Жаңалықтар

ЕЛ СҮЙГЕН СҮЙМЕНҚҰЛ

ашық дереккөзі

ЕЛ СҮЙГЕН СҮЙМЕНҚҰЛ

2011 жылдың 17 қарашасында қырғыз киносы өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы мерзім ішінде қырғыз киносы өзіндік өрнегі, көркемдігі, философиясымен «қырғыз кереметі» деген атқа ие болып, әлемге танылды.

«Қырғыз кереметінің» шоғыры ішінде жазушы Шыңғыс Айтматов, режиссерлер Толомуш Өкеев, Болот Шамшиев, Мелис Убукеев, Геннадий Базаров, операторлар Қадыржан Қыдыралиев, Туратбеков, актерлер Мұратбек Рыскулов, Бакен Кыдыкеева, Советбек Жұмаділов, Болот Бейшеналиев, Сүйменқұл Чокморов, Алиман Жангоразова, Асанбек Умуралиев, Сәбира Кумушалиева, Жамал Сейдакматова, Тәттібүбі Тұрсынбаева, Гүлсара Аджибекова т.б. тұрды. «Қырғыз кереметінің» өмірге келуіне қазақ актерлері де ерекше үлес қосты. Соның ішінде Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Кененбай Қожабеков, Мұхтар Бақтыгереев, Наталья Орынбасарова (мәскеулік қазақ қызы), Алтынбек Кенжеков, Қасымхан Шанин, Рахметбай Төлеубаев, Нұржұман Ықтымбаев, Қамбар Уәлиевті атау ләзім. Күллі әлемді өзіндік кино тілімен тәнті еткен фильмдер қатарына «Алғашқы мұғалім», «Аптап», «Жәмила», «Бақайдың жайылымы», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Ана-Жер ана», «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері», «Көксерек», «Ақ кеме», «Отқа табын» фильмдері жатады. Әрине, бұл фильмдердің көбі орыс, қазақ кинорежиссерлері мен актерлерінің ынтымақтастығы арқасында дүниеге келді. Белгілі кинотанушы, киносыншы Бауыржан Нөгербек: «Кеңестік кинотануда және әлемдік кинематография қоғамында «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген Б.Шамшиевтің «Қараш-Қараш оқиғасы», Т.Өкеевтің «Көксерек» фильмдері – қырғыз киносының жауһарлары ретінде қабылданған. Бұл фильмдерді қырғыз кинематографистері түсірді. Қазақстан жағы Мұхтар Әуезовтің тамаша прозасы және «Қазақфильм» киностудиясының техникалық базасын пайдалануға берумен үлесін қосты. Жоғарыда аталған кинотуындылар кеңес киносының алтын қорына қырғыз киносының кереметі ретінде еніп, режиссерлер Б. Шамшиев, Т. Өкеев, актерлер С. Чокморов, С. Жұмаділовтің шығармашылығының бір белесі екенін мойындауымыз керек. Сонымен қатар, біз қырғыз інжу-маржанын жасауға Мұхтар Әуезовтің ғажап шығармасының арқау болғандығын мақтаныш етуге құқылымыз», – деп жазды өзінің «Қазақ киносы» деген еңбегінде. Сүйменқұл Чокморов қырғыз киносының өркендеуіне үлкен үлес қосқан суреткер. Ол киноға кездейсоқ келді. Сүйменқұлдың негізгі мамандығы суретші болатын. Алдымен Фрунзедегі (Бишкек) көркемсурет училищесін тәмамдап, кейін Ленинградтағы И.Е.Репин атындағы живопись, мүсін және сәулет өнері институтында білім алады. Сүйменқұл Бишкектен 25 шақырымдай жердегі Чон-Таш селосында дүниеге келді. Оның әкесі Чокмор Ормокоев керемет көкпаршы, қолынан өнері тамған ұста болды. Ол жасаған музыкалық аспаптарды, жиһаз­дарды, бұйымдар мен құрал-саймандарды Чон-Таштағы әрбір шаңырақтан кездестіруге болатын еді. Бала Сүйменқұл әкесінің темір мен ағашқа түсірген әр бедеріне байыппен үңілетін. Отбасындағы он бір баланың бірі болғандықтан Сүйменқұл да еңбекке ерте араласты. Көбінесе ұстаханадағы әкесіне көмектесетін. Сондықтан балалық