Жаңалықтар

«БҰЙЫҒЫ ҚАЛАНЫҢ» КҮТПЕГЕН ҚЫРЛАРЫ

ашық дереккөзі

«БҰЙЫҒЫ ҚАЛАНЫҢ» КҮТПЕГЕН ҚЫРЛАРЫ

Жақында ТМД елдерінен құралған бір топ журналист Ресейдің Томск қаласына іссапармен бардық. Шараны ұйымдастырушы Томск аймақтық РИА «Новости» медиа-орталығы мен Томск политехникалық университетінің (ТПУ) коммуникациялық басқармасы жаңа тәуелсіз мемлекеттерден келген тілшілерді құшақ жая қарсы алды.

Біз Томскіге Мәскеу арқылы ұштық. Бетті қарыған Сібірдің аязы әлі сынбапты. Оның үстіне қазақ тарихының ақтаңдақ беттерінен «Ұлт зиялыларын қуғын-сүргінге ұшыратып, Сібірге жер айдады» деп келетін жүрекке қанжардай қадалатын мәтін жолдарын құлаққа сіңіргендіктен бе, бойымды суық жайлап алды. «Е-е, қысы алты айға созылатын өлкенің қойнында талай нарқасқа қазақтың балтыры сыздады ғой» деген ой да шарпып өтті сол кезде. Томск Батыс Сібірдің шығысында, Том өзенінің жағасында орналасқан. Тарихтан сыр шертсек, қала 1604 жылы патша Борис Годуновтың бұйрығымен әскери қамал ретінде негізін қалапты. Ал 1804 жылдан бері Томск губерниясының орталығы болып саналады. Шағын қаланың о шеті мен бұ шетін араласаңыз, ескі архитектуралық ғимараттар мен ескерткіштердің көздің қарашығындай сақталып қалғанына куә боласыз. Тіпті ХVІІІ-ХХ ғасыр аралығындағы көне жәдігерлердің мұрты да қисаймаған. Бір сәтке ежелгі Русь тарихының парақтарына еніп кеткендей әсерде қалдық. Қала сонысымен де ерекшеленіп тұр. Мұнда бүгінде 70 ұлттан тұратын 600 мыңнан астам халық өмір сүреді екен. Кейбір дерек көздерінде қала татар халқының ежелгі қонысы деген мәлімет бар. Содан ба екен, мұсылман бауырлар мінәжат ететін екі мешіт бой көтерген.

Былайғы жұрт Мәскеуден қашық жатқан қаланы өз сорпасы өзінде қайнаған «жабық қала» деп атайды. Біз осы пікірдің қаншалықты рас екенін ұйымдастырушы тараптан сұрадық. «Кезінде бұйығы жатқан қала дейтін. Қазір мүлдем олай емес. Томск – білім мен ғылымның ордасы. Оқу орнының түлектері де жұмыс іздеп алысқа сабылмайды. Кәсіпорындар мен зауыттар мамандарды еңбекпен қамтамасыз етіп отыр. Бәлкім, осыдан туындаған пікір шығар» деген жауап алдық.

ҚАНЫШ ОҚЫҒАН ОҚУ ОРНЫ

Томск – студенттер қаласы. Әрі-бері сапырылысқан, асыққан жастар. Қаланың әрбір бесінші тұрғыны студент. Бүгінде Томск қаласының өзінде 6 мемлекеттік университет бар. Оның қай-қайсысының да тарихы тереңде жатыр. Мәселен, алғашқы күні арнайы бас сұққан ұлттық зерттеу Томск политехникалық университеті негізін сонау 1896 жылы қалаған. Әуелгіде Томск технологиялық институты болып құрылған оқу орны 1900 жылы ІІ Николай императордың Томск техникалық институты ретінде есік ашты. Міне, оқу орны содан бері ғылым мен білімге өзіндік үлес қосқан мүйізі қарағайдай ғалымдарды қанаттандырып, ұшыруда тынымсыз еңбек етуде. Оқу орнының алғашқы қарлығашы В.А.Обручевтың шәкірті М.А.Усов болса, ал оның шәкірті Қ.И.Сәтбаев аталмыш оқу орнының 1926 жылғы түлегі. ТПУ-дың ұжымы қазақтан шыққан тұңғыш геолог-ғалымның дәл осы оқу орнында білім алғанын ерекше құрмет тұтады. Тіпті Сәтбаев туралы айта түскісі келетіндей. Олар бүгінгі қазақ жастарына техникалық білім алудың жолын Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаев ашып кетті деп есептейді. Тарихи мұражайдан арнайы орынның берілуі де тектен тек емес. Мұнда ғалымның студенттік кездегі суреті, марапат қағаздары, қолтаңбасы мен ғылымға сіңірген еңбегі туралы толық мәлімет бар. Қиын-қыстау заманда ғылымның көзін табу үшін Томскіге аттанған студенттің көп ұзамай қазақ даласынан мол қорға ие Жезқазған-Ұлытау мыс кен орнын ашуының өзі үлкен ерлік екені айтпаса да түсінікті. Бір байқағанымыз, оқу орны үш ғалыммен – Обручев, Усов, Сәтбаевпен мақтанатын сияқты. Ал университеттен Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы аудитория мен ғалымның үлкен портретін көргенде кеудемді мақтаныш кернеді.

