Жаңалықтар

Қазіргі «көшпенділерден» төнген қауіп

ашық дереккөзі

Қазіргі «көшпенділерден» төнген қауіп

Қазақ деген ұлтқа тіркестіріп, оның қосымша атауына айналған “көшпенділер” деген сөздің жымысқы астарына мән бермей, бүгінде соны мақтан тұтатынды шығардық.

Бір кезде І.Есенберлин өзінің шама-шарқымен баяндап шыққан ата-бабаларымыздың заманында-ақ біз төл мәдениеті, төл өркениеті ешкімнен сорлы емес, тарихты тамсандырған небір ғалымдары мен ғұламалары алты әлемге мәшһүр болған халық едік. Қазақ ешқашан көшпенді немесе көшпелі халық болған жоқ. Көшсе, өз жерінде ғана, өз елінде ғана жаз-жайлауы мен қыс-қыстауының арасына қатынап жүрді. Онда да әр ру, әр тайпа өзіне ата-бабасы белгілеп берген аймақтан аттап, беталды қаңғуылдаған емес. Шынтуайтына келсек, әнебір жылдары тың көтереміз деген ұранмен сол кезде Қазақ Республикасына құмырсқадай қаптап келгендерді, бүгінде қаласа қалып, қаламаса қайта кетіп жататындарды көшпенді, көшпелі ұлт десе келіңкірейтін сияқты. Ал бүгінде Қазақстанға олардың да ар жағынан, мұхит асып келіп жатқан көшпенділер ше? Бар мағынасы латыншадан тәржімелегенде сол көшпелі, көшпенді дегенді білдірсе де, ұлықтар миг­ранттар деп атайтын келімсектер ше?

Әрине, ықылым заманнан демей-ақ қоялық, бірақ талай-талай мемлекеттер тарихында осы күні “миграциялық процесс” аталып жүрген көшпенділік үдерістері жиі-жиі болып тұрған. Бірақ бұл үдеріс барлық мемлекетте де өз елінің, өз ұлтының мүддесіне, оның тіліне, дініне, салт-дәстүріне залалын тигізбейтіндей реттеліп, қатаң бақылауға алынып отырған.

Арғы тарихқа бармай-ақ орыс пат­шайы­мы II Екатеринаның саясатына бір сәт көз тігіңіз. XVIII ғасырда Ресей өз маңайындағы елдерден қай жағынан да көш-құлаш озып шығып, ұшы-қиыры жоқ кеңістікке шекара қанатын жайып жіберді. Бұл ұлан-ғайыр аймақта халық сирек қоныстанған, шабындығы шүйгін, егін егуге қолайлы құнарлы, сулы-нулы жер шалқып жатты. Сән-салтанатқа бөленген княгиня – әрі жаугер, әрі ұқыпты неміс ұлтының өкілі, тақ мұрагерінің әйелі II Екатерина осы жерлерге орысы бар, немісі бар өз діндестерін қоныстандырудың экономикалық та, әскери де маңызы зор екенін жақсы білді. Қысқасы, патшайым 1763 жылы 22 шілдеде Манифест жариялады. Онда ол еуропалықтарды осында көшіп келуге шақырып, олар келгенде ұзақ жылдар жасалатын жеңілдіктер мен еркіндіктер тізімін берді. Бір өкініштісі, бүгінгі Қазақстан атқамінерлері де, ұлттық намысымызды ысырып қойып, шетелдіктерге, олардың дін таратушыларына, инвестор деген атты жамылып (айтпақшы, инвест сөзі киіндіру, жамылдыру дегенді білдіреді) тегін байлыққа кенелу үшін келіп жатқандардың тілін, дінін емін-еркін таратуына, қазақтың тіліне де, салт-дәстүріне де, ділі мен дініне де пысқырмауына, сол киелерімізге ашықтан-ашық қарсы жұмыс істеуіне бүкіл жағдайды жасап отыр. Шетелден келетін келімсектерге ІІ Екатерина өз дінін еркін тұтыну, қалада тұру немесе бос жерлерге ауыл-ауыл болып қоныстану, ол жерлерге шіркеулер мен ғибадатханалар салу, керегінше пастор немесе өзге де шіркеу қызметшілерін ұстау, қазынаға ешқандай алым-салық төлемеу, мемлекетке қызмет етуге міндетті болмау, пәтерлерді арзанға жалдау, зауыт, фабрика салғысы келетіндерге жер беру, үй-жай, қора-қопсылық қосымша жер бөлу, олардың ісіне ешкімнің қол сұқпауы сияқты толып жатқан жеңілдіктер берді. Яғни, бүгінгі Қазақстанның жатжерліктерге, шетелдік көшпенділерге жасап отырған жеңілдіктерінің II Екатерина жеңілдіктерінен айырмашылығы бар ма?

