Қателік қайталанбаса екен
Қателік қайталанбаса екен
Жақында Ақмола облысының Шортанды аудандық сотында ерекше азаматтық іс қаралып, тараптардың бейбіт келісімге келуіне байланысты қысқартылды. Әрине, заң бойынша судья талап беруші өз арызынан бас тартып бейбіт келісімге келіп жатса, істі қысқартуға тиіс. Бірақ соңғы кездері жиі кездесетін мұндай қайғылы оқиға туралы үндемей қалуды жөн көрмедік, өйткені мұндай қателік қайталанбауы керек.
Талапкер А.Самбетова жүкті болуына байланысты Шортанды аудандық ауруханасының әйелдер бөліміне тіркеуге тұрады. Оны Л.Филонова есімді гинеколог қабылдап алып, тіркеуге қойған соң келіншекке өзінің қарауында болатынын айтады. Анардың бұл алғашқы жүктілігі екен. 2011 жылдың қараша айында жүргізілген ультрадыбыстық тексеру А.Самбетованың ішінде егіз баланың бар екенін дәлелдеп береді. Ал, екінші ультрадыбыстық тексеру жүктіліктің 34-і аптасы екенін, іштегі сәбилердің жақсы дамып келе жатқанын, ешқандай қиындықтың жоқ екенін көрсетеді. Уақыты жақындаған А.Самбетова босанар алдында дәрігердің кеңесін тыңдау үшін қабылдауға келген. Гинеколог Л.Филонова болса балаларды тексере келе, екінші баланың жүрек қағысының әлсіздігін айтады. Әрине, әне-міне қос қуанышқа кенелем деп отырған жас анаға мына жаңалықтың жағымсыз тигені рас. Десе де, тәжірибелі маман келіншектің алабұртқан көңілін елең де қылмайды. Тіпті, ауруханаға жіберуге де асықпайды, қосымша тексеру жүргізіп, дәрігерлердің консилиумын құруды да қаперіне алмаған. Мұның өзі аудандық аурухана дәрігерінің іштегі егіздің сыңарынан тіршілік белгісі байқалмағанына қарамастан, немкеттілік танытқанын, әйел өміріне жаны ашымағанын айғақтайды. Қауіптің шетін шығарып, келіншекті уайымға салған дәрігердің әлі туу уақытына дейін он шақты күннің барын айтып жолдама берумен ғана шектелгенін немен түсіндіруге болады? Бірақ, өкінішке орай, 29 ақпанда ауруханаға баруға жолдама берілген А.Самбетованың толғағы сол күннің ертеңіне-ақ басталады. Түнде жедел жәрдем шақырған олардың бұл әрекеті де сәтсіз шығады. Өйткені, аудандық аурухана жедел жәрдем көлігін күтпей, өздерінің күштерімен жету қажеттігін айтқан. Осындай жауапсыздықтың кесірінен, босанатын әйел аудан орталығынан такси шақыртып, аудандық аурухананың қабылдау бөлмесіне қиямет-қайым қиындықпен жеткен. Сөйтсе, бұл олар көретін сұмдықтың басы ғана екен. Ерте жетуін жеткенімен, олар жарты сағат бойы қабылдау бөлмесінің есігі мен терезесін тарсылдатып, ішке кіре алмай біраз жүрді. Оған қоса, есікті ашқан аурухана қызметкері қиналып тұрған әйелге жедел көмек көрсетудің орнына, «біз есіктің алдында ұйықтауымыз керек пе?» деп айғайға басқан болатын. Сот отырысында жәбірленуші: «Сонда аурухананың кезекші дәрігерлері ұйықтауы керек пе?»,– деді түсінбей. Шындығында, сырқатқа қол ұшын созуы тиіс ақхалаттылардың көмек тұрмақ, есікті ашуға бұлдануы бұл салада тәртіптің қадағалаусыз қалғанын көрсетпей ме? Хош, сонымен ананы туу залына жеткізгенде, ол жерде босанушыны акушер Л.Воробей қарсы алған. Ол ішті тексеруші құралмен тыңдап, бір баланың жүрек қағысының естілмейтінін айтқан және жағдайдың қиындығын сезіп, ургентті дәрігер (үйде отырып, тек шақырғанда келетін кезекші дәрігер) А.Шариповаға телефон соққан. (Көп жылдық еңбек өтілі бар әйел дәрігері А.Шарипова аудандық аурухананың бас дәрігері).Өкінішке қарай, кезекші дәрігер үйінде отырып алып, тіпті, ауруханаға келместен өздерінің «бірдеңе қылып» көлік тауып Астанаға тез жетулерін талап етеді, ол аздай, қиналып жатқан келіншекті «сонда босансын» деп бұйырған. Ал, медбикелер болса толғақтың 2-3 минут сайын келіп тұрғанын, ең бастысы, жатыр суының ағып кеткенін біле тұра, тез арада шара қабылданбаса, екінші баланың да өліп қалу қаупі барын елең қылмаған. Кейін белгілі болғандай, аудандық аурухана дәрігерлері жиналып мұндай жағдайда тез арада кесір тілігін жасаулары керек екен. Бірақ, Астананың етегінде жатқан үлкен аудан орталығының аудандық ауруханасында бір де бір кезекші дәрігердің болмағаны ақылға сыймайды. Осы кезде дәрігердің бос сабылысынан жағдайды өз қолына алмаса, әйелін де, сәбилерін де жоғалтып алатынын сезген отағасы ойланбастан такси тауып Астанаға жеткенше асыққан еді. Бас дәрігердің бұйрығымен олармен бірге акушер Л.