Жаңалықтар

АБАҚТЫДАН ЖЕТКЕН АМАНАТ ХАТ

ашық дереккөзі

АБАҚТЫДАН ЖЕТКЕН АМАНАТ ХАТ

Соңғы 20 жылдың ішінде мемлекеттік түзеу мекемелерінде жүздеген мың адам сот органдары кескен жазаларын өтеп шықты. Түрме қазіргі қоғамның бөлінбес бөлшегіндей үйреншікті нәрсеге айналды. Онда отырғандардың бәрі де сүттен ақ, судан таза дей алмаймыз, бәрі де шетінен кінәлі деуге тағы да ауыз бармайды. Бірақ сандаған ғасырлар бойы қазақ даласында бірде-бір түрме, абақты болмағанын қаперге тұтсақ, сол кездегі қоғам қалай өмір сүрген деген ойға еріксіз берілуге тура келеді.

Редакциямызға таяуда Тараз қаласындағы мемлекеттік түзеу мекемесінен келіп түскен хат, турасын айтсақ, темір тордың аржағында зарыққан кісінің жанайқайы ешкімді де бей-жай қалдырмайды деп сенеміз. Редакциядан Қадірменді Елбасы мырза! Сізге дауысым жетсе екен деген оймен Халықаралық «Түркістан» газеті арқылы құқық қорғау саласында (ІІМ,ҰҚК, СЖҚК) прокуратура, сот және қылмыстық атқару жүйесінде белең алған қолайсыз жағдайларды баян етуді жөн көрдім. Өзіңіз 30 қаңтардағы құқық қорғау қызметкерлерімен кездесуде және оған дейін де «кабинет бизнесімен айналысуды тоқтатыңдар», яғни адамдарды ұстап, қалталарына есірткі, қару немесе ақша салып жіберіп, сонан соң жалған «кінәлілерден» ақша алып, қайта босатып жіберетіндер туралы өте батырып айтып жүргеніңіз белгілі. Әлгіндей қылмыстарды жасамаған, бірақ жазықсыз отырған талай адамдармен сөйлесіп, ортасында болып шыққан соң өз көзқарасымды, жанайқайымды білдірсем деп отырмын. Көптеген азаматтардың атқарған қызметтері мен жұмыстары, сол еңбектерінің ақылары сәйкесінше төленуде ме? Бұл сұрақ ешкімді толғандырмайды. Олар тапқан табыстарын қанағат қылып, өз еңбектерін адал атқарса да, кейбіреулерге ұнамаса есебін тауып темір тордың арғы жағына тоғытылады, әлі де тоғытылуда. Бұл әрекеттердің түпкі мақсаты неде екені түсініксіз. Темір тордың арғы жағы адамды түзетеді дегенге сенбеңіз. Көзім ашық, көкірегім ояу болған соң, әрі көзбен көрген соң айтып отырмын. Темір тор қоғамды екіге бөлетіндігіне кәміл сеніңіз, Президент мырза! Себебі Сіз тәртіп орнатады деп сенім артқан органдар, құқық қорғаушылар, сот, прокуратура өкілдерінің кейбірі өзіңіз құрған жүйеге қарсы жұмыс жасауда. Адамды тұтқындағаннан бастап, сотты болғанға дейін, тұтқын өз жақтастарымен (туыстары, достары т.б.) бір жақта, екінші жақта сот, прокуратура, құқық қорғаушылар. Соңғылардың алдына қойған мақсаттары – жұмыстары нәтижелі болу мақсатында жазықты ма, жазықсыз ба, нақты анықтамай қайткен күнде де адамдарды түрмеге жабу, соттау. Соттың бейтараптылығы, тек қана заңға бағыныштылығы өте сирек кездесетін құбылыс. Қорғау деген жәй әшейін «фикция». Оның дәлелі, мен темір тордың арғы жағында болғанда, 2011 жылдың қараша айында өзіңіз кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жарлығыңызбен «аса ауыр қылмыс жасағандар қоныс колония­сына аударылмасын» деп қылмыстық атқару жүйесі туралы Кодекске өзгеріс енгіздіңіз. Осы заңды негізге алып, Бас прокурордың орынбасары Секишев мырза бүкіл Қазақстан Республикасында орналасқан қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне «егер сотталғандар аса ауыр қылмыс жасағандар болса, қоныс колониясына аударылмасын» деген хат жіберген. Сол хатты басшылыққа алып, қылмыстық атқару жүйесі ешкімді қоныс колониясына жібермеуде. Бұл жерде ол заң шыққанға дейінгі сотты болғандар туралы айтылып отыр. Сонда, референдум арқылы қабылданып, сіз бекіткен Конституциямыздың 77-бабында жазылған «егер жаңа қабылданған заң сотталғанның жағдайын ауырлататын болса, кері күші болмайды» деп тұрғаны, одан басқа Қылмыстық Кодекстің 5-бабында да тура солай жазылғандығын Бас прокурор орынбасарының бір хаты жойғаны ма? Керек десеңіз, сол хатты негіз қылып көрсетіп тұрып, қоныс-колониясына жіберілмесін деген