Жаңалықтар

Алматыға «Ақ жолбарыс» келді

ашық дереккөзі

Алматыға «Ақ жолбарыс» келді

Жуырда Алматыға белгілі режиссер, «Мосфильм» киноконцернінің директоры Карен Шахназаров келді. Бұл оның Қазақстанға алғашқы сапары. Сондықтан бұл кездесудің киносүйер қауым үшін ерекше болғаны рас.

Белгілі режиссердің есімі ТМД жұртшылығы үшін жақсы таныс. Оның ойлы, мағыналы, интеллектуалдық фильмдерін қазақстандық киносүйер қауым да жақсы көріп өсті. Карен Шахназаров елімізге құр қол келмепті. Ол өзінің әйгілі «Ақ жолбарыс» атты фильмін ала келген екен.

«Менің мақсатым – көрермен сүйсіне көретін фильм түсіру. Маған картинаны неғұрлым көп адам көрсе, соғұрлым еңбегімнің жанғаны. Әрине фестиваль үшін кино түсіру, оған қатысу да дұрыс. Бірақ мен үшін ол байқаулардағы жүлдеден гөрі сол жерде киноны көрсету, көрермендердің көзқарасын білу маңыздырақ», – дейді режиссер.

Карен Шахназаровтың «Ақ жолбарысы» соғыс тақырыбын арқау еткен шығарма. «Ақ жолбарыс» үшін режиссер аз еңбек сіңірмеген сияқты. «Бұл шығарманы түсіру үшін тарихшылармен бірге жұмыс істеп, мұрағат беттерін парақтап шықтық. Актерлердің костюмдері, реквизиттер тағы бар. Сол жылдардағы болмысты, сарбаздардың ерлігін көрсете білу керек. «Ақ жолбарысты» түсірерде соғыс техникасын, актерлерді де ұзақ таңдадық. Олар пышақ қадау, қол күрестіру, қару-жарақты дұрыс ұстау, ату, көздеу, тіпті саптық адымды да үйренді. Дегенмен, «Ақ жолбарыс» көптің көңілінен шықты деп ойлаймын», – дейді Карен мырза.

«Америкалық қыз» атты кинофильмін екі елге ортақ туынды деп санайтынын да жеткізді режиссер. «Әріптестеріңіздің фильмдеріне қалай баға бересіз?» деген журналист сауалына режиссер: «Фильмге баға беретін кино сыншы емеспін. Олар да менің әріптестерім. Егер өзім байқаған кемшіліктер болса, режиссердің өзіне айтуым мүмкін», – дейді.

Келешекте режиссердің қазақ режис­серлерімен де бірігіп жұмыс істеу ойында бар. Әзірге олар «Қазақфильммен» келіссөздер жүргізіп жатқанға ұқсайды. «Экшн жанрында, соғыс тақырыбында фильм түсіру идеясы бар. Бұл орайда режиссер: «Менің ойымша, бұл қазақстандық киноның әлемдік деңгейге көтерілуіне бірден бір септігін тигізіп, халықаралық дәрежеге шығуына мүмкіндік береді. Бұл жердегі мамандардың да кәсіби біліктілігі мен тәжірибесі мол екендігін ескерсем, келешекте көрермен қызыға көретін бірлескен фильм­дер жасалады деген сенімдемін», – дейді.

Ал Карен Шахназаровтың Алматыға келуіне мұрындық болған режиссер Талғат Теменов оның елімізге келуінің жаңа әріптестіктің бастауы болатынын айтады. Оның да өзіндік себебі бар. Өйткені «Мосфильмнің» техникалық мүмкіндігі «Қазақфильмге» қарағанда әлдеқайда жоғары. Ол отандық киноөндірісті дамыту үшін ресейлік мамандармен ынтымақтастық орнатудың қажет екенін алға тартады.

Ресейлік режиссер Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академия­сында шеберлік сабағын өткізді. Карен Шахназаровтың дәрісін тыңдау келешек режиссерлерге тәжірибе мектебі болары сөзсіз.

Назира БЕКТАСОВА