Жаңалықтар

ТӨРТЕУ ТҮГЕЛ БОЛМАҒАН СОҢ ...

ашық дереккөзі

ТӨРТЕУ ТҮГЕЛ БОЛМАҒАН СОҢ ...

ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ БАСЫ НЕЛІКТЕН БІРІКПЕЙ ОТЫР?

Бүгінгі жаһандану мен бәсекелестік белең алып, ауық-ауық әр түрлі қауіп-қатерлер бой көрсетіп тұрған заманда өңірлік ынтымақтастық, яғни аймақтық интеграция да үлкен маңызға ие болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда саясаттанушылар Орталық Азия мемлекеттерінің тізе қосып, күш біріктіруін тиімді бағыт санайды. Алайда бұл бағыт-идея әзірше жан-жақты қолдау мен мақұлдау таба қойған жоқ.

Бұл жөнінен Қазақстанның ұста­нымы айқын. Ол таяуда жарияланған «Қазақстан-2050» Стартегиялық бағ­дарламасында да айтылды. Онда: « …біз әрі қарай да аймақтық қауіпсіздік үшін өз жауапкершілігімізді сезінуге және Орталық Азияны тұрақтандыруға өз үлесімізді қосуға тиіспіз. Біздің міндетіміз – аймақтағы тартысты жағдайдың алғышарттарын жоюға барынша көмектесу. Орталық Азияны тұрақтандырудың озық тәсілі – аймақішілік бірігу. Нақ осы жолмен біздің аймақтың тартыстық әлеуетін төмендетіп, толғақты әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешіп, су-энергетикалық және басқа да қайшылықтардың түйіндерін жаза аламыз», делінді. Тығырықтан шығудың бірден бір жолы – «аймақішілік бірігу» екені атап көрсетілді.

Сырттай қарағанда, Қазақстан, Қыр­ғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан мемлекеттерін бір-біріне жақындастырып, мүдделерін тоқайластыратындай жағымды жәйттер мен мүмкіндіктер жеткілікті сияқты.

Біріншіден, бұл елдердің түп-тамыры – тарихы ортақ, географиялық орналасуы ыңғайлы, діндері бір, тілдері мен мәдениеттерінде, салт-дәстүрлерінде ұқсастық көп. Екіншіден, Кеңес одағының тұсында бұларды аса толыққанды болмағанымен, іргелес, көршілес жат­қан­дықтан халық шаруашылығының бірқатар салаларында, тіпті мәдениет пен рухани салада да дәстүрлі байланыстар жалғастырып жатты. Керек десеңіз, кешегі КСРО тарап, әрқайсысы дербес, тәуелсіз мемлекеттер болған тұста да бұлардың экономикалық, әлеуметтік қиындықтары да ұқсас болды.

Бұған қоса, мәлімет үшін мынадай жәйттерді де айта кетуге болады.

Аталған төрт мемлекеттің территориясы 3,5 млн.-нан астам шаршы шақырымды құрайды. Бұл бүкіл Батыс Еуропаның аумағынан асып түседі. Мұнда 55 млн.-ға жуық халық тіршілік етеді.

Осы сияқты бұл елдердің жер қой­науында Парсы шығанағында жетекші мемлекеттердің қорларымен шамалас мұнай мен газ басқа да минералдық ресурстардың мол қоры жинақталған. Сондай-ақ, су көздері мен энергетикалық ресурстардың айтарлықтай қорлары шоғырланған.

Осындай мүмкіндік пен жағдаяттардың бәрін тізе қосып, күш біріктіріп, көзін тауып, шаруақорлықпен пайдалана білсе, Орталық Азияның осынау үлкен аумағын гүлденген, өркендеген өлкеге айналдырып, жұмылған жұдырықтай күн кешер еді.

Өкінішке қарай, әзірге бұл елдер ортақ тіл таба алмай: «аққу – көкке, шортан – суға, шаян – артқа!» тартадының кебін киіп отырғаны анық.

