Жаңалықтар

Қазақ азаматтығын алудың қиындықтары

ашық дереккөзі

Қазақ азаматтығын алудың қиындықтары

«Түркістан» газетінің редакциясына хабарласқан бір топ оралман 2013 жылдың басынан бері Қазақстан азаматтығына құжаттар тапсырудың азапқа айналғанын айтып шағымданды. Олардың саны шамамен 15 адамдай. Барлығы Қытайдан келген. Осыған орай, «Түркістан» газетінің редакциясы «Қазақстан азаматтығын алудың түйткілдері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелге Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің Көші-қон полициясы басқармасынан Оралмандар мен босқындар ісі жөніндегі бөлім бастығы Күлсім Ысқақова мен Азаматтық бөлімнің ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы Ләззат Мұхитовалар қатысып, азаматтық алуда кездесіп жүрген кедергілерді талқылады. Сондай-ақ, дөңгелек үстелге «Жебеу», «Жанашыр» қоғамдық қорларының өкілдері, жеке кәсіпкерлер, журналистер қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Базаралы Әріпұлы, «Жебеу» қоғамдық қорының мүшесі:

– Мен Алматыда оралмандардың азаматтығын алуға, визасын рәсімдеуге және басқа да мәселелерін реттеуге көмектесіп келемін. Мына адамдар азаматтыққа құжат тапсыру үшін екі айын сарп етті. Шетелден оралған әрбір қазақ оралман куәлігін алғаннан кейін ҚР азаматтығын жеңілдетілген тұрғыда ала алады. Бірақ азаматтыққа құжат тапсырудан бұрын Республика аумағында тұрақты тіркеуге тұруы қажет. Алматы облыстық Көші-қон полициясы тұрақты тіркеуге тұру үшін 20 құжат жинауды талап етеді. Басқа құжаттардың бәрін жинауға болады, тек бұл адамдарға қиындық тудырып тұрғаны «Қытай елшілігінің келісімі» атты құжат. Осыдан екі-үш жыл бұрын бұндай құжат талап етілмеуші еді. Соңғы екі жылда Қазақстан үкіметінің арнайы қаулысымен Қытай елінде сотталмағаны туралы анықтама талап ете бастады. Қытай Әділет басқармасындағылар азаматтардың сотталмағаны туралы анықтама береді, оны Алматыдағы Қытай консулдығында растау қажет. Қытай елшілігі бұл құжатты ешқандай бөгетсіз беріп келіп еді. Екі айдан бері олар 5 түрлі құжатты талап ететін болды. Менің қолымда Алматыдағы Қытай консулдығының талап еткен құжаттарының тізімі тұр. Онда бес құжат жазылған: Сотталмағаны жайлы анықтама, екіншісі – Қытайдағы нопосыңды өшіріп кел, үшіншісі – жұмыс орныңнан қол үзді деген анықтама, зейнеткер болса, зейнеткер деген, жұмыссыз, диқан, малшы болса – диқан, малшы деген анықтама, төртіншісі – Қазақстанда тұратын тұрғылықты жеріңнен анықтама, бесіншісі – күнкөріс көзі жайлы анықтама талап етілген. Бұның бәрін жинауға болар еді, ең қиын тиіп тұрғаны – нопосыңды өшіріп кел дегені. Ол дегеніміз – Қытай азаматтығынан шығып кел дегенмен бірдей. Бұл анықтаманы Қытай елі ешуақытта бермейді. Сөйтіп Қазақстан азаматтығын алғысы келген қазақтардың тауаны қайтып, тауы шағылуда. Осы құжатты талап етпей-ақ қойса болмай ма?

Райыс, жеке кәсіпкер:

– Бір қызығы, бұл анықтаманы тек Алматы қаласы мен Алматы облысының көші-қон басқармасындағылар ғана талап етеді. Басқа облыстар мен қалаларда мұндай анықтама талап еткенін естіген де, көрген де жоқпын.

Әлен Бәтенқызы, оралман:

– Менің Қазақстанға келгеніме бес-алты айдың жүзі боп қалды. Отбасымда 4 жанбыз. Екі балам бар. Оралман куәлігін алдық, енді тұрақты тіркеуден өту мақсатында құжаттар жинастырып жатырмыз. Алайда, бізден талап етілген құжаттың бірі жаңа Базаралы аға айтып өткен Қытай консулдығының рұхсат қағазы.

