Жаңалықтар

Мұқан Төлебаев жылы

ашық дереккөзі

Мұқан Төлебаев жылы

Биыл қазақтың ұлы композиторы Мұқан Төлебаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы осы 2013 жылды Мұқан Төлебаев жылы деп жариялады. Бұл туралы шешім былтыр Уфада өткен ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің басқосуында қабылданған болатын. Тума таланттың құрметіне Қазақстанда, сондай-ақ Түркияның бірнеше қаласында маңызды мәдени шаралардың өткізілуі жоспарланып отыр. ТҮРКСОЙ ұйымдастырып өткізетін жылсайынғы дәстүрлі опера күндері аясында түркі елдерінің белгілі өнер қайраткерлері мен әншілері Мұқан Төлебаевтың шығармаларын орындайтын болады.Композитор Мұқан Төлебаев қазақтың еуропалық үлгідегі кәсіби музыкасының негізін қалаушылардың бірі болып саналады. Оның 100-ден астам шығармалары бар. Компо­зи­тордың қаламынан шыққан опера­лардың, оркестрлік немесе вокальды-сим­фониялық шығармалардың, камералық-аспаптық пьесалардың, әндер мен романстардың қай-қайсысы да терең сезімталдығымен, музыкалық тілінің шыншылдығымен, өзіндік қолтаңбасымен дараланып отырады.

Мұқаңның композиторлық дары­нының шырқау шыңы болған «Біржан-Сара» операсы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болған шығарма. 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің екінші онкүндігі барысында Мұқаңның «Біржан – Сара» операсы орындалып, Роза Жаманова (Сара) мен Мұқан Төлебаевқа КСРО халық әртістері атағы берілген.

Қайталанбас мұра қалдырған Мұқан Төлебаевтың есімі ел жадында мәңгі сақталуда. Оның мол мұрасы – қазақ мәдениетінің асыл қазынасы, таусылмас байлығы болып қала бермек.

Мұқан Төлебаевтың 100-жылдығы арнайы Үкімет қаулысының негізінде тойлануда. Үкімет қаулысымен бекітілген іс-шаралар жоспарында Мұқан Төлебаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған кешін өткізу, Республикалық кітапханаларда Мұқан Төлебаевтың 100-жылдық мерейтойына арналған кітап көрмелерін ұйымдастыру, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында М. Төлебаевтың 100-жылдық мерейтойына арналған фестиваль өткізу, М. Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы жаңа қойылымының премьерасын жасау, ғылыми- практикалық конференция өткізу, Мұқан Төлебаев» альбом-кітабын, монография басып шығару тәрізді бірқатар маңызды шаралар қарастырылған.

Ж.Баққондыұлы