Жаңалықтар

АУЫЛЫНАН ЖУСАН АЛДЫРҒАН АЗАМАТ

ашық дереккөзі

АУЫЛЫНАН ЖУСАН АЛДЫРҒАН АЗАМАТ

Қазақ журналис­тикасында қара нардың жүгін арқалап жүргендер аз емес. Соның бірі – белгілі журналист, қаламгер Ертай Айғалиұлы қашан да ұлтқа қатысты мәселенің басы-қасында. Күні бүгінге дейін қоғамның көлеңке тұстарын өткір мақалаларымен түйреп өтуге шебер. Ол қалам мен қағаздың адамы. Онсыз өмірін елестете де алмайды. Біз «Қазақстан-Zaman» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлымен тілдескенімізде осыған көз жеткізгендей болдық.

«АУЫЗ СУДЫҢ АЗАБЫ-АЙ» АТТЫ МАҚАЛАМ

ТҰСАУЫМДЫ КЕСТІ

… 1933 жылдары әкелеріміз, аталарымыз қуғындау заманында Өзбекстанға өтіп кетіпті. 1953 жылы өзбек жерінің Қашқадария облысы, Шырақшы ауылында туып, өстім. Кейін есейген шағымда анашым Жұмагүл: «Сен өмірге келген 5 наурыз күні бүкіл дүние күңіреніп, қара жалау ілініп, жылап жатқан еді. Сен де жылап тудың», – деп айтатын. Сөйтсем, сол күні Сталин қайтыс болыпты. Кейде қаншама азапты көрген халықты Сталиннен құтқардым деп қалжыңдайтыным бар. Әкемді білетіндер ұлтшыл азамат ретінде құрметтейтін. Шырақшыда 25 қазақ отбасы тұрдық. Тіліміз өзбекше шықты. Жергілікті жұртқа сіңісіп кетпеу үшін әкем елге көшудің қамына кірісіп, ауылдастарын жинайды. Содан не керек, менің алты жасымда Шардара ауданы, Көксу совхозына көшіп келдік. Біз Шардараға келгенде алдымызға қой салып берді. Мал бақтық. Қызылқұм деген шөл болатын. Оның бір бөлігі Шымкентте, екінші бөлігі Қызылорданың аумағында. Бір қызығы, Шардараның даласында сексеуіл көп өседі. Кәдімгі адам сияқты еркек, ұрғашы түрі бар. Табиғаттың тылсым күші дерсің, әлгі ұрғашы сексеуіл биік болып өссе, еркек сексеуіл тырбық келеді. Бір қарағанда, мұны аңғара да бермейсің. Ал ауылдың саф ауасын жұтқан бала іштей бәрін зерттеп, зерделеп жүреді екен. Міне, мұның бәрі маған ерекше шалқар шабыт сыйлады.

Қайран, ауылдың жазық даласы, құм-тастары менің қалам ұстауыма түрткі болғандай. «Шиебөрілері ұлыған сахара» атты алғашқы повесім де соның жемісі. Тұңғыш бала қандай ыстық болса, бұл шығармам да солай. Сахараның көрінісі өзінше бір бөлек дүние. Ондағы құрт-құмырсқа, жәндіктің өзі қандай! Аптап жазы мен ызғарлы қысы кешегідей көз алдымда. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында адам баласына көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын көгілдір көктемнің жұпары аңқыған қызғалдағының өзі керемет емес пе?!