Ләззат Мұхитова, Алматы қалалық Көші-қон полициясы басқармасы Азаматтық бөлімнің ерекше тапсырмалар бойынща аға инспекторы:

– Менің сіздерге бір сұрағым бар, араларыңызда Алматы қалалық Көші-қон полициясы басқармасына келіп, тұрақты тіркеуден өте алмай жүргендеріңіз бар ма? Бар болса, мен біздің басқармаға қандай құжаттар қажет екенін айтып өтейін. Сіздер айтып отырған Қытай елшілігінің рұқсат қағазы азаматтық алу үшін тапсырылатын құжаттар ішінде жоқ. Біріншіден, 2011 жылға дейін ҚР азаматтығына ұлты қазақ шетел азаматтарын қабылдау ҚР Президентінің арнайы Жарлығымен жүзеге асатын. 2011 жылғы «Азаматтық туралы» жаңа заң бойынша, жергілікті жердің құзырлы органдары бұл істі шешетін өкілеттікке ие болды. Яғни, Сіз арызыңызды Алматы қаласы бойынша беретін болсаңыз, Алматы қалалық Ішкі істер департаменті жанынан құрылған комиссия шешімімен ҚР азаматтығына қабылданасыз. Департамент басшылығы азаматтыққа өтініш берген адамның өтінішін 3 айдың ішінде қанағаттандырады.

Негізінен азаматтыққа тапсыру үшін бар-жоғы 8 құжат талап етіледі. Олар: 1. Ішкі істер басқармасы бастығының атына ҚР азаматтығына қабылдау жөнінде өтініш; 2. Құзыретті Қытай органдарына жазылған ҚХР азаматтығынан өз еркімен бас тарту жөніндегі өтініштің нотариуспен бекітілген нұсқасы; 3. Қытай Халық республикасының төлқұжаты, нотариуспен бекітілген аудармасын қоса өткізу керек; 4. Қытай, Өзбекстан және т.б. елдердің төлқұжаттарында ұлты көрсетілмейді, сол себепті де сіздің қазақ екеніңізді растайтын куәлік ретінде сол мемлекеттің азаматтың жеке басын куәландыратын куәлігінің нотариуспен бекітілген аудармасы да талап етіледі; 5-6. Тұрмысқа шыққан және өзіңізбен бірге азаматтыққа құжат өткізетін балаларыңыз болса, неке қию туралы куәлігі және балаларыңыздың туу туралы куәлігінің нотариуспен бекітілген аудармасы қажет болады. Егер үйленбеген болса, Көші-қон полициясы басқармасында тегін таратылатын анкета-өтініште үйленбегеніңіз туралы көрсетуіңіз керек. Бір айта кетерлігі кейбір жерлерде осы анкета-өтініштің өзі сатылады екен. Ол тегін таратылуы тиіс; 7. Алматы қаласында тұрақты тіркелгені туралы тіркеу қағазы. Ал Алматы облыстық Көші-қон полициясы басқармасы талап етіп отырған Қытай елшілігінің рұқсат қағазы қажет емес.

Базаралы Әріпұлы:

– Сонда Қытай мемлекетінен сотталма­ғаны туралы анықтама қажет емес пе?

– Әрине, қажет. Өйткені «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеу және оларға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру бойынша мемлекеттік қызмет стандартын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 14 желтоқсандағы №2102 өзгерістер енгізу туралы» ҚР Үкіметінің 2012 Жылғы 28 наурыздағы №362 Қаулысы бойынша «келген елінде соттылығының бар болуын не жоқтығын растайтын құжатты» талап ету қажет.

Мен осы ақпан айындағы Алматы қалалық көші-қон полициясы басқармасының есебі бойынша айтсам, 200 адамның құжатын азаматтыққа қабылдаппыз, оның ішінде 160-тайы Қытайдан келген. Соның бәрі Қытайда сотты болмағаны жайлы анықтаманы алып келді, бірақ Қытай консулдығынан оны растайтын құжат талап етіп отырған жоқпыз.

Райыс:

– Ал сол анықтаманы Алматыдағы Қытай консулдығы растау қажет қой.

Күлсім Ысқақова:

– Cіз ол анықтаманы Қытайдан әкеле аласыз ғой.

Базаралы Әріпұлы:

– Иә, Қытайдың Әділет органдары береді.

