Жаңалықтар

«ҚАЗПОШТАНЫҢ» ҚАЗАҚШАСЫ НЕГЕ ҚИСЫҚ?

ашық дереккөзі

«ҚАЗПОШТАНЫҢ» ҚАЗАҚШАСЫ НЕГЕ ҚИСЫҚ?

Таяуда мемлекеттік тілде жазудан бас тартқан «Қазпошта» қызметкері әлеуметтік желілерде дау тудырды. Қазақша ақпарат берудің орнына, «Конституцияны» оқып шығуға кеңес берген оның сөзіне шамданғандар арнайы хат дайындап, наразылық білдіруде. Ал «Қазпоштаның» сайтына кірсеңіз, қазақша бөлімінде ресми тіл мемлекеттік тілмен мидай араласып, қате деген өріп жүр…

Жер шарындағы бір де бір елінде мемлекеттік тілді білмейтін адам мемлекеттік қызметке қабылданбайды. Тіпті, азаматтық та ала алмайды. Қазақстанда керісінше, мемлекеттік тілді білмейтіндерге «кешіріммен» қарап, «түсіністік» танытамыз. Қарапайым азамат тұрмақ, әкімқара, министр сияқты жоғары шенді лауазымдағылардың арасында қазақша әліпті таяқ деп білмейтіндер де кездеседі. Мұндай кемшіліктен Парламент те ада емес. Жуырда ғана Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов әріптестерін: «Қазіргі бесінші сайланған Мәжілістің өткен бір жылы ішінде ұлты қазақ депутаттар тарапынан барлығы 186 депутаттық сауал жарияланса, соның 78-і немесе 42 пайызы қазақ тілінде, ал 108-і немесе 58 пайызы орыс тілінде. Мысалы, үстіміздегі жылдың 30 қаңтар күні Үкіметке сауал жолдаған 11 қазақ әріптесімнің 9-ы депутаттық сауалын орыс тілінде, екеуі ғана қазақ тілінде жариялады. Бұл – Елбасының Жолдауын өңірлерге барып, халыққа насихаттап қайтқаннан кейін болып отырған жағдай»,– деп сынаған еді. Ол аз десеңіз, көше толы – қазақшасы «қисық», яғни, қате жарнама. Кейде тіпті, Президенттің қазақша айтқан сөздерін де қате жазады. Мысалы Ақтөбедегі көп көшелердің бірінде «Нұр Отанда қазақстандықтар сыбайлас жемқорлардан өздерін қорғаудың тиімді механизмдерін көруі тейс» деп жазып қойыпты…

Апта басында Қазақ интернетінде дау тудырған мәселелердің бірі «Қазпоштаға» қатысты болды. Әлеуметтік желілердегі Арыстан Патша есімді қолданушы «Қазпошта» сайтына мемлекеттік тілде хат жазып, «Сәлеметсіздер ме! Жөнелтілімді онлайн қадағалау дұрыс жұмыс істемей тұр» деген екен. Сайтты жүргізуші қызметкер ақпараттық жүйенің жаңа серверге көшіріліп жатқанын, кейде жүйенің дұрыс жұмыс істемеуі мүмкіндігін ескертіпті. Бірақ орыс тілінде. Мемлекеттік тілде жауап беруді талап еткен қандасымызға: «Среди фолловеров могут быть и говорящие на суахили нам теперь каждый твит переводить? Используем самый популярный язык»,– деп дүңк еткізіпті! Мұндай жауапқа наразы болған Арыстан Патшаның: «Сіз ҚР Конституциясына қайшы әрекет жасап отырсыз. Одан хабарыңыз бар ма?» деген сөзіне: «Мы Вам рекомендуем перечитать Конституцию еще раз. На этом дискуссию считаем необходимым прекратить»,– деп тағы қайырыпты. Атазаңды қайта оқуға кеңес бергені, сірә, ресми тілді меңзегені шығар. Бірақ «Қазпошта» – мемлекеттік мекеме. Демек, әлгі қызметкердің мемлекеттік тілде хабар таратуы, мемлекеттік тілдегі өтініш, ескертпелерге мемлекеттік тілде жауап беруі – оның міндеті. ҚР Президенті Н.Назарбаев әр сөзінде мемлекеттік тілдің мәртебесін күшейту, халыққа қазақ тілін кеңінен насихаттау сияқты мәселелерді жиі қайталайды. Мәселен биылғы халыққа Жолдауында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп ашық айтты. 2025 жылға қарай Қазақстандағы халықтың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиістігін және айтты. Сонда «Қазпоштада» отырған әлгі «кемеңгер» мемлекеттік тілді менсінбегені ме? Екіншіден, суахили – банту тобына жататын африкалық тіл. Қазақ тілін айдаладағы африкалықтардың тіліне теліп қоюдағы мақсаты не екені түсініксіз. Үшіншіден, еліміздегі «популярный язык» – орыс тілі емес, ҚАЗАҚ ТІЛІ. Өйткені Қазақстандағы қазақтардың саны 70 пайызға жуық, яғни, қазақтардың қатары неғұрлым көбейген сайын мемлекеттік тілде сөйлейтіндер саны соғұрлым арта түсуде. Бүгінде Интернет пен әлеуметтік желілердегі қазақ тілінің күшейіп келе жатқанын да ешкім жоққа шығара алмайды. Осы мәселеге орай, ұлттық мәселелерде ұлттың жанынан табылатын азамат – Бекболат Тілеухан ағамыз: «Бұнысы несі тағы! Анық басыну бұл! Міндетті түрде жауап беруін талап етеміз! Пікір иесінің іс басынан аласталуы шарт!»,– деп жазды. «Қалжыңдаймын» деп басы дауға қалғанын сезді ме, «Қазпоштаның» сайтынан біреу қазақтардан мемлекеттік тілде кешірім сұрап, ақталыпты. Алайда, «бір қызымнан бір қызым өткен сорақы» демекші, әлгі ақталған хаттың бас-аяғы үш-ақ сөйлем, соның өзінде қате өріп жүр: «Құрметті достар! Біз әрқашан сіздің сұрақтарыңызға қазақ тілінде жауап береміз! Біздің СММ жасайтын адамның сөздер үшін кешіріміз сұраймыз!».

