысқа ғұмырында бойындағы ерен талантын туған елінің игілігіне жаратып үлгерген еді.

Құт-береке тілеген әз-Наурызда батыр Бекзатымызға дұға еттік.

Ақбота Мұсабекқызы,

студент

Түркістан қаласы