Күлсім Ысқақова:

– Ендеше сол анықтаманы осындағы нотариустер аударып, мөрмен куәландырса жетіп жатыр. Қытай елшілігінде ол анықтаманы растатудың қажеті шамалы.

Ләззат, студент:

– Мен студентпін. Құжаттарымды жинап, Көші-қон полициясына барсам, «міндетті түрде шығу визасын бастырып кел» деп шығарып салды. Студенттер шығу визасымен кетеді де, қайтарда «жеке сапар» визасын аштырып келеді. Бұл заңда қалай көрініс тапқан? Мен осы талапты орындау мақсатында Қытайға барып, «шығу визасын» аштырып келдім. Ол үшін 1 апта сабақтан қалдым. Ал қасымдағы қыз әлі бара алмай жүр. Бұның бәрі біздің қалтамызға ауыртпалық түсіре береді. Сонда студенттерге азаматтық алуға болмай ма?

Күлсім Ысқақова:

– Сізге шығу визасының немесе жеке сапар визасының қажеті жоқ. Сізде «оқу визасы» ашылған болуы тиіс. Ол үшін оқып жатқан оқу орнының анықтамасын паспорт-виза басқармаларына тапсырсаңыз жетіп жатыр.

Ермек, студент:

– Сіздің айтып отырғаныңыз дұрыс шығар. Бірақ, біз азаматтыққа оқып жатқан оқу орнындағы тіркеу бойынша тапсыра алмайды екенбіз. Ол үшін ЖОО-дағы тіркеуімізден шығып, тұрақты тіркеуге рұқсат беретін үй-жайларды тауып, сонда тұрақты тіркеуден өткеннен кейін ғана, азаматтыққа тапсыра аламыз. Мен өзім төрт жыл бойы оқуымның аяқталғанын күттім. Содан кейін ғана, 2012 жылы университеттің тіркеуінен шығып, азаматтыққа құжат жинадым. Өйткені ЖОО-лар бізді университет жатақханасындағы уақытша тіркеуден шығармайды. Егер, «тіркеуден шыққың келсе, бірден «шығу визасын» басып, Қытайға қайтарамыз» дейді. Соның бәрі біз үшін кәдімгідей тосқауыл.

Ләззат Мұхитова:

– Бұл жердегі мәселе – ЖОО-лардың тұрақты тіркеуге рұқсат бермейтіндігінде болып отыр. «ҚР Азаматтығы туралы» заңның 16-бабы бойынша азаматтық алуға ниет етушілер ҚР-да тұрақты тіркеуге тұруы қажет деп жазылған. Әрине, 90-шы жылдардың басында барлық ЖОО-лар этникалық қазақтардың тұрақты тіркеуіне мүмкіндік беріп, олардың азаматтық алып кетуіне көп қол ұшын созды. Қазір сол дәстүр қайтадан үзіліп қалып отыр. Ал тұрақты тіркеуге тұра алатын болсаңыздар, «жеке сапар» визасы, «шығу» визасы дегендердің қажеті болмай қалады. Егер ЖОО-лар «біз бұл азаматтар азаматтыққа құжаттарын өткізгенге дейін, тұрақты тіркеуге тұруына рұқсат береміз» дейтін болса, студенттердің азаматтығын алуы туралы әңгіме мүлдем қозғалмайтын болады. Бірақ қазіргі ЖОО-лар бұған рұқсат бермей отыр.

Күлсім Ысқақова:

– Мен бір мәселенің басын ашып айтқым келеді. 2011 жылдың тамыз айында «Көші-қон туралы» заңның жаңа редакциясы қабылданды. Көшіп келгендеріне қанша жыл болса да, өзін «оралман» деп есептейтіндер көп. Олардың арасында азаматтығын алғандар да, Қазақстанда тұрақты тұру мәртебесіне ие – Ықтияр хатпен жүретіндер де көп. «Көші-қон туралы» заңның жаңа редакциясында «Оралман» ұғымы кеңейтілді. Заңда оған: «Тұрақты тұру мақсатында Қазақстанға қоныс аударған және осы заң аясында тиісті мәртебеге ие болған – ұлты қазақ адам» деген анықтама беріледі. Бұдан былай шетелден келген қазақтар жергілікті жерде арнайы тіркеуден өтіп, оралман куәлігін алмаса, олар «оралман» деп саналмайды. Оларға берілетін мәртебе – «этникалық қазақ». Ал «оралман куәлігіне» ие жандар ҚР азаматтығын алғанға дейін түрлі әлеуметтік жеңілдіктерді алуға және зейнетақысын рәсімдеуге, жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. «Оралман куәлігі» бір жылдық мерзімге ғана беріледі және осы мерзім ішінде оралман ҚР азаматтығына құжаттарын тапсырып үлгермесе, куәліктің мерзімі созылмайды. Өйткені, бұрын келгеннен кейін Қазақстан азаматтығын алуға асықпайтындар өте көп болды. Кейбіреулер «Ықтияр хатпен» жүре беруді жөн санады. Сол себепті де бұл мәселені біржақты етуді жөн көрдік.

