Жаңалықтар

Нәзік қолдың нәсібі

ашық дереккөзі

Нәзік қолдың нәсібі

Қара дүрсін шойын жолдың пайдасы көп болып шықты. Қазақ теміржолының тарихы 1901 жылы Орынбор — Ташкент теміржолынан басталады. 1904 жылы Орынбор-Қазалы магистралі салынды. Дәл осы уақыттан бастап Қазақстандағы теміржол тарихы түзіле бастады. Халық шойын жолды бұрын-соңды көрген жоқ. Жаңа салынған құрылысқа көпшілік үрпиісе қарады. Бұл жайт Әбілхан Қастеевтің «Түркісіб» картинасында көркем бейнеленген. Кейіннен осы суреттегі аңтарылған халықтың барлығы теміржолға күні қарайтынын сол кезде білген жоқ.

Осы тұстан бастап теміржол кадрлары туралы сөз қозғала бас­тады. Өйткені алғашқы пойыздарды орыс мамандары жүргізіп, бағыттап келсе, бертін келе жергілікті өңірден жұмысшылар тартудың тиімділігі мойындалды. Бұған Қазақстан Теміржолшылар мұражайындағы деректер мен суреттер дәлел. Әсілі, қара жолға үрке қарайтын халыққа мұнда жұмыс істеу жат көрінсе керек. Бірақ кедейліктен зәрезап болғандар теміржолға жақындай бастады. Әуелде ер адамдардың келгені өз алдына, отбасы – ошақ қасында отыратын аналарымыз да теміржол жұмысына тартыла бастады. Ақ жаулықты аналардан гөрі жас бойжеткендер жұмыс істеуге құлшына кірісті. Солардың алғашқысы болып бұл кәсіпке батылы жетіп, суырылып шыққан жалғыз ару болды. Ол теміржолдың жай жұмысына емес, бағыттаушы (машинист) болып келді. Зәбира Жүсіпова – техниканы меңгерген тұңғыш қазақ қызы, бұл ерлігімен ол талайды таңдай қақтырды. Ол – алғашқы паровоз жүргізуші қазақ әйелі. Бұған дейін мұндай ауыр жұмысқа ер адамдар ғана алынатын. Бірақ 1923 жылы туылған Зәбира Пішпек паровоз депосының паровозын жүргізді. 1941 жылы Аягөз бекетінде машинист курсын бітіреді. Ол Луговойға баратын по­йызды жүргізетін. Кейіннен көптеген аруларымыз тепловоз, паровоздарды жүргізіп жүрді. Бүгінде техника ілгері дамыса да, өз бетімен жүретін пойыз жасалған жоқ, сондықтан машинист мамандығы көштен қалмады, бірақ бұл салада әйел адамдар қызмет етпейді. Ал теміржолдың басқа да ауыр мамандықтарында қазақ қыздары әлі де жұмыс істеп келетіні рас.

Теміржолшының жұмысы ауыр, еңбегі елеусіз. Бірақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету қашан да басты міндет. Шойын жолдың күнделікті жағдайы мен жай-күйін бақылап, тексеріп отыратын мамандар бар. Олар локомотивтерге орнатылған қозғалыс қауіпсіздігін қадағалайтын құралдар арқылы машинистің жұмысын бақылап, пойыз құрамын кедергілерден дәл уақытында сақтап отырады.

Жолаушының діттеген жеріне жетуі бірнеше адамға тікелей байланысты. Әуелде пойыздың жүргізушісі мен диспетчер мамандар, одан кейін жол тазалығын қарайтын теміржолшылар бар. Осылардың қатарында басты да маңызды мамандық бар. Ол жылдамдық лентасының мәтінін ашатын қызметкер. Осынау елеусіз маманның мойнына талайдың тағдыры жүктелген. Бұл лентада машинистің әрбір қадамы мен пойыздың жылдамдығы, ақаулары мен бұзылған жерлерінің барлығы жазылып тұрады. Цехта осыны дер кезінде көріп, тиісті орындарға хабарлайтын ауыр міндет – әйел адамның мойнында. Астана локомотив депосының инженері Ирина Күрішбаева осындай цехта қызмет атқарып келе жатқанына бірнеше жыл болды. Осы жылдар ішінде ол теміржолдың әрбір рельсін бес саусағындай сезіп отырады. Олар теміржолдың тамырын басып, ауру-ақауының қай жерден екенін оп-оңай біле алады. Теміржолшы Иринаның айтуынша, бұл қызметте көбіне-көп әйел адамдар істейді. «Өйткені біздің табиғатымыз байқампаз келеді емес пе? – дейді ол. – Біз күніне 50-ден астам лентаның мәтінін түсіреміз. Кейде локомотивте машинистің қасында кетіп бара жатқандай, оның әрбір қимылын бақылап отырғандай күй кешесің», – дейді ол.

Ал бұл мамандықты неге таң­дадыңыз деген сауалымызға дәс­түрлі жауап алдық. Әдетте теміржолдың бойында орналасқан елді мекендерде теміржолшы болу атадан балаға қалған кәсіп сияқты бір ерекше дәстүрмен жалғасып отырады. Ирина да теміржолшылар отбасынан шыққан. Бұл жауапты қызметке келгенге дейін теміржол саласында бірқатар қызметтер атқарған екен. Табиғатынан нәзік жандардың бұл салаға да аяқ басуы кездейсоқ емес. Осы цехтың тағы бір жұмысшысы Галина Яковенко: «Жолдағы ақауларды анықтап, келесі жолы қайталанбауын қадағалаймыз», – дейді. «Біз өте жұқа қағаздағы диаграмманың мәтінін талдап отырғанда пойыздың әрбір темірінің қозғалысын көре аламыз. Машинист қорытындысы инструкторға беріледі. Ол мәтінде көрсетілген олқылықтарды рет­тейді. Бұл мәтінде пойыздың көлік, мал, жаяу жүргіншілерді өткізу үшін кенеттен тежегішке басқаны, мезгілсіз тоқтауы жазылады. Егер де ешқандай ақау болмаса бұл лента бір ай сақталады, ал қателіктер болса, бұл құжат бір жыл бойы сақталады», – дейді инженер ханымдар.

Ауыр мамандықты игеріп, нәзік қолдарымен нәсіп тауып жүрген нәзік жандылардың ел ырысына қосқан зор үлесін ұмытпауға тиіспіз.

Ақниет БЕЙІМБЕТҚЫЗЫ