Жаңалықтар

ЖҰРТТЫ АЛАҢДАТҚАН АҚТАУ АЭС-І

ашық дереккөзі

ЖҰРТТЫ АЛАҢДАТҚАН АҚТАУ АЭС-І

Оны кім салатыны тендер арқылы анықталмақ

Сонымен бес-алты жылға созылған дауға нүкте қойылды. Ақтауда АЭС салынатын болды. Бұл жайлы шешім түбегейлі қабылданғанға ұқсайды. Ендігі мәселе сол АЭС-ті кімнің салатындығында.

Астанада брифинг өткізген «Қазатомпром» ұлттық компаниясының инновациялық жобалар жөніндегі басқарушы директоры Валерий Шевелев осылай мәлімдеді: «АЭС құрылысына қатысты саяси шешім қабылданды. Алғашқы атом электр станциясы Маңғыстау облысындағы Ақтау қаласында салынатын болады. Өйткені онда инфрақұрылымдар мен мамандар сақталған», – деп АЭС-тің «әскери қолданыстан бейбіт қолданысқа көшетін, өзін жақсы көрсете білген реакторлар базасында салынатындығын» жеткізді. «Бірақ, халықаралық тендер жарияланады. Барлық ұсыныстар қарастырылады және халықаралық сарапшылардың тыңдалымы болады», – дейді ол.

Дегенмен Шевелевтің сөзін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Атом энергетикасы жөніндегі комитет төрағасы Тимур Жантекин растай қойған жоқ. Оның айтуынша, АЭС құрылысын салатын жер әзірге беймәлім көрінеді: «Құрылыс салатын жерді таңдау елдің энерго тепе-теңдігіне тікелей байланысты. Оны қазір энергетиктер дайындап жатыр. Ол дайын болысымен, АЭС салынатын алаңды таңдауға көшетін боламыз».

Ақтау қаласында Кеңестік дәуірден қалған атом энергетикасын әскери мақсатта пайдалану үшін салынған кешен бар. Бұл кешеннің интеллектуалдық меншігі әлі күнге Ресейдің қолында. Қазір «Қазатомпром» басшылары Ақтаудағы «МАЭК — Қазатомпром» ЖШС-ін АЭС салу үшін қажетті инфрақұрылымдарға ие деп есептейді. Көптеген сарапшылардың бұл АЭС салуға қажетті алғышарт бола алмайды деген дабылын ешкім естір емес.

Қазақстанда АЭС салу мәселесі туындағалы жеті жылдың жүзі болды. Әуелі 2006 жылы Қазақстан атомын шетке тасымалдай бергеннен гөрі оның қуатын өз елімізде тиімді пайдалану туралы әңгіме айтылды. Алайда экологтар мен бірқатар саясаткерлердің өре түрегеле қарсы болуы мәселенің біржақты шешім табуына кері әсерін тигізді. Атом реакторы өте жоғары сапалы деңгейде салынды деген Жапониядағы «Фукусиманың» 2011 жылы апатқа ұшырауы – атом электр станциясын салудың машақатын одан әрі қиындатып жібергенге ұқсайды. Содан бергі екі жыл уақытта бұл әңгіме су сепкендей басылған еді. Бірақ Жапонияда цунамидің жал-жал толқындарына шыдас бермей жарылысқа ұшыраған «Фукусима» апатының 2 жылдығын аза тұтып еске алып жатқан тұста, Қазақстан билігі осы бір ел ертеңін тәуекелге бастайтын қадамға баратындығын паш етті. Жантекин мырза Ақтаудың нақты таңдау нысаны болмағанын мәлімдегеніне қарамастан бүкіл ақпарат құралдары алғашқы АЭС-тің осында салынатындығы жайында ақпарат таратып үлгерген. Жалпы, АЭС құрылысын салуға Қазақстанның бес өңірі таңдап алынған еді. Олар – Балқаш, Тараз, Курчатов, Қостанай және Ақтау. Қазақстанның бес аймағында орналасқан бұл аймақтардың таңдап алыну себебін мамандар аталған өңірлерде энергия көзінің тапшылығымен түсіндіреді. Солардың ішінен Ақтау қаласының бірінші болып аталуының сыры да осында. Өзге өңірлермен салыстырғанда еліміздің батыс аймағында энергия тапшылығы бүгіннің өзінде сезіле бастаған.

Қазақстан уран өндіру жағынан әлемде І орынды иеленеді, ал шикізат қорының 19 па-йызы бізде. Энергетика жөніндегі Халықаралық агенттіктің бағалауы бойынша, алдағы 25 жылда энергияға деген сұраныс екі есеге дейін өспек.

– Сол себепті де атом энергиясын пайдалану біз үшін логикалық тұрғыдан дұрыс болар еді. Біздегі уран қоры 100 реакторды қамтамасыз етуге жетеді. Алайда өзімізде оны пайдалану мүмкіндігі қарастырылмаған, – дейді сарапшылар.

Атом энергиясын пайдаланудың тиімділігі – оның арзандығында. Бірақ арзанның жілігі татымас. Осы мақалдың тура мағынасын емес, астарлы мағынасына көз жүгіртсек, бұл жолғы татымас жілік – оның аса қауіптілігінде. Әлемнің дамыған елдері неге атом энергиясынан жаппай бас тарта бастады. Өйткені технологиясы жоғары деңгейде дамыды деген Жапонияның өзі бұның зардабын бек тартып отыр. Оның үстіне «Қазақстан атомын кімдер басқарады?» деген сауалдың да күн тәртібіне шығары айқын. Бұл ретте Қазақстанның Ресейге басымдық танытып отырғаны да белгілі. Кейбір ақпарат көздері Ресей мен Қазақстан биыл жыл соңына дейін Қазақстанда АЭС құрылысын салу жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қоюы мүмкін екендігін жазады. Қазақстан атом энергиясын шетелге тасымалдаушы ірі импортерлердің бірі болғанына қарамастан, атом саласын жақсы меңгерген мамандарға бәрібір тапшы. Демек, бұл істі жүзеге асыруда Қазақстан технология тұрғысынан ғана емес, мамандар тұрғысынан да өзгеге тәуелді болмақ. Ал шетел мамандары Қазақстан мамандарын үйретуге қаншалықты құлықты болмақ? Ол жағын айту қиын.

Екіншіден, радиоактивті қалдықтарды қайда көму немесе залалсыздандыру мәселесінің күн тәртібіне шығуы анық. Бірақ оның қалай жүзеге асатыны беймәлім. Атом реакторын пайдаланып болғаннан кейін де оны залалсыздандыру аса көп еңбекті талап етеді. Сол себепті де «2020 жылы Қазақстан АЭС-тің алғашқы қызығын көре бастайды» деген қиялдың тәуекелі өте қымбатқа түсетінін сезеді мамандар. Сол себепті де әлі күнге дейін үкіметтің өз ішінде алғашқы АЭС-ті салу жөнінде ауызбіршілік байқалмай отыр.

Есенгүл Кәпқызы