Әрине, о бастан Орталық Азия мем­лекеттерінің одағын құру идеясы ешбір негізсіз, өзінен-өзі пайда бола қалған жоқ. Мұның алғашқы қадам-қаракеттері бұған дейін де жасалған. Мәселе түсінікті болуы үшін өткен жылдарға аздап шегініс пен шолу жасап өтейік.

Мәселен, 1990 жылдың маусымында КСРО әлі тарамаған кездің өзінде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркмения және Тәжікстан басшылары Алматыда бас қосып, өзара экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды. Ал 1991 жылғы қаңтарда Ташкентте тағы да осы мемлекеттер басшыларының кездесуінде қолда бар өндірістік қуат пен мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Орталық Азия рыногын тауар­лармен толтыру мақсатында экономиканы бірлесіп, құрылымдық жағынан қайта құру жайында бірқатар шешімдер қабылданды.

Келесі 1994 жылғы қаңтарда, яғни бұлардың әрқайсысы да егеменді елдер атанған тұста Орталық Азияның бес мемлекетінің ішінен тұңғыш рет Қазақстан мен Өзбекстан арасында экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындаған БЭК (Біртұтас Экономикалық Кеңістік) құру жөнінде келісім-шарт жасалды. Көп өтпей-ақ, оған Қырғызстан Респуб­ликасы қосылды. Бұл келісім-шарт тауарлар мен қызмет көрсету, капитал мен жұмыс күшінің еркін жүріп-тұруы мен айналымын қамтамасыз ету жайын және келісілген есеп-қисаптық, бюджеттік, салықтық, бағалық, кедендік, қаржылық саясат жүргізу мәселелерін қамтыды. Алғашында бұл интеграциялық бірлестік Ортазиялық Одақ (ОАО) деп аталынды. Одақтың басшы органы болып Мемлекетаралық кеңес және оның құрамында жұмысшы органдар ретінде: премьер-министрлер Кеңесі, сыртқы істер министрлер Кеңесі, қорғаныс министрлер Кеңесі анықталып, белгіленді. Ал, Мемлекетаралық кеңестің тұрақты жұмысшы органы қызметін Атқарушы комитет орындап отырды. Оған үйлестіру мен кеңес беру, болжам мен талдау жасау, ақпараттар беріп отыру және Мемлекетаралық кеңес пен оның институттары қабылдаған шешімдердің орындал­уын бақылау міндеттері жүктелді. Сондай-ақ, сол жылдың тамызында мемлекеттер басшыларының Бішкекте өткен кездесуінде жарғылық қаражаты 9 млн. долларды құрайтын Орталық Азия ынтымақтастық пен даму банкісін құру туралы шешім қабылданды.

1998 жылдың наурызында Бішкекте үш мемлекет премьер-министрлері Кеңесінің отырысы өтіп, онда халықаралық консор­циум құру жайы, сондай-ақ, Сырдария өзені бассейнінің су-энергетикалық ресурстарын, табиғи байлықтарды ұтымды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекетаралық келісімнің жобалары және тұрғындардың көші-қоны, денсаулық сақтау, медицина ғылымы саласындағы ынтымақтастықтың бағдарламалары секілді бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Осы жылдың маусымында Бішкекте тағы да аталған елдердің үкімет басшылары бас қосып, оның жұмысына Тәжікстан Республикасының басшылығы қатынасып, енді үштіктің қатары төртке өсті. Содан бастап бұл мемлекеттердің одағы ресми түрде Орталық Азияның экономикалық қауымдастығы деп атала бастады.

Араға екі жылдай уақыт салып, 2000 жылдың сәуірінде Ташкентте осы Орталық Азия экономикалық қауым­дастығына мүше мемлекеттердің шең­берінде қабылданған терроризмге, сая­си және діни экстремизмге, ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа, тұрақтылық пен қауіпсіздікке қатер төндіретін басқа да әрекеттерге қарсы күрестегі ортақ іс-қимылдар жөніндегі келісім-шарттың дүниеге келуі ынтымақтастықтың белгілі бір деңгейдегі нәтижелілігін аңғартқандай еді. Мәселенің аса маңызды екеніне мән берілген болса керек, келісім-шартты төрт елдің парламенті де жеделдетіп бекітіп, ол сол жылдың күзінде-ақ күшіне енді.