Негізінен ата-бабамыздың жері – Қызылорда облысы, Қармақшы өңірі. Күндердің бір күнінде, яғни 1965 жылы Қызылорданың бір совхозына көшіп келдік. Ауылдан төрт-бес шақырым жерден иін ағашпен су таситын едік. Иықтан иық қалмайды. Су сарқырап ағып жатады. Бала болсам да, неге суды совхозға әкелмейді деген сұраққа жауап іздеймін шыр-пыр болып. Жоқ, мұны газетке жазайын дедім. 6-сыныпта оқып жүріп «Ауыз судың азабы-ай» атты мақалам облыстық газетке шықты. Бір күні «Сені мектеп директоры шақырып жатыр», – деген соң алып-ұшып бардым. Ойымда ештеңе жоқ. Маған таңырқай қараған директор: «Айналайын-ау, сен қандай шөлде жүрсің?», – деді. Бүкіл ауыл халқының алыс жерден су тасып, ішіп отырғанын күн сайын көріп жүргендіктен, үндемей қалуды жөн санамаған шығармын. «Аға, сіз білмейсіз бе? Біз иінағашпен су тасимыз. Мына тұрған суды неге біздің ауылға кіргізбейді?», – деп мұңымды шақтым. Осы мақаламнан кейін бойыма ерекше шабыт пайда болып, өзімді құдды аспанда қалықтаған құстай сезіндім.

Бірде аудандық газеттегі семинарға қатыстым. Газеттің бас редакторының орынбасарына сәлем бердім. «Сен кімсің?» дейді. «Ертай Айғалиұлымын» деймін әлгі жерде. «Көлде кішкентай әупілдек деген құс болады. Сол әуп, әуп деп бүкіл көлді жаңғыртып тұрады. Сені отыз, қырықтағы жігіт ағасы десем, әлі 9-сыныпта оқитын сары бала екенсің ғой» деп әзілдегені есімде. Анау-мынау емес, газеттің құлағын ұстап тұрған маманнан осындай жылы пікір есту мен үшін үлкен бақыт. Кез келген дүниені жазып тастайтын дүлей күш пайда болғандай. 10 сыныпта әдебиеттен сабақ беретін Сәбит деген ұстазым: «Ертай, сен әңгіме жазасың ғой. Оқушылар арасында республикалық бәйге болады екен. Соған жіберсеңші…» деп қолқа салды. Біраз күнгі ойын-күлкіні қиып, «Қызыл етік» деген әңгіме жаздым. Өзімше соғыс уақытындағы қиындықты суреттеуге тырыстым. Не болар екен деп тықыршып қоям. Ол уақытта жоғары сынып оқушыларын сақманға алып барады. Бір күні парторг: «Сен әңгіме жазғансың ба? Алматыдан қағаз келіп, сені іздеп таба алмадық» деп тұр. Бір өкінгенім, жұрттың балалары сияқты бәйгемді өз қолыммен ала алмадым. Бірақ «Қазақстан пионері» газетінде бәйге алған шығарма ретінде жарияланғанын көргенде, төбем көкке екі елі жетпей қалған шығар. Бұдан соң «журналист болсам қайтеді» деген ой қылаң берді. «Қазақстан пионері» мен аудандық газетте мақалаларым бірінен соң бірі жарық көре бастады. Тіпті жоғары сыныпта очеркке қалам тербегенім бар.

… Журналист болуды алдыма мақсат етіп қойсам да, КазГУ-дің журналистика факультетіне түсу қиынның қиыны болатын. Емтихан тапсырып, байқаудан өте алмадым. Содан қайтадан аудандық газетке келіп, бір-екі жылдай жұмыс істедім. Сол заманда газет шығару үлкен еңбек. Қорғасын әріптерді теріп, мақаланы салуды үйрендім. Сөйтіп жүріп, әскери азаматтық борышымды өтеу үшін Ресейдің Орынбор қаласына аттандым. Жыраққа кетпеген ауылдың баласымын. Сол баяғы ауылымды, әке-шешемді сағынамын да отырамын. Бір күні қатты ауырып қалдым. Апама хат жаздым. Амандық-саулық сұрасқан соң, «Апа, жусан салып жіберіңізші» дедім. Көп ұзамай анамнан бір құшақ жусан келді. Әлгіні қайта-қайта құшырлана иіскеймін кеп. Жанымдағы сарбаздар аң-таң. Бәрі «Оны неге сонша иіскеп жатырсың?» деген сауалдың астына алады. Мұнда менің анамның, ауылымның, туған-туысымның иісі бар деймін. Сонда ғана олар менің жанымды түсінгендей болатын. Адамның тағдыры кейіпкер болуға сұранып тұрады. Әскерде жүріп қаншама жаны ізгі адаммен дос болдым. Осының бәрі жазушылыққа деген жігерімді жани түсті.

