Жаңалықтар

«Ағаш ек, үй тұрғыз, ұрпақ өсір...»

ашық дереккөзі

«Ағаш ек, үй тұрғыз, ұрпақ өсір...»

Бұл дана бабаларымыздың әлімсақтан келе жатқан ұлағатты сөзі. Астарында терең ой жатыр. Ағаш жердің көркі. Отан от басыңнан басталады. Ұрпағыңмен мың жасайсың. Исі мұсылманға Наурыз айы жыл басы. Қар кетіп, жер бусанып, көк шығып, Самарқанның көк тасы еріген шақ туды-ау деген кезде бау-бақшаларын баптап, түрлі жеміс-жидек көшеттерін еге бастайды. Кейін бұтақтары кеңге жайылып, саялы көлеңке беретін бәйтеректерді де отырғызады. Ұлдарына еншісін бөліп беретіндер осы Наурыздан бас­тап, үй салу қамына кірісіп жатқаны. Наурыз еңбек мерекесі деген де сол болар, сірә!?

Елімізде ұлан-ғайыр жер бар. Шығысы мен батысына, оңтүстігі мен солтүстігіне ұшқан құстың қанаты талады. Асты да үсті де табиғи байлыққа толы. Алайда, құм басқан шөлейтті аймақтары көп те, орманды алқабы мүлдем аз. Жасыл желек 21,6 миллион гектар жерді алып жатыр. Бұл жеріміздің 4,2 пайызын ғана қамтиды екен. Негізінен оңтүстіктің таулы өңірлері мен солтүстік облыстарында кездеседі. Сондықтан да жерімізді жасыл желекке бөлейтін ағаш бізге аса қымбат.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тіршілік ету ешкімге де оңай болған жоқ. Ауыл-аймаққа отындық көмір жетіспеудің салдарынан маңайдағы ағаштар кесіліп, құм шағылдарындағы сексеуілдер саудаға түсті. Бұл аз болғандай ормандардан өрт шығып, жердің біраз бөлігін жалаңаштап кеткені есімізде. Ел есін жиып, экономикалық күш-қуатымыз артқан кезде соларды қалыбына келтіруді қолға алынды. Сонда да өрт деген тілсіз жау қыр соңымыздан қалар емес. Қырық күн шілде келсе әр-әр жерден қызыл тілін жалақтатып шығады. Былтырғы жылы 17 мамырда қатты дауыл тұрып Іле Алатауының беткейі мен етегіндегі ағаштар жаппай құлаған болатын. Еліміздегі халықаралық туризм мен спорттың негізігі нысаны болып табылатын «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы кешенінің маңындағы Іле Алатау ұлттық парктің 480 гектар орман алқаптарына елеулі нұқсан келді. Табиғатты қалпына келтіру мақсатында Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті былтырдан бері тынбай жұмыс істеуде. Олар құлаған ағаштардың орынын тазалап, екі жыл ішінде 4 жасар екпелер отырғызып, қалыпына келтіруді мақсат тұтқан. «Алатау» қоры құрылып, табиғатқа жанашырлық танытқан жандардан 145 миллион теңге жиналған еді. Соның 60 миллион теңгесіне 20 гектар таулы алқапқа қайтадан шырша екпелері отырғызылды. Өткен жылы күзде Шымбұлақ, Горельник, Плотина және Мохнатка учаскелерінде 8,1 гектарға 5000 екпе, ал 12 гектар алқапқа 35000 мың түп, 4 жылдық Шренк екпесі отырғызылды. Биылғы көрсеткіш бұдан да жоғары болмақ. Сондай-ақ өткен жылы Алатаудың қойнауындағы Медеу шатқалынан күтпеген жерден өрт шығып, бірнеше гектар жердің шыршаларын жалмап кеткен болаты. Оны аз көрді ме дауыл тұрып, төрт жүз гектар жердің жүз жылдық төрт мың шыршасын құлатып, қалалықтарды әуре-сарсаңға салғаны бар.