Мұнан соң Душанбеде (2000 жыл, мау­сым) Мемлекетаралық кеңестің кезекті отырысы өткізіліп, онда интеграциялық дамудың 2005 жылға дейінгі стратегиясы және Орталық Азияда БЭК (Біртұтас экономикалық кеңістік) құрудағы бірінші кезектегі іс-әрекеттердің бағдарламасы секілді аса маңызды құжаттарды қа­былдаудың сәті түсті. Бұл құжат бо­йынша төрт елдің көлемінде еркін сауда аумағы бар өз рыногын жасау, сондай-ақ, кедендік, төлемдік және қаржылық одақтар құру, сайып келгенде тауарлар мен қызмет көрсетудің және капиталдың ортақ рыногын қалыптастыру көзделді

Келесі 2001 жылдың желтоқсанында тағы да Ташкентте мемлекет басшыларының кездесуі болып, бұл жолы енді жоғарыда аталған Орталық Азия экономикалық қауымдастығының базасында Орталық Азия одағы ұйымын (ОАОҰ) құру туралы шешім қабылданды. Мұны ел басшылары біздің қарым-қатынастарымыз бен ынтымақтастығымыз бір ғана саламен шектеліп қалмай, жан-жақты: саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салаларда да дамып, белсенді сипат алуы тиіс деп түсіндірді.

Бұрынғы қауымдастықтың орнына кең ауқымды Орталық Азия одағы ұйымының (ОАОҰ) құрылғаны 2002 жылғы ақпанда Алматыда өткен президенттердің бас қосуында тағы да мақұлданып, тиянақталғандай болды. Алайда кейінен баяғы Орталық Азия экономикалық қауымдастығы шеңберінде құрылған жұмысшы органдар қызметінің тиімділігі аз деген себеппен ол Ұлттық үйлестірушілер комитетімен алмастырылды.

Тағы да осы 2002 жылдың қараша айында Ташкентте аталған елдердің парламентарийлері өздерінің тұңғыш бас қосуын өткізіп, ол кездесуде ОАОҰ-ға мүше елдер парламентарийлерінің кеңесі деген парламентаралық ынтымақтастық институтын құру жөнінде шешім шығарылды.

Өкініштісі сол, ОАОҰ елдері мемлекет басшыларының 2003 жылғы маусымда өткен саммитінде өзіне жүктелген міндетті орындай алмағандықтан жоғарыда аталған Орталық Азия ынтымақтастық пен даму банкісін тарату ұйғарылды. Бұл қадам қаржы-экономикалық тұрғыдан үлкен үміт артылған банкіні тарату ғана емес, жалпы интеграциялық ұйымның қызметіне сызат түсудің басы еді. Орталық Азия экономикалық қауымдастығы шеңберінде құрылған экономикалық институттардың тиімділігі төмен деп табылып, оның орнына жүйелі түрде бизнестік форумдар өткізіліп отыру ұсынылды.

Дегенмен алғашқы жылдардың жұ­мысына жасалған талдау Орталық Азия одағы ұйымының ауқымында сөз бен істің анағұрлым алшақ екенін аңғартты. Сондықтан да аймақта БЭК (Біртұтас экономикалық кеңістік) құру әрекеті өте баяу және елеулі қиындықтармен жүргізілді. Атап айтқанда, кедендік, антидемпингтік, салық саясаты және валюталардың конвертациялануы шешілмеді. Энергия көздері мен шикізат ресурстарын экспортқа шығаруда бұл елдердің мүдделерін қорғайтындай ортақ бағдарлама және тұжырымдама болған жоқ және өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін көтеретіндей шаралар қабылданбады. Үнемі өсіп, күрделеніп бара жатқан су, энергетика, газ және көлік кешендерін тиімді түрде бірлесіп пайдалану мәселесі де ортақ шешімін таппады. Тіпті керек десеңіз, кейінгі кездері аса көп шығын мен қаражатты қажет етпейтін мәдениет пен ғылым саласындағы байланыстар да сирексіп кетті. Келісілген экспорттық сая­сат болмаған соң бұлар кейбір тауар өнімдерін сыртқа, яғни үшінші бір елдерге шығару барысында бір-біріне бәсекелес болған жағдайлар кездесіп қалып жатты.

