Жаңалықтар

ХАНЫМНЫҢ ХАН ОРДАСЫНА ҚАЙТА ОРАЛУЫ

ашық дереккөзі

ХАНЫМНЫҢ ХАН ОРДАСЫНА ҚАЙТА ОРАЛУЫ

Он жыл бойы 1837-1847 ж.ж.Ресейдің отарлау саясатына қарсы күрескен Кенесары хан Қасымұлын өздеріне бағынышты ету мақсатында ресейлік генерал-губернаторлар түрлі айла-шарғыға барды.Солардың бірі Кенесары ханның бәйбішесі Күнімжанды тұтқынға түсіріп, оны құрметпен хан ордасына қайтаруы. Алайда қазақ халқын азаттық жолына бастаған Кенесары хан өзінің негізгі мақсатынан айнымай көтеріліс жалыны одан әрі лаулай түсті және қайсар хан түптің-түбінде қазақ елінің азаттығы жолында құрбан болды.

Күнімжан ханым Кенесары ханның орыс өкіметіне қарсы ұрыс жүргізген тұсында Ресей әскерлерінің қолына тұтқынға түсті. Бұл ханымды қолға түсіріп, көтеріліс басындағы Кенесарыны өздеріне бағындыру үшін туындаған жоспар-әрекет еді. Бұл әрекеті іске асты да. Біріншіден, Күнімжан кім, ол Кенесары ханға ықпал ете ала ма? Осыған тоқталайық. Күнімжан Кене ханның бәйбішесі, сөзі мен ісі орнықты, атақты кісінің ұрпағы. Тіпті орыс әскері басшыларының өздері Ханша деген атаққа лайықты адам деп жазады. Мұрағат құжаттарында Күнімжанды ханша Тұрсынова (кейінірек Қасымова деп те жазылған) деп атаған. Күнімжаннан Жапар, Тайшық, Ахмет туады. Шамамен Жапар 1824-1825, Тайшық 1827, Ахмет ­– 1832 жылы туғаны жөнінде жазба деректер кездесті. Кенесарының үлкені Жапардың қалай, қандай жағдайда қайтыс болғаны белгісіздеу. Тайшық сұлтан 1863 жылы Жөлек қорғаны маңында болған ұрыста мерт болса, Ахмет сұлтан 1888 жылы өз ажалынан өмірден өтіпті. Ал Кенесары ханның екінші әйелі Жаңылдан Омар, Оспан, Әбубәкір, Сыздық (Садық), Шығай туады. Шежірелік деректер осылайша тарқатылады. Хан Кенеден тараған ұрпақтарының арасынан батыр да, би де, шенеунік те, оқымыстылар да шыққан. Күнімжанды орыс әскерлерінің қалай тұтқындап, ауылын шапқандығы жайлы Сібір ведомстволарына қарайтын төтенше тапсырмалар жөніндегі шенеунік, губерниялық секретарь, есаул Сотниковтың Сібір қазақтары шекаралық комиссиясының төрағасы, полковник Вишневскийге 1844 жылдың 28 наурызындағы жазған рапорт-мәліметінде анық жазылған. Онда Күнімжан ханыммен бірге болған күтушілерді қоса тұтқындап, ауылды қалай шапқандығы жайлы шімірікпестен жазылған. Сотниковтың жазбаша рапортында, 1844 жылдың 27 ақпан күні таңертең Қостангелді Қазыбаев бидің ауылына келіп тынығып алып, Жездікеңгір, Ақши маңында отырған Кенесары ордасына 10 шақырымдай жетпей оң жақ қапталдан 30-40 киіз үйдей төлеңгіттер жатағы көрінгенін, басты қырғын салудың небір түрінің осында басталғанын жазды. 50-ден астам төлеңгіттер өліп, жаралан­ғандарын солдаттар мылтық сүмбесімен түйреп өлтірілгені айтылады. Одан әрі қарай Сотников Күнімжан ауылын шауып, 500-дей адамның жартысына жуығының өлім құшқанын, Кенесарының үш ұлының қашып құтылғанын, ал бәйбішесі Күнімжанның тұтқынға түскенін қуана айтқан. Ол сондай-ақ Ж.Әлібаев пен тілмаштың Күнімжанды ұстап алып, өзіне әкелгенін және ханшамен бірге 20 адамды (басым көпшілігі қыз-келіншектер), тоналған ауылдан алынған мал-мүлікті есептеп, дүниелерді ала жүруге тапсырма бергенін, Кенесарының екінші әйелінің шабуыл қарсаңында төркіндеп кетіп аман қалғанын да назардан тыс қалдырмаған. Есаул Сотниковтың тағы бір рапортында Күнімжан және онымен бірге ұсталғандар жайлы жазылып, 30 шақты қыз-келіншектерді аса маңызды тізімге қосқанын, 30 адамның ішінде екі еркектің болғанын, бірінің атының Байбол екені де айтылады. Орыс әскерлерінің жазбасында Күнім­жанды әркез ханша деп жазыпты. 1844 жылдың 27 ақпанында Күнімжан ауылын шапқанда қасында 23 қыз-келіншектің болғаны және олар кімдердің қамқорлығына (шындығында бақылауға) берілгендігі жайлы деректер бар. А.