сот қаулыларын оқып береді, аппеляциялық шағымнан бастап Жоғарғы сотқа дейін, Бас прокуратураға да шағым түсірген сотталғандардың әрекетінен түк шықпайды. Бұл жерде өзіңіз сөзіңізде келтіргендей «Америка мен Еуропадағы құқық қорғаушылардың және біздегі құқық қорғаушылардың халықпен ара қатынастары жер мен көктей» екендігі тайға таңба басқандай көрініп тұрған жоқ па? Осы жерде ұлы философ Марк Твеннің «Адамдарды екі топқа бөлуге болады – түрмедегілер және түрмеге отыруы керектер» деген сөзі Қазақстан заң қорғаушыларының ұранына айналған ба деген терең ойға түсесің. Осының бәрін көріп отырып, «бұның түпкі мақсаты неде» деген еріксіз сұрақ туындайды. Ақшаға деген көз тоймаушылықтың ақыры немен бітері адамзат тарихынан белгілі. Ш.Мұртаза ағамыздың 1990 жылдары Өтеген батырдың 300 жылдық тойында сөйлеген сөзі еріксіз есіме түсіп отыр. «Қазақтың Өтегендері түрмеде отыр, ертең ел басына күн туса, ата-бабадан қалған са­йын даланы кімге тапсырамыз» деген еді. Б.Франклиннің мына бір қанатты сөзі де түйсігі бар адамға ой салмай ма? «Мен адамдардың көлеңке жағын көрмей – тек жақсы жағын айтамын». Сіздің әлем мойындаған сарабдал саясаткер, дарабоз Елбасы екендігіңізде бүгінде ешкімнің күмәні жоқ. Әңгіме Сіздің саясатыңыздың құқық қорғау жүйесінде қалай жүргізіліп жатқандығында болып отыр. Телефон ұрлап, басқа да ұсақ-түйек қылмыстар жасаған немесе кейбіреулерге қарсы қолдан жасап жүргізілген тергеу амалдарына қатысты сотталған адамдардың тағдыры туралы болып отыр. Оларды тәрбиелеуден гөрі жаппай түрмеге тоғытып, қылмыскер жасап шығаруда. Бұның артында қандай есеп бар? Халықтың қаржысын жымқыру ма, әлде көлеңкелі бизнес пе? Ресми ақпаратта Қазақстан бойынша түрмелерде 47-54 мың адам бар деп көрсетіледі. Шындығында солай ма? Жаңылыспасам, 2013 жылдың қаңтар айында халық депутаты Д.Назарбаева теледидардан сөйлеген сөзінде «Қазақстанда бір баланы балабақшада тәрбиелеу үшін жылына 180 мың теңге, ал бір сотталғанды ұстау үшін 700 мың теңге бөлінеді. Айырмасы өте үлкен», – деген еді. Жылына қылмыстық атқару жүйесіне шамамен 30 млрд. теңге бөлінсе, онда адам саны шамамен 430 мың болғаны ма? Ондай жағдайда егемендік алғалы 22 жылда қаншама адам түрмеге қамалып шыққаны белгілі болмай ма? Құқық қорғау саласын сеніп тапсырған адамдар, Сіздің қылмыспен күресіңдер деген сөзіңізді солақай түрде өз мүдделеріне пайдалануда. Тағдыры болмашы нәрсеге бола сындырылған адамдардың артында қанша ыза буған жұрттың тұрғаны оларды неге ойландырмайды? Одан басқа мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың көбі өзіне жүктелген міндеттерді толық әрі адал орындай алмауда. Қолында тұтқындау, кісен салу құқығы бар адамдар өздерінің басқа біреулердің атына ашып қойған бизнесіне тиіп кетсе, яғни қатесін көрсетсе, әлгі адамды пара алушы етіп шығарады. Бұл сияқты мысалдарды жүздеп, мыңдап келтіруге болады. 2013 жылғы 30 қаңтарда құқық қорғау саласы қызметкерлерімен кездесу кезінде «жемқорларды пара алды деп түрмеге тоғытқанша, алған парасын он есеге көбейтіп айыппұл алып, ол адамды мемлекеттік қызметтен аластау керек» деген едіңіз. Алайда, Бас прокуратураның (А.Дауылбаев) басшылығымен дайындалған Қылмыстық Кодекстің жаңа редакциясының жобасында айыппұл көлемін 50 еседен 80 есеге дейін өсіру керек деп көрсеткен. Ол дегеніңіз пара көлемі 1 млн. теңге болса, 80 млн. теңге төле дегені, ол жоқ болса, түрмеге 10 жылдан 15 жылға дейін тоғытыласың дегені емес пе? Шаш ал десе, бас алды деген осы емес пе? Бұл жерде де құқық қорғаушыларға түрме халқының саны көп болғаны өте қажет екені көрініп тұрған жоқ па? Түрмеден шыққан адам, әсіресе әділетсіз сотталған болса, мемлекеттің жауы болып қалыптасады. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деп дана халқымыз айтқандай, қателескеннің барлығын түрмеге тоғытқан дұрыс па?! Адамға қарақшылық шабуыл жасап, онан соң өлтіргенге 6-10 жыл, ал пара алып ұсталғандарға 10 жылдан жоғары жаза белгіленеді. Ал саналы өмірін мемлекеттік қызметке арнаған адамдар түрмеде нағыз қылмыскерлер қатарын толтыратын болды деп ешкім ойламай ма? Тарихтан белгілі – 1932 жылы қызыл империяның солақай саясатын өзімізден шыққан шолақ белсенділер асыра пайдаланғанының салдарынан миллиондаған қазақ қырылды. Тағы да бір тоқталатын жәйт, ол намаз оқитындарға байланысты болып отыр. Еліміз егемендік алғалы бері Аллаға шүкір, ислам діні және басқа діни конфессиялар қанат жайып көбейді. Соның ішінде біздің ел аумағында ханафи мазһабымен, өзіңіз айқындап берген дін, тариқат, мазһаб, ұлттық дәстүр, білім, еңбек, отансүйгіштік, қазақстандық патриотизм, тіл саясаты, ұлттар татулығы т.б. салалар бойынша ұстанымдарды басшылыққа алып дамуда. Алайда, Қазақстанда жаңа жамағат пайда болды. Темір тордың арғы жағында жазасын өтеп жүрген жастар ешқандай мазһабты мойындамай, ешкімге белгісіз түрмен намазға жығылуда. Ол жастарды қандай күштер қолдайды, үйретеді? Неше түрлі кітаптар, дискілер олардың қолдарына қайдан түседі? Неге теріс ағымда намаз оқитындармен ешкім жүйелі түрде жұмыс жүргізбейді? Сұрақ өте көп, жауап жоқ. Солардың кесірінен ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі намаз оқушылар да жапа шегуде. Неге ол ескерілмейді? Әлде оларды қолдап, демеп отырғандар алдында мемлекет қауқарсыз ба? «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылд­амайды» деген дана халқымыздың сөзі расқа айналған сияқты. Бірқатар ақпарат құрал­дары былай деп жазған еді: «Сырт жақтан миллиардтаған долларлар теріс ағымдағы дін уағыздаушыларға бөлінеді және ол түскен қаржыны мемлекетіміздегі үлкен-үлкен кісілер ұстап отыр». Олай болмаса, олар қайдан дәріс алып, Сіздің саясатыңызға қарсы бағытта жұмыс жасайды?! Оның дәлелі 2012 жылы Таразда т.б. қалаларда жарылыстар орын алды. Оны ұйымдастырушылар мен іске асырғандардың өлетіні өліп, қалғаны сотталды. Осымен іс бітті ме? Бұл жерде өзіңіз діни фанатизм мен діни көрсоқырлықтан сақтану керек деп ескерткеніңізді құқық қорғаушылар (КНБ, МВД т.б.) назарға алмағаны ма? Осы жерде «Ақылды жауыңнан қорықпа, ақымақ досыңнан қорқу керек» деген нақыл сөзді және ұмытпасам, Ф.Ницшенің «Жағымпаздар мен жылпостар таяз суды лайлап, әдейі терең етіп көрсетеді» деген сөздерін еске түсіруге тура келіп отыр. Адамзаттың ұлы ғұламалары Арисфен, Диоген, Сократтардың дана сөздерінен гөрі ата-бабамыздың сөздеріне құлақ ассақ. Данышпан Мөңке бидің діни аңыздарға сүйене отырып «Ақырзаман» делінетін заманды суреттеуінен үзінді келтірсем: Құбыладан қызыл жел жанып шығар, Жан-жануар мазасын алып шығар. Заң-законы жазылып елге қарсы, Бұрынғының мирасы қалып шығар. Көз көріп, құлақпен естімеген, Жаңадан өзгерілген ғұрып шығар. Ұлықтан жапа көрген халық шығар, Үй басына бөлінген салық шығар. Аш-жалаңаш жүрсе де амалы жоқ, Бар тапқанын салыққа салып шығар… Мемлекеттік қызметте 16 жылдан аса жұмыс жасап, шамам келгенше Қазақ елінің қалыптасуына үлес қосқанмын. Алла берген несібемді теріп жеп, бала-шағамды адал ел азаматы қылып тәрбиелеуге әлі де болса атсалысармын. «Қанағат қарын тойғызар» деген сөзді қағида етіп жүрген жанмын. Осы жерде бір хадис есіме түсіп отыр: «Адам баласының бар ғұмыры жөргек пенен кебіннің арасында өтеді, екеуінің де қалтасы жоқ». Жоғарыда айтылғандардың барлық жиынтығы менің ойымша, Сіздің еңбегіңізді халық арасында жоққа шығару үшін жасалып жатқан белгілі бір күштердің әрекеті. Ол әрекеттердің соңы мемлекетімізге қауіпті болары анық. Елімізден, жерімізден айрылмай тұрып, жағымпаз, жылпостардан арылу абзал болар еді, Нұр-аға! Аса құрметпен қазақ елінің ұлтжанды азаматы Исмаил ЫСҚАҚОВ, 1948 жылы туған, УЖД-15814 мемлекеттік түзеу мекемесі Тараз қаласы