Міне, осындай жағдайлардың бәрі сайып келгенде Орталық Азиядағы төрт мемлекеттің арасындағы интеграциялық процестердің саябырсып, ақырында ОАОҰ жұмысының тоқтауына әкеліп соқтырды.

Оның бер жағында 2000 жылы қазанда Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мемлекеттерінің арасында ЕурАзЭҚ (Еуразиялық Экономикалық Қауымдастық) деген ұйым құрылып, ол ұйымның шеңберінде азды-көпті біраз интеграциялық мәселелер шешімін таба бас­тады. Мұның ақыры Беларусь, Қазақстан және Ресей арасында Кедендік одақ құруға жеткізіп, оның Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыруға ұласқанын, оған енді Қырғызстан мен Тәжікстанның да қосылуға ниет білдіріп отырғанын білеміз. Қандай мақсат пен саясат көздегенін кім білсін және кінәлаудан да аулақпыз, бұл екі арада Өзбекстан ЕурАзЭҚ-қа екі рет кіріп, қайта шықты. ОДКБ (Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымына да) қатысты солай етті.

Бұл ретте 2012 жылдың шілдесінде Ислам Кәрімов: «Өзбекстан республикасы түрлі одақтар құру, достастық ұйымдарына кіру мен қажет кезінде одан шығу; жекелеген мемлекетаралық құрылымдарға кіру, егер олар әскери-саяси блоктарға айналғанда одан шығу құқықтарын сақтайды. Сондай-ақ, Өзбекстан Республикасы өз территория­сында шетелдік базалар мен нысандардың орналасуына жол бермейді; Өзбекстан рес­публикасы және оның қарулы күштері шет елдердегі бейбітшіл күштердің операцияларына қатынаспайды» деген мәлімдеме жасап, өз елінің сыртқы саясаттағы ұстанымын білдірді.

Дегенмен, басқалармен салыстырғанда ұқсастықтары мен жағымды факторла­ры жетерлік Орталық Азияның төрт мемлекетінің «бастары неге піспейді?» немесе олар неліктен шынайы түрде жұмыс істейтін бірлестік не одақ құра алмай отыр деген сауал көкейден кетпейді.

Әрине мұның әр қилы объективті және субъективті себептері бар. Әйтсе де бұл жөнінен зерттеу жүргізген ғалымдар мен мамандар, сарапшылардың пікірлері мынаған саяды.

Аталған елдер әлі де өздерінің ұлттық-мемлекеттік құрылысын қалыптастыру кезеңін бастан кешіруде, бұлардың мемлекетаралық қарым-қатынасында іштей қарама-қайшылықтар бар және экономикалық, технологиялық даму жағынан әлемнің басқа мемлекеттерінен көп қалып қойған.

Сондай-ақ, аймақтық ішкі инте­гра­цияның модельдері мен механизмдері жөнінен көзқарастар әртүрлі. Басқарушы элита ұлттық деңгейден жоғары тұратын экономикалық және саяси институттарды құруға дайын емес. Осы сияқты бұл мемлекеттердің әрқайсысы да мықты да қуатты одақтасты сырттан іздейді. Ал, осындай әлсіздікті пайдаланып өздерінің ықпалын жүргізгісі келетін сыртқы күштер де жоқ емес.

