АЙДАҺАРМЕН АЛЫСҚАН ЕРТӨСТІК

АЙДАҺАРМЕН АЛЫСҚАН ЕРТӨСТІК

АЙДАҺАРМЕН АЛЫСҚАН ЕРТӨСТІК
ашық дереккөзі

21 наурыздан бастап, еліміздің кинотеатрларында «Ертөстік және Айдаһар» атты отандық анимациялық фильмнің тұсауы кесілді. 18 наурыз күні Алматыдағы «Арман» кинотеатрында «Ер Төстік және Айдаһар» мультфильмінің БАҚ өкілдеріне арналған көрсетілімі болып өткен еді. Аталмыш көрсетілімге анимациялық фильмнің режиссерлері Жәкен Дәненов пен Рустам Тұралиев те қатысты. Cонымен қатар, актерлар Лидия Кәденова, Күнсұлу Шаяхметова, Ақкенже Әлімхан және «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ермек Аманшаев журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді.

Көрсетілім барысында киностудияның басшысы Ермек Аманшаев мырза: «Бүгін біз үшін өте маңызды күн. Біз «Ер Төстік және Айдаһар» мультфильмін сіздерге ұсынып отырғанымызға қуаныштымыз. Осыдан үш жарым жыл бұрын киностудия аясында Анимация орталығы ашылған болатын. Сол уақыттан бері «Ер Төстік және Айдаһар» анимациялық фильмінің жұмысы тоқтамай жүріп отырды. Сондықтан бұл сәт біз үшін өте маңызды», – деді.

Анимацияның сюжеті Ер Төстік эпосы­ның мазмұнына негізделген. Басты рөлдегі персонажды танымал актер Дулыға Ақмолда дыбыстады. Ер Төстіктің саяхаты кезінде жол бойы көмектесіп, жәрдем еткен басқа персонаждарды Азамат Қанапияев, Бейбіт Муслимов, Ержан Түсіповтер дыбыстады. Аталмыш жобаға Эльдар Отарбаев, Мерей Әжібеков, Қадырбек Демесін, Лида Кәден қатысты.

Анимация саласының кенжелеп қалған­дығы туралы соңғы кездері мамандар жиі жазып жүр. Қазақ анимациясында «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмінен кейін ештеңе қосылған жоқ. Аттай қырық бес жыл. Қырық бес жыл бойы қазақ анимациясының кенжелеп қалуына не себеп? Әлде анимация саласын дамытатын мамандар аз ба? Әлде қазақ мультфильмінің жандануына қаржы бөлінбей ме деген сан түрлі сауал көкейімізде жүргенде, «Ертөстік және Айдаһардың» дүниеге келуі бізді бір серпілтіп тастады.

Бұл саланың дами түсуі үшін бір «Ертөстіктің» дүниеге келуі аздық ететіні рас. Алайда, «Ертөстіктің» түсірілуіне мамандар үш жылға жуық уақытын сарп етіпті. Көз майын тауысып, күні-түні жалықпай еңбек етуді қажет ететін анимацияның өте нәзік сала екені белгілі.

Үш жыл деген аз уақыт емес. Бұл мультфильмге миллионға жуық қаржы жұмсалыпты. Әуелде режиссерлер Ресейлік мамандардың көмегіне сүйенгісі келген екен. Кейін өздері аяқтауды жөн санапты. Үш жыл бойы режиссерлер еңбегін сарп етіп түсірген «Ертөстік» мультфильмі көрерменінің көңілінен шыға ала ма? Мәселе осында. Күні кеше кинотеатрға барып, «Ертөстікті» тамашалағанда да, бар ойымыз осы болды. Кешкілік сәт болғаннан кейін бе, мультфильмді көруге келген көрермендер некен-саяқ. Күндізгі сеанстарға көрермендер жиі келуде екенін айтты есік алдында тұрған қызметкер келіншек. О да болса, көңілге жұбаныш. Ресейлік немесе голливудтық өнімдерге қаржысын аямай баратын қазақ көрермендері отандық өнімді тамашалауға келгенде «сараңдық» танытпаса екен деп ойладық. Әрине, бұл құр қиял. Көрерменнің талғамына талас жоқ. Қандай фильмді көргісі келеді, оның өз таңдауы біледі. «Жаужүрек мың баланың» қоржынын қалай толтырғанын көзіқарақты оқырманның бәрі жақсы біледі. «Ертөстік» те «Мың баланың» жолын қуса деген ой ғана біздікі.

«Ертөстік және айдаһар» анимациялық фильмі (дұрысы «Ертөстік» болуы керек еді), көңілден шықты. Араға қырық бес жыл салып дүниеге келген соң ба, сыни көзбен емес, жанашырлық ниетпен тамашалағымыз келгені рас. «Ертөстік» қазақ анимациясының өркендеуіне ашылған жол. Бұл жол қазақ ертегілерінің циклді түрде дамуына серпін береді. Қазақ ертегілері дейтін ғаламат әлемнің тынысы ашылып, қазақ балаларының санасына анимациялық фильм болып оралып жатса, оның несі айып? Қайта бөркімізді аспанға атып қуанбаймыз ба?

