Жаңалықтар

ҚАЗАҒЫМ МЕН ҚЫРҒЫЗЫМ ЖЫРҒА ҚҰМАР

ашық дереккөзі

ҚАЗАҒЫМ МЕН ҚЫРҒЫЗЫМ ЖЫРҒА ҚҰМАР

20-21 наурызда Бішкекте қазақ-қырғыз төкпе ақындарының айтысы өтті. Қазақстаннан айтысқа шақырылған алты ақынның төртеуі келгендіктен, екі күндік айтыстың бірінші күнінде қырғыздың он ақыны өзара айтысып, төрт ақынын ақтық айқасқа жіберді.

Жеребе тартудың нәтижесінде майталман ақын Бөрібай Оразымбетов қырғыздың белгілі суырып салма ақыны Элмирбек Иманалиевпен бірінші жұпта, Серік Қалиев пен Жылдызбек Төреқанов екінші жұпта, одан кейін Алик Бекмұсаев пен Аалы Тұтқышев, сосын Айбек Қалиев пен Сапарбек Зұлпиев шықты.

Қонақкәде бойынша айтысты Бөрібай Оразымбетов бастап, өзінің асқақ дауысы, адуынды екпінімен айтысты дереу қыздырып әкетті. Дегенмен, айтыстың барысында бауырластардың маңдай алды ақындарының бірі, қырғыз ішінде де, қазақ ақындарымен де талай рет айтысып, мол тәжірибе жинақтаған Элмирбектен басым түсе алмады. Оның «ақысын» екінші жұптағы Серік Қалиев алып берді. Серіктің қарсыласы қырғыз сахнасында жаңадан көріне бастаған Жылдызбек те осал емес екендігін танытты. Бішкектегі тау-кен оқу орнында білім алып жүрген студент-ақын Жылдызбектің бұл халықаралық үлкен додаға қатысуы қырғыздың айтыс ақындарының тағы бір мықты буыны пайда болып келе жатқанын аңғартты. Бұл күнгі өнер сайысының ең шиеленістісі Алик Бекмұсаев пен Аалы Тұтқышевтың айтысы болды. Айтарын ашық айтқан, қарсыласын аяу дегенді білмейтін және қазақтарды әрдайым сынап жүрген Аалыға Алик Бекмұсаев өзінің сабырлылығы, ұстамдылығы, тапқыштығы және мәдениетті сөз саптауымен төтеп беріп отырды. Төртінші жұпта қырғыздың «сайқымазақтау» ақыны, сөзін келте қайыратын Сапарбекке тап болған Айбек Қалиев қарсыласына қарайлап, қарымын алысқа сілтей алмады.

Айтыстың басында қазылар алқасының төрағасы, Қырғыз Республикасының батыры, қырғыз халық жазушысы Бексұлтан Жакиев айтыскерлерден ұлыстың ұлы күнінде елдің бірлігін, екі елдің ортасындағы достықты, Наурыздың мәнін, тәуелсіздік жылдарында жасалып жатқан жасампаз еңбекті жырлаңдар деп айтыстың тақырыбын меңзеп берді. Қазақ ақындары, негізінен, осы шеңберде өздерінің шеберліктерін көрсетті.

– Аалыке, алдымызға қарасайық,

Жақсылықтың төрінде жарасайық,

Ағалары қырғыздың нақыл айтты,

Сыйластықтың шегімен айтысайық,

Тырнақтың да астынан кір іздемей,

Жаман сөзді жүректен аластайық.

Осы жерде екеуміз жолдас болып,

Жоқ дегенде құда боп тарасайық! – деген Алик Бекмұсаевтың сөзіне онша да құлақ аса қоймаған Аалы Тұтқышев әдетіне басты:

– Және қазір гәп айттың,

Ынтымақтың жайынан

Жырлайықшы деп айттың.

Ендеше бауырым ұғып тұр,

Біздің талай қырғыздар

Қазақстанға барады,

Туысқан қазақ елінен

Қызмет пен жұмыс табады.