Жасыратыны жоқ, Кеңес одағы құ­лағаннан кейін-ақ, Орталық Азия ха­лық­аралық қатынастың белсенді бір субъектісіне айналды. Дүние жүзінің алпа­уыт елдері, оның ішінде әсіресе, Еуропалық одақ пен АҚШ оған энергетикалық және табиғи ресурстарға бай өңір деп қана қоймай, Ауғанстан, Оңтүстік Азия, Таяу және Орта Шығыс елдеріне көршілес жатқан, геосаяси жағынан маңызды аймақ деп қарайтын болды. Бір кездері Өзбекстан мен Қырғызстанда АҚШ қарулы күштерінің авиабазаларының пайда болуы осындай алысты меңзеген саясаттың ұшқындары екені анық.

Сырттағы күштердің ықпалы демекші, осы арада мына жәйтті де айта кеткен жөн сияқты. Өздерінің тәуелсіздігін жариялаған тоқсаныншы жылдар Орталық Азиядағы мемлекеттердің қай-қайсысына да ТМД көлеміндегі қаржы-экономикалық көмектердің шектеулілігіне, ғылыми-интелектуальдық және технологиялық мүмкіндіктердің аздығына байланысты басқа дамыған елдермен қарым-қатынас жасап, көп жақты саясат ұстанды. Ал дамыған мемлекеттер де қарап қалмай, қолайлы сәт пен мүмкіндікті пайдаланып, өз мүдделері үшін геосаяси және геоэкономикалық тұрғыдан мол табиғи-адами ресурстары бар бұл елдерге өз ықпалын жүргізіп қалуға тырысты. Ондай «ықпал» әлі де жойылды деп айта алмаймыз.

Бірден айта кеткен абзал. Түркіменстан о бастан іргені аулақ салып, аймақтық деңгейдегі интеграциялық процестерге қатыспайтындығын білдірді. Бұған да олардың түрлі саяси және экономикалық себептері болса керек. Ең бастысы, Түркіменстан қазір көршілеріне кіріптар болмайтындай және өзін-өзі асырауға жететіндей мол табиғи байлық көздеріне, әсіресе мұнай мен газ қорына ие.

Сарапшы мамандардың енді бір тобы аймақтағы интеграциялық ынты­мақтастықтың тежелу себебін бұл мем­лекеттердің экономикалық дамуының әркелкілігінен іздейді.

Мәселен, Қазақстанды алсақ. Бұл мемлекеттің нарықтық экономикасы мемлекеттік, кооперативтік және жеке меншікке негізделіп, нарықтық реформаның бәрі осы негізде жүргізіліп келеді. Сондықтан да мұнда алдағы 8-10 жылдың көлемінде шикізаттық сыңаржақты дамудан құтылып, өрісті рыноктық инфрақұрылымы және бәсекеге қабілетті экономикасы бар индустриалдық елдердің қатарына қосылу үшін экономиканың негізгі салаларында инвестицияны игеру, үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламаға ден қою әрекеттері іске асырылуда.

Бұған қарағанда Өзбекстанда жағ­дай басқашалау. Мұнда, әлі де орта­лықтандырылған жоспарлау тәртібі сақ­талған және монетарлық баға мен қаражат саясаты үстемдік етеді. Басқаша айтқанда, нарықтық қатынасқа өтудің өзбектік үлгісі мына төмендегі ұстанымдарға негізделген:

саясатқа қарағанда экономиканың басымдығы;

өтпелі кезеңде мемлекеттің жетекші рөлінің сақталуы;

әлеуметтік барлық сфераны, көпбалалы отбасыларын, зейнеткерлерді, әйелдерді, студенттерді және білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларын қолдауға бағытталған әлеуметтік саясатты жүзеге асыру;

заңдардың орындалуы және олардың қоғамның тыныс-тіршілігі үшін тиімді болуы;

рынокқа өту бағдарламасының кезең-кезеңмен және сатылы түрде жүзеге асырылуы.