ТПУ-дың алдынан орын тепкен Геологтар аллеясын да Қаныш Сәтбаев бастап тұр. Бюстті 2008 жылы Павлодар облысынан арнайы келген делегация әкеліп орнатқан екен. Екі жағында қазақ және орыс тілінде жазылған тақтайша. Қазақтың көрнекті ғалымына арналған ескерткіш-бюсттің маңайына оқу орнында білім алып жатқан қазақ жастары топтасатын көрінеді. Бәлкім, олар Қаныш аталарымен іштей мұңдасып-сырласып, туған елге, жерге деген сағынышын басатын шығар, кім білсін?! Біз де Геологтар аллеясының көшбасында тұрған Сәтбаев рухына тағзым еттік.

ТПУ – ТЕХНИКАЛЫҚ БІЛІМНІҢ ҚАЙНАР БҰЛАҒЫ

ТМД елдерінен келген тоғыз журналисті қабылдаған Томск политехникалық универ­ситетінің ректоры, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Петр Чубик алдымен оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Бүгінде ТПУ Ресей аумағында техникалық сапалы білім беретін төртінші, ал федерацияның азиялық бөлігінде тұңғыш оқу орны саналады. Сол сияқты РФ Білім және ғылым министрлігінің 2010 жылға жасаған рейтингі бойынша, 148 техникалық және технологиялық оқу орны ішінен 2-орынға көтерілген. Ал 2011 жылы университеттердің әлемдік рейтингінде (QS World University Rankings) 700 үздік оқу орны ішінде 567 орынды иемденді.

ТПУ ректоры Петр Чубиктің айтуынша, бағдарламасының 20 пайызы шетелдің аккредитациясынан өткен, еуропалық және азиялық қауымдастыққа мүше білім ордасы ұлттық техникалық оқу орны ретінде бес жыл қатарынан бірінші орынды бермей келеді. «Алдымызға қойған негізгі бағыт – еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инженерлік ортаны қалыптастыру тәжірибесін жүргізу, инновациялық идеялар мен ресурстық тиімді технологиялар құру. Қазір университеттің құрамында 11 институт жұмыс істейді. Мұндағы 99 кафедра 45 мамандық бойынша білім берсе, 65 ғылыми-зерттеу зертхана (оның 22-cі халықаралық) студенттердің жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік жасайды. Оқытушылар құрамы да өңкей «сен тұр, мен атайындар». Соңғы жылдары ЕуроОдақ ұйымдастырған байқауларды жеңіп алдық. Түлектерді жұмысқа алуға жыл сайын 2 мыңдай ұсыныс келеді. Олардың 90 пайызы жұмысқа тұра алады. Бұл үлкен нәтиже», – дегенді екпін түсіре айтты.

Оқу орнында 22 мың 800 студент білім көкжиегіне терең бойласа, оның 1933-і ТМД мемлекеттерінен, ал 367-сі алыс шетелден. Ал білім ордасының бюджеті 2011 жылы 5,02 млрд. рубльге пара-пар. Оның жартысын оқу орнының өзі табады. ТПУ ректоры оқу орнын таныстыру кезінде Қазақстаннан барған тілшілерді тағы бір жағымды жаңалығымен қуантты. Соңғы кезде техникалық мамандықты игеруге қатты көңіл бөліп жатқан еліміз бакалавр мен магистратура бойынша гранттың санын көбейткен сияқты. Мәселен, бүгінде ТПУ-да ТМД мемлекеттері ішінде Қазақстаннан – 1700, Өзбекстаннан – 452, Қырғызстаннан – 52, Тәжікстаннан – 4, Әзірбайжаннан – 2, Армениядан – 1, Украинадан – 4, Белоруссиядан – 4 студент бар. Мұндағы көшті сан жағынан да, сапа жағынан да Қазақстанның студенттері ұстап тұр. ??????????, Әзірбайжан, Қырғызстан, Армениядан келген тілшілер өздерінің студенттерінің неліктен аздығын сұрағанда, ректордың жауабы да сәтті шықты. «Қазақстан біздің оқу орнымен бағзыдан байланыс орнатқан. Әсіресе, бұл үрдіс соңғы жылдары қайта жандануда. Өз елінде үлкен байқау арқылы магистратураға түсе алмаған студенттер бізге келеді. 1-курста бәрі бірдей. 2-курстан бастап бейімделіп, қатарға ілігіп жатады. Сондықтан да бізге қай мемлекеттен болсын, талантты жастар келсе, қуана құшақ жаямыз. Бұл жерде мемлекетке, нәсілге бөлу жоқ», – деді.