Құдайым берген ризықпен

Бала-шағасын бағады,

Қазағымның кейбірі,

Туыстықтан танады,

«Малайым» деп айтысар,

Соны ойлап отырсам,

Қабырғам менің қайысар! – деп өкпесін білдірді.

Қазылар алқасының шешімімен алғашқы төрт орынды иелеген төрт ақын ақтық айтысқа шықты. Бұл жолы Аалы Тұтқышевпен Серік Қалиев, Элмирбек Иманалиевпен Алик Бекмұсаев айтысты.

Аалыға қарағанда, Элмирбек салмақ­тырақ сөйлеп, айтыс тақырыбын қозғап отырды:

– Алуан-алуан жерлер бар,

Даласындай қазақтың

Тегіс бола алмапты.

Алуан-алуан елдер бар,

Қазағым мен қырғыздай

Егіз бола алмапты.

Ойлап, ойлап отырсам,

Беларусь деген халық бар,

Шын орыс деген және бар,

Украины тағы бар,

Осылардың барлығы

Қырғыз деген еліме

Қазақтай бола алмапты…

– деп жырлады Елмирбек ақын.

Мұның алдында бұл ойды Аалымен айтысқанда Серік Қалиев түрлендіріп, қырғыз тарапқа сұрау салған еді:

– Қазағым мен қырғызым жырға құмар,

Жалғасқан Наурызға думаның бар.

Ақтаңдай ақындарың айтыс құрып,

Осыны естіп өскен тұлға-ұлдар.

«Ш»-мен және «С»-мен ғана айырмасаң,

Қазақтан басқа қандай туғаның бар.

Өзінің байсалды, тиянақты сөздерімен еліміздің намысын қорғаған төрт ақынның ішінен қырғыз көрермендерінің қошеметіне Алик Бекмұсаев ерекше бөленді. Залдағылардың демеп, жиі-жиі қол соққаны сөзімізге айғақ.

– Қырғыз-қазақ бір жүрсе жарасымды,

Дос еткен Ер Көкше мен Манасымды,

Сүйінбай мен Арыстанбек айтысқанда,

Тыңдаушы ұйықтамастан таң асырды.

Жамбыл ақын Тоқтағұлмен жолдас болып,

Екі елге бөліп берді жыр-асылды.

Біздерде дәл солардай жолдас болып,

Тағы да қуантайық алашымды, – деп Алик ақын қазақ-қырғыз арасындағы дәстүр жалғастығын шынайы және көркем тілімен домбыраға қосты.

Сондай-ақ ақынның:

– Көк шапаным – қазақтың көк байрағы,

Қызыл тілім – қырғыздық қызыл желек, – деген тың тіркестері де елдің көкейіне қонымды болды.

Төкпе ақындардың мүшайрасын ұйымдастырған «Айтыш» қоғамдық қоры екі республиканың өкілдеріне тең қарау мақсатында жеңушілерге қос жүлде тағайындаған болатын. Екі бірінші орынды Элмирбек Иманалиев және Алик Бекмұсаев, екінші орынды Аалы Тұтқышев пен Серік Қалиев иеледі. Бұлардан басқа он ақын да сый-сияпатсыз қалған жоқ. Осы айтыс күні қырғыздың кеңес дәуірінде суырып салма ақындық өнерінің туын құлатпай сақтап қалған үш арысының, Әшірәлі Айталиев, Естемес Тұрсыналиев және Туғанбай Әбдиев атындағы арнайы сыйлықтар да тапсырылды. Бөрібай Оразымбетов КСРО халық ақыны, қырғыз-қазақ халық ақыны Естемес Тұрсыналиев сыйлығымен марапатталып, мәртебесі артты.

Ақындар айтысына қырғыз билігінің бейтарап емесі байқалды. Қырғыз парламентінің төрағасы Асылбек Жиенбеков сол күні республиканың Нарын облысында жүргендіктен, оның және Жоғарғы Кеңештің атынан іс-шараға вице-спикер Төребай Зұлпықаров қатысып, парламенттің есебінен «Айтыш» қорына қолдау ретінде 200 мың сом қаражатын тарту етті.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның»

Қырғызстандағы тілшісі