Жаңалықтар

Мұнай ағыны арта түспек

ашық дереккөзі

Мұнай ағыны арта түспек

2014 жылы Ресей шығысқа экспорттайтын мұнайдың көлемін тағы да 7 миллион тоннаға көбейтіп отыр. Келесі жылдан бас­тап осы мұнай Қазақстан арқылы Қытайға тасымалданады.

Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпір – Қазақстан бұрынғы Ұлы жібек жолының міндетін атқарып келеді. Алайда өткен жылы Дума депутаттары «Қазақстан біздің мұнайды заңсыз жолмен, баж салығынсыз Қытайға сатып отыр», – деп шу шығарған еді. Сонда «ҚазМұнайГаз» Шымкент мұнай өңдеу зауытына жіберілген мұнайды Атасу-Алашаңқай арқылы Қытайға экспорттайды да, Шымкент зауытына жақын маңдағы Құмкөлдің мұнайын жеткізеді делінген. Бұл мәселені Дума депутаттары заңдастырған сияқты. Осылайша «ТрансСібір» құбыр желісінің жұмысын жеңілдетті. Өйткені мұнша көлемдегі мұнайды Ресей өз құбырлары арқылы Қытайға жеткізе алмайды. «Транснефть» жүйесі жылына 1,5-2 миллион тонна мұнайды ғана тасымалдауға арналған. Сондықтан екі тараптың дәлізі – Қазақстан болып отыр. Еліміз арқылы бұрын да Азия құрлығына тауар тасымалданатын.

Бұл жоспар бойынша «Роснефть» Павлодар мұнай өңдеу зауытына 7 миллион тонна мұнай әкеледі. Сөйтіп «ҚазмұнайГаз» компаниясы Атасу-Алашаңқай магистралі арқылы Қытайға жібереді. Ресейдің вице-премьері Игорь Шувалов пен еліміздің вице-премьері Қайрат Келімбетов келіссөздер барысында бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастырды.

Бүгінде «Роснефть» Қытайға 15 миллион тонна мұнай тасымалдайды екен. 2010 жылы жасалған келісімшарт бойынша ҚХР-ға 300 миллион тонна тасымалдау жоспарға қойылған. Вице-премьер Аркадий Дворковичтің айтуынша, Ресей бұдан былай да шығысқа тасымалданатын шикізаттың көлемін арттыра бермек.

Ақниет БЕЙІМБЕТҚЫЗЫ