ҚАРТЫҢ СЫЙЛАР БӘРІҢДІ
ҚАРТЫҢ СЫЙЛАР БӘРІҢДІ
«Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген нақылды ұстанған, қартын қадірлеп, жасын құрметтеген халықпыз ғой. Ал бүгінде «заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген мәтелді турасынан қабылдап, ой тереңіне үңілмеген адамдар баршылық. Өмір түсінген адамға қызық, түсінбегенге трагедия. Адам баласы сол қызықтың құшағында сәбиден балалыққа, балалықтан жастыққа, жастықтан қарттыққа қарай қадам басып отырады. Яғни, сәбиліктің тәттісін жеп, балалықтың базарын аралап, жастықтың жалынына күйіп, қарттықтың қадіріне жетеді. Бір белестен асқан соң тағы бір белестің көрінетіні секілді, өмір адам баласын тіршіліктің тынысымен қамдап, сан белестен асырып барып, соңында оның «татар дәмін» тауысады…
Қарама-қарсылықтың таласа өмір сүретіндігі сияқты бейнеттің соңы зейнет болмақ. Бала деп барын арнап, бейнет тартатын сол аяулы ата-аналар қартайғанда қадірімді сақтар деп бар үмітін баласына артады. Сонымен есін жиып, етегін жапқан бала өзін өсірген қарт ата-анасын бағуға борышты болады. Бұл бағу-бағылу алма-кезек алмасатын бұлтармас өмір заңдылығы.
Қарттар – заманның қазынасы, ақылдың кені. Қартын қадірлемеген халық – қазынасын жоғалтқан халық. Ал, біз ше? Біз «Сыйласаң егер қартыңды, қартың сыйлар бәріңді» дейтін халықпыз.
Ал қазір қарттарымыздың халі қалай? Нендей тіршілік етуде? Өмірімнің мәні деп мәпелеген баласы ата-анасының үмітін ақтап, қадірін білді ме?
Жуырда: «Қарттарға жасалған жағдайға көңілім толмайды, қартайғанда шетелге кетем», — деп елді шулатқан белгілі режиссер Ермек Тұрсыновтың айтпағы не? Оны көпшілік қалай қабылдады? Ғаламтор беттерінде біреу «кетсе кетсін» десе, енді бірі «қазір кетсін» деді. Ал екіншілері түсіністікпен қарап, «иә, қарттарымыздың жағдайын жасап, зейнетақыны көтеру керек-ау» десті.
Жалпы, ата-ана өмірге ұрпақ әкеліп, оны өсіріп-жетілдіріп, болашағы үшін алаңдап, тіпті немересіне, немересінен шөбересіне қарайлайтын аяулы жандар ғой. Ал біздер оларды аялай алып жүрміз бе?
Жасыратыны жоқ, арамызда арақты артық, қарттарды қор санайтын «перзенттер» де бар. Не болмаса, қит етсе төсегін жиып, төркінге қашатын «ақылсыз» келіндеріміз де бар. «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ» дейді. Ол кісілер қандай болса да, бізді жарық дүниеге әкеліп, «баламның табанына кірген тікен, менің маңдайыма кірсін» деп өмір сүрген жандар ғой. Өмір алма-кезек. Ата-ана бізді бағып-қақты, өсірді, тәрбиеледі. Ал біздер қартайғанда ата-анамыздың асты-үстіне түсіп, ризашылығын алуымыз керек емес пе?
Иә, Е. Тұрсыновша айтсақ, қартайғанда қараусыз қалар жайымыз жоқ. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер». Қарттарымызды қадірлеп, жағдайын жасап отырсақ, еліміздің өркендеуіне оның да себі тиері сөзсіз.
«Қолдан келсе, үлкеннен бата алайық, қариялар азайып бара жатыр…»
Ақбота Мұсабекқызы,ХҚТУ-нің студенті