БЕЙНЕТІ ӘНЕ! ЗЕЙНЕТІ КӘНЕ?

БЕЙНЕТІ ӘНЕ! ЗЕЙНЕТІ КӘНЕ?

БЕЙНЕТІ ӘНЕ! ЗЕЙНЕТІ КӘНЕ?
ашық дереккөзі

Қазақстанда ханымдар зейнетке 63 жастан шықпақ

Үкіметтің 2014 жылдан бастап, зейнет жасын кезең-кезеңмен көтеру идеясын депутаттар мақұлдағандай болды. Демек, 2014 жылдан бастап жыл сайын әйелдердің зейнет жасын жарты жылға көтере отырып, он жылдың ішінде еркектердің зейнет жасымен теңестіру көзделуде. Сөйтіп, атқарушы билік әйелдерге 8 наурызға арнап, кешіктіріп болса да «тосын сый» жасады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов «Зейнетпен қамтамасыз ету» туралы заң жобасын Парламент палаталары депутаттарының алдында таныстыра отырып, Үкіметтің екі жыл бойы ақылдаса келе тоқтаған байламын паш етті. Шенеунік қазіргі зейнетақы қорларына аударылып жатқан қаржының 45 пайызы әйелдер үлесіне тиесілі дей келе, зейнетақы аударымдарының еркектермен салыстырғанда 25 пайызға төмен екендігін жеткізді. Оның үстіне әйелдер соңғы бес жылда еркектермен салыстырғанда 3 есеге төмен жалақы алып келген. Бұның барлығы әйелдердің ерлермен салыстырғанда, ерте зейнетке шығуына байланысты болса керек. Осыған орай вице-премьердің басқаруымен Ведомствоаралық комиссия құрылған. Бұл комиссия Үкіметке 2014 жылдың қаңтарынан бастап зейнет жасын ұлғайту жайында ұсыныс жасаған.

Зейнет жасын көтеру мәселесі тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД елдері, қала берді әлемде жаһандық мәселелердің біріне айналғанына біраз уақыт. Бұның себебін сарапшылар екі нәрсемен түсіндіреді: Біріншісі – елдегі тұрмыстық ахуалдың оңалуымен әйелдердің орташа өмір сүру жасының артуы. Демек, Қазақстан үшін 58 жасында зейнетке шығатын әйелдердің орташа өмір сүру жасы – 70-ке таяп жығылады екен. Мәселеге орай «Власть» порталына өз пікірін айтқан белгілі экономист Мағбат Спанов зейнетақы төлемдері 8 жылға есептелінетінін айтады. Бұған дейін зейнет жасы экономикалық ахуалдың бұдан әлдеқайда төмен кезінде есептелген дейді ол. Қазір әйелдердің зейнет жасын еркектермен теңестірудің алғышарттары әбден толып-пісіп отыр деп есептейді Мағбат Спанов. Демек зейнетке шыққаннан кейінгі өмір сүру ұзақтығы – 8-ақ жылға есептеліп отыр. Екіншісі – кез келген мемлекеттегі қарттардың көбеюі және еңбек жасындағы азаматтардың азаюы да бұған ықпал ететін факторлардың бірі. Демографиялық ахуалдың күрт төмендеуі, ұлттың қартая бастауы – мемлекеттің қалтасына әжептәуір салмақ түсіруде. Қазақстан Үкіметі әйелдердің зейнет жасын ұлғайту арқылы бұған дейінгі зейнетақы қорларында жинақталған қаржылардың қолды болған бөлігін жабуды көздеп отырса, екіншіден бюджет қазынасына түсер салмақты азайтуды мақсат етуде. Ал осы зейнетақы жүйесіндегі жыртық-тесікті жамауды әйелдердің мойнына артып қою қаншалықты тиімді?

Экономист Қанат Берентаев әйелдердің зейнет жасын көтергенімен, бюджет қазынасына түсер салмақтың азаймайтынын айтады:

– Мен әйелдердің зейнет жасын көтеруге де, біртұтас зейнетақы қорын құруға да қарсымын. Бізде әйелдердің зейнет жасын көтерудің обьективті алғышарттары жасалған жоқ. Өйткені өзге елдерде халық қартайып бара жатса, біздің халық жас. Сол себепті де, зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру үшін мұндай қадамға бару ақылға қонымсыз. Бұдан мемлекетке келіп-кетер ешқандай экономикалық тиімділік байқалмайды. Айталық, еңбекке қабілетті халықтың ­– 30 пайызы жұмыссыз, шамамен 600 мың адам. 2 миллион адам – өзін-өзі еңбекпен қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, көлеңкелі бизнесті қосыңыз. Өзін-өзі қамтамасыз етушілер зейнет жасына жеткенде оларды базалық зейнет ақымен қамтамасыз ету қажеттілігі туындайды. Демек бюджеттің қалтасына бәрібір салмақ түседі, – деген ол «Власть» порталының жүргізген сауалнамасына берген жауабында.

