Жаңалықтар

ЛОББИСТЕР МАЗАСЫН АЛҒАН МИНИСТР

ашық дереккөзі

ЛОББИСТЕР МАЗАСЫН АЛҒАН МИНИСТР

елімізде 100 ЖОО ғана қалатынын айтты

Жуырда Үкімет үйінде өткен жиында «бас мұғалім», яғни Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов өзіне қарсы жұмыс істеп жатқан лоббистерге өкпесі барын жеткізді. Лоббистердің қарсы шабуылға шығуының себебі, Білім және ғылым министрі жекеменшік жоғары оқу орындарын жабамын деген еді. Министрдің бұл әрекетінен кейін миллиардтаған қаржы тауып отырғандар өре түрегеліп, қарсы шыққанын да айтқан еді. Бұл жолғы жиында министр биік лауазымды лоббистердің есімдерін атаудың аз-ақ алдында қалды. Тілші қауымның білгісі келгенімен, министр мырза «атын атап, түсін түстей» қоймады.

Үкімет үйінде өткен жиында министр Б.Жұмағұлов мырза алдағы уақытта қазақстандық жоғары оқу орындарының саны тағы қысқаратынын жеткізді. Министр өз сөзінде: «Елбасының тапсырмасы бойынша жоғары оқу орындарын оңтайландыру жүргізілуде. Бүгінде олардың саны 149-дан ендігі 136-ға дейін қысқартылды. Тәжірибе көрсеткеніндей, коммерциялық жоғары оқу орындарының көпшілігінің білім беру сапасы сын көтермейді. Сондықтан таяудағы 3 жыл ішінде олардың санын 66-дан 30-ға дейін қысқарту жоспарлануда», – дейді.

Министрдің сөзіне сүйенсек, келешекте ЖОО-ларға қойылатын талаптар да күшейетін сияқты. Бұдан былай білім ордалары басты-бас­ты үш критерий бойынша бағаланатын болады. Яғни «материалдық база», «оқытушылық құрам» және «бітіруші түлектердің жұмыс берушілер арасында қаншалықты сұранысқа ие болатыны» ескерілмек. Осыған орай, министрлік егжей-тегжейлі зерттеулер жүргізіп жатқан сияқты. Әрі жекелеген жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттердің де жағдайы ескерілетінін айтады министр.

Министр: «Елбасы оқу орындарын өңір­­­лердің қажеттілігіне қарай мамандандыру туралы тапсырма берген болатын. Сондықтан мемлекеттік жоғары оқу орындары да оңтайланатын болады! Нәтижесінде, таяудағы 2 жылда елімізде жалпы саны шамамен 100 ғана ЖОО қалады. Бұл бізге дамыған елдерде қабылданған халық санына шағатын көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндік береді», – дейді.

Министрдің айтуынша, жоғары білім саласындағы барлық қысқарулар мен біріктірулер қорытындысында еліміздің кейбір облыстарында бір ғана мемлекеттік және бір ғана жекеменшік жоғары оқу орны ғана қалатын болады.

Жиыннан соң, министр журналистердің сауалдарына жауап берген еді. Журналистерді мазалаған сауал «лоббистер» екені белгілі. Жекелеген оқу орындарының соңында кім тұр? Әрі ол оқу орындарының жабылуына кім қарсы деген сауалдарға министр: «ЖОО-лар саны ешбір ойластырусыз-ақ қысқартылуда» деген өте үлкен сын айтылуда. Бұл – дұрыс емес. Барлығы ойластырылған, есептелген. Мәселе басқада! Әрбір жоғары оқу орнының артында Астанадағы әлдекім тұр. Соның мүдделерін «лоббилайды». Ондайлар депутаттық корпустың арасында да бар, ондайлар Үкіметте де бар. Олар тіпті барлық орталық органдарда жүр! Ол кісілер өздерінің ЖОО-ларын біздің қысқартпауымызды діттеуде. Бұл енді ешкімге де құпия емес!», – деді.