Ендігі әңгіме, «Ертөстікте». «Ертөстікті» кім білмейді? «Еңбектеген баладан еңкейген кәріге» дейін «Ертөстікпен» сусындап өсті десек, артық айтқандық емес. Қазақ баласына «Ертөстіктің» әрбір сюжеті жақсы таныс. «Баяғыда Ерназар дейтін бай болыпты. Оның сегіз ұлы болыпты» деп басталатын ертегіні кез келген баланы тоқтатып сұрасаңыз, жалғастырып алып кетері анық. «Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дейтін тіркесті де жиі пайдаланады оқырман. Демек «Ертөстікті» тамашалайтын әрбір бала (үлкені де) ең алдымен сол ертегінің басты кейіпкерлерін іздейтіні рас. Ертөстік, Кенжекей, Шалқұйрық, Перінің қызы Бекторы, мыстан кемпір, Шойынқұлақ, Көлтауысар, Таусоғар, Желаяқ атты кейіпкерлердің бәрі балаларға жат емес. «Ертөстіктен» де көргіміз келетін бейнелер осы. Алайда, сценарий авторлары «Ертөстікке» біраз өзгертулер алып келіпті. Біз іздеген кейіпкерлердің көбі мұнда кездеспейді. Ертегіні тұп-тура қайталап көрсету мүмкін емес шығар. Кез келген көркем туындының бойында ауытқулар болары сөзсіз. Дегенмен ертегіден тым алшақ кетуге тағы болмас.

Әрине, «Ертөстік және Айдаһардың» өмірге келуінің өзі маңызды оқиға. Фильм режиссері Жәкен Дәненов тұсаукесер барысында: «Басында қарапайым 2D фильм жасаймыз деп ойладық. Дегенмен кейін қазақ киносының соңғы кездегі даму қарқынына көз сала отырып, 3D мультфильм түсіреміз деп шештік. Көрермендер еңбегімізді бағалайды деп үміттенеміз. Бұл жұмыс біз үшін қайталанбас тәжірибе болды. Біздің дәл осындай толық метражды анимациялық фильм түсіре білгеніміз мені шын қуантады. Картина, әлбетте, отандық анимацияның даму тарихына енеді»,– деп ағынан жарылған екен.

Жәкен Дәненовтің айтуынша, «Ертөстік» қазақ аниматорлары үшін алғашқы тәжірибе мектебі болғаны анық. Тағы да қайталап айтсақ, «Ертөстік және Айдаһар» қазақ анимациясына ашылған жол деп қабылдағанымыз жөн. Бұл жол бір ертегімен ғана толастап қалмауы тиіс. Бұдан кейін де анимация саласы дами беруі керек. Сонда ғана қазақ баласы голливудтық кейіпкерлерге еліктеп өспейтін болады. Сонда ғана олар өз Ертөстігін, Кендебайын, Тазша баласын, Күн астындағы Күнікейін таба алады.

Киностудия басшысы бұл саланың елімізде одан әрі дами түсуі үшін жылына кем дегенде екі туынды шығып тұруы керектігін айтқан еді. Расында да, қазақ анимациясы дамысын десек, жылына кем дегенде екі мультфильмді дүниеге әкелсек, шіркін-ай. Бала біткен армандап жүрген Өрмекші бала, Спайдермен, Шрэк, Бэтмен сияқты кейіпкерлердің орнын өзіміздің төл кейіпкерлеріміз басар еді. Ертөстік болып батыр кейпіне еніп, Керқұла атты Кендебай болып қиындыққа қарсы тұрар еді. Әрбір қазақ баласы Күн астындағы Күнікей болып өссе дейсің. Мұның бәрі қазақ анимациясы мамандарына артылар жүк болары сөзсіз. Аниматор мамандарымызға үкіметіміздің қолдауы қажет. Әрине, қаржылай қолдауы. Қазақ анимациясына бөлінер қаржы қазақ баласының рухани бай болып өсуіне бөлінген қаржы деп есептегеніміз абзал. Одан еліміздің де, қазақ билігінің де ұтпаса, ұтылмайтыны анық. Қазақ анимациясы «Ертөстікпен» тоқтауы тиіс емес. Көш жалғаса берсін деп тілейік!

