Жаңалықтар

ЖЕМҚОРЛАРДЫҢ ЖАЗАСЫ АУЫР

ашық дереккөзі

ЖЕМҚОРЛАРДЫҢ ЖАЗАСЫ АУЫР

Алтынай АЙДАРҚЫЗЫ

Жемқорларға құрылатын қақпан прокуратура тарапынан да күшейтілді. Енді жемқор басшыны орнынан алуға Бас прокурор белсене кіріспек. Бұл отандық экономиканың дамуы мен халықтың әлеуметік тұрғыда жақсаруын тежейтін «кең кеңірдектерге» сабақ болса, игі.

Сыбайлас жемқорлыққа жаны жақын жүретін шенеуніктер қатаң қадағаланбақ. Өткен аптада Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен Бас прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісі болып, онда құқық қорғау органдарындағы есепке алу-тіркеу тәртібін сақтау мәселелері қаралды. Ішкі істер министрлігінің, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің, Кедендік бақылау комитетінің басшылығы қатысқан алқалы отырыста еліміздегі тамырын терең жайған жемқорлықпен күресті қалай күшейтуге болатыны жайлы әңгіме айтылды.

Ресми деректерге сүйенсек, соңғы екі жылда отандық құқық қорғау органдарының бірлескен күш-жігерімен қылмысты тіркеуді тәртіпке келтіру мен еліміздегі шынайы қылмыстық ахуалды қалыптастыруға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылған көрінеді. Осының нәтижесінде бұрын жасырылып келген, әсіресе, ауырлығы шағын және орташа қылмыстар ашылды. Бұл әрбір арыз бен хабарламаның қаралу барысын қазіргі заманғы коммуникация құралдары арқылы қадағалап отыруға мүмкіндік беретін қылмыстар туралы хабарламаларды тіркеу мен есепке алудың айқын жүйесін енгізудің нәтижесінде мүмкін болды.

ҚР Бас Прокуроры А.Дауылбаевтың айтуынша, есепке алу-тіркеу тәжірибесін тәртіпке келтіру бойынша қабылданып отырған шараларға қарамастан, қылмыстарды жасыру деректерін түбегейлі жою жөніндегі міндеттер толықтай орындалды деп айтуға болмайды. Өйткені, бұған ішкі істер органдарындағы статистикалық мәліметтермен амал-айлалар жасауға алып келетін және көрсеткіштердің соңына жөнсіз түсуді тудыратын есептілік жүйесі әсерін тигізеді. Өткен жылы прокурорлар 2471 жасырылған қылмысты анықтап, тіркеуге алыпты. Бүгінде тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндайда ең бастысы, қолға алынған шаруаның тиянақтылығы керек. Осы орайда, Асхат Дауылбаев құзырлы орган өкілдеріне ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жемқорлықпен күреске қатысты тапсырмалардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуді, ағымдағы жарты жылдықтың аяғына дейін қылмыстар туралы арыздар мен хабарламаларды түгел тіркеу, есепке алу-тіркеу тәртібін бұзылған немесе қылмыстарды жасырған жағдайда құзырлы органдардың өңірлік бөлімшелерінің басшыларын лауазымнан босатуды талап етті. Сонымен қатар прокурорларға бақылау мен қадағалауды күшейту, анықталған заң бұзушылықтарға баса назар аудару, қылмысты жасырудың әрбір дерегі бойынша кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Табанды күрес қана жеңіс әкеледі

Сыбайлас жемқорлық – бүгінгі күннің күрделі мәселесі. Елбасы сыбайлас жемқорлықты мемлекеттік органдарда түбегейлі жоюға нақты міндеттер жүктеп, ымырасыз күресті күшейтуді тапсырды.Әрине, сыбайлас жемқорлық бір күнде жойылатын іс емес. Ол еліміздің әр азаматы жұмыла күрескен сәтте ғана нәтижелі болатыны сөзсіз.

Сондықтан, мемлекеттік қызмет жүйесінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында төмендегі шараларды атқару қажет:1.Мемлекеттік органдардың қыз­мет­кер­ле­рінің әл-аухатын жақсарту;

2. Мемлекеттік органдарды техника­лық құ­рал­дармен жабдықтаудың деңгейін көтеру, жаңа ақпараттық технологияларды енгізу;

3. Мемлекеттік қызметтің беделін көтеру.Осыған орай қазіргі уақытта әділет органдары халыққа қызмет көрсетудің жаңаша бағыттарын жүзеге асыруда. Басты міндет – бұқара халықтың құқықтық мәдениетін арттыра отырып, халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуде сыбайлас жемқорлықты заңдарға өзгерістер енгізе отырып жоюды көздейді. Азаматтар мен мемлекеттік қызметкерлердің арасындағы қарым-қатынасты азайту мақсатында және сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін, әділет органдарының жұмысы электронды жүйеге көшірілді. Азаматтық хал актілерін тіркеу, құжатты апостильдеу, анықтамаларды, қайталама куәліктер алу туралы азаматтардың өтініштерін заман талабына сай онлайн режимінде жүзеге асырып келеді. Жаңа технологиялардың енуі халықтың жұмыс істеу деңгейін өзгертті. Азаматтар электронды жүйеде жұмыс істеудің тиімділігін, оның сапасының жоғары екендігін түсінді.

Сонымен қатар әділет органдары азаматтарға Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы да мемлекеттік қызметтер көрсетуде. Ол мемлекеттік стандартқа сай белгіленген уақытта, көрсетілген түрлер бойынша атқарылады. Жыл сайын халыққа қызмет көрсету түрлері көбеюде. Мысалы, 2012 жылдың 2 жартыжылдығынан бастап шетелдерге барарда ресми құжаттарды апостильдеу Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүргізіле бастады. Сондай-ақ баламалы түрде туу, некені тіркеу, некені бұзу, тегін, атын, әкесінің атын өзгерту туралы өтініштерді де беруге болады. Бұл, әрине, әділет органдарына да тиімді, себебі азаматтардың кезекке тұру, тосу, уақыт кетіру деген мәселелері өз шешімін тапты.АХАТ бөлімдерінде ақпараттар тақтасында қажетті құжаттар алу үшін белгіленген баж салығының мөлшері көрсетілген, сонымен қатар оны төлеген кезде қолданылатын есеп-шоттар жарияланған. Бұл шара да сыбайлас жемқорлықтың көріністерінің алдын алуға бағытталған.Әділет органдарының мамандарын мақтау грамоталарымен, медальдармен марапаттау, заңгерлердің жас буынына үлгі болғаны, сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға да өз көмегін тигізгендігі сөзсіз, себебі олар халыққа көрсеткен адал еңбектері ертеңгі күні бағаланатынына көздері жетті.Сыбайлас жемқорлықпен күрес кешенді түрде, барлық мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, әр азаматтың қатысуымен жүргізілуі тиіс. Тек сол кезде мемлекеттік органдарда жұмыс атқару – әр азаматқа үлгі және абырой болатыны сөзсіз.

Кемал Құсайынов,Алмалы ауданы Әділет басқармасының бастығы

Алматы қаласы