Өткен жылдың соңына таман Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық министрлігі мен Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті «Астана қаласының шетінде қорғаныш екпелерін егу технологиясы» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткізді. Ғалымдар қаланың сыртынан қорғаныш екпелерін егу және күтіп ұстау технологияларын жетілдіру, олардың сапасын арттыра отырып, қолайсыз климаттық және орман өсіру жағдайларына байланыс­ты орнықтылығы мен тиімділігін арттыру жөнінде келелі кеңес құрып, жаңа тәсілдерді алға тартты. Сондай-ақ қазіргі кезеңде оны тиімді шешудің жолдары – экологиялық, биологиялық, технологиялық, және ұйымдық іс-шаралар кешенін әзірлеу мен қолдау жөнінде де пікір алысты. Былтырғы наурызда ғалымдар ұсыныстарының көбісі іс-жүзеге асырылды да. Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Астана маңынан 60 мың гектар жерге орман екпелері отырғызылған. Екпелер сол жердің ауа райына бейімделген. Қазір бұрын егілген екпелердің бойы бірнеше метр­ге дейін өсіп, жайқалған орманға айналуда. Екпе жұмыстары әлі де жалғасып, бұрын тусырап жатқан иен дала енді санаулы жылдардан соң орманды алқапқа айналары анық. Орман шаруашылығы қызметкерлерінің айтуына қарағанда, мұнда тағы жан-жануарлардың да түр-түрі келіп, мекендей бастаған. Жасыл желек ауа райына да өзгерістер әкеле бастады. Білікті ғалымдардың пікірлеріне сүйенсек, орман бүкіл биосферадағы тіршілік үшін, оның ішінде адамзат үшін аса маңызды. Орман қаланы қатты желден қорғап қана қоймай топырақ түзілуіне, ылғал айналу процесіне және тропосферамен өзара белсенді әрекетке түсіп, оттегі мен көміртегінің өзара алмасу деңгейін де анықтайды екен. Ең бастысы, Астана маңына ерекше көрік беруде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын осы екпелер алқабына келіп, мұндағы жұмыс барысымен танысып кетеді. Былтыр да маусым айында арнайы келіп, Астананың жасыл аймақ алаңдарын аралап, министрлік қызметкерлеріне Астана, Шортанды, Бурабай және Зеренді ормандарын бір-біріне қосуды тапсырды. Мемлекет басшысы бұл жайында «Жасыл аймақ» республикалық мемлекеттік кәсіпорны өткізген шарада мәлімдеген болатын. Қазар сол тапсырма бойынша жұмыс жүріп жатыр. 2015 жылға дейін Елорда маңындағы орман жыл сайын 5 мың гектарға дейін ұлғайтылып отырады. Өңірді көгалдандыру Астана қаласының құрылысымен қатар жүретін жұмыс болып табылады.

Жыл сайын Наурызда Астана қаласының көшелеріне, жаңа ашылған саябақтарына да бірнеше мыңдаған ағаштар отырғызылуда. Қаланың көгалдандыру мекемелері мен тұрғындары әркез сенбіліктер өткізіп, оларды күтіп, баптау жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Соның арқасында әлемге ерекше архитектурасымен танылған ХХI ғасыр қаласының сәні мен мәні жыл өткен сайын артып келеді.

Міне, қаһарлы қыс өтіп, көктем тағы шықты. Көктемнің алғашқы хабаршы гүлі бәйшешекпен бірге сағындырған бүкілхалықтық Әз-Наурыз мерекесі де жақын. Наурыз дүн-дүниені көкке бояп, жаңартып, жасартып келе жатыр. Бұл күндері ауыл мен қала тұрғындары көшелері мен аулаларын лас қоқыстан тазартып, енді бау-бақшаларына ағаштар егуге дайындық үстінде.

Ертең Әз-Наурыз – көктем мерекесі, еңбек мерекесі, Жаңа жыл мерекесі басталады. Наурыз биыл да халқымыздың бірлігін арттырып, елімізге құт берекесімен келсін!.

Көлбай Адырбекұлы