Жаңалықтар

Қазақ театрларына бармаған

ашық дереккөзі

Қазақ театрларына бармаған

Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры жақында өз көрерменін режиссер Талғат Теменовтың «Шығыс хикаяты» атты туындысымен қуантпақ. Оқиға А.С.Пушкиннің «Сұлтан патша» ертегісінің желісіне құралған. Шығыс үлгісіндегі қойылымда бидің орны ерекше. Актерларға биден сабақ беру үшін Мәскеу қаласынан арнайы хореограф та шақыртылыпты. Көктем айларының бірінде репертуарға қосылатын музыкалық қойылымның дайындығы туралы «Жаңа опера» театрының балетмейстері Иван Фадеев айтып берді.

Балетмейстер Қазақстанға белгілі режиссер Талғат Теменовтің арнайы шақыртуымен келген екен. Иван Фадеев: «Бұл қойылым мюзикл деңгейіне жетсе біз ойымызды жеткіздік деген сөз. Бұл – музыкалық драма әрі ертегі. ШаҺардағы оқиғалар, қым-қиғаш өмір би арқылы көрсетіледі. Мұнда 8 би көрінісі бар. Әр қимылдың халықтың санасына жеткендігін қалаймын. Ең бастысы да осы. Кейбір мәселелерде Теменовпен ақылдасатынымыз рас. Тіпті, біз әріптес болып кеткендейміз. Дегенмен қойылымның режиссері ретінде актерларды, әндерді автор өзі таңдады», – деді. Сонымен қатар, хореограф уақытының тығыз болуына байланысты қазақ театрларына бара алмағанына өкініш білдірді. Сондай-ақ қазақ актерларымен жұмыс жасау қиын болмағандығын атап өтті: «Олармен динамикалық байланыста болғандықтан, ешқандай кедергі тумады. Қыз-жігіттер менің ойымды бірден алып кетіп отырды». Спектакльге 50-ге жуық актер қатысады. Қойылымда ханзаданың рөлін сомдаушы актер Ерлан Кәрібаев: «Біз кәсіби биші емеспіз. Сондықтан бүгінгі таңда көп уақытымызды биге арнап отырмыз. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, әлі бірнеше ай бар, сонда да қазірден дайындалып жатқан жайымыз бар. Көбінесе өз ісін жақсы білмейтін маман болмашы нәрсеге дауыс көтеріп, шу шығарады. Ал Иван Фадеев өз ісінің шебері. Барлығын анық түсіндіреді. Ол кісімен жұмыс жасаған өте қызықты әрі оңай», – дейді. Қазір театр қойылымға қызу дайындық үстінде. Актер Бақыт Тушаев: «Ол кісі Еуропа халқының өкілі. Шығыс дүниесіне қалай қарайды екен деген ой келді. Бірақ Иван Фадеев үнді және шығыс билерін көп зерттегенін, олардың мән-мағынасын түсінгендігін айтты. Содан барып шығыс билеріне сүйіспеншілігі оянып, бізге үлкен дайындықпен келіпті», – деді.

Талғат Теменов пен Иван Фадеев бұған дейін де бірлесіп, көрермен назарына «Карменсита» қойылымын ұсынған. Ол туралы қоғамда түрлі дау шықты. Ал ендігі қойылымның өнерсүйер қауымға қаншалықты ұнайтындығын уақыт көрсете жатар.

Назгүл ӘБУШӘРІПҚЫЗЫ