Жоғары оқу орындарының қысқартыл­ғаны да дұрыс шығар. Бір жағынан, оқуға төлейтін қаржысы аз қарапайым халықтың ең алдымен таңдауы да жекелеген жоғары оқу орындарына түсері белгілі. Жекеменшік оқу орнын бітірген баланың «дипломы» қызметке орналасуына жарамай қалып жататындары да кездеседі. Бұл дегеніңіз төрт жыл бойы оқыған біліміңіз «зая» кетті деген сөз.

Ал министр әлем­дік тәжірибе дамыған елдерде 1 мил­лион тұрғынға шаққанда орташа есеппен 6 жоғары оқу орнынан келуі қажеттігін айтады. Яғни 17 миллионды 6-ға көбейт­сек, шамамен 100 ЖОО шығады. Демек, Қазақстанда 100 жоғары оқу орны болуы керек!» дегенді айтады. Жоғары оқу орындарының қысқартылып, сапалы университеттердің қалғаны да дұрыс шығар. Өйткені жоғарыда өзіміз мысалға келтірген критерийлерге кез келген жекелеген жоғары оқу орындарының сай келе бермейтіні тағы бар.

Алайда, Білім министрлігі мен ЖОО қожайындары арасындағы қақ­тығыс оңай болмайтын сияқты. Өйткені 200 студенті ғана бар ЖОО өмір сүруде. «Бұл жоғары оқу орындары кезінде 30 мамандық бойынша лицензия алыпты! Сонда әрбір мамандық бо­йынша тек 5-6 адамнан ғана даярлайтын болғаны ғой? Бұған қалай жол беруге бо­лады? Олардың оқытушыларының да са­па­сы төмен, кейбірінде студенттер сол жекеменшік университетті бітіре сала, сол жерге ұстаз болып қалады. Олардың өздерінің де білімінің сапасы төмен. Бұл ЖОО-лар стандартқа да, оқу сапасына да жауап бермейді. Материалдық базасы да нашар. Сол себепті біз қазір осындай әлсіз ЖОО-ларды біріктірудеміз. Сөйтіп, олар өзара күш біріктіре отырып, өңірлік ірі жеке ЖОО-ға айналады», – деген Бақытжан Жұмағұлов бұл қадамды Қазақстан Президенті де қолдайтынын, яғни кері шегінбейтіндерін ескертті. «Бұл оңтайландырудан халық қорықпауы керек. Бұл жастарға сапалы білім беру үшін жасалуда», – дейді министр. Қысқартылатын жоғары оқу орындарының тізімі жуық арада белгілі болмақ. Осыған орай, жақын күндері ЖОО ректорлары жиналатын сыңайлы. Қысқартуға байланысты арнайы қоғамдық комиссия құрылатын болады. Ол комиссияның құрамына белгілі ғалымдар, депутаттар, атақты педагогтар кірмек. «Ректорлар бас қосатын жиында біз барлық позиция­ларымызды жайып саламыз. Жиын ашық өтеді, халық қай университеттің сапасыз білім беретіндігін білуі керек. Осының бәрін сол жерде айтамыз!» – деді министр.

«Оңтайландыру» процессі жүргізілгені қажет-ақ. Дегенмен, бұл жерде зардап шегетін тағы да қарапайым халық сияқты. Қаржысы көп, қалтасы толы байлар балаларын қайда оқытамыз деп бас ауыртпайды. Өйткені кез келген шет елдік жоғары оқу орындарында баласын оқытуға мүмкіндігі бар. Мемлекеттік жоғары оқу орындарының оқу ақысы қымбаттап кеткен. Қымбат бағаны кез келген шаруаның қалтасы көтере бермейтіні тағы бар. Сонда жүз жоғары оқу орындарында кімдер оқитын болады? Министрлік осы тұрғыдан келгенде, қарапайым шаруаның да қамын ойлағаны жөн шығар.

Гүлзина Бектасова