шағы есіне түскенде темірдің иісі мұрнына келетін. Кейін Сүйменқұл Толомуш Өкеевтің «Отқа табын» фильмінде ұста Ұтырдың бейнесін нанымды сомдайды. Басқаларға әлсіз көрінуден намыстанатын ол жылдам әрі күшті болу үшін талмай жаттығатын. Әкесіне қол ұшын бере жүріп, атты көп айналшықтайтын. Футбол, волейбол секілді спорт түрлерімен жиі айналысатын. Ленинградта оқып жүргенде волейболдан спорт шебері ретінде қала құрамасының намысын қорғады. «Менің тұлға болып қалыптасуыма спорт көп ықпал етті», – дейтін Сүйменқұл. Соңдықтан да киноға ол дублерсіз түсе беретін. «Болашаққа деген сенімді – жерлестерімнен, еңбексүйгіштікті – әкемнен, шыдамдылық пен бекзаттықты – анамнан үйрендім» – дейтін Сүйменқұлдың өзі. Манасшы Саяқбай Қаралаевтің портретін салу Сүйменқұлдың студенттік шақтан бергі арманы-тын. Ол миллион өлең жолдарын жатқа білетін әйгілі манасшымен талай рет сұхбаттасып, көптеген этюдтар жасады. Осындай бір сәттерде ол кинорежиссер Болот Шамшиевпен танысады. Болот осы кезде «Қараш-Қараш оқиғасын» түсіру үшін Бақтығұлды сомдайтын актер іздеп жүрген болатын. «Алғаш сценарийді оқығанда дәл Бақтығұлдай бола алар ма екенмін?» – деген беймаза күй кештім. Өйткені менің актерлік тәжірибем жоқ болатын. Түсірілім басталғанда Бақтығұлдың тап болған қиын жағдайларына өзім кезіккендей сезіндім. Өйткені қарсыластың жасаған соққысына жауап беруге тиіссің. Бақтығұлдың басындағы тіршілік – атпен жүру, байлармен қақтығысқа түсу, олардан зәбір көру, кісі өлтіруге бару және оның алдындағы қорқыныш – менің өмірім – деп өзімді сендіре түстім. Өзім арқылы Бақтығұлды тани түстім. Болот Шамшиев маған үлкен сеніммен қарады. Фильм монтаждалып біткенше жұмысымыздың сәтті болғанына сене алмадық. Суретшінің байқағыштығы менің актер ретінде шыңдалуыма үлкен көмегін тигізді», – дейді Сүйменқұл Чокморов фильмдегі рөлі туралы. «Қараш-Қараш оқиғасы» одақтық экранға жолдама алғаннан соң, Чокморовтың атағы аспандап кетті. Кинематографияға жаңа есімнің келгенін баспасөз де, кино сыншылар да жарыса жазды. Расында Сүйменқұл Чокморов Бақтығұл бейнесін сомдауда жасандылыққа бармағанын аңғарамыз. Сүйменқұлдың Бақтығұлдың тап өзі екеніне нанасыз. Сендіретін талант құдіреті. Ал режиссер Болот Шамшиев экранға Әуезов шығармасындағы басты идеяларды шығарып, сол дәуірдің тынысын, қоғамдағы, адамдар арасындағы қатынасты тап басып бере алды. Бұл режиссердің этнографияны терең білетінін көрсетеді. Бақтығұл өр тұлғалы намысты адам. Ол Жарасбайға имандай сеніп, оның оққағары болып жанын қиюға даяр-тын. Бірақ, Жарасбайдың барымтаға жұмсап, келімсектердің егістігін таптатуы, ақыры Бақтығұлдың өзін кінәлі етіп үш жылға соттатуы оның көзін ашады. Ашынған Бақтығұл «Қараш-Қараш» асуында дұшпанының көзін жояды. 2011 жылдың қарашасында Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университетінің фойесінде Сүйменқұл Чокморовқа орнатылар мемориалдық кешенге жарияланған байқау макеттері қойылды. Суретшілердің шығармаларының басым бөлігінде Сүйменқұл Бақтығұл образы арқылы беріледі. Оның атта отырғаны, мылтық асынып, ат жетектегені алға тартылады. Осыған қарап қырғыз халқы Сүйменқұлды Бақтығұл ретінде танығанын, кино өнеріне сол фильмнің жол ашқанын аңғарамыз. Түсірілім кезінде долдана шапшыған тау суында бірнеше рет аққан Сүйменқұл өкпесіне суық тигізіп алады. Қайсар мінезімен оны елемейді. Дүниеге ұлы келгенде оның есімін «Бақтығұл» деп қояды. Көзі қарақты көрермен Сүйменқұл түскен фильмдерді саралай отырып, оның сан қырлы талант иесі екенін аңғарады. Бұл фильмдер қатарына «Қараш-Қараш оқиғасы», «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері», «Жәмила», «Көксерек» т.