P.S.Бізге өтініш айтып, тұрақты тіркеуге тұра алмай жүргенін мәлім еткен адамдардың көбі – Алматы облысына қарасты тұрғындар болып шықты. Сол себепті де, мәселенің мән-жайын нақты білу мақсатында Алматы облыстық Ішкі істер департаменті, Көші-қон полициясы басқармасы, Азаматтық және иммиграция бөліміне хабарласқан едік. Аталған бөлімнің бастығы Қайрат Байболов мырза «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеу және оларға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру бойынша мемлекеттік қызмет стандартын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 14 желтоқсандағы №2102 Қаулысына өзгерістер енгізу туралы ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 28 наурыздағы №362 Қаулысын қолыма ұстатты.

­– Осы Қаулыдағы 11-тармақтың 2-бабында мынандай өзгерістер енгізілген: «ҚР-да өзге де заңды негізде уақытша болатын адамдар: келген елінде соттылығының бар болуын не жоқтығын растайтын құжатты; кету парағы не шетелге тұрақты тұру үшін шығуға рұқсатты растайтын басқа құжат ретінде болуы мүмкін шетелдіктің Азаматтығына ие мемлекетінің жазбаша келісімін ұсынады» делінген. Бұрын бұл талаптардың этникалық қазақтарға қатысы жоқ болатын. Үкіметтің Қаулысы ішкі нұсқаулықтардан жоғары тұрады. Сол себепті де біз осы Қаулы бойынша жұмыс істеуге мәжбүрміз. Кейбір кездерде қандастарымызға көмектесу үшін мұндай құжатының болмауына көз жұма қараймыз. Бірақ біздің де үстімізден қарайтын құзырлы органдар бар. Егер олар тексеріп қалатын болса, Үкіметтің Қаулысын неге орындамай жатырсыздар деп шүйлігеді, — дейді ол.

Қайрат Байболовтың айтуынша, жыл басынан бері тек Қытайдан келген 5 мыңдай қазақ Алматы облысында тұрақты тұруға және Азаматтық алуға өтініш берген. Араларында жоғарыда талап етілген құжатты әкеп өткізіп жатқандары да бар. Алайда өте сирек. Сол себепті де бұл Қаулы этникалық қазақтардың азаматтық алуына кедергі келтіріп тұрған көрінеді. Сондай-ақ, облыстық Ішкі істер департаментіндегі шенділер БАҚ өкілдерінен осы мәселені біржақты етуге көмектесуін өтініп, Қаулыға (этникалық қазақ өкілдерінен өзге) деген жалқы сөйлемді кіргізуге атсалысуларын сұрады.

Бұған дейінгі Үкіметтік Қаулылардың көбінде мәселе шетелдегі қазақтарға қатысты болған жағдайда, «этникалық қазақ өкілдерінен өзге» деген сөйлем қосылатын болса, соңғы бір-екі жылдың көлемінде шетелдегі қазақтар мүлдем ұмыт қалып, олардың дәрежесі өзге де шетелдіктердің дәргейіне жеткен. «Азаматтық туралы» заңға енгізілген өзгерістердің біраз шу болып жүріп, ондағы келген елінің азаматтығынан шыққаны туралы анықтаманы талап ететін бапты журналистер шулап жүріп өзгерткен еді. Бірақ, оның есесіне талап етілетін жоғарыдағы құжат Қытай азаматтары үшін азаматтығынан шықты деген анықтаманы алумен бірдей дәрежеде көрінеді. Сөйтіп, қазақ диаспорасының ең ірі шоғыры орналасқан Қытайдан келетін қазақтардың алдына тағы бір тосқауыл қойылып отыр.

Дайындаған Есенгүл КӘПҚЫЗЫ