Жаңалықтар

АТАЖҰРТТАН АҢСАП ХАБАР КҮТЕМІЗ

ашық дереккөзі

АТАЖҰРТТАН АҢСАП ХАБАР КҮТЕМІЗ

Махмұт БАШТАШ, Норвегиядағы Қазақ мәдениеті қауымдастығының жетекшісі:

Сырттағы қандас хабар күтіп, Атажұртқа қарай елеңдесе, біз «жатжұрттағы қазақтар қалай екен?» деп сыртқа алаңдаймыз. Ортадағы дәнекер – заманауи технология: телефон, Интернет. Бүгін Норвегиядағы және Еуропадағы қандастардың бірлігін сақтауға атсалысып жүрген Норвегиядағы Қазақ мәдениеті қауымдастығының басшысы Махмұт Башташпен әңгімелескен едік.

«Қазақша үйретудің жаңа тәсілі керек»

– Махмұт аға, бүгінде Норвегияда қанша қазақ түтіні бар?

– Норвегияда қазір мен білетін 25 отбасы бар. Жалпы анық емес, бірақ біз араласатын қазақтар. Олардың әрқайсысында кем дегенде 75 қандасымыз бар. Білуімше, Норвегияға соңғы жылдары көшіп келген қазақ отбасыларының саны едәуір өскен көрінеді. Мысалы мұнай шикізатын шығаратын Ставангер қаласында жұмыс істейтін немесе жоғары оқу орындарында оқитын 100-ден астам қазақ бар деп естідік. Бұл елге қазақтар Қытайдан, Ауғанстан, Түркия мен Қазақстаннан келген. Сонымен қатар тағы Ресей жақтан келген бірнеше қазақ Норвегияда тұрақтап қалған. Оған норвегиялықтарға күйеуге тиген қазақ қыздарын тағы қосыңыз.

– Туған жерден алыста жүрген ағайындар ана тілінен алыстап бара жатқандарын жиі айтады. Норвегиядағы қазақтардың барлығы бірдей Ана тілінде сөйлей ме?

– Меніңше, олардың көпшілігі қазақша сөйлемесе де, түсінеді. Ең өкініштісі қазақ жастарының барлығы ана тілін біледі деу қиын. Ол қай жақтан келгеніне байланысты. Мысалы, Ауғанстан мен Қытайдан қоныс аударғандар қазақшаға жүйрік. Қазақстаннан келгендер арасында да ана тілін жақсы меңгергендер бар. Бірақ сөйлемейді. Қажеттілік жоқ па, әлде өздері қаламай ма, себебін түсіне алмадық. Әсіресе, осындағы жастар жағы қатты алаңдайды. Өйткені Атажұрттан келдік деп аспандатқан қандастардың өз ана тілінде сөйлемегені шынында көңілге қонымсыз.

– Тіл жоғалса, ұлттың бірге жоғалатыны белгілі. Жатжұртта жүрген қазақ жастарына қазақшаны қалай үйретуге болады?

– Меніңше, дәл осы сұраққа өте қатты көңіл бөлу қажет. Жастар қазақша білсін деген ниетіміз шын болса, оны жан-жақты зерттеп, тілді үйретудің тиімді жолдарын ұсыну қажет. Бұрын біз, сыртта жүрген қазақтар, «Біздің тәуелсіз мемлекетіміз, егемен еліміз, дербес Отанымыз жоқ, Біздің арқа сүйейтініміз, рухани байланыс орнатып, бізге қазақша кітап, деректер жіберетін қандастарымыз жоқ»,– деп қапаланатын едік. Қазір Аллаға шүкір, Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Өз басым Ана тілін үйренгісі келгендерді қолдаймын. Арамызда ондай азаматтар жетерлік. Мүмкін Қазақстаннан қазақ тілі пәнінің мұғалімін әкеліп, қазақтар көп шоғырланған жерлерде тіл үйрету курстарын ашқан дұрыс шығар. Атажұрттан ұстаз арнайы келіп, қазақша сауат ашуға кіріссе, көп қандастың бойында серпіліс пен құлшыныс пайда болатынына, ол уақыт өте келе күшейетініне сенімдімін.Бірақ бұл ұсынысты жүзеге асыру мүмкін бе? Оны жүзеге асыру қиын болмай ма? Ана тілін үйретуге қатысты білдірілген осы тілек бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Өкініштісі, шыққан нәтиже жоқ.

– Сіздіңше, тіл үйретудің ең тиімді тәсілі қандай?

