Жаңалықтар

Ана және бүтін ұлттың тағдыры

ашық дереккөзі

Ана және бүтін ұлттың тағдыры

Фатима Ғабитова! Бұл есім еліміз үшін таңсық емес. Ол өзінің еңбек жолында мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, аты аңызға айналған әйел. Оның тағдырын қазақтың марғасқа азаматтары Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезовтің тағдырынан бөле-жара қарау мүмкін емес. Оның өмірі қазақтың маңдайына біткен арда ұлдарымен бірге біте қайнасқан. Өмірі аңызға айналған дейтініміз де сондықтан. Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Жуырда Ғабит Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иран-Ғайыптың Фатима Ғабитқызының өмірін арқау еткен «Фатима» атты қасіретнамасы қойылды. Қасіретнаманың қоюшы-режиссері – Мұрат Ахманов. Бұған дейін қазақтың аңыз әдебиетін, фольклорлық мұрасын жинауда да елеулі еңбек еткен қайсар әйелдің тағдыры кино немесе спектакльге жүк болады деп ешкім ойлаған жоқ. Тіпті қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтің: «Неге екенін қайдам, мен ана­м­ыздың өмірі театрда қоюға, кино етіп шығаруға келмейді деп ойлаушы едім» деуі де сол себепті болса керек. Алайда, бүкіл ғұмыры арпалыс пен жанталас­тан құралған жаны сірі әйелдің тағдырын қазақтың тағдырынан бөліп-жара алмасымыз анық. Үш арыстың махаббатына бөленген әйелдің бойындағы ерекше құдірет не? Ол – әдебиетке деген құмарлық, қазақтың фольклорына деген ерекше ықылас болса керек. Тарихи деректерге сүйенсек, Фатима анамыз өте келбетті, асқақ, тәкаппар, сұлу әйел болғаны жиі жазылады. Фатима Ғабитованың: «Менің тағдырым – тұнған азап пен қасірет. Жазықсыз басыммен кімге, неге иілмедім мен? Менің бүкіл ғұмырым ұлы айрылысулардан тұрады. Менің өмірім күзгі жапырақ көмген түнгі далаға ұқсайды», – деп жазуы да тегін емес. Оның тағдыры оңай болған жоқ. Рас, он жеті жасында Біләл Сүлеевтей азаматқа жар болды. Одан Жәнібек, Фарида, Азат есімді бала сүйді. Жас отбасының өрімдей қыздары он жасында қаза болады. Бүлдіршіндерінің қазасы да отбасы үшін оңай болған жоқ. Көп ұзамай, қауіпсіздік органдары Біләл Сүлеевті тұтқындап алып кетеді. Одан кейін тағдыр оны Ілиястай қазақтың құлагеріне жар етті. Ілияс пен Фатиманың махаббаты анамыздың естелік кітаптарында, күнделіктерінде жазылды да. Қазақтың ақын ұлына деген ерекше махаббатын Фатима апай ешқашан да жасырған емес. Ілиястай ақынды сүйді, одан үш балалы болды. Үміт, Ильфа, Болат есімді балалары өмірге келді. Бірақ бұл махаббаттың да ғұмыры келте болды. Ілиястай арынды ақынды қауіпсіздік органдары ұстап алып кетті. Екі бірдей жары ату жазасына кесіліп, өрімдей балалармен жесір қалған әйел қуғын-сүргіннің шырмауынан шет қалған жоқ. «Халық жауының әйелі» деген лақап қажырлы әйелдің сағын сындыра алмады. Күйеулерінен қалған асыл мұраны сақтай білді. Спектакльде Ілиясты қара киімділер тұтқындап кетіп бара жатқанында, Фатиманың темір төсектен тұрмай отырып алатын тұсы бар. Оның қозғалмай отыруының сыры – Ілиясының жыр кітаптарын аш көз, қорқаулардан аман алып қалу еді. Ұрпағына қалдырған аманатын адал жеткізу. «Жыр маржандарын» аман алып қалу болатын. Үлкен қызы ерте ажал құшты. Екі бірдей арысы атылып кетті. Майдангер ұлы оралмады. Қудаланды. Балаларын көруге де мүмкіндік бермеген қиын кездер де бастан өтті. Мұның бәрі нәзік әйел заты үшін оңай тағдыр ма? Бес баласымен жалғыз қалған әйелге Біләл мен Ілиястың досы Мұхтар Әуезов қолдау көрсетеді. Спектакльдегі ең мықты сюжеттер – ол режиссер Мұрат Ахмановтың шеберлігінен туындап отыр десек, артық айтқандық емес. Ойлап қарасақ, бір «Фатиманың» бойында қазақтың басынан өткен барлық зұлмат көрініс тапқан. Қазан төңкерісі, ашаршылық, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, реп­рессия, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы оқиғалардан там-тұмдап көріністер беріледі. Мұның бәрі бір спектакльдің бойына тоғыстыру да оңай шаруа емес. Бір көрініс, бір