Жаңалықтар

КІТАПХАНАДАҒЫ КЕЗДЕСУ

ашық дереккөзі

КІТАПХАНАДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Баланың қиялы ұшқыр, санасы зерек. Халықаралық балалар күні қарсаңында №14 кітапхана бөлімшесінде «Әдебиетке балалықты алып келген» деген тақырыпта оқырман конференциясы өтті. Конференцияға «Дарабоз» байқауынан жүлделі орындарды иеленген шығармалардың авторлары қонаққа шақырылды. «Түркістан» газеті бас редакторының орынбасары Жаңабек Шағатай және халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Арасанбай Естенов жас оқырмандармен жүздесті.

Кездесу барысында А.Естенов «Кәусар бұлақ» кітабын таныстырды. Жасөспірімдердің өзі сүйіп оқыған авторларымен жүздесуі қиялын өңіне айналдырумен пара-пар. Сондай-ақ «Бастау» кітабының тұсауы кесіліп, қалың оқырманның қолына жетті. Балалар әдебиетінің бүгінгі хал-ахуалы да тақырыпқа өзек болды. Жазушылардың өмір дерегі және шығармашылық қызметі таныстырылды, оқырмандар авторларға сұрақ қойып сыр-сұхбат ұйымдастырды, арасында жазушылардың естелік әңгімелері тыңдалды. «Түркістан-ақпарат»