Ал Қырғызстан экономикалық реформаны жүргізуде әу бастан ресейлік үлгіні негізге алды. Сол үшін де ол басында Орталық Азиядағы басқа көршілеріне қарағанда көш ілгері кеткен сияқты көрінді. Бұл елде жекешелендіру мен мемлекет меншігінен алуды және аграрлық секторда елеулі өзгерістерді қарастырған экономиканы тұрақтандырудың және құрылымдық жаңартулардың бағдарламасы да қабылданған болатын. Нарықтық қатынас бағыты сондай-ақ, шынайы түрде заңдармен де және үкіметтің нақты іс-әрекеттерімен де қорғап, қолданды. Соның нәтижесінде Қырғызстан халықаралық демеуші ұйымдардың назарын өзіне бірден аударып, олар республикаға қаражаттық көмек көрсете бастады.

Дей тұрғанмен, ел экономикасы қазір бірқатар қиыншылықтарды бас­тан кешіруде. Өйткені қолданыстағы технологиялардың ескіруінен және дайын жұмысшы ма­мандардың жетіспеушілігінен өндіріс құлдырады, тікелей экономикалық байланыстар үзілді.

Сондай-ақ, салықтардың жоғары өлшемі, кәсіпорындар мен ұйымдардың төлем қабілетінің төмендеуінен елде амалсыз қатаң қаржылық-несиелік саясат белең алды. Шеттен келетін инвестиция көлемі де азайды.

Осы секілді, коммерциялық банктер беретін несиенің пайыздық мөлшерінің бейтараптандырылуынан несиелердің берілуі қымбаттап кетті.

Бұған қоса, елдің өндірісі сырттан келетін мұнай мен газға және электр қуатына барынша тәуелді. Бұл экономиканың жағдайы мен дамуына елеулі түрде әсер ететіні талассыз.

Оның үстіне, айтса да, айтпаса да Қырғызстан – аграрлы ел, тұрғындардың 60 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Сондықтан да оның келешектегі дамуы негізінен ауыл шаруашылығында жүргізілетін реформаларға тікелей байланысты, ал дәп қазір бұл салаға салатындай қаржы тапшы.

Ең өкініштісі, Қырғызстанда соңғы он жылдықта орын алған саяси оқиғалар, 2005 жылғы наурызда және 2010 жылғы сәуірде болған төңкерістер ел ішіндегі тұрақтылықты бұзып, қырғыз жұртының дамуын біршама кері шегеріп тастады. Елдің экономикасы да айтарлықтай зиян-залал шекті.

Тәжікстанның да шама-шарқынша нарықтық қатынасқа өту бағдарламасын жүзеге асырып, дағдарыстан шығудың түрлі жолдарын қарастырып жатқан жайы бар. Мұнда негізінен шетелдіктермен бірлескен кәсіпорындар құру арқылы экономикадағы монополизмді жою, көп укладтылыққа, яғни меншіктің әр түріне көшу әрекеттері жасалуда.

Әйтсе де бұл мемлекет реформаны жүргізу жөнінен Орталық Азиядағы басқа көршілерінен көп артта қалып келеді. Өйткені елдегі ішкі саяси және экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы экономикалық рефорамалардың жүруіне және сырттан тауарлар мен қаржы-қаражаттың келуіне кедергі болып отыр. Сондықтан да мемлекеттік бюджет үнемі тапшылық, жетіспеушілікті бастан кешіп, баға саясатында, яғни рыноктағы тауарлар мен халықтың сатып алу мүмкіндігі арасында үйлесімділік болмай тұр.