Ал білім мен мәдениеттің ордасы – Алматы шаһарына кейін келдім. Өйтіп-бүйтіп журналистика факультетіне де түстім. Кез келген журналистің арманы – «Лениншіл жаста» жұмыс істеу еді. Елдің оқитыны да «Лениншіл жас» газеті. 350 мың тиражбен шығатын газетте тәжірибе жинақтау екінің бірінің маңдайына бұйырмайтын. Менің атымды шығарған да осы газет. Оралхан Бөкейге, Тынымбай Нұрмағамбетовке еліктеп, көркем тілмен, лирикамен очерк жазуға талаптандық. Біз үшін Орағаң, Сейдахмет ағаның тәлімі көп болды. Сейдахмет Бердіқұлов спортты терең жазатын. Спортты түсінуі қандай? Тілі қандай ғажап дейсің ғой. Әлі есімде, Сейдахмет аға нөмірдің бас мақаласының тақырыбына бәйге жария­лайтын. «Бір коньяк қоям» дейді. Содан бәріміз шама-шарқымызша тақырып ойлап келеміз. Бірақ өзі әдемі тақырып қояды. Тақырыпты тауып қоятын. Шерағаң да солай. Тақырыпқа қатты көңіл бөлетін. Қанша мықты мақала болса да, оның тақырыбы, формасы тартпаса, оқылмайды дейтін. Қазір де бас редакторлық қызметімде осы қағиданы ұстанамын.

«Лениншіл жаста» көп жыл жұмыс істедім. Брежневтің заманы. «Со­циалистік Қазақстан» газетінен бір материалды шпекпен салу керек болды. Кезекшімін. Брежневтің сөзі түсіп қалыпты. Айқай-шу. Мені Жұмысшы жастар бөлімінен алып, жауапты хатшының орынбасарлығы қызметіне түсірді. Бас редактор Уәлихан Қалижан еді. Сол сәтте Шерағаң телефон соғып, «Қазақ әдебиеті» газетіне жауапты хатшының орынбасары керектігін айтыпты. Көзді жұмдым да, 1986-87 жылдары «Қазақ әдебиетіне» ауыстым. Өмірімде өңкей кіл мықтылармен бірге жұмыс істедім. «Лениншіл жаста» Сейдахмет Бердіқұлов, «Қазақ әдебиетінде» Шерхан Мұртаза, «Ана тілі» газетінде Жарылқап Бейсебай, Мереке Құлкенов сияқты ағаларымыз тәжірибе жинақтауыма, газеттің қыр-сырын меңгеруіме септігін тигізді.

ШЕРАҒАНЫҢ ӘДІЛДІГІ ТӘНТІ ЕТТІ

… «Қазақ әдебиетіне» келгенде мені бір аға жақтырмады. Нөмірді жүргізіп жатырмыз. Әлгі кісі суреттерді тығып тастапты. Жанымда Шәкизада Құттаяқов бар. Кеңес үкіметі кезінде қатал ғой. Қалай да газет шығуы керек. Сонымен не керек, газет шықпай қалды. Сөйтсек, суретті әдейі тығып қойған екен. Бас редакторға не айтарымызды білмейміз. Содан Шерағаң мені, Шәкизаданы, суретті тығып қойған кісіні шақырып алып, «Пәленше, кегің болса мені саба, Ертайды ұр. Газетте не әкеңнің құны бар? Бұл халықтың газеті ғой. Неге газеттің шығуына залал жасайсың?» деп дүрсе қойғаны бар еді.

Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Үлкен жиналыс болды. Шерағаң отыр. Ол кезде отыздың о жақ бұ жағындағы жігітпін. Өзім жаңадан келгем. Бәрі Төлеген Ильяшевті жамандап, жұмыстан шығарамыз дейді. Себебін білмесем де, «Шераға, маған бірауыз сөз айтуға рұқсат беріңізші» дедім. «Ал, айта ғой, сары бала!» деді. «Сізге жақсы газет шығару керек қой» дедім. Шерағаң «Әрине, керек» дейді. «Онда Төлегенді жұмыстан шығармаңызшы. Оның не кінәсі бар? Төлеген сияқты газеттің макетін білетін фототілшіні таппайсыз» дедім. Ойланып қалды. Келе салып өзінше ой айтып жатқанымды жақтырмағандар алакөзбен қарап қояды. Сәлден соң Шерағаң: «Ей, Төлеш, сенің жаныңды сары бала алып қалды. Егер бірдеңе болса екеуіңді де жұмыстан шығарамын. Үш ай уақыт беремін. Осы уақытта мықты газет шығармасаңдар, көресіңдер…», – деді. Сөйтіп, үш айдың ішінде Орта Азия бойынша макеттің көркемдеу жөнінен бірінші орын алдық. Шерағаң шақырып алып, алғысын айтты. Ол кісінің еңбекті бағалайтыны, әділдігі тәнті етті. Газеттің жағдайын бірінші орынға қойды. Бұл Желтоқсан көтерілісінен кейінгі халықтың рухы көтерілген кез. «Қазақ әдебиеті» ұлттық мәселелер – тіл, дін, діл туралы жазғанда кез келген газетті шаң қаптыратын. Қазір барлық жағдай бар. Бір байқағаным, журналистика қасаңданып барады. Біздің ұрпақ кітап оқып өстік. Кітап – рухани қазынамызға айналды. Бүгін керісінше, балаларымызды телеарна тәрбиелеп жатыр. Сол кезде газет бетінен жанрдың түр-түрін кездестірсеңіз, бұл да азайған қазір. Журналистер де дайын асқа тік қасық болуға үйренген. Ізденушілік аз. Ау, бүгін кез келген дүниені ашық жазуға болады ғой. Оған мүмкіндік бар. Ұлттың мүддесі тұрғысынан келгенде, неден қорқуымыз керек?

ТҮРМЕДЕГІЛЕРДІҢ ҚОЛЫНАН ТҮСПЕГЕН КІТАП

… Бұрын жазушылар бір кітап шығарса, бір көлік мінетін еді. Ал Тәуелсіздік алғаннан кейін қаламгерлер жетім баланың күйін кешті. Соның ішінде балалар әдебиеті кенжелеп қалды. Көбі бұл тақырыпқа бара бермейді. Біреулер оңай деп ойлайды. Бірақ баланың жандүниесін сезініп, қиыннан қиыстырып, формасын тауып жазу оңай шаруа емес. Әрбір шығарма жазарда балалардың отаншыл, рухшыл болуын мақсат тұтамын. Өзім балаларды өте жақсы көремін.

Семейдің полигонынан зардап шеккен қыздың тағдыры қатты әсер еткен. Көзінде от бар екен. Жанып тұр. Әрі анасының сөзін қолдап сөйлегенін көргенде көзіме жас үйірілді. Неге мұны жазбасқа? Сөйтіп қазақтың қасіреті – полигонды жазуға бел будым. Он үш жасар қыз есейіп кеткен. Дәрігеріне ғашық болады. Жігіт оның емін табамын деп басын қатырады. Бірақ шамасы жетпейді. Өзімнің қызды көргендегі әсерімді кейіпкеріме бердім. Қыз ауылға кетіп, жігітке он екі түрлі мәселе көтеріп, он екі хат жазады. Ол кітап оқитын ақылды қыз. Эссе-романды жазып қойғам. «Қара жапырақтар» деп атадым. Жақын ба­уырым кітабыңызды шығарып берейін деп қолқа салғанының арқасында 500 данамен жарық көрді. Жұрт талап әкетті. Қапшағай қаласындағы түрмеде інім жатқан. Оған қолтаңбамды жазып, апарып бердім. Екі жылдан кейін босаған ол кітапты қалдырып кетіпті. Тағдырдың жазуымен қайтадан сотталып, Степногорскіге барса, сонда біреу «Қаражапырақтарды» оқып жатыр екен. «Ой, мынау менің кітабым ғой. Сенбесеңіз, бірінші бетінде Ертай ағамның қолтаңбасы бар» десе, әлгі: «Жо-жоқ, бұл түрменің кітабы. Бұл анау Павлодарда, Ақмолада болған, бізге енді жетті. Оқығыңыз келсе, тізімге тұрыңыз» депті. Сонда аталмыш шығарманың балалар тұрмақ, ересектерге де қатты әсер еткеніне көзім жетіп еді.