Бүгінде отандастарымызды «Қазпошта» сайтының өте баяу жұмыс істейтіні де қынжылтады. Бұған әлбетте, аталған мекеменің әкімшілігі кінәлі. Өйткені байланыс саласының үздік мекемелері санатындағы «Қазпоштада» байланыс ақсап жатса, «етікші бізге жарымайдының» кері келгені анық. Сонымен қатар қазір қазақ жастары арасында жаңа технология мен бірнеше тілді жетік меңгерген жастар көп. Солардың кем дегенде екі-үшеуін жұмысқа алса, талай олқылықтың орны толатыны белгілі. Тек оған мүдде мен мақсат керек. Былтыр жыл соңында «Халықтық ІРО» бағдарламасының шеңберінде, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры «Қазпоштаға» жүйені жаңғырту, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін жоғарылату, жарнамалық өнімдерді дайындау сияқты шараларға 177 млн. теңге көлемінде қаражат бөлгені белгілі. Бұл қаржы – халықтың қазынасы. Ендеше мемлекеттік тілде жауап беруден бас тартып, қазақ тілін Африкадағы тілмен теңестіріп, кекеткен қызметкерге тиісті жазасын беруді талап еткен бір топ азамат «Қазпоштаның» басшылығына хат жазып, қол жинауға кірісті. Оған «Қазпошта» басшылығы қандай жауап беретіні әзірге белгісіз. Белгілісі, осы мекеменің сайтына кірсеңіз, А.Арыстанов мырзаның «Ағымдағы мәселелер бойынша көкейкесті түсіндірме» деген бөлімінде басшының қарамағындағы қызметкерлерге жазған хаты орыс тілінде тұр. Ол аз болғандай, баспасөз орталығын «пресс-орталық»деп аударғандар төрағаның барлық құттықтау сөздерін тек орыс тілінде жариялапты. Сонымен қатар кері байланыстағы ақпараттар да – ресми тілде. Ең негізгі «пошта» сөзін бірде «почта», бірде «пошта» деп көрсеткен. «Сатып алулар» деген бөлімінде «закуп из одного источника» деген орысша сөз үйірінен «адасып» жүр. Ал «қолданушы сауалнамасы» деген жерде «ҚұрЕметті «Қазпочта» АҚ клиенттері!» деп жазылыпты. Қарапайым «құрметті» деген сөзді сауатты жаза алмағандарға, жыны келген көптеген адам «Қазпочтадан» мүлдем күдерін үзіп, «қисықты көр ғана түзетеді», – деп жүр. Расында солай ма?!.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