Сотниковтың жазбаларымен қатар 1845 жылы 6 сәуірде Күнімжан өз қолымен жазған мәлімдемесінде ұсталып, қамалғандар туралы мәліметтер бір-бірімен сәйкес. Күнімжан ханым өздерін бұдан бір жыл, екі ай бұрын Сібір отряды тұтқынға алғанын, 9 әйел, 8 қызды ұстап отырғанын айтқан. Күнімжан ханыммен бірге үй қамағы есебінде тұтқында болғандардың тізімі тарихымыздың аса елеулі тұсы. Шынар Бұланбаева – келіншек. Қыздар: Нақша Бекболатқызы, Байкүміс Дөненбайқызы, Қарабике – бұлар Аққошқар бидің қарамағына берілген. Күшік сұлтанның әйелі – Нақыш, Қозғалмас, Байбол әйелі – Несібелімен бірге 2 жастағы қызы Айнажан. Бұланбайдың қызметшісі – Дәнен. Бұлар Құлжан сұлтанның қарауында. Төлеңгіт Темірдің әйелі Ешкіөлмес, онымен бірге 3 жастағы ұлы Бостанбай; 14 жастағы Нияз Күнсейітов; Тіленқызы Лайық; Шегебаев Бейбіттің қызы бидің – бұлар Әділсұлтанға берілген. Төлеңгіт Шоқпыттың әйелі – Нарша, 4 жастағы қызы Рахмет – бұлар Қадыр бидің қарауында. Төлеңгіт Тұрдының әйелі – Тоқтық, 7 жастағы қызы Ақанмен бірге Базылбек бидің үйінде. Қожа (молда) әйелі Таңсық, 2 жастағы қызы Қалиша, 1 жастағы ұлы Әбілмақатжан. Қазына – бұлар Құлмаханның қарамағына алынған. Төлеңгіт Шоқпыттың әйелі Ұлбабек, 15 жастағы Жакей, 13 жастағы Талжан, 16 жастағы Айбике (үшеуі де қыздар – Т.Д.) бұлар би Жанқожаның бақылауында. Төлеңгіт Қойбағардың әйелі – Матеш, төлеңгіт Байдаулеттің әйелі Ұлғара – бұлар би Жауқашар Алыбаевтың, Күміс Жапандықтың қамқорлығында болғандығын растап губерниялық секретарь А.Сотников қол қойған. Орыс әскерлерінің зорлық-зомбы­лығы­ның шектен асқандығын сол шапқын­шылықты басқарғандардың бірінің сөзінен анық аңғарамыз. Смирнов былайша жазыпты: «…Остальные знатные казаки под командой есаула Рыбина деятельно истребляли неприятеля в соседних аулах. В это время киргиз Джагалбайлинской волости Джаукачар Алыбаев и толмач Иван Безверхов привел ко мне отысканную ими старшую жену Кенесары Кунумжан Турсынову, которую и оставил в большой кибитке нарядив к ней и к находившемуся там имуществу достаточный караул». Жоғарыдағы жазбаларға қарағанда Күнімжан 1844 жылғы 27 ақпанда ұсталып, Көкшетауға, маусым айында Омбыға жеткізілген, одан соң генерал Горчаковтың бұйрығымен Тобыл қаласына жөнелтілген. Бұдан кейін 1844 жылдың 5 желтоқсан күні ханшаның Тобылға келгендігі жайлы Тобыл полиция бастығының мәліметінде көрініс тапқан. Көп ұзамай Орынбор шекаралық комиссиясының бастығы генерал Генс Күнімжанды Ор бекінісіне алдырады және 1845 жылдың 3 сәуірінен бастап Күнімжан ханша (дұрысы ханым) және оның күтушілеріне төленетін ақша қаражатының мөлшерін белгілеген. Әрине, Күнімжанға бөлінген ақшаның әр мезгілде мөлшері өзгеріп отырғанын аңғару қиын емес. Ресей мемлекеті патша генералдары арқылы Кенесарымен тіл табысуға тырысты. Кей кезде ымыраға келген тұстары да болған. Сондықтан да қолға түскен Күнімжан ханым арқылы олар Кенесарыны өздерінің айтқандарына көндіруге тырысып бақты. Соның бір дәлелі ретінде 1845 жылдың 19 ақпанында Кенесары ханға Долгов бастаған елшілікті аттандырады. Долговпен Кенесары өзі сөйлеспей өзіне жақын, сенімді серіктері арқылы сөйлескен. Бірақ ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмаған секілді. Күнімжанды пайдаланып қалу мақса­тында екінші қайтара Бас штабтың поручигі Гернді жіберуге ұйғарады. Алдын-ала Күнімжан мен оның қасындағыларға, керуенбасы, әскерлерге қанша қаражат жұмсалатыны, ханшаға берілер сыйлықтар түрі сараланады. Кенесары ханға сыйлық берудің түрі де ойластырылған. Осы сапары жайында жоғары жаққа Герн жазбаша түрде есеп те берген. Екіншіден, Күнімжанның ойынан шығу мақсатында