ТПУ ректоры Петр Чубиктен стипендия мәселесін сұрауды ұмытпадық. Оның айтуынша, бюджеттен бір студентке жылына 230 мың рубль көзделетін көрінеді. Ал былтыр ғылыми, қоғамдық, спорттық шаралармен айналысып, жеңісті бағындырып жүрген жан-жақты, талантты 72 студент 40 мың рубль стипендияға ие болған. Бұдан өзге алпауыт компаниялардың, губернатордың атынан тағайындалатын корпоративті стипендия да бар. Бір таңқалғанымыз, Ресей федерациясында қарапайым студенттер 1400-1500 рубль стипендияны қанағат тұтады екен. Оны теңгеге шақсаңыз, 7 мың теңгенің шамасында ғана. Есесіне, жатақханаға айына 240 рубль төлеп тұру жеңілдігі қарастырылған.

ТПУ-дың құрамындағы 11 институттың өзі қаншама ғылыми жобалардың тұсауын кесіп, халықаралық сахнаға шығып жүрген жайы бар. Оқу орнын аралап жүріп, әсіресе жастардың ғылымға деген құштарлығын аңғардық. Тіпті, Табиғи ресурстар институтында дәрілік затты өндіруді қолға алған «ТПУ-Р-Фарм» ғылыми орталығы да биотехнология мен фармацевтикалық жобаларға білек сыбана кірісіп кеткен сияқты. Орталықтың ғылыми жетекшісі, профессор Әбдіғали Бәкібаев та еліміздің атын асқақтатып жүрген ғалымның бірі. Қазір оқу орны Әл-Фараби атындағы ұлттық университет пен Қарағанды қаласындағы Халықаралық бизнес академиясымен тығыз байланыс орнатқан. Осылайша университет өзінің 116 жылғы тарихында 150 мыңнан астам маманды ұясынан ұшырған.

135 ЖЫЛ ТОЛҒАН УНИВЕРСИТЕТ

ТМД елдері журналистері екінші күнін Томск мемлекеттік университетіне арнады. Білімді жастарға есігін 1878 жылы ашқан оқу орны император ІІ Александрдың бастамасымен құрылған екен. Бүгінде тарихи келбетін сақтап қалған университет зерттеу типіндегі ғылым мен білімнің, мәдениет пен ағартушылықтың орталығына айналған. Оқу орнының құрылымына 23 факультет пен оқу институты, 4 филиал және оқуға дейінгі 30 дайындық орталығы кіреді. Бүгін 100 мыңдай студент 135 мамандық бойынша білім алады. Ресейлік және халықаралық рейтингте үшінші орынға табан тіреген оқу орнының 83 пайызы басқа елден келіп оқып жатқандар. Биыл оқу орны 135 жылдығын атап өтеді.

Томск облысы жоғары кәсіби білім департаментінің бастығы Алексей Пушкаренконың айтуынша, студенттердің 60 пайызы алыс және жақын елден келген. «Біз алдымен соларды жатақханамен қамтамасыз етеміз. Бүгінде оқу орнының 42 жатақханасы бар. 1200 мың орынға арналған жаңа жатақхана да қыркүйек айында толықтай пайдалануға берілмек. Мақтанатын жеріміз, Томск мемлекеттік университетін бітірген кез келген түлектің жұмысқа орналасуына кепілдік бар. Біз 20 жылдан бері ашық қала ретінде халықаралық оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып келеміз», ­– дейді.

Көкірегімізді тағы да қуаныш кернеді. Қазақстаннан білім қуып келген жастар 4 мыңнан асып жығылады екен. Оның ішінде бюджетте, ақылы бөлімде оқитындар бар. Жақында ғана университет студенттері Астана қаласында өткен форумға қатысып, тәжірибе алмасып қайтыпты. Сондай-ақ халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті жастар бір мезетте екі оқу орнының дипломына ие бола алады. Алайда, Томск облысы жоғары кәсіби білім департаментінің бастығы оқу орнын бітірген түлектердің 50 пайызға жуығы Ресейде қалатынын тілге тиек етті. «Себебі, оларға жағдай жасап, жұмыспен қамтамасыз ету керек. Біздің басқа елдің жастарын қысыммен алып қалатын ойымыз да жоқ. Бәрі де сол мемлекеттің саясатына байланысты» деген ойын жеткізді.

Алматы – Мәскеу – Томск – Алматы

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