– Тіл үйрету тәсілін оңайлату керек. Интернет арқылы жастарды ана тілін білуге қызықтырып, олардың өздерін де тарту керек. Мысалы, қазақша айына бір рет мақала жаздыру. Байқауды 6 айға белгілеп, сосын мерзімі келгенде шартты мүлтіксіз орындағандарға арнайы сыйлық тағайындалса, ең бастысы, көңіл бөлінсе, игі. Бұл қазақ тіліне онша көңіл бөлмей жүрген жастарға да жақсы әсер етіп, тілді меңгеруге деген қызығушылықты оятар еді. Сонымен қатар Норвегиядағы қазақ жастарын Қазақстанға 2 аптаға қонаққа шақырып, Атажұртты аралатып, елді таныстырса, қонақ ретінде күтсе, біздің жастардың қазаққа, ана тіліне деген құрметі мен сүйіспеншілігі артады.

«Жастар Атажұртты аңсайды»

– Қазіргі қазақ жастарының Атажұртты танысам деген құлшынысы қандай?

– Өте жоғары. Мысал келтірсек, 2011 жылы қазақтардың Дүниежүзілік құрылтайында Еуропа мен басқа да мемлекеттерден келген қандастардың 40 пайыздан астамы жастар болған. Құрылтай аяқталғаннан кейін елге қайтып келе жатқанда ұшақта отырып, жастардан Қазақстан туралы пікір білгім келіп: «Қалай, ұнады ма сендерге Атажұрт?»,– деп сұраған едім. Олар бірауыздан: «Иә, қатты ұнады. Алғаш келуіміз, Қазақстан соншалықты қызық әрі тартымды деп ешқашан ойламаппыз»,– деп жауап берген. Жастарымыз сол кезде Қазақстанға тағы да арнайы ат басын бұратындықтарын, Атажұртты зерттеп, зерделегісі келетіндіктерін айтты. Демек, алып-ұшқан жас көңілдердегі сол қызығушылықтың шоғын өшірмей, Қазақстанға деген сүйіспеншілік сезімін күшейте берген жөн. Меніңше, шет елдердегі қазақтардың Ана тілін білуі – аса маңызды мәселе. Ол үшін өскелең ұрпақты игі бастамаға тарта білу керек. Бұл Қазақстанның шет мемлекеттердегі елшіліктеріне, дипломаттарға, Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығына, Еуропадағы қазақ қоғамдарына, кәсіпкерлер, ғалымдар мен қазақ тілі пәнінің мұғалімдеріне жауапкершілік жүгін артады. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмеу үшін Қазақ тарихы, ұлт үшін күрескен тұлғалардың өмірбаяндары, рухани мәселелерге қатысты жазылған еңбектер, Қазақстандағы мемлекеттік және ұлттық мерекелердің күнтізбесі латын әліппесіне аударылып, жатжұртта жүрген бауырларға кеңінен насихатталғаны абзал.

– Норвегиядағы қазақтар негізінен қандай мамандықты меңгерген?

– Қазақ жастары күрделі мамандықтарды меңгеруге тырысады. Мысалы кіндік қаны Норвегияда тамған Мехмет Акыф Алтан деген қазақ жігіті инженер мамандығын жоғарғы оқу орнында игеріп, қазір ірі электроника кәсіпорнында қызмет етуде. Ясамен Башташ қызымыз университеттің заң факультетін үздік бағамен тәмамдап, екі жылдан бері Норвегияның Заң министрлігіне қарасты бір бөлімді басқарады. Болашағынан үміт күттіретін жастарымыздың бірі – Жүсіп Нәби Башташ жоғары оқу орнының халықаралық факультетін қызыл дипломға бітіргелі отыр. Үстіміздегі жылдың басында Норвегия сыртқы істер министрлігінен Сауд Арабиясына барып, сол жақтағы елшілікте 7 ай жұмыс істеуге шақырды. Бұйыртса, мамыр айында университетті аяқтағаннан кейін ол дипломатиялық қызметке кіріспек. Ерол Алтан Дилек атты қызымыз университетті үздік бағамен бітіріп, қазір әлеуметтік қызмет көрсететін мемлекеттік мекемеде басшы. Сонымен қатар шағын және орта кәсіпкерлік саласында тастары өрге домалаған басқа да жастарымыз көп. Олардың барлығын да Атажұртқа қандай еңбек сіңіре аламыз деген сұрақ толғандырады. Қазақстанға қызмет етсем деп армандайды.

– Норвегиядағы өзге қандастардың Қазақстанға деген пікірі қандай?