ханымның көңілін аулап, оған кәмшат ішікті сыйға тартады, тіпті Күнімжанның күтушісі Ұлғара да сый-сияпаттан құр қалмаған. Генерал Обручевтің Орынбор шека­ралық комиссия төрағасына жолдаған мәлімдемесінде: «…Вместе с тем согласно Вашему заключению полагая и в своей стороне полезно лично обласкать эту султаншу, сделать ей своеобразное внимание для передачи мужу и вообще располагать ее склонить в нашу пользу», – деп жазып, өздерінің негізгі мақсаттарын ашық айтады. Поручик Герн бастаған елшілік 1845 жылдың 26 сәуірінде Ор бекінісінен шығып, мамыр айында Кенесары ордасына жетеді. Алайда хан Кене Гернмен тікелей сөйлеспей би, жүзбасы, керуен басы арқылы сөйлеседі. Герн Күнімжанның Кенесары адамдарына айтқандарын жазыпты: «…И действительно Султанша рассказывает выезжащими к нам на встречу с Есаулом и Толенгутом Кенесары о хорошем обращении с нею оренбургского начальства». Хан ордасына келген Герн өзімен бірге болған керуенбасы Алмат хақында былайша жазады: «…Сверх того как Алмат один только во всем караване моем имели свидании с Кенесары,, притом с давних пор лично знакомые Султаном и весьма уважают, кажется имела достаточное основание полагать, что пограничному начальству весьма и интересно будет видеть этого человека», – деп жазып, керуенбасы Алматты, Орынбор шекара комиссиясының бастығының қабылдап, мұндай адаммен таныстырғаны үшін өзіне алғыс білдіргенін айтады. Гернді осы сапарында Орынбор генерал-губернаторы Обручев қабылдап, құпия тапсырмалар да береді. Ол тапсырмаларды Герн орындайды. Кездесулерде Кенесары ханмен бұрыннан аралас-құралас болған керуенбасы Алмат Тобабергенов, Қожаның есімі аталса, екінші бір құжатта Ресей мемлекетіне берілген Аққошқар Кішкентаев, Жауғашар Әлібаев, тағы басқалардың есімдерін оқи аламыз. Күнімжан ханымның хан ордасына оралуы хақында жауынгер ақын Нысанбай жырау «Күнімжанды алып келгенде» атты толғауын шығарған. Аңша ұстатып бір кәпір, Ұстап алып кетіпті. Пайғамбардың 2 баласын, Қыздан туған жиені, Жақсы көрген жанындай, Көзінің ағы-қарасын. Неше күндей қайғырып, Ұйқы көрмей әке-шешесі Жүректің ашқан санасын. Он жыл ұдайы атысып, Сонда да әлі келмепті, Кереметпен алған баласын. Ол да асқаның емес пе? Кенесары, Наурызбай Бөрікке кеткен Күнімжан, Ордаңа қайтып келгені, – деп қуана жырға қосқан. Күнімжан аман-сау хан ордасына оралғаннан кейін Кенесары орыс өкіметімен байланысын мүлде үзді деуге болады. Герн елшілігінен соң мұрағат құжаттары арасында Кенесарының хаты кездеспеді. Хан Кене Ырғыз, Торғай бекіністерінің салынуынан кейін ығысып, Телікөл, Сарысу, Сырдарияға қарай көш бетін бұрғаны байқалады. Оны Ахмет (сұлтан) Жантөриннің 1845 жылғы 5 қарашадағы мәліметінен оқуға болады. Кенесары Қасымовтың ордасы Қаратау, Қарамұрын, Сегізбай, Айнакөл, Сарысу, Сырдария өзені бойына келгенін және қыркүйек айының ортасында қазақтардың белгілі билері: Балаби, Досбол, Тобағабыл, Тұрсынбай, Торғаймен кездесіп, оларды өз жағына тартып, Қоқан бекіністерін жаулап алуды ойластыруда деп жазыпты. Күнімжан қайтып оралғанша Кенесары хан орыс генералдарымен шығарып салма әдіспен мәмілеге келіп, уақыт ұтып қана қоймай, өз ұстанымын бекіте түсті. Бәйбішесі Күнімжан ордаға аман-сау келгесін патша үкіметімен ат-құйрығын біржола кескендігін көреміз. Күнімжан ханымның орыс тұтқынында болып, хан ордасына оралуы осылай өрбіген. Күнімжан қамақта болса да өзін ханның жұбайы, қазақ әйелі ретінде салмақты ұстап, тіпті сый-сияпаттарына салқынқандылық танытып, сыйлықтарын күтушілеріне таратып отырған. Бұдан Күнімжанның Кенесары ханға лайық жан болғанын сезіне түсеміз. Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеуші