Табиғат таразысы теңелген күн
Табиғат таразысы теңелген күн
Наурыз – ұлыстың ұлы күні. Бұл бір ұлт не бір елге ғана тән мереке емес, қандас, қанаттас, туыстас, тағдырлас халықтардың талайына ортақ мейрам. Наурыздың мереке ретінде қашан, қай ұлыстан басталғанын тап басып айтудың өзі қиын. Әр халық әртүрлі аңыздармен өздеріне балап, өздерінше мерекелейді.
Мысалы қазақ айтады: қазақтың түп атасы – Азатбақыт, одан Аламан, Аламаннан – Алтай, Аушадияр туады.
«Аушадиярдың – Алаш, Наурыз деген екі ұлы болған. Алаш абыз әрі бай екен де, Наурыз батыр болыпты. Алашта алты ұл бар екен, ал Наурызда бала болмапты. Көз жұмарда Наурыз ағасына жалғыз тілек айтыпты: – Алла саған дәулет те, әулет те берді. Көк семсер қолымнан, көк найза тақымнан түспей, ат үстінде менің күнім өтті. Ұл туғанға, күн туады. Сенің әулетің өсер, менің атым өшер. Өшірмейін десең, жылына бір рет дәулетіңнен «Шүлен тарат». Менің көз жұмған күнімде ас бер. Есігің баршаға ашық болсын, ұлың мен құлың, қызың мен күңің бір табақтан дәм татсын. Хан мен қараша қатар отырсын. Әр үйде қазан көтеріліп, тілек айтылсын! Қора-қопсыны тазарт, жұртыңды жаңарт, өріске малыңды, егіске қосыңды шығар, – депті. Алаш інісі Наурыздың өсиетін бұлжытпай толық орындапты. Келе-келе ол жалпы жұртқа ортақ мерекеге айналыпты. Алты Алаштың әулеті батырын осылай есте қалдырыпты», – дейді қазақ аңызы.
Битуғанов Айбол,
ардагер ұстаз