– Мұндағы қазақтардың атажұртқа деген патриоттық сезімі күшті. 2002 жылы Германияның Кельн қаласындағы Еуропа қазақтарының құрылтайы өте пайдалы болды. Әсіресе, Жер шарының түкпір-түкпіріне тағдыр талайымен тарыдай шашырап кеткен қазақтың бүгінгі жас ұрпағының бойындағы Қазақ еліне деген ұлттық сүйіспеншілікті күшейтуге. Қазіргі қазақ жастары «Мен – қазақпын!» деп мақтанады. Уақыты келгенде Атажұртқа аяқ бассам деп армандайды. Бұл – бабаларының кіндік қаны тамған жерге деген сағыныш пен құрметтің белгісі. Осы сезімді жас жүректерде сақтап қалу үшін жұмыла жұмыс жасасақ. Әсіресе, шет елдердегі қазақ жастарының Атажұртқа турист ретінде келуіне мүмкіндік беріліп, арнайы жеңілдіктер қарастырылса деген тілек бар.

«Байланысымыз үзілген емес»

– Норвегиядағы қазақтар салт-дәстүрді ұстана ма, ұлттық құндылықтар ұмыт болған жоқ па?

– Бұл сұраққа жауап беру қиын. Өйткені мұнда Қытайдан, Ауғанстаннан, Ресей мен басқа жақтардан келген қандастар бар. Сосын Қазақстаннан оқуға немесе мұнай шығатын жерге жұмыс істеуге келген қазақтармен байланысымыз болмағандықтан, «иә» немесе «жоқ» деп кесімді жауап беру қиын. Ал енді Түркия, Ауғанстаннан келген қазақтар қазақы дәстүр, әдет-ғұрыпты сақтаймыз деп тырысып жүрміз. Үйімізде қазақша кілем, тамағымыз – қазақы, ет асып жеп, шайды сүтпен ішіп, бабаларымыз салып берген жолдан тайған емеспіз. Балаларымызды «сендер – қазақсыңдар, Атажұрттарың – Қазақстан» деп құлаққа құйып өсірдік. Әлі күнге солай. Жастарымыз қазақ әншілерін, олардың ішінде, қазақша рэп айтқан топтарды жақсы біледі. Алыстан бір қазақ ат басын бұра қалса, үйлеріне қонаққа шақырады. Елдің хабарын білуге құмартады.

– Қазіргі кезде «аралас неке» деген мәселе пайда болды. Сіздерде қазақтар қазақтарға ғана үйлене ме?

– Түркиядан келген қазақтар туралы айтсақ, олар қазаққа үйленіп жатыр. Өзге ұлтқа үйленген мен ғана. (Күледі). Бірақ мен ешқашан «әйелім – норвегиялық» деп өкінген не ұялған емеспін. Жеңгеңіз қазақша сөйлейді, қазақы салт-дәстүрді ұстанады, үйге келген қонағына қазақша ет асып, бәйек бола күтеді. Табиғаты «мен – қазақпын» дегендерден да артық қазақы. Үш ұлымыз бар, үшеуі де қазақпын дейді. Негізі Еуропадағы қазақтар бір-бірімен құда болысып, қыз алысып, қыз берісіп жатыр. Мысалы, Франциядан – Германияға, Германиядан – Швецияға, Норвегиядан – басқа бір Батыс мемлекеттеріне т.б. Осылайша еуропалық қазақтар бір-бірімен тонның ішкі бауындай араласуда.

– Басқа елдердегі қазақтармен байланыстарыңыз қалай?

– Еуропадағы қазақтардың бір-бірімен қарым-қатынасы үзілмеген, әлі де жалғасып келеді. Егер тарихына көз жүгіртсеңіз, олар туыс-жекжаттар. Мысалы, Керей, Найман, Уақ руының ұрпақтары. Сонымен қатар өзге рудың қазақтарын да өзекке тепкен емеспіз. Ұлтымыз бір, қанымыз бір, шыққан тегіміз бір. «Бөлінгенді бөрі жейді» демекші, алтаудың араздығына емес, төртеудің бірлігіне ұмтыламыз. Арадағы сыйластық, бауырластық сезім осылайша қалыптасқан. Еуропа қазақтары бір-бірімен телефон, Интернет арқылы тығыз байланыс орнатқан. Демалыс күндері бір-бірінің мемлекеттеріне қонаққа барады. Қазақстаннан келген кейбір жас осындағы қандастарымен аралас-құралас. Яғни, байланыс жібі үзілген емес.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Нәзия Жоямергенқызы