Бұл ретте Қазақстан үкіметінің қаперіне кірмей отырған бір мәселе бар. Ол еңбек жасындағы әйелдердің басым бөлігінің аса ауыр тұрмысты басынан кешетіндігі және көп балалығы. Кеңестік дәуірде көп балалы аналардың көп жеңілдігінің бірі – ерте зейнетке шығу болғаны мәлім. Қалада өзін-өзі күтіп, бір-екі баладан артық таппай, бар өмірін қызметке арнаған әйелдер үшін 63 жастың ұзақтығы болмас. Ал ауылдағы тауқыметі ауыр әйелдер үшін 58-дің өзі қиямет-қайым.

Қазақ әйелдерінің тауқыметі неде? Қызметті де атқару, үй шаруасын да мойнына алу. Егер АҚШ пен Жапония секілді дамыған елдердің зейнет жасын мысалға алатын болсақ, ол елдердің зейнеткерлерге берер әлеуметтік жәрдемақыларын да ескеру қажет. АҚШ-та орташа зейнетақы 1,2 мың долларды құраса, Жапония жалақысының 60 пайызына, Германия – 60 пайызына, Ұлыбритания – 70 пайызына, Францияда – 50 пайызына тең зейнетақы тағайындайды. Қазақстандағы қазіргі орташа зейнетақы – 210 доллар. Бұл тұрғыдан – Әзірбайжан, Беларусь, Украина, Литва, Аргентина, Молдова, Өзбекстан және Грузияны шаң қаптырамыз. Бірақ бұл мемлекеттерде зейнет жасы Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Тек Грузияда – еркектер – 65 жасында, әйелдер – 60 жасында зейнетке шығады. Бұл тау халықтарының ұзақ жасайтынына байланысты болса керек. Тағы бір фактор – денсаулық сақтау саласының жақсы қызмет көрсете білуінде. Біздегі зейнет жасын Еуропа мен АҚШ-қа теңестіру үшін әуелі сол мемлекеттердегідей әлеуметтік қорғауға қол жеткізуіміз керек. Әсіресе суын тасып ішетін, көмір мен тезекке тәуелді, әрқайсысында 5-10 баласы бар қазақ әйелінің 63-ті күтуіне ғұмыры жете ме екен?! Бұл жөнінде қазақ әйелдерінің де өз пікірі бар.

Эльмира, бухгалтер:

– Әйелдердің зейнет жасын 63 жасқа дейін өсіру, сөйтіп еркектермен теңестіру – ақылға қонымсыз мәселе. Әйел тек қызмет бабындағы жұмысын ғана ойламайды. Үй шаруасы да біздің мойнымызда. Таңертеңнен қара кешке дейін қызметте болсақ, үйге келген соң, үйдің таусылмайтын күйбеңімен-ақ діңкеміз құриды. Сөйтіп зейнет жасын күтіп жүрсек, енді оны тағы бес жылға дейін ұзарту деген – біз үшін өлімді күткенмен бірдей болатыны анық.

Әмина АХАНБАЕВА, тарих ғылым­д­а­рының кандидаты, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқытушысы:

– Қазақстандағы әйелдердің зейнет жасын ұзартуға қарсымын. Бұл қандай сая­саттан жасалып отырғанын білмеймін. «Әйелдердің бала тауып, үйде көп отыруына байланысты зейнетақы қорларына түсетін табыс мөлшері тым аз. Олардың зейнетке ерте шығуының салдарынан зейнетақы қорларына төленетін қаржының да сомасы аз», – деп кеше Парламентте вице-премьердің айтуын естіп қалдым. Жалпы, физикалық тұрғыдан алып қарасақ, әйел адамға бұның бәрі өте ауыр тиеді. Кез келген заң жасалған кезде ол жан-жақты қаралуы керек. Жарайды, зиялы қауым мен мемлекеттік қызметте күтініп қалған әйелдердің 63 жасқа жетуі қиынға соқпас. Ал ауылдағы аналарымыздың 63 түгілі, 58-ге жетуі неғайбыл. Ауылдағы тұрмыстың ауырлығының салдары бәрібір оларды діңкелетіп тастайды. Меніңше, әйелдердің зейнет жасын – 55 жасқа түсіру керек. Оған біздің елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жетеді. Кеше Марченко зейнетке шығудың тағы бір нұсқасын ұсынды. «Егер 55 жасқа жеткен әйелдердің зейнетақы қорында жинаған қаржысы көп болса, шыға беруге болады», – деді ол. Ондай көп ақша кімнің қорында бар? Тек жоғары лауазымды, кәсіпкер, тағысын тағы саусақпен санарлық әйелдерде ғана бар. Менің ойымша, Қазақстандағы әйелдердің 10 пайызы ғана бұған қол жеткізе алар, қалғандарының табатын табысы 20-30 мың теңгеден аспайды. Оның зейнетақы қорында мол түсім қайдан болсын?!

Есенгүл Кәпқызы