Жаңалықтар

ҚР Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің назарына!

ашық дереккөзі

ҚР Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің назарына!

Қазақ күресінде күрте киілмеген

Кеңес үкіметі тұсында жыл сайын аудандық, облыстық спартакиада өтіп тұратын, онда негізгі өткізіліп тұратын спорт ойындары: волейбол, футбол, қашықтыққа секіру, жүгіру, биіктікке секіру, қазақша күрес, бәйге және басқа да ойындар болатын.

Мектепте оқыған кезде түрлі ерекше жаттығулар жасап, футбол, волейбол, тұғырдан секіру сияқты спорт ойындарына қатыстым, сондықтан спорт саласы маған жат емес. Жасым 77-де, ес білгелі белгілі ережелерге негізделген қазақ күресін талай көріп жүрмін. Ал қазақ күресі деген не? Екі адамның белбеу байлап белдесіп, жекпе-жек күресуін қазақша күрес дейміз. Белбеу мықты матадан (ұзындығы 2,5-3 метр, ені 60-70 см) белді екі орап байлауға жететіндей ұзынынан бітеу тігіледі.

Негізгі қатаң ережелері мыналар: күреске түскен адамдар белбеуден қол үзбей күресуі керек. Белбеуді аса тығыз байлауға болмайды. Негізгі әдіс – тәсілдері: белді белбеу арқылы қысып, қарсыласының белін бүгіп, өзіне қарай еріксіз жақындатып алып, түрлі тәсілдер қолдану. Ол тәсілдер мыналар: топайдан қағу, іштен шалу, сырттан шалу, жамбасқа алу, тізеге отырғызу, әлі жетсе көтеріп соғу. Күреске түсіп жүрген палуандардың қазіргі қолданып жүрген «әдіс-тәсілдері» екі қолдарын белбеуден аулақ ұстау, мойнынан қысу, киімнен жұлқу, иыққа алуға ыңғайлану, қарсыласын кеудеден итермелеу, халық алдында басқа да лайықсыз қылықтар көрсету. Бұл көріністер қазақ күресінің негізгі ережелерін бұзу болып табылады. Бұл –­ күреске түсіп жүрген палуандардың өзі түсіп жүрген күрестің басқа түрлеріне бұрмалау арқылы жеңіске жету амалы. Сондықтан, қазақ күресіне түсіп жүрген палуандарға күрте (куртка) кигізудің қажеті жоқ деп ойлаймын.

Қазақ күресінің негізгі ережелерін бұрмалап, қазақ күресін әлемдік деңгейге шығарамыз деу елімізге қаншалықты абырой әпереді?

«Түркістан» газетінің жиырма жылдан бері тұрақты оқырманы ретінде сұрайтыным, Сіздер осы хатты еліміздің спорт басшыларына анықтап жеткізеді деген сенімдемін. Менің пікіріме спорт комитетінен хат күтемін. Келіспейтін тұстары болса түзету енгізіп, мақаланы газетке жарияласаңыздар екен.

Сәлеммен, зейнеткер

Құрманәлі Ерғалиев

Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы,

Ақтоғай ауылы