Қаражат мақсатсыз жұмсалмасын
Қаражат мақсатсыз жұмсалмасын
«Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығын сауықтыруға триллиондап қаражат бөлініпті. Бірақ бюджеттен бөлінетін ақшаның кейде мақсатсыз жұмсалатыны немесе игерілмей қалатыны бар. Мұны билік басындағылар да мойындап отыр.
Өткен аптаның соңында Солтүстік Қазақстан облысын аралаған Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаевқа жергілікті шаруашылық өкілдері «мемлекет бізге қолдау көрсетсе» деген тілек айтты: «Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде отандық мал шаруашылығы дами бастады. Бірақ шағын шаруа қожалықтарының жағдайы қиын. Сондықтан көршілес Ресейден сиыр сатып алу үшін мемелкеттен қаражат бөлінсе дұрыс болар еді». Олардың айтуынша, Ресейден сиыр сатып алу үшін субсидия қажет. Асыл тұқымды ірі қараны дамытуда алда келе жатқан солтүстікқазақстандық шаруалар екі жыл бұрын елімізге Германиядан 410 бас ірі қара әкелген көрінеді. Осының арқасында шаруалардың тасы өрге домалап, кәсіптерінің ауқымы кеңіп, тіпті, өздерінің сүт кешенін салған. Николай Сафоновтың айтуынша, бүгінде Ресейден әкелінетін асыл тұқымды малға субсидия берілмейді. Ал орыстарда сиыр көп, тек оны елге жеткізу үшін қаражат қажет. Шаруалар қауымының өтініші мен ұсыныстарын тыңдаған Б.Сағынтаев мемелкет тарапынан қаржылай көмек берілетінін және осы мақсатта «Агробизнес-2020» бағдарламасы түзілгенін көлденең тартты. Аталған құжаттың «ауыл шаруашылығын сауықтыру» деген тармағында бюджеттен триллиондаған ақша бөлінгелі отыр. Ең бастысы – қаражатты желге шашпау: «Ақша мақсатты бағытта игерілуі тиіс. Мәселен, «Ақ бұлақ», «Ауызсу» немесе Тұрғынүй-коммуналдық кешені т.б. бағдарламалар бойынша жұмыс жүргізілсе, тиянақты болуы шарт. Мәселен, адамдар «Президент тапсырма берді, ақша бөлінді, ал ол қаражат мақсатты түрде жұмсалмауы мүмкін. Әлгі колонкадан халық бір айдай су ішеді де, сосын су тапшылығы қайта туындайды. Бұл дұрыс емес. Жергілікті атқарушы органдар осы бағытта қатаң қадағалау орнатуы керек». Іссапар барысында Б.Сағынтаев облыс әкімдігіне көктемгі-дала жұмыстарын жүргізуді бақылауға алу бойынша шаралар қабылдауды және көктемгі егісті жүргізуге қажетті ауыл шаруашылығы өнiмін өндiрушi материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етуді тапсырды. Бірінші вице-премьер облыс ауылдық жерлердегі тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жағдайын қатаң қадағалау керек екенін атап өтті.
«Нурсен Агро» ЖШС-інде өсімдік шаруашылығымен, мал шаруашылығымен және сүт өнімі өндірісімен айналысады. Ал Булаев қаласының аудандық орталығындағы «Булаев астық» ЖШС-не барды. Аталған элеваторда астық сақтау, механикаландырылған мұнара, жедел сыйымдылық, автокөліктің бункер тиеуін және бункер қалдықтарын, кептіргіштер, темір жол тұйығын сақтауға арналған үш сыйымдылық салыныпты.
Одан кейін Бақытжан Сағынтаев Булаев қаласының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етумен айналысатын «Булаев қалалық коммуналдық шаруашылығы» МКК-қа барды. Күннің екінші жартысында Петропавловск қаласында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары 2020 жылға дейін арналған ТКШ жаңғырту бағдарламасы шеңберінде жөндеуден өткен көп пәтерлі тұрғын үйді қарап шықты. 1962 жылы салынған үйде шатыр жабындары, балкондар күрделі жөндеуден өткен, сонымен қатар, жылу автоматикасы және жылу қуатын есептеуіш құралдар орнатылған. Сонымен қатар, бірінші вице-премьер қаладағы күрделі жөндеуді қажет ететін автожол көпірін қарап шықты. Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев «Қолжетімді тұрғын үй — 2020» бағдарламасы бойынша жас жанұялар мен әлеуметтік қорғалатын санаттағы азаматтарға арналған монопәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатқан «Береке» деген жаңа шағын ауданға барды. Бірінші вице-премьер сонымен қатар Петропавловск қаласында жүк вагондарын шығаратын «ЗИКСТО» АҚ жұмысымен танысып, одан кейін ЖЭО-2 барды.
Биыл Қазақстанға қар ерекше қалың түсті. Әсіресе, солтүстік аймақтарға. Көктем туа еліміздің солтүстік аймағына су басып кету қаупі төнді. Биыл арнасынан аса толқитын Есіл өзені 20 елдімекенді шайып кетуі мүмкін. Б.Сағынтаев тасқынға қарсы шаралар барысымен танысып, бірқатар тапсырма берді. Енді елді су тасқынынан сақтау, ауыл шаруашылығын дамыту, шағын кәсіптері бар ауылдағы ағайынға қаржылай қолдау жасауда «шөміштен қақпау» – жергілікті әкімдіктің құзырындағы міндет.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