Жаңалықтар

«ЕУРОПА БІРІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС ҚАРСАҢЫН ЕСКЕ ТҮСІРЕДІ...»

ашық дереккөзі

«ЕУРОПА БІРІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС ҚАРСАҢЫН ЕСКЕ ТҮСІРЕДІ...»

Еуропада ұсақ мемлекеттер баршылық. Солардың бірі – Люксембург герцогтігі. Монархиялық билік өкілдерін жәдігер ретінде сақтап қалған, бірақ іс жүзінде мемлекеттің билігі премьер-министрдің құзырында. Жуырда осы Люксембургтің премьер-министрі Жан-Клод Юнкер кәрі құрлықтың халқын тегіс шулатты. Ол бір сұхбатында «Дәл қазір Еуропа көгінде бірінші дүниежүзілік соғыс алдындағы жағдай қалықтап тұр» деді. Мұнысына нақты дәлелдер де келтірген болды.

Немістің Шпигель газетіне берген сұхбатында Юнкер мырза мынадай дерек келтіреді: «1913 жылы көпшілік Еуропада ешқашан соғыс болмайды деп ойлады. Өйткені дамыған державалардың экономикалық қарым-қатынасы өте тығыз болды, сондықтан қандай да бір әскери шабуылға бару миға сыйымсыз сияқты көрінді. Соғыстың болуы ешкімнің түсіне де кірмеп еді». Әдетте аңдап басып, ақырын сөйлейтін премьердің бұл сөздерінің жаны бар дейді кейбір сарапшылар.

«Менің ойымша, Еуропада ешқашан соғыс болмайды деп сенетіндер қателеседі, осыдан 100 жыл бұрын да жұртшылық осыған сенген. 1913 жыл мен 2013 жылғы экономикалық ахуалдың ұқсастығына қайран қалам. Әсіресе, Афинада ереуілге шыққандар плакаттарына Германия канцлері Ангела Меркельді нацистік формамен бейнелеген. Италиядағы сайлау науқаны антинеміс, антиеуропалық үлгіде өтті деуге болады», – дейді Юнкер. Жалғыз Юнкер емес, дағдарыстан бой жазып, бел көтере алмаған елдердің тұрғындары да осы байламға келген сияқты. Тіпті грек халқы Германиядан бастап бірнеше мемлекетті өздерінің дағдарысына кінәлі деп есептейді, ол аз десеңіз ашынған халық соғысқа шығудан кетәрі емес.

Сарапшылар Юнкердің тым асығыс пікірімен келіспейді. Олардың пайымдауынша, кейбір елдерде қалыптасқан антиеуропалық және ұлтшылдық көзқарас жөнінде асығыс байлам жасау қате. Бірақ Люксембург премьері 100 жыл бұрын соғысқан елдердің қазіргі әскери қару-жарағын салыстыра отырып осы байламға келуі ғажап емес.

Негізінен кәрі құрлықтың біртіндеп кері кетуі бүгінде ешкімді таңқалдыра алмайды. Десек те бұл дағдарысқа көпшіліктің Германияны кінәлауы түсініксіз. Тіпті Германияда жаңа партия құрылып, қазіргі канцлердің билігін сынап-мінеп жатыр. Олар еуро валютасына қарсы екенін бірден жеткізді. Экономист, заңгер және кәсіпкерлер құрған партия «Германия үшін балама» деп аталады. «Германия Еуроаймақтан шығуы тиіс» деп ұрандатады. Гамбург университетінің профессоры Бернд Люке «Неміс толқынына» берген сұхбатында «Бірыңғай валюта Еуропаны дағдарыстан шығара алмайды, қайта құрлықтың экономикасын құрдымға кетіреді», – деп мәлімдеді. «Германия үшін балама» партиясы неміс маркасына қайта оралып, тіпті болмаса фин, голландық және австриялықтармен бірлесе отырып жаңадан ортақ валюта енгізсек, тығырықтан шығар жол тапқан болар едік дейді. Еуроаймақтың жағдайын экономикасы тұрақты Франция да ұстап тұра алмайды деген уәж айтады. Бүгінде немістер де жаңа валютаға қарсы емес. Қайта халықтың төрттен бірі еуродан бас тартуды және неміс маркасына кері оралуды құптайды.

The Daily Telegraph басылымының жазуынша, «Германия үшін балама» партиясы тарапынан қазіргі басшылықты сынға алуларына Ангела Меркельдің Кипрге қаржы көмегін ұсыну жөніндегі құжатқа қол қою мүмкіндігі түрткі болған. Партияның негізін қалаушылар Бундестагтағы партиялардың бірде-бірі Германияның еуроаймақта болу қажеттігіне назар аудармағанына алаңдаулы. Олар сондай-ақ ГФР-дың Еуропаның оңтүстігіндегі елеулі дағдарысқа ұшыраған елдерге орынсыз ондаған миллиард еуро ақша шашып отырғанын құптамайды. Ал Люксембург премьері Юнкер мырзаның жұртты шошытқан сөздері әлі де талқыға салынуда.

Ақниет БЕЙІМБЕТҚЫЗЫ