Міне, осы айтылған экономикалық дамудағы айырмашылықтарға қоса, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан арасында шекаралық дау-дамайдың бар екені, сондай-ақ, бұған Түркіменстан мен Қазақстанды қосқанда бес мемлекеттің арасында трансшекаралық өзен­дер суын бірлесіп тиімді пайдалану жөнін­де де келіспеушіліктер мен қарама-қайшылықтардың орын алып отырғаны ащы да болса ақиқат. Қырғызстан мен Тәжікстан гидроэнергетикалық ресурстарды өз мүдделеріне пайдаланып, одан мол қуат көзін алу, сөйтіп электр энергиясына деген ішкі сұранысты өтеп қана қоймай, экспортқа шығаруды көздейді. Сондықтан да олар сырттан инвестиция тартып, ірі жоба саналатын Қамбарата-1 және Рогун СЭС-терін іске қосқылары келеді. Гидроресурстың бұлай пайдаланылуы сағадағы Өзбекстан мен Түркіменстан және Қазақстанның оңтүстік бөлігіне кері әсерін тигізері күмән туғызбайды. Әмудария мен Сырдарияның арналары арқылы ағып келетін су оларға көктем мен жаз маусымында егіншілік үшін аса қажет. Әрі аталған екі мемлекет СЭС-тер құрылысының қауіпсіздігіне де алаңдаушылық білдіруде. Оларды салмастан бұрын жобаның техника-экономикалық, экологиялық, қауіпсіздік жағынан халықаралық сараптамадан өт­кізілуін талап етеді.

Енді бір сарапшылардың пайымда­уынша, Қазақстан мен Өзбекстан арасында Орталық Азиядағы көш бастаушылыққа талас туындауда. Ең бастысы: бұл елдердің бір-біріне көмектесетіндей қаржы-қа­ражаттық немесе инвестициялық мүм­кіндігі әлсіз. Сондықтан олар көмекті жақын көршілерден гөрі алыс елдерден – қалталы мемлекеттерден іздейді.

Жинақтала келгенде, осындай жағ­дайлар мен факторлар Орталық Азия­дағы мемлекеттердің бір-бірімен саяси-экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан тығыз қарым-қатынас жасап, аймақтық деңгейде интеграциялық процестерді дамытуына тежеу болып отыр деуге болады.

Бір мәселенің басын ашып айта кеткен жөн. «Орталық Азия мемлекеттерінің одағы» деген ұғым әсте олардың біртұтас мемлекетке айналатындығын білдірмейді. Бар мақсат сондай қауымдастық не одақ құру арқылы аймақтағы ынтымақтастық пен интеграцияның одан әрі тереңдей түсуін қамтамасыз ету және еркін сауда аумағын, кедендік, қаржылық одақ, тауарлар мен қызмет көрсетудің, капиталдың, жұмыс күшінің ортақ нарығын жасап, экономикалық реформаны жүзеге асыру сая­сатын үйлестіріп отыру болып табылады.

Демек, әзірше Өзбекстанның ұста­нымы айқын. Ол мұндай аймақтық одақтың құрылуынан тартынып отыр. Ал Қырғызстан мен Тәжікстан өздерінің қазіргі жағдайларына байланысты Орталық Азиядағы интеграциялық жобалар мен одаққа қатысудан кет әрі емес. Өйткені, Қырғызстан саяси және экономикалық жағынан көршілеріне көп тәуелді. Және оны Өзбекстан мен Тәжікстан тарапынан жасалып отырған демографиялық және экономикалық қысым да амалсыз аймақтық интеграцияға қосылуға мәжбүр етеді.

Осы сияқты Тәжікстан да ортазиялық ынтымақтастыққа аса мүдделі. Алайда оған бір кездері өз ішінде болған азаматтық соғыс және Өзбекстанның көзқарасы мен ұстанымы кедергі жасап келді.

Дей тұрғанмен, Орталық Азия одағы екі-үш мемлекеттен гөрі төрт-бес елді қамтыса, оның жұмысы соғұрлым табыс­ты болмақ. Өйткені «бірлік тірлікке бас­тайды» демекші, тығыз ынтымақтастық пен интеграцияның табиғаты мен сипаты осындай. Ал, «алтау алауыз болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді». Бір сөзбен айтсақ, «төртеу түгел болмай төбедегінің келмей тұрған» жайы бар.