Жақында «Сарайшық ханшасы және Иван Грозный» романын бітірдім. Бас­палар бірден алып кетті. Қызықты форма табуға тырыстым. Тарихты айта отырып, қазақтың бабалары күшті батыр болғандығынан сыр шерттім. Әрі Сарайшықтың ең сұлу шаһардың бірі болғандығынан хабар бердім. Кейбір шығармам «Дарабоз» халықаралық балалар бәйгесінен жүлделі орыннан көрінді. Әрине, мақсатым бәйгеге қатысу емес, балалар әдебиетіне теңіздің тамшысындай болса да үлес қосу.

ЗИЯЛЫ ҚАУЫМНЫҢ ДЕРТІ – АРАҚ ЕДІ

… Бұл өмірде қадірлемейтін үш нәрсе бар. Бірінші – жастық, екінші – уақыт, үшінші – денсаулық. 60-қа келген шағымда осыны түсіндім. Кеңес үкіметінде арақ ішпейтіндерді «тыңшы» деп әзілдеп айтса да, осында біраз ақиқат болды. Сол кездері соғыстан, аштықтан, репрессиядан әзер аман шыққан қазақ халқын тұралататын зор апат күтіп тұр еді. Ол Мәскеуден әдейі жіберілген арақ болатын. Кешегі күні зиялы қауымның үлкен дерті – арақ ішу еді. Оны жасыруға тырысамыз. Бірақ бұл шындық. Үлкен ақын ағаларымыз елуге жетпей өмірмен қоштасып жатты. Сосын қаншама уақытым секретариатта өтті. Басқа халыққа тән емес жалқаулық та біздің жауымыз.

Алла сәтін салып, мұсылманның бес парызының бірі – қажылықпен қасиетті Меккеге барып, тәу еттім. Дінге деген бейімділік әу бастан болатын. 1991 жылдан бері жыл сайын ораза ұстадым. Бірақ имандылық жолға біржола түсудің сәті бұйырмай жүрді. «Іздегенге сұраған» демекші, Алланың жолында жүрген бір әйел: «Неге «Ақ жолға» бармайсыз?» деді. Қазір жұрт бұл туралы түрлі алып-қашпа әңгіме айтады ғой. Мұның жақсы жағы да бар екен. Тәуекел дедім де, «Ана тілінің» сол кездегі бас редакторы Мереке Құлкеновтен сұранып, сапарға шықтым. Жәй ғана араламай, аңыздарды, халықтың аузынан шыққан әңгімелерді жинадым. Одан тамаша циклды мақалалар жарияладық. Қазір бабаларымызға қатысты аңыз-әңгімелерден тұратын үлкен кітабым дайын тұр. Міне, содан бері бес уақыт намазымды қаза қылмаймын. Бұл әрі 2005 жылы «Қазақстан-Zaman» газетіне де келуіме себепкер болды. Кейбір ақсақалдар бүгінгі күннің «қызығын» қимайды. Олар ұрпаққа қалай үлгі болады? Өзің арақ ішіп отырып, балаңа қандай тәрбие бересің? Сондықтан баршаңызды Алла Тағала осы бақыт жолына нәсіп етсін деймін.

Жазып алған

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