ГОЛЛАНДИЯҒА ҰЗАТЫЛҒАН ҚЫЗҒАЛДАҚ
ГОЛЛАНДИЯҒА ҰЗАТЫЛҒАН ҚЫЗҒАЛДАҚ
Елбасы сонау 2002 жылы Нидерланды корольдігіне жасаған ресми сапары кезінде сол елдің ханшайымы Беатрикс ханым Президентімізге қызғалдақ жайында ағынан жарылып, былай депті: «Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен, сондай-ақ Қазақстанды Нидерландымен байланыстырып тұрды. Осы байланыстар біздің елімізге қызғалдақ гүлін әкелді. Бұл гүл осылайша Нидерландыға кең тарады. Саудада ол ең өтімді өнімге айналды. Қазіргі кезде қызғалдақ гүлі нидерландықтардың нөмірі бірінші экспорттық тауары. Сол үшін де сіздің елге қарыздармыз».
Ақиқаттың негізінде өрбитін аңыз-әңгімелер жаугершілік замандарда бабаларымыздың қаны тамған жерлерге араға бірнеше жылдар салып, алқызыл қызғалдақтар жайқалып шыққан дейді. Осылайша, қан майданнан қалған қызғылт дақтар уақыт өте келе гүл падишасы – қызғалдаққа айналыпты. Аңыздың түбінде әйтеуір бір шындықтың жататыны рас емес пе? Олай болса, қызғалдақтың отаны деген мәртебелі атаққа қазақ жері талассыз ие бола алады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын қызғалдақтың отаны Қазақстан екенін ғылыми тұрғыдан жан-жақты дәлелдейтін жаңа туынды жарыққа шыққан болатын. Орыс ғалымы Анна Иващенконың «Қазақстанның қызғалдақтары және өзге де жуа тұқымдас өсімдіктер» атты бұл кітабы базбіреулер үшін анау айтқан жаңалық болмас, әрине. Алайда онда бізге таныс һәм бейтаныс қызғалдақтың тарихы мен өсу процесі, көбеюі секілді жайлар талданып жазылған.
– Менің қызғалдақтар табиғатын зерттегеніме қырық жылдай уақыт болды. Қазақ халқы ежелгі дәуірден бері дала гүлі қызғалдақты құрметтейді және оның көркіне қызығып қана қоймайды. Шипалы қасиеті бар өсімдік әсіресе оңтүстік өңірде емдік мақсаттарға кеңінен пайдаланылады, – дейді ғалым Анна Андреевна.
Ғалымның айтуынша, қызғалдақтың тұқымы Ұлы Жібек жолы арқылы Қазақстаннан – Түркияға, одан әрі Голландияға жеткен көрінеді. Дала қызғалдақтары еліміздің барлық облыстары мен аудандарында баршылық. Алайда мамандарды бұл күндері қызғалдақтың келешек тағдыры қатты алаңдатуда. 1981 жылы «Қызыл кітапқа» қызғалдақтың 13 түрі енгізілген екен. Өкінішке қарай, тізім мұнымен бітер емес. Сондықтан да дала гүлдерін жүйелі түрде қорғау бүгінгі таңдағы басты мәселе болып тұр. Қызғалдақтың кешегісі бәрімізге белгілі ғой, ал енді бүгінгі хал-жағдайына мамандар қатты алаңдаулы. Қызғалдақ гүлі «Қызыл кітапқа» енгендіктен, ерекше қорғауға алынған. Жоғалып, құрып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарларды қалай қорғау керектігін үйретіп жатудың өзі тым артық дейді олар. Десек те біздің елде экологиялық сауат ашуды қажет ететін жағдайлар өте көп. Егер азамат қызғалдақты жұлу кезінде қолға түссе, онда ҚР Қылмыстық кодексінің 290-бабымен оның үстінен қылмыстық іс қозғалады екен. ОҚО Ішкі істер басқармасындағылар Түлкібас ауданына қарасты Қызыл төбешік дейтін жердегі грейг қызғалдағы ерекше қорғауды қажет ететіндігін айтады. Және сол төбеден өзге аймақтан бұл гүлді кездестіре алмайсыз. Ерте көктемде осы жерде сұқ көз бен сұғанақ қолдар көбейетін көрінеді. Және осындай фактілер саны жыл сайын артуда. Әсіресе, мейрамдар қарсаңында қызғалдақтың «жаулары» күрт көбейеді екен. «Аяусыз жұлудың кесірі бірнеше жылдардан кейін қызғалдақтардың жаппай жойылуына алып келе ме деген қауіп бар. Осы жағдайды болдырмау үшін тырысып-ақ жатырмыз. Заң бойынша, бір дана қызғалдақты жұлуда келтірілген залалды өндіру үшін 360 теңге айыппұл төленеді. Шындығында браконьерлікпен күресу үшін бұл айыппұлдың көлемі өте аз. Ертеңгі күні өкініп қалмас үшін сұғанақ қолдарға қатысты қатаң шаралар қолдануымыз қажет сияқты»,–дейді табиғат қорғаушы полицейлер.
Ал Оңтүстік Қазақстан Облыстық «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің эколог-маманы Әмірбек Сиқымбаев табиғи парк аймағында қызғалдақтың бірнеше түрі кездесетінін айтты. Олар грейг, кауфман, шымған, түркістан, жалғантүкті, жалған қосгүлді, күмәнді деп аталатын қызғалдақтар. «Мен эколог-маман ретінде мерзімді басылымдар арқылы оқырмандарға «қызғалдақты жұлмаңыздар» деп әрдайым айтып жүремін. Өйткені олардың пиязшығына зиян келетін болса, ол жерден дала гүлі қайтіп шықпайтынын біреу білсе, біреу білмейді. Тіпті қызғалдақ ұрығын қайта шашқан күннің өзінде оның өсіп-жетілуі үшін кем дегенде 10 жыл керек болады»,–дейді қызғалдақтың жойылып бара жатқанына алаңдаулы эколог.
Егер қызғалдақты гүл падишасы дейтін болсақ, грейг қызғалдағын қызғалдақ падишасы деу әбден жарасымды болар еді. Өйткені грейг – қызғалдақтың ең әдемі және табиғатта ең аз кездесетін түрі екен. Оның қалың көкшіл жапырақтары мен 12-15 см.-ге дейін жететін бокал тәріздес гүліне сұқтанбайтын жан кемде-кем. Қызғалдақтың бұл түрі тек өзінің әсемдігімен ғана емес, емдік қасиеттерімен де ерекшеленеді. Мәселен, гүлдің пиязшығының құрамында 40-60 пайыз крахмал мен қант бар. Оның кей бөліктерін жергілікті халық бас ауруы, бауыр ауруларын емдеуге де пайдаланатын көрінеді. Өкінішке қарай, оның сұлулығы өзіне сор болып жабысқан сыңайлы. Себебі өте сирек кездесетін жағдайға жетіпті.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