Жаңалықтар

ҚЫРҒЫЗ ТІЛІН ҚАСТЕРЛЕЙ БІЛДІ

ашық дереккөзі

ҚЫРҒЫЗ ТІЛІН ҚАСТЕРЛЕЙ БІЛДІ

Өткен аптада ақпарат құралдары шу ете қалды. Көрші қырғыз елі бұдан былай іс-қағаздарын, заңдық құжаттарын мемлекеттік тілде жазуға көшпекші. Алатау бөктеріндегі ағайынның қолға алған бастамасына қуанғандар көп. Бірақ ресейлік басылымдар әдеттегідей мұның астарынан қандай да бір кілтипан іздеп, әуре-сарсаңға түсуде. Мұнысы заңды да. Себебі Ресейдің Қырғызстанды Кедендік одаққа «әне-міне кіреді» деп тосып жүргені белгілі.

Наурыздың 13-і күні Қырғызстан премьер-министрі Жанторо Сатыбалдиев «ҚР Мемлекеттік тіл турады» заңына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулыға қол қойды. Нәтижесінде бұған дейін конституцияда «ресми» деп аталған орыс тілі іс қағаздарынан шеттетіліп, құжаттар толықтай қырғыз тіліне көшеді. Бүгінде посткеңестік мемлекеттер шама-шарқынша орыс тілінің ықпалынан шығуға құлықты. Мұндағы мақсат – мемлекеттік тілдің деңгейін көтеріп, қолданыс аясын кеңейту. Осы бағытты мықтап ұстанған қырғыз билігі нақты шараларға көшкен сияқты.

Қырғыз елінің батыл қадамына сүйсінгеніміз рас. Тіпті кейбір сарапшылар экономикалық тығырықтан амалдап шығып жүрген мемлекеттің орыс тілінен бас тартуын ерлікпен пара-пар деді. Ал Қырғызстан мемлекетінің бұл шешімін Ресей қалай қабылдады? Қазақстан мен Белорусьті қолтығының астына алған Ресей Кедендік одақтың басты ойыншысы. Соңғы кезде Ресей бұл топтан Қырғызстанды да көру үшін бар күшін салған болатын. Ол ол ма, мигранттардың «ауылына» айналған Ресейдің қалалары нәпақа іздеп келген қырғыздардың жергілікті жерге бейімделіп кетуіне қомақты қаржы шығындаған көрінеді. Саяси-экономикалық жоспарды пәленбай жылға құрып қойған Ресейдің мазасызданатын жөні бар. Неге десеңіз, бұған дейін екі мемлекет Нарын өзенінде ГЭС салу мәселесін талқылап, біріккен кәсіпорындар құру идеясын мақұлдаған болатын. Енді олар стратегиялық әріптес санап келген қырғыздың бұл әрекетін түсінбей дал. Ресми Мәскеудің басқа-басқа, посткеңестік мемлекеттерде орыс тілі мәселесіне қатысты әңгіменің шеті шықса, бейжай қараған күні жоқ. Бірақ бұл жолы ресейлік билік Қырғызстанға жалпақтауды артық санап отырған сияқты. «Росбальт.ру» сайтының жазуынша, «Бішкек Кедендік одаққа өз аяғымен келеді. Себебі, бұл мемлекеттің бюджеті жанармай баж салығы көлемі мен трансшекаралық жаппай сұранысқа ие сапасы төмен тауарға тәуелді».

Сонымен, Қырғызстан үкіме­тінің орыс тілін ығыстыруына не себеп? Біріншіден, бүгінде Қырғызстан саяси элитасының басым бөлігі ұлттық бағытқа ойысқан. Екіншіден, қоғамның қажеттілігі мен талабын арқалаған депутаттар да ана тілдерінің тағдырына бей-жай қарамайды. Жоғарку Кеңештің төрағасы Асылбек Жээнбеков: «Біз «Мемлекеттік тіл туралы» заң арқылы мемлекеттік тілдің өресін кеңейтуді ғана көздейміз. Ал оны саяси мәселеге айналдырудың қажеті жоқ» деп арандатушыларға құлаққағыс етті.

Қырғыз саясаттанушы Марс Сариев: «Сыртқы саясаттан себеп пен салдар іздеу дұрыс емес. Бүгінде оппозиция орыс тілін білмейтін ауыл халқын өзінің қолшоқпары санайды. Сорақысы сол, қырғыз тіліндегі оппозициялық басылымдар Қырғызстанды орыстілді саясаткерлер басқарып отыр» деп жазуын қоймайды. Әрине, бұл билік үшін үлкен қауіп. Өкінішке қарай, билік мемлекеттегі жағдайды реттеу­ден гөрі, қарсыласының әрекетіне жәй ғана ишара білдірді…» деген қыжылын жасырмады.

ЛАТЫШ

ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ҚОРҒАП ҚАЛДЫ

Ана тілін қызғыштай қорғап жүргендердің бірі – латыштар. Былтыр Латвияда «орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін алып береміз» деп референдум өткізген шолақ белсенділердің аузы күйген. Оған қатысқандардың 75 пайызы «Латвияда орыс тіліне орын жоқ!» деп мемлекеттік тілін сақтап қалған еді. Сол кезде Латвия президенті Андрис Берзиньштің: «Мемлекеттік тілге, латыш тіліне, халық дәстүрлері мен барлық латыш құндылықтары өмір сүріп, дамып, елінің шынайы патриоттарын біріктіре алатын әлемдегі жалғыз ел ретінде Латвияға қор­ған болғандардың барлығына ризашылығымды білдіремін», – деп алғысын жаудырғаны есте.

Латвия атқамінерлерінің барлығы дерлік латыш тілі жалғыз мемлекеттік тіл болып қалуы тиіс деп есептейді. Жақында Мәдениет министрі Жанета Яунземе-Гренде баспасөзге берген пікірінде: «Латвия азаматтарына патриотизмнің дәнін себуді балабақша мен мектептен бастау керек. Біз тіл мәселесінде көбінесе кертартпалыққа салынамыз, өте ұяңбыз. Өз мемлекетіміз үшін мақтануды білмейміз. Бұл дұрыс емес. Күні бүгінге дейін мына мәселеге аң-таңмын. Баласын латыш тіліндегі мектепке дейінгі мекемеге бергісі келген отбасына орыстілді балабақшадан орын беріпті. Бұл деген қорлау ғой! Тек қана латыш балабақшасы деп табандап тұрып алуымыз керек. Күнделікті өмірде, қоғамда мемлекеттік тілде сөйлеуіміз қажет. Бұл біз өмір сүріп жатқан мемлекет. Сондықтан балабақша да, білім ұялары да бір тілде – латыш тілінде болуы керек. Тілді, мәдениетті, мемлекетті дамыту мен қорғауда барлық кедергіге төтеп беруден бас тартсақ, елдігімізге сын емес пе?! Алдымен өзіміз үлгі көрсетсек, әркім де латыш тілінде сөйлеуге тырысады», – деп қадап айтты.

Айта кету керек, Латвияда 2012 жылы тілдік норманы сақ­та­ма­ғаны үшін 1041 азаматқа айып­пұл салынған. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 21 адамға көп. Мемлекеттік тіл орталығының жетекшісі Антон Курситистің мәліметінше, заңдық норманы бұзғандардың 53 пайызы жұмыс орнында мемлекеттік тілді қолданбаса, 31 пайызы тауар­дың тұтынушыға арналған парақшасына латыш тіліндегі аудармасын жазбаған. Ал 7 пайызы маңдайша жазуда тілдік норманы сақтамағаны үшін айыппұл төлеген.

2011 жылы Латвия сеймі тілдік заңнаманы бұзуға байланысты айыппұл көлемін де арттыруды қолға алып, әкімшілік кодекс­ке өзгерістер енгізген болатын. Кәсіби міндетті атқару кезінде латыш тілін қажетті деңгейде қолданбағандар үшін жоғары айыппұл 50-ден 200 латқа дейін (100-400 АҚШ доллары) көбейді. Ал заңнаманы екінші мәрте бұзған жағдайда 200-500 лат шамасында айыппұл төлеуі тиіс. Сол сияқты белгілі бір ұйым өндірген тауардың тұтыну қағазында латыш тіліндегі нұсқасын жазбаса, онда оны 100-1000 лат аралығындағы (2 мың АҚШ долларына дейін) қомақты айыппұл күтіп тұр. Жақында бұл тізімге ұлтшылдар блогы латыш тілін халық алдында келеке етуге байланысты жаңа айыппұл енгізуді ұсынды. Олардың пікірінше, латыш тілін мазаққа айналдыру мәселесіне мемлекеттік рәміздерді (елтаңба, ту, әнұран) қорлауды да қосу керек.

ОРЫС ЕСІМІН ҚОЮҒА

ТЫЙЫМ САЛЫНА МА?

Әзірбайжанның терминология жөніндегі мемлекеттік комиссиясы басқа ұлт атаулары мен есімдерінің көбейіп кеткендігіне алаңдаушылық білдірді. Олар кеңестік одақтан қалған орыс тіліндегі «ов», «ев» жалғауына тыйым салу керектігін мәселе етіп қойды. Әзірбайжан президентінің кеңесшісі Али Гасанов та мұны қолдап отыр. Оның пікірінше, кез келген ұлт өкілінің аты-жөнінде өзіне тән ерекшелік болуы керек. Ол әзірбайжан ұлты азаматтарының фамилиясы «аз» және «яз»-ға аяқталатыны айтпаса да түсінікті екенін тілге тиек етті.

Ал комиссия төрағасы Саялы Сағидованың айтуынша, әлгіндей атаулар ұлттың өзіндік сипатын бере алмайды. Мәселен, Мария, Екатерина, Ольга сияқты есімдер мен бірнеше атаудан құралған адам аттарына (Хаджи Наджафгулу Агха, т.б.) тыйым салу ұсынылды. Әзірге бұл мәселе үкіметтің қарауына жіберілді. Егер билік тарапынан қолдау болса, алдын ала келісіп-пішілген адам аттарының тізімі жасақталып, Әзірбайжан АХАЖ-на жіберілмекші. Демек, бұдан былай өмір есігін ашқан әзірбайжан нәрестелері нағыз ұлттық есімдерге ие болмақ. Айта кету керек, қазірдің өзінде орта буын өкілдері де аты-жөнін ауыстыруға белсенділік танытып жатқан көрінеді.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