Жаңалықтар

ӨСКЕМЕНДЕГІ ЖАҢ СПОРТ НЫСАНЫ

ашық дереккөзі

ӨСКЕМЕНДЕГІ ЖАҢ СПОРТ НЫСАНЫ

Соңғы кезде елімізде салауатты өмір салтын ұстануға қатты көңіл бөлініп келеді. Өскелең ұрпақтың дені сау болып тәрбиеленуі жолында алпауыт компаниялар да аянып қалған емес. Соның бірі «Қазақмыс» компаниясы бүгінде қарапайым халықтың игілігіне арналған шараларға мұрындық болуда.

Компания былтыр Шығыс Қазақстан облысы әкімдігімен Әлеуметтік ынтымақтастық кешенді жоспар бойынша әріптестік орнатудың нәтижесінде түрлі жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін білдірді. Жақында ғана «Қазақмыс» тобы Өскемен халқының қуанышын еселеп, екінші хоккей кешенін ашты. Оның құрылыс жұмысына компания 250 млн. теңге қаржы құйған.

Бүгінде №24 спорт мектебінің аумағынан қоныс тепкен хоккей кешені жас хоккейшілер мен қала тұрғындарына есігін айқара ашты. Жергілікті халық бұрын-соңды мұндай кешенді көрмегенін айтып, қуануда. Олар киініп-шешінетін арнайы жылы бөлме мен қосалқы бөлмелердің қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілгеніне дән риза. Әсіресе, балалардың қыстың қаһарлы суығында хоккей ойнауына мүмкіндік жасаған компанияға алғысы шексіз.

Кешеннің ашылу салтанатына қатысқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтың әлеуметтік дамуына тұрақты түрде инвестиция бөліп отырған корпорация басшылығына алғыс айтып, ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді. Екіжақты тараптар осы жылға арналған Әлеуметтік ынтымақтастықтың кезекті Кешенді жоспары аясында салынатын дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатының құрылысы корпорацияның облыс орталығының хоккейдегі даңқын жандандыруға қосқан тағы бір үлесі болмақ. Кешенді жоспарға сәйкес, биыл «Қазақмыс» Тобы бөлетін инвестициялардың жалпы сомасы 1,2 млрд. тенгені құрайды. Бұл қаржы облыстағы әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына және модернизациялау жұмыстарына бағытталады. Оның ішінде автокөлік жолдарын күрделі жөндеу жұмыстары, жұмысшылар поселкелеріндегі жылу беру жүйелерін модернизациялау, Шемонаиха елді-мекеніндегі мұзайдын модулінің құрылысы, Семейдегі «Спартак» стадионын күрделі жөндеуден өткізу және басқа да жобалар қарастырылып отыр.

«Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС Басқарма Төрағасы Эдуард Огай: «Қазақмыс корпорациясы Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған салауатты өмір салтын қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді. Біз әлеуметтік бағдарламамыздың басты бағыттарының бірі болып табылатын балалар мен жастар спортын дамытуға алдағы уақытта да қолдау көрсетіп отырамыз», – деді сенімді түрде. Бұған қарағанда алдағы уақытта облыс аумағында тұсауы кесілетін нысандардың қатары арта бермек. Сәтін салса, бағын спорттық сайыстарда сынағысы келген жас өрен тасада қалмай, еліміздің көк Туын желбіретіп, Әнұранын асқақтата береді.

Динара Мыңжасарқызы