ІІ Екатерина шетелдіктерді Ресей жаулап алған, ар жағы Қара, Азау теңіздерінің солтүстік жағалауы, мына жағы Қапқаз жоталары, башқұрттар, қазақтар жайлаған көл-көсір байтақ кеңістікке, бос жатқан жерлерге қоныстануға шақырды. Оның үстіне түп-тамыры немістен басталатын патшайым осы Манифесі арқылы Ресей империясына Пруссиядан, жеті жылдық соғыстан қалжыраған, көшелерінде жұмыссыз қолөнершілер мен жадау-жүдеу солдаттар, жері жоқ шаруалар үйір-үйір болып жүретін Германиядан немістердің ағылып келуіне кең жол ашты. Яғни, өз діндестеріне, өз отандастарына жол ашты. Ал біз кімге жол ашып отырмыз? Патшайым өз қарамағындағы мұсылмандардың бос жатқан жеріне өз діндестері мен тілдестерін толтырмақшы болды. Ал қазақ жерін біз кімдерге толтырудамыз? Сол заманда Ресейге Еуропадан келген әлгі көшпенділер орыстың әдебиетін, өнерін, ғылымын дамытуға зор үлес қосты. Ұлы ақындар, ұлы суретшілер шықты. Ал бізге келген XXI ғасыр көшпенділері не істеп жүр? Ұлттық дәстүрімізді, тілімізді шұбарлап, дінімізден айырып барады!

Егер бір ғана әдебиет, мәдениет саласын алар болсақ, біз көркемдігі төмен, не айтпағы беймағлұм, ұлттық нышаннан жұрдай, тілі шорқақ, не мүлде сақау дүниелерге Сорос қоры әдейі беретін сыйлықтарға мәз боламыз. Оған қоса тенгризм дініне (тәңіршілдікке) қайта оралайық дейтіндерді де әулиедей ұйып тыңдаймыз.

Бұл бүгін ғана, біз ғана айтып отырған құсалық емес. Бұл құсалық пен бұл қасіреттің айтылғанына 20 жылдың жүзі болды. Бірақ біздің “жаһаншыл”, “өркениетшіл”, “еуропашыл”, “толерантты” атқамінерлерге қазақтың сөзі жүрмейді. Біз шетелдіктер жер байлықтарымызды сутегін дерлік арзан алып жатыр деп, бала сияқты бір ғана мәселені айтып бұртыңдап жүрміз. Ол бержағы ғана. Ең қорқыныштысы солар бүгінде біздің

ҰРПАҒЫМЫЗДЫҢ САНАСЫН

УЛАП ЖАТЫР

Ұтыры келгенде айта кетейік, қазір 60-70 жас аралығындағы қазақ шал-кемпірлерінің өзі қарт ата-ана дегеннен гөрі адамды әлдебір қорқынышты мақлұқатқа ұқсататын киімдер киетін болды. Көлікте қу сүйек тізесінен жоғары шорт киіп, шашын ніл жаққан түбіттей көкпеңбек не қып-қызыл қып бояп алған, онысының түбі әппақ, оның ар жағынан құйқасы көрініп тұрған, кейде тіпті шашын түбірлеп сыпыртып тастаған, тырнағы сояудай әжелерді көргенде жүрегің аузыңа тығылады. Мұны ұлттың азғындауы демей не дейсің? Ақыл-есі дұрыс адам 16-ға келгесін алды-артына көз жүгіртіп, ойлана бастайды. Он үшінде үйдің иесі болды, әкелеріміз. Сартай батыр 16 жасында өзі құралпы 1000 баладан жасақ құрап, Әбілқайыр ханның әскеріне қосылып, ел қорғаған. Қазіргі ұл мен қызымыздың көшедегі жүріс-тұрысына, тіліне, киген киіміне, қылығына зер салып қарап көріңізші. Бір ғана мысал: бұрын тасада, қалқалау жерде бірнешеу болып темекі тартып тұратын қыздар қазір жүріп келе жатып та, ересек кісінің қасына отыра қалып та бұрқырата береді. Және оларға мынауың не деп жатқан біреуді көрмейсің. Жезөкше, маскүнем, есірткі құмар қыздар мен әйелдер өз алдына. Қазір Орта Азия елдерінде қазақ қыздары “осындай өркениеттілік” жөнінен оза шауып барады. Қазақтар соларға тыйым салудың орнына орамал тартқан қыздарға күн көрсетпейтін болды. Бұл да бүкіл ұлтымыз санасыздана бастағанының белгісі емес пе?