Дулат Исабеков, жазушы:

– Көптен күткен «Ертөстіктің» анима­циялық фильм болып экранға шыққанының өзі үлкен оқиғалардың бірі. Оның үстіне, Жәкен Дәненов деген жігіт «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген мультфильм­ге қатысқан адамдардың бірі. Біз қит етсе бітті, шет елдің мультфильмдерін көрсе­теміз балаларға. «Өзіміздің ертегілер неге түсірілмейді?» деп айтып келдік бүгінгі күнге дейін. Сөйтіп жүргенде, «Ертөстік» шықты. Үш жыл бойы жұмыс істеп келеді екен. Тұсаукесер рәсіміне барып қатысып, анимациялық фильмді тамашалап қайттым. Сол жолы өзімнің пікірімді айттым. Бірінші, мультфильмнің жақсы жақтарына тоқталып өттім. Мұндай анимациялық фильмдердің болғаны дұрыс. Екіншіден, бұл өте бір қуанышты жағдай. Егер менің құдіретім болса, «Қазақ ертегілері» атты анимациялық орталық ашып, алты томдық қазақ ертегілерін бірінші беттен бастап, түсірер едім. Сценарийсіз-ақ түсіре беруге болады. Сценарий жазылды дегенше, ертегі өзгеріске ұшырайды деген сөз. Мәселен, перінің қызы Бекторы. Мен Кенжекейден гөрі Бекторыны жақсы көрем. Бала кезімнен. Әлі күнге дейін жақсы көрем. Өйткені онда қылық бар еді. Онда сылаңдаған әдемі сұлу көрік бар еді. Ертөстікті өзіне ертіп кететіндей талай әрекетке барды. Табан астынан Кенжекейдің әдемілігін тартып алып, соның кейпіне еніп кетті. Бұл Бекторының образын бәсеңдетіп әкетті. Оның үстіне, ол мыстан кемпірдің қызы ғой. Оны ұмытпауымыз керек еді. Өзі тасқа да, жыланға да, кемпірге де айнала алатын қыздың сұлу болмауы мүмкін емес. Біреудің сұлулығын тартып алмай-ақ, өзі сұлу болуға шамасы келетін еді. Екі Кенжекей пайда болды. Ертөстік қайсысын таңдайды? Екеуі де бірдей болса, ол қызық емес қой. Бекторының өзі де Кенжекейден асып түсетіндей қылық көрсететін ертегіде. Мүмкін, балаларға қызық болар деп ойлаған шығар. Кейіпкерлерінің азайып кеткеніне қарсы емеспін. Ертөстік жер астына қалай түсті? Жер астына Шалқұйрықтың қара жерді қақ айырып түсетін тұсы қызық емес пе еді?! Жылан бапылар қайда қалды? Сонда балаларымыз Ертөстіктің қайсысына сенеді? Кітап оқығанда басқаша, мультфильмінде басқаша. Жер астынан Ертөстікті Самұрық келіп шығарып алады. Бұл жерде Самұрық бәйтерек сияқты болып қалыпты. Ертегіге саясатты араластырмасақ қайтер еді?! Самұрығы самұрыққа ұқсамай қалған. Самұрық келе жатқанда жел тұрып, дауыл соғып, жаңбыр жаумайтын ба еді. Осының бәрі неге көрсетілмеген? Тасбақаны қазақ еш уақытта ертегіге қосып көрмеген. Қайта бұл жерде тасбақаның зияны көрінбейді.

«Жаужүрек мың бала» деп қойды. Жаужүрек екенін фильмді көрген соң, білеміз ғой. «Мың бала» десек, қалай әдемі естіледі?! Мына жерде «Ертөстік және Айдаһар» деп, Ертөстіктің өмірін айдаһармен ғана шектеп қойғандай көрінді бізге. Ертөстік айдаһармен ғана алысты ма? Адамдардың өмірін сақтау үшін, жер бетіндегі тіршілікті сақтау үшін, әділеттілік орнату үшін күресті. Сол үшін жер астына шейін түсіп кетті. «Ертөстік» деп қана қойсақ жететін еді.

«Ертөстік» қазақ ертегілер циклінің бас­тамасы болатын шығар деп қуанып отырмын. Бұдан кейін Алтын сақаны, Кендебайды түсіретін болса, құба құп. «Жыл он екі ай» деп ат қойып, бір жыл бойы көретіндей фильмдер түсіруге болады. Қазақ ертегілерінде кейіпкерлер жетерлік. Арыстан, Жеті басты дәу дейсің бе, жетеді кейіпкер. Өзге елдің ертегілерімен салыстырғанда, қазақ ертегілеріне жетерлік бай ертегілер жоқ екен. Орыс ертегілерінің жетпіс-сексен пайызы біздің ертегілердің көшірмесі. Арабтан, шығыстан, парсыдан көшірілген. Бәрінің сюжеті сол. Бізге Мәскеудегідей арнайы студия ашу қажет шығар. Өйткені бұған бір «Қазақфильмнің» шамасы жетпейді. Оның бюджетінің өзі үлкен болуы керек. «Жаужүрек мың бала» сияқты реалистік фильмдермен қатар, «Ертөстікті» түсіріп отыр. Анимация жанрына киностудия бет бұра ала ма, жоқ па?! Сондықтан қазақ балаларын қазақ рухында тәрбиелегіміз келсе, дәл бүгінгі заманда киноның атқаратын ролі өте зор. «Қазақ ертегілері» дейміз бе, не болмаса, «Қазақ балалар фильмінің» студиясы дейміз бе, осындай жеке бір студия керек-ақ. Бұдан біздің ұтылмасымыз анық. Әрі бұған қаржымыз да жетеді деп ойлаймын.

Гүлзина Бектасова