Жаңалықтар

Мал шаруашылығын қайтсек дамытамыз?

ашық дереккөзі

Мал шаруашылығын қайтсек дамытамыз?

Австриядан әкелген симментал сиырлары жергілікті халықты біраз әуре-сарсаңға салды. Әсіресе, жеке шаруалар еңбегі зая кетіп, мал басы толық жойылатыны баспасөз беттерін шулатып еді. Шмаленберг ауруына шалдыққан шетелдік мал ауруынан айыққан жоқ. Бұл даудың өтемақысы туралы келіссөздер екі ел арасында әлі де жалғасуда. Әсілі бұл жағдай шетелден асылтұқымды мал әкелуді біраз уақытқа кейінге шегеріп тастады. Ауыл шаруашылығының осы саласын дамыту жолдарын айқындау үшін мамандарды сөзге тартқан едік.

Кеңес үкіметі тұсында мал тұқымын асылдандыру үшін шетелден еркек мал алынатын болса, қазір керісінше, ұрғашы тайыншалар сатып алынады. Шмаленберг ауруын әкелуші де осы таналардың құрсағындағы төлдері. Жақында Ауылшаруашылығы министрі А.Мамытбеков осы мәселеге орай елдегі мамандардың басын қосып, ортақ шешім айтуды талап етті. Елдегі мал шаруашылығының әлеуетін қайтсек көтереміз деген сұраққа ғалымдар мен осы істің мамандары өз пікірін айтып шықты. Ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Кәкімжан Сарханов мал шаруашылығы құрылымдарының тиімді жүйелерін қалыптастырып, жеткілікті азықтандыру, күтіп-бағуды ұйымдастыру негізінде, ешқандай селекциялық іс-шараларсыз-ақ, мал басының қай түрі болмасын, олардың өнімділік көрсеткіштерін 10-15%-ға көтеруге болатынына сенімді екенін айтты.

Халқымыз сиырдың сүті – тілінде деп жайдан-жай айтпаған ғой. Осы жағдайлар бүгінде назардан тыс қалған сияқты. Бүгінгі мал шаруашылығы өндірісінің айтарлықтай дамымай отыруының бірден-бір себебі шаруашылық жүргізу жүйелерінің мал өнімдерін өндіру ерекшеліктеріне сай келмеуі. Бұл жағдай ертеден ғылыми тұрғыда да дәлелденген. Атап айтқанда, шағын мал шаруашылығы құрылымдары өндіретін өнімдер көлемінің, мал өнімділігін арттыру іс-шараларын атқару мүмкіндіктерінің шек­теулілігіне байланысты қажетті тиімді­лікте шаруашылық жүргізу, бүгінгі азық-түлік нарығы бәсекелестігінде мүмкін емес деп айтуға болады. Сондықтан да, шағын шаруашылық құрылымдарының саны жағынан басым болуы нарықтық жүйенің негізгі белгісі. Әсіресе, еліміздің орталық, солтүстік өңірлерінде шағын шаруашылық құрылымдары мал шаруашылығы тиімділігін арттыру үшін ірі инвестициялық қаржыларды пайдалануда тиімсіз болып есептелетінін, олардың тек өңірдің азық-түлік қорларын толықтырушы ғана болатынын мойындау керек сияқты, – деді ғалым. Оның пайымдауынша, бұл елімізде аз ғана мерзімде, бәлендей шығынсыз қосымша мал өнімдерін өндірудің төте жолы болып есептеледі. Бұл іс-шараның мақсаты бүгінде қалыптасқан шағын шаруашылық құрылымдарын ірілендіруге әрекет жасамай, тыңнан, еліміздің жекешелендіру кезеңінен бос қалған ауылшаруашылық жерлерін, басқа да мүмкіндіктерді пайдалана отырып және меншік түрлеріне қарамай ірі мал шаруашылығы құрылымдарын құру болып табылады.

«ҚазАгроинновация» АҚ-ның ауылшаруа­шылығы кешені өндірістік қаржылық ресурс­тары бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Амантай Құлтаев жеке меншік шаруашылықты да­мыту мемлекеттің қолында дейді.– Елдегі мал өсіретін шаруашылықтың 40 пайызы шаруа мен фермерлердің қолында. Олардың қожалығында 11 ден 100 бас және 16 пайызында 10 бас қойдан бар. Ал 500 қойы бар ірі шаруа қожалықтарының үлес салмағы 18 пайыз, 50 бас ірі қарасы барлардың ірі қарасы – 30 пайыз. Ал бұдан да көп малы барлар фермер болса да, учаскелері жоқ. Шаруашылықты ірілендіру – мал басын көбейтудің бірден бір жолы. Бірақ осы шаруашылықты игеру бірдей емес. Өйткені малы бардың қолында жері жоқ, ал жері барлар мал ұстамайды. Түптеп келгенде еліміздегі мал басының басым көпшілігі жеке меншікте, қарапайым шаруаның қолында. Яғни, бір шаруада – 10 қой, 2 сиыр деуге болады. Осы мал басымен олар бағдарламаларға да қатыса алмайды», – деді.

Қыдырбай Аманжолов, Қазақ мал ша­руа­­шы­лығы және мал азығы ғылыми-зерттеу институты, мал өнімдері өндірісінің тех­нологиясы және стандарттау бөлімінің мең­геру­шісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

– Осыдан 20 жыл бұрын ірі қара малдың саны 9 миллион 736 мың басты құраған болатын. Оның ішінде, етті ірі қараның саны 2 миллион 200 мың бас болған. Жалпы бұрынғы Кеңес үкіметі тұсындағы етті ірі қараның 28 пайызы біздің Қазақстаннан алынатын. Ал енді, қазіргі кездегі жалпы ірі қараның саны дәйекті мәліметтерге қарағанда бар болғаны 5 жарым миллионды құрайды.

«АӨК нысандарының бәсекеге қабілетті­лігін арттыру үшін жағдай туғызуға бағыт­тал­ған жаңа бағдарлама Кедендік Одақ аясындағы және БСҰ-ға өту қарсаңындағы бәсекелестік кезінде отандық өндірушілерді қажетті мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етеді» делінсе де, мал – ата кәсібіміз десек те, түрлі бағдарламалар қабылданса да дамуы әлі баяу. 2013-2020 жылдары бағдарламаны жүзеге асыруға 3 трлн. 122 млрд. теңге қажет болса, оның 2 трлн. 662 млрд. теңгесі мемлекеттік бюджет есебінен қарастырылып отыр. Сонымен бірге салаға 10 трлн. теңгеден астам жеке қаржыларды тарту жоспарланып отыр.

Ақниет ОСПАНБАЙ