Жаңалықтар

ОРТАҚ КЕҢІСТІК ТОЛҒАНДЫРАДЫ

ашық дереккөзі

ОРТАҚ КЕҢІСТІК ТОЛҒАНДЫРАДЫ

Таяуда Бішкекте Орта Азия елдерінің экономикалық және саяси сарапшылары бас қосты. Конференция қорытындысы «Fergana.com» сайтында жарияланған еді, онда аймақтық қарым-қатынастың болашағы мен бүгіні талқыланды. «Орталық Азия елдері кеңістігіндегі саяси және экономикалық заманауи перспективалары» тақырыбында өткен басқосуға еліміздің сарапшылары да қатысты.

Дөңгелек үстелге қатысқан сарапшы­лардың пікірі мен баяндамасына қарасақ, «перспективадан» гөрі түйткілдер өзекті болып тұрғанын байқаймыз. Әзірге Орталық Азиядағы ортақ экономикалық кеңістік құру және кеңейту бастамалары сөз жүзінде қалып келеді, ортақ шешімге келсе де әркім өз пікірін өзгертпейді. Әсіресе осы мемлекеттердің басшыларының позициялары да әрқилы, көптеген сауалдың шешімін табамыз деп түрлі келісімшарттарға қол қояды, бірақ іс жүзінде одан еш пайда жоқ. Оған дәлел – су ресурстарына қатысты дау. Аймақтағы басты түйткілдердің бірі осы. «Орталық Азиядағы су-энергетика ресурстары мен суды пайдалану мәселелерін зерттейтін институт» халықаралық қорының өкілі Эрнест Қарыбеков өз жобасын ұсынды. «Fergana.com» сайтының мәліметінше, ол бұған дейін де осы Қара-Кече жобасын аймақты қамтиды деп келген. «Су энергетикасы қақтығыстарын біржола шешуге болады. Қара-Кече көмір кенішінде конденсатты электр стансасын тұрғызу қажет. Бұл жоба бірнеше жыл бұрын қолға алынған, бірақ сол күйі құрылыс тоқтап тұр. 2009 жылы қазақтар қызығушылық танытты, ҚР Президенті Назарбаев сол кездегі премьер Мәсімовке бұл істі тапсырған болатын. Алайда Қырғызстан тарапынан бұл істі Медет Садырқұлов жүргізуші еді, ол көз жұмған соң құрылыс да жайына қалды. Егер Қазақстан КЭС құрылысына қатысса, қыс мезгілінде Тамшыдан бастап Алматыға дейін электр қуатынан тапшылық көрмейміз», – дейді сарапшы. Десе де құны 2-3 миллиард долларға татитын жобаны ешкім қолдай қойған жоқ, керісінше бұл аңыз сияқты қабылданды. Алайда аңыз ақиқатқа айналса, бұл станса бүкіл орталық Азия елдерінің энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ете алар еді.

Ұйымдастырушыар негізінен жеке кәсіпкерлер. Сондықтан шағын және орта бизнес проблемаларының ауызға алынбауы мүмкін емес. Ел экономикасының іргетасы мен тірегіне айналған шағын бизнес Үкімет тарапынан дұрыс жолға қойылмаған. Келісімшарт жасауға деген қабілет пен білімінің төмендігі кедергі болып отыр. Орталық Азия даму институтының сарапшылары Ф.Ирназаров пен З.Салманов қазақ және өзбек кәсіпкерлерінің де жағдайы мәз емес деді. Сондай-ақ осынау екі елдегі кәсіпкерлердің көрші елдерге шығып, экономикалық кеңістікті пайдалануы өте сирек. Мәселен батыста біздің аймақты біртұтас экономикалық кеңістік ретінде түсінеді. Өйткені Еуропаның өзінде сондай жағдай қалыптасқан. Ал Азиядағы елдер бірін-бірі табыссыз санайды дейді сарапшылар. Расында, кәсіпкерлердің қолында сол ел туралы экономикалық көрсеткіш, мүмкіндіктер мен статистика жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, кәсіпкерлер басқа нарыққа сенбейді. Үшіншіден, аймақтағы шенеуніктер кәсіпкерлікті қолдайтын заңдардың орнына, олардың қол-аяғын жіпсіз матайтын әкімшілік кедергілер жасап қойған. Міне, осы факторлардың барлығы аймақтағы шағын және орта кәсіпкерліктің ілгері дамуына кері әсер етіп отыр.

Ортақ экономикалық кеңістік туралы айтқанда Хорезм журналисі Сергей Наумов: «Бізде өнеркәсіп пен тауар жоқ. Еліміз көрші елдердің нарығына ұсына алатын тауары болғанда біз шекарамызды ашып, кедергілерді ысырып, ортақ кеңістікке бет алар едік. Бірақ бізде мұның бірі жоқ. Олай болса, ортақ кеңістік мәселесіне асығудың қажеті жоқ. Біздің бұрыннан келе жатқан кейбір тарихи қалыптасқан тауарларымыз Ресей мен Қазақстан нарығына шыққан. Ол нарықтар ешқайда кетпейді», – деді. Ал осы кеңістіксіз-ақ қазіргі таңда қалыптасқан бір қиындық бар. Ол – еңбек мигранттары.

– Олар тауарды шектеусіз бағаға сатып, Қазақстан мен Ресейдегі сияқты тиісті еңбекақысын алғысы келеді. Олар арнайы заң шығып, білім беру жүйесінің ретке келгенін күтуде. Өзбекстанның құжат беретін мекемелерінде ұзын кезекке тұрады. Халық кәмелетке толмаған баласына дейін құжат жасатып, өзімен бірге шетелге алып шыққысы келеді. Әрине, бірінші кезекте Ресейге. Социологиялық зерттеулерге сүйенсек, ортақ кеңістік бізге қажет, – деп ортақ кеңістіктің қажеттігін қайталады Сергей Наумов. Ал тәжік журналисі Хайрулла Мирсаидов ортақ ұйым құру мәселені түбегейлі шешпейді деп отыр. «Орталық Азия елдері тәуелсіздік алғалы бері Ферғана алабында интеграция құруға бағытталған жүздеген халықаралық ұйымдар құрылды, шекаралық қақтығыс пен әлеуметтік мәселелерді шешпекші болды. Бірақ ештеңе түбегейлі өзгерген жоқ. Шекара сызығынан экстремистік топтар еркін өтіп жүр. Осы елдердің балаларын оқуға жинап алып, оңтүстіктегі Иран немесе Ауғанстан елдерінде медреседе бұрыс бағытқа иландырады, – деді ол. Бұл өз алдына бір мәселе.

Ал дамуы кенжелеп қалған елдердің экономикасын қалай ілгері сүйреуге болады деген сауалға Қырғызстан парламентінің экс-депутаты, сарапшы Әлішер Мамасалиев жауап берді.

– Жиырма жыл бойы ортақ интеграция мәселесі жылжыған емес. Дәп қазір оны жүзеге асыру идеясы миға сыйымсыз. Одан да біртіндеп басқа ұйымдарға кіруді қолға алу қажет. Мәселен, бірнеше жыл бұрын құрылған, жұмыс істеп тұрған одақтарға кіруге болады. Бірінші Қырғызстан мен Тәжікстан Кедендік одаққа мүше болса, әрине қысқартылған шарттарды негізге ала отырып, кейін ЕврАзЭс-ке мүше бола алады. Бұл жайдан-жай шешілетін мәселе емес қой. Оны қазақ сарапшысы Талғат Мамырайымов мүмкін емес нәрсе деп бағалады. «Қырғызстан мен Тәжікстан Кедендік одақты қызықтырмайды. Екі елдің экономикалық потенциалы шектеулі, тіпті күшті су ресурстары болса да одаққа кіре алмас еді», – дейді ол. Бүгінде Еуроодақ және басқа да интеграциялық одақтарда дамуы төмен мемлекеттерге жәрдем қоры ашылған. Сол сияқты Кедендік одақ жанынан жәрдем қорын ашу туралы ұсыныс түсіп отыр. Конференция қорытындысы бойынша сарапшылар аймақтағы ел басшыларына үндеу тастады. Онда баса көрсетілген түйткілдер – су энергетика қиындықтары, сыртқы саясаттың дұрыс жолға қойылмауы, сондай-ақ экстремистік әрекеттерге итермелейтін өмір сүру деңгейінің төмендігі.

Ақниет ОСПАНБАЙ