Жаңа кәдесыйларды тарту етті
Жаңа кәдесыйларды тарту етті
Қазақтың бай мәдениетіне қолөнер бұйымдары да жатады. Қазақ халқының сонау ғасырдан бергі салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан сыр шертетін ежелгі өнері бүгінде қайта жанданып келеді. Ұрпақтан ұрпаққа жеткен өнердің бұл саласын кәсіптің көзіне айналдырып жатқан нәзік жандылар да бар.
«Әдемі-Ай plus» компаниясы ұлтымыздың ертедегі жәдігерлерін жинап, жаңадан кәдесыйлар топтамаларын жасады. Тәуелсіз еліміздің жоғары деңгейдегі өнер туындыларын насихаттап жүрген компания 8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесіне орай «Ұлт жауһарлары» атты көрме өткізді. Көне жәдігерлер мен жаңа кәдесыйларды тарту еткен көрмеде соңғы он жыл ішінде ұлт мұраларын заманауи технологиялармен жаңғыртып, халқымыздың салт-дәстүріне сай жасалған кәдесыйлар қойылды. Компания 2011 жылы 1000-нан астам жәдігер қойылған өнер мұражайын ашқан болатын.
Қолөнер бұйымдарын жасауда көшбасшы компания жаңа бұйымдардың қатарын молайта түскен. Атап айтқанда, қазақ елінің тарихынан сыр шертіп, бүгінгі келбетін бейнелейтін «Қазақстан тарихы» табақшасы, «Наурыз», «Жеті қазына», «Ертоқым» картиналары, зергерлік әшекейлер, жібектен жасалған тоқыма бұйымдар, өңірлерге арналған табақшалар топтамасы, қазақ халқының соғыс қарулары мен саз аспаптары үлгісінде жасалған флеш-карталар көпшіліктің көңілінен шыққандай.
«Әдемі-Ай plus» компаниясының бас директоры Баһаргүл Төлегенқызының айтуынша, компания он жеті жылдан бері ұлттық құндылықтарды насихаттап, дәстүрлік мұраны жаңғыртып келеді. «Бұған дейін дүкендерде басқа елдердің кәдесыйлары тұратын. Неге қазақтың кәдесыйларын шығармасқа деген ой келді. Әсіресе, шетелден келетін қонақтар Қазақстаннан естелік ретінде кәде іздейді. Бүгінде қоржынымызда киіз үй жабдықтары, зергерлік бұйымдар, ат әбзелдері, көшпелі қазақтың жауһарлары бар. Біз әрбір қазақтың төрінде тұруға тиісті кәдесыйларды жасауды қолға алдық. Бәрі қолжетімді бағамен сатылады», – дейді Баһаргүл Төлегенқызы.
Динара Дүрмән