б. жатады. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің 1977 жылы Алматыда өткен 80 жылдық мерейтойында Шыңғыс Айтматов: «Мұхаңның әйгілі «Қараш-Қараш оқиғасы», «Көксерек» хикаялары экранда өмірге екінші рет жолдама алды. Шын мәнінде де бұл шығармалар кино табиғаты мен тіліне сай өте сапалы және талантты жасалған дүниелер болды. Бұл фильмдер кеңес кино өнерінің соңғы жылдардағы жетістігі болып саналады. Қырғыз кинематографистерінің осыған тікелей ат салысуы және олардың еңбегі жайлы айту мен үшін үлкен мәртебе. Кино өнердің көрнекті өкілдері – Толомуш Өкеев, Болот Шамшиев, Сүйменқұл Чокморов бұл фильмдерді жасауға өздерінің бойындағы бар қуатын, білімін, үлкен махаббатын сарп етті. Қырғыз халқы Мұхтар Әуезовті қырғыз мәдениетіне қосқан үлкен еңбегі, ерекше қарым-қатынасы үшін өз ұлы, өз жазушысы, өзінің көрнекті өкілі деп санайды», – деді. Ресейдің «Огонек» журналының тілшісі В.Варжапетян Толомуш Өкеевтен «Сүйменқұлдың ең жақсы әрі сәтті шыққан рөлі қайсы?» – сұрағанда, ол мүдірместен: «Аханғұлдың бейнесі» – деп жауап береді. 1972 жылы Болот Шамшиев түсірген «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері» фильмінде Сүйменқұл басты кейіпкер, шекарашы Қарабалтаның бейнесін сомдайды. Мұнда да Сүйменқұл рухы күшті адамды көрсетеді. «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері» фильм­­ін­­де белгілі тілші-ғалым Өмірзақ Айтбаев Біржан салдың атақты «Теміртасын» орын­дайды. Бұл ән фильмде Қарабалтаның орын­дауымен беріледі. Ғалымның өзі: «Шіркін, қырғыздың ұлы артисі, марқұм Сүйменқұл Чокморов бет-жүзін қалай құбылтады, жан- дүниесін, сезім пернелерін қалай ойнатады. Әннің өн-бойындағы драматизмді дәл осы фильмнен кейін әбден ұққандай хал-күй кештім. Әнді орындаған мен емес, дәл сол Чокморов – Қарабалтаның өзі сияқты көрінді», – деп жоғары баға берді. Мәскеуде тұрып, оқып-тоқыса да қазақ пен қырғыздың кино өнеріне үлкен еңбек сіңірген актрисалардың бірі – Наталья Орынбасарова. Сүйменқұл «Жәмила» фильмінде осы Натальямен бірге жұп құрайды. Мәскеулік режиссер Ирина Поплавская майданнан жаралы болып оралған Даниярдың рөлін Сүйменқұлға сеніп тапсырады. Мұнда актер Бақтығұлға да, Қарабалтаға да ұқсамайды. Көрермен көңіліне момын, тұйық адам ретінде ұялайды. Бірақ, экрандағы Данияр бейнесінен рухы күшті, жаны сұлу, сезімі шынайы адамды аңғарасыз. Бұл рөлді сомдау Сүйменқұлға қиынға соқты. Соңдықтан ол туралы актер ауызға көп ала бермейді. Бірақ, Данияр бейнесі Сүйменқұлдың шоқтығы биік рөлдерінің бірі екендігіне көрермен имандай сенеді. Ақиқатында бұл солай. «Суретшілік пен актерлік бір-біріне кедергі жасамай ма?» – деген сұраққа, Сүйменқұл: «Сенде сәйгүлік болса, сен бай адамсың – деген сөз бар қырғыздарда. Ал, менің қос тұлпарым бар – сыршырай және кино өнері. Соңдықтан, мен екі есе баймын», – деп сөзінің аяғын әзілге бұратын. «Бірақ, бұл екі өнердің бір ғана міндеті бар. Ол – образды жасау» – деп әңгімесін байыпты түйіндейтін Сүйменқұл. Болот Шамшиев Сүйменқұлдың бойынан актерлік қабілетті көре білді. «Қырғызфильм» киностудиясының көркемдік кеңесі оны «Қараш-Қараш оқиғасы» фильміндегі Бақтығұлдың рөліне бекіткенде, бірінші болып Шамшиев құттықтады. «Есіңде болсын, көп еңбектенуге тура келеді», – деп ескертті режиссер. Бұл Болоттың да ең алғашқы көркем фильмі болатын. Шыңғыс Айтматов «Сүйменқұлдың ең сәтті рөлі «Қызыл алма» фильмінде» десе, Толомуш Өкеев «ең сәтті шыққаны «Көксеректегі» Аханғұл бейнесі» – дейді. Қалай дегенде де қос суреткер актердің талантына әр қырынан баға беріп тұр. Жапонның атақты кинорежиссері Акира Куросава киноға келгенге дейін суретшілікпен айналысқан. Ол Сүйменқұлды өзінің «Дерсу Узала» фильміне түсіреді. Әлемнің түкпір-түкпірінде Сүйменқұлдың достары көп болды. Оны үлкен суреткер ретінде төрткүл дүние таныды. Актерді құрметті қонақ ретінде Үндістан, Жапония, АҚШ, Мексика, Танзания т.б. мемлекеттер шақырды. Ол қазақ актерлері Нұрмұхан Жантөрин, Әмина Өмірзақова, Елубай Өмірзақовтармен достық қарым-қатынаста болды. «Менің кинодағы тағдырыма өкпем жоқ. Айтматовтың төрт шығармасы бойынша киноға түстім. Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің шығармасы негізінде түсірілген «Қараш-Қараш оқиғасы», «Көксерек» фильмдерінде басты бейнелерді сомдадым. Осындай рөльдер менің актерлік тағдырды таңдауыма, кәсіби түрде шыңдалуыма үлкен септігін тигізді» – деді Сүйменқұл Чокморов. Расында, Сүйменқұл өз орнына дублерді пайдаланған емес. Атақты кинорежиссер Болот Шамшиев: «Чокморов камераның алдында барлық нәрсені өзі жасайды. «Жетінші оқта» актерге аттан құлауға тура келді. Түсірілім барысында оны шындап ұрып-соқты да. Фильмнің сол бір қатыгез сәтін олай түсірмеу мүмкін емес еді. Ал «Қараш-Қарашта» ол тайсалмастан асау тау өзеніне секіріп кетті», – дейді. Түсіру алаңында ол бүйрегіне суық тигізіп алады. Кейіннен бұл дерттен актердің денсаулығы сыр бере бастайды. 1981 жылы «Қырғызфильм» киностудиясы «Әйелдерсіз ерлер» атты көркем фильмін түсіріп жатқанда күрделі эпизодтарды өзі ойнап жатқан Сүйменқұл биіктен тасқа құлап, жарақат алады. Оның бір бүйрегі зақымдалып, қызметі нашарлайды. Бірақ қайсар актер киноға түсуін тастамайды. 1982 жылы Мәскеуде операция жасалып, зақымдалған бүйрегі алынып тасталады. Жан мен тәні сыздаса да көппен бірге араласып, ешкімге сыр білдірмейді. Ешкімге мұңын шақпай сол өр қалпында жүреді. 1992 жылы ауыр науқастан соң Сүйменқұл Чокморов дүниеден озады. Ол кәсіпқой суретші ретінде артына 500-ден астам туынды қалдырып кетті. Кезінде Қырғызстан Суретшілер одағының төрағасы қызметін де атқарды. Суретшілер және кинематографистер одақтарының мүшесі болды. Қазір оның атымен Бішкектің бір көшесі аталады. Қырғыз ақшасында оның бейнесі бар. Оның сан қырлы шығармашылығы зерттелу үстінде. Ол қасиетті өнерді биіктете тұрып, өзі де биікке көтерілді. Қырғыз халқы Сүйменқұл Чокморовты ерекше құрметтеп, мақтан тұтады. Қазақ халқы да… Нұрлан ЕСЕНОВ, тарих ғылымдарының кандидаты Тараз қаласы