Қызылорда облысына жұмыс сапары
Қызылорда облысына жұмыс сапары
Жуырда «Нұр Отан» партиясы төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Қызылорда облысына іс-сапармен барып қайтты. Сапар Арал ауданынан басталды, бұл жерде «Қуаныш» ЖШС-нің балық өндірісінің бүгінгі жай-күйі таныстырылды.
Балықшылармен кездесу барысында ол еңбек адамдарының тұрмыс-тіршілігімен танысу мақсатында бірнеше отбасына бас сұқты. Сөйтіп Байбек мырза олардың тұрмыстық және еңбек мәселелерін жеңілдетуге уәде берді. «Партия халыққа жақын болу керек. Жылдан-жылға жағдай дұрысталып, қазір Қазақстанның деңгейі өсуде. Көп адамдар жақсы әлеуметтік жағдайға ие болып жатыр», – деді Байбек мырза. «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» жобасының I фазасы аяқталғалы ата кәсіп жандана түскен екен. Бір кездері азын-аулақ балықты олжа деп білген олар қазір айдыны 360 мың гектарға жеткен Кіші Аралдан су маржандарының 20-дан астам түрін аулайды. Ауданда балықты терең өңдейтін 3 ірі зауыт бар, шағын цехтар көбейіп, кәсіпкерлік дамып келеді.
Балықшылар ауылынан кейін Сырдария ауданы Нағи Ильясов ауылындағы өзін-өзі басқару пилоттық жобасы таныстырылды. Н.Ілиясов ауылының тұрғыны Төребек Жұмабекұлы: «Жергілікті өзін-өзі басқару бағдарламасы – ауылдық жерлерде әлеуметтік мәселені шешуге байланысты бірден-бір тиімді қабылданған бағдарлама. Ауыл әкімдігінің қолына қаржы топтасады. Сондықтан қаржыны қайда, неге жұмсау керек? Халыққа ең қажетті мәселе не деген сұрақтарды ақылдаса отырып шешуге болады», – деп жобаның сәтті басталғанын байқатты. Сонымен қатар Б.Байбек Қармақшыдағы Қорқыт ата мемориалдық кешені және «Қорқыт ата» зиярат етушілер орталығының құрылысымен танысты. «Шымкент-Самара» жолындағы «Қорқыт ата зиярат ету орталығын» «Дорстрой» жұмысшылары салуда. Жалпы құны 450 млн. теңге болатын жұмыстың бас мердігері – «Аман құрылыс» ЖШС.
Сондай-ақ облыстық филиалдың кезектен тыс XIII конференциясы өтті. Шара барысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтық филиал басшысы болып сайланды.