Жаңалықтар

КЕДЕНДІК ОДАҚ ҮМІТТІ АҚТАДЫ МА?

ашық дереккөзі

КЕДЕНДІК ОДАҚ ҮМІТТІ АҚТАДЫ МА?

Кедендік одаққа енер алдында халықтың, елдің пікірі сұралмады. Биліктегілер белінен басып, ешқандай референдумсыз, талқылаусыз Кедендік одаққа Қазақстанның мүше болуын шешіп жіберді. Міне содан бергі үш жылда аталған одақ қазақстандықтардың үмітін қаншалықты ақтады?

КЕДЕНДІК ОДАҚТАН ҰТЫЛДЫҚ

Қазақстандық саясаткерлер Кедендік одақ Қазақстан үшін 150 миллиондық рынокты ашады деген болжамның теріске шыққандығын айтады.

Мәселен, Кедендік одақтағы Қазақстанның үлесі 2011 жылы 20 пайызға жетсе, 2012 жылы ол – 17 пайызға дейін құлдыраған. ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев Қазақстанның Кедендік одақ елдеріне экспортының тым құлдырап кеткенін мәлімдеген. ҚР Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, 2012 жылы Қаақстанның КО елдеріне экспорты 3,7 пайызға төмендесе, Ресей мен Белоруссиядан келетін импорт 12 пайызға өскен. Қазақстан аталған елдерге шикізатты саудалап, есесіне олардан дайын өнімдерді алады. Ал сол дайын өнімдердің қазақстандық шикізаттан жасалып жатқаны өкінішті. Саясаттанушы Досым Сәтбаев соңғы кездері Кедендік одақтың кері әсерін билік эшелонында да жиі ауызға алып жүргендігін айтады.

– Қазақстан билігі Ресей нарығынан қазақстандық өнімнің ығыстырыла бас­тағанын айтып жиі дабыл қаға бастағанын байқап жүрміз, – дейді ол.

ҚР кәсіпкерлерінің тәуелсіз қауым­дастығының вице-президенті Тимур Назханов:– Ресей мен Белоруссияға Кедендік одаққа енбей тұрып-ақ, шикізат тасымалдайтынбыз, қазір де сол рөлден аса алмай отырмыз. Қытайдан әкелінетін тауар легі азайған жоқ. Кәсіпкер үшін Ресейден тауар тасымалдағаннан гөрі, Қытайдан тасымалдау тиімді. Біз Кедендік одаққа бизнес тұрғысынан да, мемлекеттік норма, стандарттар тұрғысынан да дайындықсыз ендік. Ақырында бизнес зардап шегуде.

Сарапшылар сонымен бірге, Кедендік одақ пен Еуразиялық одаққа елде қарсылық танытушылардың қарасы күн өткен сайын артып келе жатқанын айтады. Біріншіден, Қазақ билігі биыл қаңтар айынан бастап, «Еуразиялық одақ» терминіне «экономикалық» сөзін қосуды үзілді-кесілді талап етіп отыр. Қазақстан халқы ассамблесының ХХ сессиясында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кедендік және Еуразиялық одақтардың тек экономикалық сипаттамасы бар екендігін тағы бір қайталады. Еуразиялық одақты саясиландыруды көздейтін ресейлік саясаткерлердің бұдан кейінгі әңгімесінің ауанынан байқағанымыз, бұрынғы КСРО-ны жандандырудың келмеске кеткендігіне өкініп бармақ шайнай бастағаны.

Қазақ сарапшылары Қазақстан мен Ресей интеграциясының о баста тең дәрежелі болмағандығын сөз етті. Қазақстан Ресейге нарығын ашу арқылы экономикалық жетістіктерге жетуді мақсат етсе, Ресейдің көздегені мүлдем басқа болды. Путин таққа келгелі бері әлем қожасы болу талпынысы қайта оянған Ресейдің көздегені – Батыс пен Америкаға төтеп берердей ірі күшке ие болу. Ол үшін Ресей кеше өзі қожа болған посткеңестік кеңістіктегі ықпалынан айырылмау керек. Ұжымдық қауіпсіздік ұйымы мен Еуразиялық одақ – осы мақсаттың үдесінен шығу үшін қажет. Қазақстан мен Белоруссия әзірге мемлекет үстінен қарайтын органдар мен бірлестіктердің құрылуына қарсы. Ресей егер ондай ұйым құрылмаса, қалай одақ боламыз деп дағдарады.

Сонымен Кедендік одақ бізге не берді?

1. Қазақстан рыногы Ресейдің сапасыз және қымбат тауарларына ашылды. Ал, Ресейге экспорттайтындай Қазақстанда нақты, дайын өнім болмай шықты. Қазақстанның экспорты – Ресейге 3,6 пайызға, Беларуське – 13,7 пайызға кемісе, импорт – Ресейге 13,8 пайызға, Беларуське – 11,6 пайызға артқан. Яғни Қазақстанның есесі Ресейге ғана кетіп жатқан жоқ, сонымен бірге, Беларусь экономикасы алдында да әлсіздігіміз байқалып отыр.

2. Кедендік одақ аясында Қазақстан шикізат саласында да, өндіруші салада да жеңіліс тапқан. Себебі, Қазақстанда өндіруші сектор дамымаған. Белорусияның Қазақстаннан артықшылығы Кедендік одаққа енерде өндіруші саланы мықты жолға қойылуы. Соның арқасында бүгін Белоруссия Кедендік одақта есесін жібермей отыр.

3. Кедендік тарифтерді өсіру арқылы импорттан қорғануды мақсат еттік. Алайда бұл мақсат та жүзеге аспады. КО елдерінен келетін импорт бар жоғаы – 11,7 пайызға жетсе, басқа мемлекеттерден келген тауарлар – 23 пайызға, Қытайдан келетін тауар – 49 пайызға жеткен. Демек, бұл ретте бағаны қымбаттауынан өзге артықшылық байқалмайды.

РЕСЕЙ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ КЕДЕН ОДАҒЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ТИІМСІЗ БОЛҒАНДЫҒЫН АЙТУДА

«РБК» басылымы «Казахстан жалуется, что его выжимают из Таможенного союза» атты мақала жариялайды да, кейіннен ол мақаланы өшіріп тастайды. Дегенмен Google қызметінің арқасында ол мақала сақталып қалыпты. Мақалада Қазақстанның Кедендік одақтан қандай зардап шеге бастағанын сарапқа салынады.

«Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің ішінде Ресей мен Белоруссияның ұпайы түгел де, Қазақстанның есесі кетіп отыр. Қазақстан әзірге көршілерінің қолданып отырған шараларына қарсы қорғаныс шараларын қолданудан арыға бара алмай отыр. Қазақстан өз проблемаларын шешу үшін және дискриминацияның алдын алу мақсатында ойынның бірыңғай ережелері жасауды және оны өте маңызды салалар үшін қолдануды ұсынып отыр» делінген аталған мақалада.

Ресейлік ақпарат құралдары бұған дейін Кедендік одақ туралы біржақты, тек мадақтаған мақалаларды басып келсе, бұл жолғы мақаланың ауаны бөлек. Мәселені байыптап, жақсы сараптама жасаған. Мақаладағы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан арақ-шарап өнімдері нарығында, кондитер өнімдерінде импортқа салынатын қосымша құн салығы мәселесінде зардап шегіп отыр.

Мақалада ресейлік сарапшылар проблеманың өте көп екенін және оның Кеден одағына мүше елдер арасында туындап отырғанын айтады.

Есенгүл Кәпқызы