Воробей де ілескен екен. Күннің боранды болуына байланысты олар тек 1 сағат 40 минуттан кейін ғана Астана қаласының №2 перзентханасына жеткен. Әрине, Ақмола облыстық ауруханасының дәрігерлерінің алдын-ала келісімі болмағасын оларды онда да ешкім күтіп отырмағаны белгілі. Бұл уақытта А.Самбетова ақыл-есінен айрылып, бір баласынан өлі, екінші баласынан тірідей айрылып қалған болатын. Өйткені, екінші нәресте де уақытында шығарып алмаған дәрігерлердің кесірінен екі ортада тұншығып, қысылып өлген екен. Десек те, кінәлі тараптың да ақталып айтқан уәжі сот барысында тыңдалды. Босанушыны қабылдап алған дәрігердің айтуынша, А.Самбетова өте ауыр халде болған. Оның қан қысымы 220-ны көрсетіп тұрған. Дәрігерлер нәрестелердің мұндай жағдайда тірі қалмайтынын біліп, енді тек босанушыдан айрылып қалмау мүмкіндіктерін пайдаланған көрінеді. Ақталу үшін айтылған бұл уәждердің қаншалықты қисынға келетінін көпшілік өзі бағамдай жатар. Бірақ, өмір мен өлімнің ортасында қалып, қос нәрестесінен бір күнде айрылған ананың қасіретін олардың ешқайсысы жеңілдетпейтіні шындық. Денсаулығын түзеген соң жәбірленушінің ең бірінші арызданғаны Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы болды. Басқарма бастығы К.Ташметов дабыл қағып, дәрігерді жұмыстан қуған жоқ деп ойлайтын шығарсыз. Басшы келіншектің қайғысын түсініп, жазықтыларға шара қолданудың орнына, шығарып салма жауаппен әйелден құтылғанша асыққан. Сөйтіп, бас дәрігер (ол сол баяғы А.Шарипованың өзі), өз бұйрығымен жеке басына тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрық шығарған. Аудандық аурухананың бас дәрігері А.Шарипова сотта А.Самбетовамен оны емделуші дәрігері таныстырғанын, жергілікті гинекологтың «ішінде егіз баласы бар, бүйрегі ауыратын әйел тіркелуге келді, бірақ біздің ауруханаға жатқысы келмейді…» дегенін еске алып, «Мен емдеуші дәрігерінің көзінше іштегі балалардың амандығы үшін жүктіліктің 36-37 аптасы кезінде екінші деңгейлі ауруханаға барып жату және босану қажет деп ескерттім. Өйткені, ДСМ №335 бұйрығына сәйкес, біздің аурухана деңгейінде егіз балалы әйелдер босанбайды. Менің осы жүргізген әңгімемнен кейін А.Самбетова біздің ауруханада жатып, ем алып шықты. 2012 жылдың 21 ақпанында жүктілік мерзімі 38 апта болғанда біз оны екінші деңгейлі ауруханаға жатқызу үшін, оны порталға кезекке қойдық, облыстық ауруханаға хабар бердік. Астана қалалық №2 ауруханасының келісімін алғаннан кейін біз оның қолына талон бердік, сол талонмен ол кез-келген уақытта туу басталып жатса, ауруханаға барып босануына болатын. Аталмыш аурухана да құжаттарға сәйкес осы әйелдің өздерінде босанатынынан құлағдар еді», – деп кінәні жәбірленушінің өзінен іздеді. Оған қоса, «Ургенттік кезекшілікте болғанымда акушер маманның телефон соғып шақырғанына келмегенім рас, өйткені, мен жетемін дегенше жарты сағаттай уақыт өтіп кететін еді, бәрібір ауруханада босанушыға кесір тілігін жасауға көмектесетін дәрігер болмағасын, келмедім. Олар уақытты өткізіп алмасын деген оймен тезірек Астанаға жетіңдер дегенім рас, қатты қиналған әйелге акушерімді кезекшіліктен босатып, қосып бердім. Жеңіл көлікпен біз 40 минутта жететін Астананың шетіндегі ауруханаға, ауа райының қолайсыздығы себеп болған шығар, олар кеш жетіпті», – деп те ақталды. Қос сәбиіне 2 миллион теңге өтемақы талап еткен келіншекке аурухана басшысының қайтарған жауабы да қысқа болды. «Төлей алмаймыз, өйткені, бұл біздің аурухананың бюджетінен алынуы керек, мұндай шығындар үшін бюджетте артық ақша қарастырылмаған. Біз 2009 жылдан бері аудандық аурухананың бұрыннан қалған 10 миллион теңге көлеміндегі несиесін төлеудеміз. Бүгінде ол 3,5 миллион теңгені құрап отыр. Ал жәбірленушіге 2 миллион теңге төлеуге біздің мүмкіндігіміз жоқ!» деп жауап берді. Теңгеге келгенде таңдайы тақылдаған дәрігер ендеше неге қалтасынан төлемейді айыппұлды? Бір емес, екі бірдей сәбиінен айрылып, қу тізесін құшақтап қалған ана осылардың жауапсыздығынан жапа шегіп отырған жоқ па? Алайда, қазақылықтан аспаған ана айыптыларды кешірді. Соттатпақ түгілі, ол аурухана тарапынан 300 000 теңге бөлінетініне де қарсылық білдірмеген. Ал, оның кең жүректілігі жауапсыз жандардың келесі бір отбасын бақытсыз етпесіне кім кепіл?
А. Құлманбетова, Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі