Жаңалықтар

КИПРДАҒЫ «ҚҰЙЫНДЫ» КҮНДЕР

ашық дереккөзі

КИПРДАҒЫ «ҚҰЙЫНДЫ» КҮНДЕР

Банкрот алдындағы Кипр Брюссельдің көмегіне жүгінді

Кипр банктерінде сақтаулы жатқан ресейлік байлардың қаражатына қауіп төнді: Кипр билігі оларды қаржы жүйесі мен экономикасын тығырықтан шығаруға жұмсамақ. Ал «Газпромды» табиғи газ өндіруден қақты» деп тұлданған Кремль Кипрға қаһарын төгіп отыр. Бірақ оған пысқырған Кипр жоқ: Еуроодақ талаптарын түгел орындап, қарызға 10 млрд. еуро алатын болды.

ОРЫСТАРҒА НЕМІСТЕР ДЕ

НАРАЗЫ

Грекияның қарыздық дағдарысы салдарынан Кипр банктері тақырға отырды. Өткен сенбі күні Кипр президенті Брюссельді шұғыл дағдарысқа қарсы шаралармен таныстырды. Ел Парламенті бекіткен жоспарды Еуроодақ, Халықаралық қаржы қоры мен Еуропалық Орталық банк құп алды. Енді қаржылық тұрғыда тығырыққа тірелген Кипр үкіметі жаңа жоспардың арқасында мемлекетке, зейнетақы қорлары мен шіркеуге тиесілі қаражаттың басын қосып, ынтымақтық инвестициялық қор құруды, банк есепшоттарындағы ақшаны шекара асыруға уақытша шектеу, тығырыққа тірелген қаржылық құрылымдарды қайта құрылымдауды көздейді. Банкротқа ұшыраған Laiki Bank қорындағы іске жарамды активтерді иеленетін Cyprus Popular Bank Еуроодақ, Халықаралық қаржы қоры мен Еуропалық Орталық банк тарапынан берілетін қаржылай көмекті алмақ. Кипр мен «үштік» арасындағы тағы бір келісім банктік депозиттерге қатысты. Қорға мемлекет меншігіндегі барлық ірілі-ұсақты құнды немесе құнсыз заттар шоғырландырылып, құнды заттарды кепілдендіру үшін облигациялар шығарылмақ. Осы шараның арқасында билік 5,8 млрд. еуро жинауды көздейді. Бұл Еуропалық Орталық банк, Халықаралық қаржы қорынан 10 млрд. еуро көлемінде борыш алу үшін қажет. Негізі Кипрдің қаржылық дағдарыстан шығуына қажетті сома 16 млрд. еуро көлемінде. Алайда, кредиторлар 10 млрд. долларды қарызға беруге келісіп отыр. Екіншіден, Кипрдің Орталық банкі жергілікті банк жүйесін қатаң қадағалау құзырына ие болды. Бұл халықтың банктерге сеніп тапсырған депозиттерін шұғыл қайтарып алып, шекара сыртына асыруына кедергі болады. Үшіншіден, қайтарымы қиын «нашар» несиелерден зардап шеккен елдегі ең ірі қаржылық құрылымдардың бірі – Laiki банкін билік әдейі банкротқа ұшыратты. Осы шараларды жүзеге асырып болысымен, арал билігі сенбі күні Брюссельге жол тартты.

Еуропалық Одақтың белсенді мүшелерінің қатарындағы Германия Кипрдағы қаржылық ахуалға алаңдайды. Өткен аптада «Кипрдің қазіргі бизнес моделі құрдымға кеткен» деп сынаған германия канцлері Ангела Меркель банктердегі депозиттерді қаржылық көмек ретінде пайдалануды қолдап отыр. Сарапшылар қауымы шетелдік байлардың, әсіресе, ресейлік қалталылардың Кипрді оффшорлық «жұмақ» ретінде қарастыратыны неміс канцлерінің қытығына тигенін айтады. Өйткені Ресей импортының үштен екісі «көлеңкелі». Компаниялардың көпшілігі келісімшарттарда белгіленген ресми бағаларды бірнеше есе төмендетіп көрсетеді. Мәселен тауар шамамен 100 рубль тұрса, оны ресми түрде 20 рубль деп бекітіп, қалған 80 рубль заңсыз жолмен шетелдерге жөнелтіледі. Осы 80 пайыздық үлес Кипр арқылы өтеді. Халықаралық қаржылық сарапшылардың бірі – Даррелл Деламейд: «Кипрлық банктердегі қаражаттың 80 пайызы ресейліктерге тиесілі. Бұл жағдайды одан сайын ушықтыра түседі. Өйткені Германия сияқты Еуропалық Одаққа мүше елдердің кейбірі олар Кипрды заңсыз ақшаны заңдастыруға пайдалануда деп күдіктеніп отыр», – дейді. ЕО мен Кипр билігінің бастамасын қолдаған экономика ғылымдарының докторы, Калифорния университетінің профессоры Морис Обстфельдтің пікірінше, дағдарыстан шығудың тиімді жолы – депозиттерден ақша алу және еуроаймақтағы қиындыққа ұшыраған өзге елдер де Кипрден үлгі алуы тиіс: «Ресейліктер үшін Кипр өте ыңғайлы әрі жақын. Олардың көпшілігі аралдан үй сатып алады, турист ретінде демалғанды жақсы көреді. Ол жаққа қарай күніне бірнеше рет ұшақ қатынайды. Ресей мен Кипр арасында мәдени байланыс орнаған. Сондай-ақ, Кипрға Еуропалық Одақ тарапынан қысым жасалғанын түсіну қажет».

Кремль Кипрға

ренжіп қалды

Негізі Кипрді сақтап қалуға қатысты пікірталаста «үштік» арасында да алауыздық туды. Мәселен наурыз айының басында Еуропалық Комис­сияның экономика және қаржы жө­ніндегі комиссары Олли Рен: «Өкінішке қарай, соңғы күндері Кипрдің жағдайы қиындай түсті», – деп мәлімдеген еді. Бірақ мұндай тұжырыммен Халықаралық қаржы қорының өкілдері келіскен жоқ. Мысалы, аталған ұйымның өкілі Делия Делкулеску Bank of Cyprus банкін Laiki Bank сияқты банкротқа ұшыратқанда ғана қаржылық ахуал оңалады деген сенімде болды. Жергілікті парламент өткен жұманың түнінде банк жүйесін ретке келтіріп, Bank of Cyprus банкіндегі 100 мың еуродан жоғары депозиттердің 40 пайызын, ал 100 мың еуродан төмен депозиттердің 4 пайызын елдің қаржылық шығындары үшін алуға шешім қабылдады. Бұған дейін алдымен 9,9 пайыз, кейінірек 20 пайызға тоқтаған еді. Алайда осыған дейін жер бетіндегі жұмақ делініп келген Кипр халық пен шетелдік инвесторлардың депозитіне иек артуға мәжбүр.

Банк жүйесіне жасалатын реформа туралы естіген бетте Кремль Кипрға ұсыныс жасады: «Кипрдың эксклюзивті экономикалық аймағындағы табиғи газды өндіруге рұхсат етсеңдер, «Газпром» банктеріңе қаржылай көмек көрсетеді». Алайда, мұндай ұсыныстан Кипр билігі бас тартты. Мұндай қадам көңіліне жақпаған Ресей жата кеп ашуланғаны анық. Өйткені бастапқыда РФ қаржы министрінің орынбасары Сергей Шаталов Кипрдің банктерге қатысты қабылдаған шешімі әділ екендігін айтса, арада сәл уақыт өткенде Путин: «Кипрдің бұл әрекеті – әділетсіз, кәсіби тұрғыда біліксіз және қауіпті», – деп аттан салды. Себебі қазір банктерде сақтаулы тұрған депозиттердің басым бөлігі ресейліктерге тиесілі. Кипрдің жергілікті Орталық банкі бұл соманы 5 млрд. еуро десе, Moody’s халықаралық агенттігі 19 млрд. еуроға бір-ақ көтерді. Тәуелсіз сарапшылар қауымы ресейлік «көлеңкелі» экономиканың ауқымы тым кең екенін ескере келе, аталған соманы 1,5 есеге көбейткен дұрыс дейді. Экономистердің пайымдауынша, заңсыз жолмен жинаған қаражаты Кипрде қалған ресейлік компаниялардың күні қараң. Өйткені шет елде қалған қаражатын қайтарып алуға олар қауқарсыз әрі ақшалары түгел қайтпауы да әбден мүмкін.

Өткен жұмада қаржылық жүйені сауықтыру мақсатында 9 заң қабылдаған Парламент ғимаратының алдында кипрлықтар Еуропалық Одақтың туын өртеп, наразылық шарасын өткізді. Ел іші осылайша алатайдай бүлініп жатқанда кипрлық коммунистер мен олардың жақтастары байларды тонауға үзілді-кесілді қарсы шығып, Еуроодақ талаптарына бейімделген жаңа заң жобасын қабылдамай тастады. Бірақ аталған құжат екінші оқылымда көпшілік дауыспен қабылданып кетті. Кипр президенті Никос Анастасиадис наразы топқа басу айтты: «Мен сіздерді жақсы түсінемін. Ұсақ салымшыларға зиян келтірмес үшін мен осындай қадамға бардым. Экономиканы сауықтыруға ықпал ететін саяси астары бар шешім мен үшін де оңайға түскен жоқ». Саяси тұрақсыздық орнаған аралға қазір туристерді бағыттауға туристік агенттіктер қорқып отыр. Олар жолдама құнының төмендегенін айтып, мұң шағуда. Туризмнің тұралауы Кипрға да тиімсіз. Өйткені ел экономикасына келетін кірістің басым бөлігі туризм саласынан. Ресми деректерге сүйенсек, соңғы 4 жылда аралға келетін шетелдік қонақтар саны 29 пайызға артса, туризмнен түсетін кіріс 40 пайызға көбейіпті. Ұсынылатын қызмет түрі қымбаттығына қарамастан мұнда ағылатын туристердің санында қисап жоқ. Кипрдағы банктерге қатысты жайттан кейін қор нарығындағы тұрақты ахуал да шатқаяқтады. Dearborn Partners фирмасының басқарушы директоры Пол Холтенің айтуынша, еуроаймақтағы тоқымдай ғана жерді алып жатқан Кипрдің қор нарығына сонша күшті ықпал етуі қатысушылардың «басқа елдердегі банктер де Кипр сияқты депозиттерден ақша алуы мүмкін» деген қорқынышына қатысты. Еуроаймақтағы қаржылық жүйеге қауіп төндірген Грекия, Италия мен Испаниядағы жағдайлар да қор нарығының күмәнін қоюлата түскені анық. Ал қаржылық сарапшы Даррелл Деламейд «кипрлық экономиканы сақтауға қатысты қатаң талаптар қойған Брюссель еуроаймақты тығырыққа тіреді» дейді.

Ресейдегі Жаһандану проблемалары институтының директоры Михаил Делягиннің пікірінше, Кипр ресейліктер үшін 3 мәселеде керек болды: сол жақта өмір сүру, Ресейден заңсыз ақшаны алып кету және корпоративтік әрекеттерді жүзеге асыру үшін. «Кипр өзгеге емес, өзіне зиян келтірді. Банктерге қатысты реформа қаржылық харакиримен тең» деген ол көп ұзамай Кипрден ақша ағыны толассыз сыртқа ағылатынын және кипрлық билік пен банктерге деген адамдардың сенімі азаятынын айтты «Тағы бір ескеретін жайт, ол жақта Ресеймен бірге Украина, Қазақстан сияқты посткеңестік елдердің де ақшалары бар. Меніңше, Кипр банктерінде жатқан Ресейдің қаражаты кем дегенде 15 млрд. еуроға жуық».

Кейбір сарапшылар пікірінше, Еуропалық Одақтың бірлігіне қатер төнді. Егер Кипрдегі қаржылық дағдарыс шешілмесе, Еуропалық Одақта, тіпті, бүкіл әлемде қаржылық тұрақсыздық белең алады. Осы орайда Ресейдің ВТБ банкінің сарапшысы Костин: «Кипр еуроаймақтан шықпайды. Бірақ Еуропалық Одақтың ыдырауы мүмкін. Өйткені бұған дейінгі дағдарыстың бірде біреуінде базалық принцип – банктердегі депозиттердің кепілдігіне күмән келмеген болатын. Ал Кипрде бұл қағида бұзылды. Бұл өте қауіпті», – дейді.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