Жаңалықтар

ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ НҰРЫН СЕУІП...

ашық дереккөзі

ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ НҰРЫН СЕУІП...

Әр өңірдің, тіпті әрбір елді мекеннің жұртшылыққа танымал, атқарып жүрген қызметі, ізгі де игі қасиеттері арқылы абырой-беделге кенелген адамдары болады. Солардың қатарына Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты, «Қаз Гер Мұнай» ЖШС жанындағы «Ардагер – Мұнайшы» қоғамдық қорының директоры Разия Қалжанқызы Қалжанованы жатқызуға болар еді.

Разия мектепте жүргенде-ақ білім ордасындағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын. Мерекелерге байланысты ұйымдастырылатын мәдени шаралардың басы-қасында жүреді. Осы қимыл-қарекетіне сүйсінген ауыл адамдары «Қалжанның осы қызынан бірдеңе шығады. Не бастық, не депутат болады» дейтін.

Мектептегі көзге түскеннің нәтижесі ме, Сырдария аудандық комсомол комитеті онжылдықты аяқтау бойында бұған «құда түсті». Алғашқы уақыттары бөлім меңгерушісі болған, кейін аудандық комсомол комитетінің хатшысы дәрежесіне дейін көтерілді. Бұл қызметте жүргенде негізінен оқу-тәрбие саласы назарда болды. Жалпы, бұған кейінгі өмір жолдары білімге, педагогтарға қатысты өрбіді. Білім қызметкерлері Сырдария аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Қызылорда облыстық комитеті төрағасының орынбасары сияқты жауапты қызметтерді атқарды.

Разияның соңғы төрт жылда атқарған қызметі – «Қаз Гер Мұнай» ЖШС-нің әлеуметтік даму және бұқарамен байланыс бөлімін басқарғандығы. Аталған бөлімге басшылық жасағанда жер астынан шығып жатқан байлықтың жақсылығын қарапайым халықтың көруіне ықпал жасады. Осы уақытта мұнай компаниясы тұрғындарды арзан көгілдір отынмен қамтамасыз ету бағдарламасын жүзеге асырды. Бұл жұртшылық көптен күткен игілікті іс болатын.

Негізгі мамандығы педагог болғандықтан әлеуметтік жағдайы нашар отбасы балаларының мектепке тартылуын, білім алуын, мектепті ойдағыдай бітіріп шығуын үнемі назарда ұстады. Осындай отбасыларға, олардың балаларына қамқорлық көрсетіп отыруды басты парызы санады.

Өткен жылы қалалық мәслихат депутаттарын сайлау кезінде Тасбөгет кентінің тұрғындары үнемі елдің ортасында жүретін, қарапайым халықтың мұң-мұқтажымен етене таныс Разияға сайлауға түсуге өтініш жасады. Бұл тіпті оның ойында жоқ жайт еді. Алайда көптің өзі ұсыныс жасап отырғаннан кейін пейілдерін қайтармады.

Бұл күнде Разия Қалжанқызы қалалық мәслихаттағы беделді депутаттардың қатарында. Бір жылдың ішінде едәуір тәжірибе жинақтап қалды. Депутат болу жеңіл еместігін жақсы сезінеді. Оның сенетіні – білімі мен білігі.

Тасбөгет тұрғындары өздері сайлаған депутат ретінде кенттегі мешіттің жайын айтып көмек сұраған еді. Мұны кезінде өзі жұмыс істеген «ҚазГерМұнай» компаниясының басшылығына жеткізді. Нәтижесінде компания тарапынан екі миллион теңге қаржы бөлініп, мешіт жөндеуден өтті. Жаңа оқу жылының қарсаңында аталған мұнай компаниясымен бірлесе «Мектепке жол» акциясының аясында 650 балаға мектепте киетін киім тапсырылды.

Қала көлемінде шешімін күтіп тұрған мәселелер жетерлік. Мәселен, Тасбөгеттегі үш мектепке саяжайдағы үйлерден қатынап оқитын балалар бар. Балаларды тасымалдайтын көлік мәселесі шешілуі қажет. Осы кенттегі №11 мектеп салынғанына отыз бес жыл болса да әлі күнге күрделі жөндеу жасалмаған, жылу жүйесінде де кінәрат бар. Бірқазан елдімекенінің тұрғындары ауыз судан тапшылық көріп отырса, Белкөлдің арғы бетінде орналасқан үйлер электр жарығына зәру. Ақжарма ауылындағылар балабақша ашылғанын қалайды. Осының барлығы депутат қадағалауында. Депутаттық сауал да жасалды, басшылыққа хат та жазылды. Бірақ мәселенің бәрі қаржыға тіреліп тұр. Дегенмен үміт те жоқ емес. Нәтижесін уақыт көрсетеді.

Разияның ендігі бір қызметі – «Ардагер-Мұнайшы» қоғамдық қорының директоры. Аталмыш қордың отау тіккеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Биылғы жылы ғана құрылды. Қордың мақсаты – «ҚазГер Мұнай» компаниясында жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан ардагерлерді әлеуметтік жағынан қорғау.

– Мұнай саласында бар күш-жігерін аямай жұмсап, қажырлы еңбек еткен ардагерлер аз емес. Олар зейнеткерлікке шыққанмен елеусіз қалуға тиіс емес. Олар қажетті ем алып, демалып, бейнеттерінің зейнетін көруге тиіс. Дәл осындай қордың дүниеге келуіне мұрындық болған компания басшылығына ардагерлеріміз дән риза, – дейді Разия Қалжанқызы.

Реті келгенде айта кетейік, Разияның ата-анасы жай, көптің бірі болмады. Әкесі Қалжан адал еңбегімен, іскерлік қасиеттерімен төңірегіндегілердің алғыс сезіміне бөленді. Содан да шығар, бригадир, колхоз төрағасы секілді жауапты жұмыстарды абыройлы атқара білді. Кешегі ел басына ауыр күн туған – Ұлы Отан соғысы жылдары қолына қару алып, гитлершіл басқыншылармен жан аямай шайқасқан жауынгерлердің бірі. Майданнан аман-есен оралғанымен, соғыс зардабы көпке дейін жазыла қоймады. Ақыры соның салдарынан 1967 жылы өмірден озды.

Анасы Ұмытхан болса ауыл ішінде өте қадірлі болды. Үлкен-кіші құрметтеп, сыйлайтын. Ол кісі өмірге он үш перзент әкелді. Қазіргі көзі тірі жетеуінің әрқайсысы іргелі отбасы. Ата-ананың тәрбиесі болар, олар жас­тайынан бойларына адамгершілік, ізгілік, имандылық қасиеттерін сіңіріп өсті. Разия да өмірлік серігі Орынбасармен бірге балаларына, немерелеріне өнегелі ата-аналарын үлгі етіп, туған-туыс, ағайын-жұрт сүйсінерліктей өсіріп келеді.

Ана ретінде Разияны толғандыратын мәселелер де бар. Мемлекет тарапынан әйел-анаға жасалатын қамқорлықтың жылдан-жылға ұлғая бергенін қалайды. Әсіресе әйел босанғаннан кейін берілетін жәрдемақының бір жыл көлемінде ғана шектеліп қалмай, бұл мерзімнің ұзарғанын қолдайтындардың қатарында.

Адалдықты, әділ істі ұнатады. Көптің қамына өз қамындай жаны ашиды. Міне, сол себепті де ол жұртшылықтың ризашылығына, сый-құрметіне бөленген абзал жан.

Ж БАҚҚОНДЫҰЛЫ