Жалпы алғанда бүгінгі экономиканың хал-ахуалы, даму деңгейі, сыртқы саяси факторлардың ықпалы Орталық Азия мемлекеттерінің тиімді түрде интеграциялануына мүмкіндік бермей отыр деуге болады. Дегенмен, осы аймақтың көкейтесті мәселелерін зерттеп жүрген сарапшы ғалымдардың талдауы мен тұжырымдарына сүйенсек, түптің-түбінде бұл мемлекеттер бас біріктіріп, одақтасып қарым-қатынас жасауға бет бұрады. Өйткені бұл елдердегі бірқатар стратегиялық, саяси-экономикалық мүдделер мен алғышарттар сайып келгенде оларды жақындасуға, одақтасуға жетелеп әкеледі. Оның үстіне әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, таяу болашақта негізінен мемлекетаралық және аймақтық ынтымақтастық тенденциясы белең алатын болады.

Себебі, басқаны айтпағанның өзінде Орталық Азияның бұл елдерінде ұлттық қауіпсіздігін толығынан қамтамасыз ететіндей күш-қуат пен қорғаныс қабілеті әлі қалыптаса қойған жоқ. Ал оларға сырттан терроризм, экстремизм қаупі кез-келген уақытта төнуі ықтимал. Оның үстіне бұл аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздік болуын, аймақтағы мемлекеттердің өз ара одақтасуын қаламайтын сыртқы күштердің де бар екенін теріске шығара алмаймыз.

Сондықтан Орталық Азиядағы интег­рациялық үрдістердің тереңдеуі мен аймақтық қарым-қатынастың ұлғаюы осы аймақтағы елдердің әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне және бір­лесіп әлемдік нарыққа шығуына жол ашып қана қоймай, қауіпсіздікті, тұрақ­тылықты және қалыпты дамуды қамтамасыз етеді.

Осы орайда 2012 жылдың қыркүйегінде Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтің Астанаға келіп, Қазақстан басшысымен өз ара саяси ықпалдастық, Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздік, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық сондай-ақ, шекара маңындағы ынтымқтастық мәселелерін талқылауы көңілге үміт ұялатады. Кездесу қорытындысында: «Нұрсұлтан Әбішұлы екеуміздің арамызда көптен мұндай екі жақты кездесу, біздерді толғандыратын барлық мәселелер бойынша өз ара бүкпесіз пікір алмасу, ашық әңгіме болмап еді», деп жылы қабақ танытып, ынтымақтастыққа емеурін білдіргендей болды. Егер бұл оның шын ниеті болса, мұны жақсылықтың нышанына балауға болады. Ол сондай-ақ, Қырғызстандағы Қамбарата және Тәжікстандағы Рогун СЭС-рін салуға байланыста ортақ ұстанымда болу керектігін, әйтпесе мұның арты аймақта үлкен жанжалға әкеліп соғуы ықтимал екенін ескертіп өтті. Бұған дейін Түркіменстанға барып, оның президенті Г.Бердымұхамедовты мақұлдатып қайтқан Ислам Кәрімовтің біздің елден де қолдау күтіп келгені белгілі еді. Бұған қатысты Қазақстан Президенті Н.Назарбаев мүдделі тараптардың келісімінсіз жоғарыда аталған СЭС-тердің салынуына қарсы екенін айтып, дипломатиялық сыпайылықпен: «Бұл мәселе біздің бәріміз үшін маңызды. Сондықтан өзеннің жоғары жағында отырған көршілеріміз бен бауырларымызға тағы да туыстық сәлем жолдап, төменгі сағадағы біз – Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстанның су тапшылығын бастан кешіп отырғанымызды жеткізгіміз келеді. Мұны әр адам сезінеді, өйткені бұл оның өмірі, миллиондаған жандардың тыныс-тіршілігі. Сол себепті біз бұл мәселелерді бірлесіп, барлық тарап үшін тиімді сипатта шешеміз деген үміттемін» деген пікір білдірді. Сөйтіп, екі президент те бұл мәселеге қатысты толық түсіністік танытқандай болды.

Ендеше, кең ауқымды ынтымақтастық пен тірлікке бастайтын түсіністік пен бірлікті күннің туатынына үміт артайық. Себебі, бүгінгідей тізе қосып, күш біріктіргендер ғана ұтатын «қасқыр» заманда «бөлінгенді бөрі жейді».

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, саяси шолушы