сюжет, бір диалог. Бір-бірімен біте қайнасып жатқан, сахналық өмір. Қысқа уақытта бүкіл зұлматты көрсету мүмкін де емес. Әрі ол шұбалаңқы «сөздермен» сөйленсе, көрермендерін шаршатып та алар ма еді. Қысқа-қысқа көріністер арқылы бейнелеу – Ахмановтың тапқырлығы деп айту қажет. Бұл әрі тарихи қасіретнаманы көрсетудің озық тәсілі сияқты. Қойылым қасіретнама аталғанымен, кейбір тұстары езуіңізге еріксіз күлкі ұялатады. Қара киімді кейіпкер (актер Нышанбек Жұбанаевтың) түр-болмысына қарап-ақ, еріксіз күлесіз. Зәрлі, ащы, сүйектен өтетін сөздерді де режиссер қара киімдінің аузына салған. Фатиманы мұқатып: «Сен енді кімге жар боласың?» дейтін тұсы бар. Сонда Фатиманың «алыпқа» деген жауабын естисің. Ал алып дегеніміз – халық емес пе? Халықтың рухани мол мұрасын сақтауға ғұмырын арнаған қарапайым әйелдің бұл қайсарлығын көрсетпей ме? Фатиманың бар ойы – тұрмыс құрып, жар сүю ғана деп ұқсақ, қателесер едік. Ол алыптардың ұрпағының нағыз азамат болып ержетуіне де айрықша еңбек етті. Арыстардың ұрпағы да осал болған жоқ. Бірі ғалым, мәдениеттанушы, тарихшы, философ, педагог болды. Қойылымның соңында жүгіріп шығып, аналарын құшақтайтын балалар осы… Белгілі ақын Иран-Ғайыптың Фатиманы таңдап алуының да өзіндік себебі бар. Өйткені ол жылдары Фатима сияқты «халық жауларының» жарлары аз болған жоқ. Бір Фатиманы көрсету арқылы Бейімбеттің, Сәкеннің, Ахметтің, Әлиханның, Міржақыптың, барша Алаш алыптарының әйелдері бастан өткерген қиямет-қайымды, сұрапыл жылдардың ащы шындығын бейнелеу бұл. Олар көрген қиындықтар арқылы қазақтың басына түскен нәубетті көрсету – басты мұрат болғаны анық. Қазақ сахнасының тарихын парақтағанда, аналардың қиын тағдырын бейнелеген шығармаларды көптеп кездестіруге болар еді. Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпаны», «Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзі», Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Анасы» осының асқақ дәлелі. Спектакльде көз тартатын дүниенің бірі – декорация. Суретші Индира Ихсан «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Индираның қолынан шыққан дүниелерді «Айқарагөз», «Сағым қуғандар» спектаклінен көруге болады. «Фатимада» да Индира сахнаны жан-жақтан, төбесінен төніп тұратын торлармен көмкеріпті. Қойылымда бастан-аяқ кітап бейнесін көресіз. Сол арқылы оқиғалар желісі тізбектеліп, көз алдыңыздан өте береді. Режиссер: «Қазақтың үш бірдей азаматының Фатимаға ғашық болуының сыры неде? Өйткені ол кісінің интеллектуалдық деңгейі өте жоғары болған. Фатима – педагог-ағартушы әрі ақын. Автор пьесадағы кейбір өлеңдерді Фатиманың күнделіктерінен алған. Мен пьесадағы «Жыр-Кие» арқылы тасқа қашалып, таңбаға басылған Орхон-Енисей жазуынан бастап, төте жазуға, латын қарпіне, кириллицаға көшкен уақыттарды, бізді жаулауға ниеттенген сыртқы күштердің сыналап енгенін көрсеткім келді», – дейді. Бұл тұрғыдан келгенде, Мұрат Ахманов өзінің көздеген биігінен шыға білген сияқты. Биік парасатымен бірге асқан сұлулығымен ерекшеленген Фатимаға арнап, Ахмет Байтұрсынов өлең жазған деседі. Алаштың арысы Ахаң Фатима ананың биік парасатына бой ұрып, өлең шығарса несі айып?! Қойылым сахнаға шыққалы бері де ел арасында алуан-алуан пікірлер айтылуда. Әркімнің өз шындығы бар. Қоғамдық пікір айтылуы да тиіс. Алайда аумалы-төкпелі заманда балаларын аман сақтап қалып, бар қиындыққа мойымай, сүйген жарларының мұрасына адалдық танытқан нәзік әйелдің қайсарлығын мойындамасқа лажымыз жоқ. Қуғын-сүргіннің талайын көрсе де, қатал тағдыр оны жасыта алған жоқ. Мойнына түскен ауыртпалықтың бәрін қайсарлықпен көтере білді. Қатал тағдырға қарсы күресе білуінің өзі де – Фатима анамыздың қажырлылығын көрсетеді. Ағылшын жазушысы Оскар Уайльдтың: «Әйелдер оларды түсіну үшін емес, сүйікті болу үшін жаралған» деген сөзі бар екен. Ең бастысы, Фатима анамыздың арда азаматтарға сүйікті жар, балаларына аяулы ана болғаны анық.

Гүлзина Бектасова