Иә, қай заманда да бір ұлттың азғындауы ең алдымен оның әйелдері, қыз баласының азғындауынан басталады. Бұл әйел ерін, қыз ата-анасын тындамаудан басталады. Исламда төрт әйел алуға рұқсат етудің сол замандағы осындай бір жағдаятқа қатысты себебі бар. Сол кезде еркектен әйел бірнеше есе көп болып, елде зинақорлық, әйелдің шайпаулығы, әртүрлі жаман уақиғалар көбейіп кеткен. Біз алдағы 15-20 жылда ұлт ретінде жойылып кеткіміз келмесе, ең алдымен әйелдеріміз бен қыздарымызды ұлттық тәрбиеге, мұсылмандық тәрбиеге қарай бұруды дереу бастауымыз керек. Бұл ең алдымен мемлекеттік деңгейде қолға алынуы керек. Ашығын айтсақ, қазақ қыздары мен әйелдерінің жалаңаш-жалпы киінуіне, темекі шегіп, ішімдік ішуіне, түсік тастатуына тыйым салу керек. Бет-аузын бүркемесе де, басына орамал тартып жүрсін.

Ал пәлен жерде пәленбай мешіт, пәленбай мектеп ашылды деп дүбірлетіп той жасап, орыстың 3-4 қыз-жігітін теледидардан қазақша сөйлетіп қою әлгі ұлттығымыздан айырылып бара жатқанымызды бүркемелеу ғана. Бір ғана Алматы мен Астана көшелеріндегі жастардың қылық-қылуасын, қай тілде сөйлесетінін, отырған-тұрған қимылын, киген киімін, тыңдаған музыкасын, көретін киносын бір-ақ күн тексеріп, зерттеп көріңізші. Шындыққа тіке қарап үйренген болсаңыз қазіргі қазақ ұрпағынан безіп кеткің келеді.

Қазақтың мұндай күйге ұшырауына шетелдік келімсектер қызу жұмыс жүргізді десек, оларға сондай жағдай жасап келгендер, әлі де жағдай жасап отырғандар да жоғарыда отырған қазақ шонжарлары мен ұлықтары.

Тағы бір мысал. Бұрын шет жұрттан келетіндердің СПИД сияқты кеселі бар-жоғы тексерілетін еді. Соңғы жылдары бұл тексерулерден олар өтпейтін сияқты. Яғни, бұл олардың намысына тиеді-мыс. Қазір Қазақстанды жайлап бара жатқан СПИД бізге тек батыс елдерінен келгені баршаға мәлім. Соны біле тұра олардың өтірік намысын ұлттың аман-саулығынан жоғары қоюдан өткен қылмыс жоқ.

Әсіресе, «Казахстан – наш общий дом» деген ұран қазақты бәрінен айырып, оның еліне, жеріне, басқа да рухани, материалдық байлық атаулысына кім көрінгенді қожайын қып, қазақты барынан түгел айыратын ұран екенін әр қазақ түсінуі, түйсінуі керек.

Қазір Қазақстанда Өзбекстаннан келген гастарбайтерлер көп. Біздің қазақтар “өзбектер өз елінде күнін көре алмай, осында келіп жүр” дегенді жаппай жаттап алған. Бұл мүлде қате пікір. Біріншіден, алты құрлықты аралап, әртүрлі кәсіппен айналысу – өзбектің ата кәсібі. Екіншіден, бұл ХХІ ғасырға тән құбылыс. Бүгінде түріктер мен африкалықтар Еуропаға, оңтүстік америкалықтар АҚШ-қа барып, әрі ел көріп, әрі жер көріп, әрі қосымша табыс тауып қайтады. Қазақстанға келіп жұмыс істеп жүрген өзбектер Өзбекстанда үй-жайы, мал-жаны, тәп-тәуір қора-қопсысы бар адамдар. Ол жақтағы шаруаларын үйдегілер жүргізеді. Өзбекстанда азық-түлік, жанар-жағар май біздегіден әлдеқайда арзан. Бір өзбектің Қазақстанда тапқан 1000 (мың) доллары оның 5-6 баласы мен әйелін бір жыл асырауға жетеді. Оған қоса оның өз елінде азды-көпті қора-қопсысы, бау-бақшасы тағы бар. Олардың жері аз, ал халқы 30 миллион болды. Дені өзбектер. Әр өзбектің үйінде 9-10-ға шейін, кейде онан да көп бала бар. Өзбек әйелдері қазақ әйелдері мен қыздары секілді гендерлік саясат деп еркектерін жаналқымға алып жүрген жоқ. Өткен жылғы мәлімет бойынша 9 миллион өзбек елінен сыртта жүр екен. Егер әр өзбек 5-6 айдың ішінде Қазақстаннан 2-3 мың доллар тауып, еліне жібергеннің өзінде біздің қанша ақша Өзбекстанға кетіп жатқанын есептей беріңіз.

Иә, бір кезде қазаққа кемсітіп көшпенді деген атақ таңылды. Бірақ қазақ көшсе, өз елінде, өз жерінде ғана көшіп жүрді. Ол заманда нағыз көшпенділер қазақ жеріне келіп, күшпен басып алған қарашекпенділер еді. Ал мына заманда қазақ жеріне жан-жақтан шегірткедей қаптап келіп жатқандар ше? Олар қазаққа не әкелді? Бұл – әрбір саналы азамат ойланарлық шаруа.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