Жаңалықтар

Кейбір әйелдер көтерген шу

ашық дереккөзі

Кейбір әйелдер көтерген шу

Күні ертең босанайын деп отырған кейбір келіншектер ҚР Еңбек министріне жөргектер мен ойыншықтар салынған қорапты неге жолдады? Жүктілікке байланысты берілетін ақша көлемін Үкіметтің қысқартуына не себеп? Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры шынымен тақырға отырды ма?

Жалақысы мардымсыз нәзік жандылар көп

Үстіміздегі жылдың 17 ақпанынан бастап әлеуметтік қамсыздандыру мәселелеріне қатысты жаңа заң күшіне енді. Құжаттағы өзгерістер негізінен бала тууға байланысты демалысқа кететін жүкті әйелдерге қатысты. Егер ай сайын алатын жалақысы 186 мың теңгеден (немесе 10 ең төменгі айлықтан) асып түссе немесе аяғы ауыр әйел демалысқа кетпей тұрып 12 айдан кем жұмыс істесе, жүктілік пен босануға қатысты берілетін әлеуметтік төлемақы көлемі қысқарады. Сонымен, жүкті әйелдерге қатысты жаңа заңды байыбына бара баяндайтын болсақ…

2013 жылдың 1 қаңтарында мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы алып отырған әйелдердің саны 2,6 млн.-ға жеткен. Олардың 2,55 миллионы немесе 98 пайызы – 186 660 теңгеден аз айлық алатындар. Ал бала тууға қабілеттісі 2,1 млн. көлемінде. Соның небары 1,2 пайызы (31 мыңы) жалақысы жоғарылар қатарында. Босанғаннан кейін келіншектерге 1 жыл бойы ол жұмыс істеген соңғы 24 айдың орташа кірісінен 40 па­йызы жәрдемақы ретінде төленіп тұратыны тағы бар. Бұл бап жаңа заңда ешқандай өзгертусіз қалған. Сонымен, жалақысы 186 мың теңгеден аз келіншектер үшін ештеңе өзгермейді. Одан басқа бір реттік 52 мың теңге мен бала күтіміне арналған жәрдемақы қосымша төленіп тұрмақ. Былтыр 12 мың 217 жүкті әйелдің 185-і жалақылары 186 660 теңгеден асып түскендіктен, 1 млн. теңгеден астам төлемақы алған. Соңғы 5 жылда ескі заң бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілік пен босануға байланысты берілетін төлемге 137,4 млрд. теңге, ал 1 жасқа дейінгі бала күтіміне 126,4 млрд. теңге бөлінген. Бұл жалпы әлеуметтік төлемдердің 93 пайызына тең. Аталған қордан тек аяғы ауыр әйелдерге ғана емес, сонымен қатар еңбекке жарамсыз деп табылған мүгедектерге, асыраушысынан айырылғандарға және жұмыссыз қалғандарға да жәрдемақылар төленеді. Мәселен, 11,4 млрд. теңге мүгедектікке байланысты төленсе, 6,4 млрд. теңге – асыраушысынан айрылғандарға, 3,5 млрд. теңге жұмыссыздарға беріліпті.

Кімдікі дұрыс?

Әлбетте, мұндай жаңашылдыққа ай сайын қомақты көлемде ақша алатын нәзік жандылар аса қуана қойған жоқ. Олар мемлекет тарапынан әділетсіздікке жол берілді деген сенімде. Мысалы, PR агенттікте жұмыс істейтін астаналық Олеся Беруашвилидің жалақысы 186 мың теңгеден жоғары және ол жаңа заңмен келіспейді: «Мен қызмет ететін компания мемлекеттік әлеуметтік төлемақы қорына ай сайын менің жалақымнан 5 пайыз көлемінде ақша аударып тұрды. Ешқандай заң бұзушылық болған емес. Адамдардың көбісі бала туатын келіншектерге ақшаны мемлекет төлейді деп ойлайды. Шындығында, олай емес. Бұл әйелдердің адал ақы, маңдай терімен өздері тапқан қаражат»,– дейді. Ескеретін жайт, кейбір әйелдердің жалақысы қанша жерден көп болса да, сақтандыру қорына жұмыс берушілер тарапынан төленген ең жоғарғы әлеуметтік сақтандыру көлемі 5 пайыздан, яғни, 9 мың 330 теңгеден аспапты. Дәл осы соманы айлығы аз әйелдер де аударып отырады. Бірақ жалақысы көп әйелдер босануға кетерде олар төлеген 9 мың 330 теңге емес, жалақыларының жалпы көлемі есептеліп отырған.

Наразы топтың айтуынша, қазір балалы отбасыларға қаржылық тұрғыда түсетін салмақ ауыр. Өзін жалғызбасты ана ретінде таныстырған алматылық белсенділердің бірі Александра Алехова: «Еңбек министрлігі жүктілік пен босануға қатысты төлемдерді қысқартуының кесірінен бала күтіміне байланысты демалыс кезінде қара су мен нанды ғана қанағат тұтуға мәбүрміз», – десе, оның сөзін құптайтындардың қатарындағы Олеся Беруашвили: «Бала тууға байланысты берілетін төлемдердің қысқартылуы зейнетақылық ре­форманың сыр беруінен. Мүмкін ресми түрде жалақыңды азайтып көрсетіп, тыққан ақшаңа қазір жақсы өмір сүру керек шығар? Жоғары деңгейдегі жалақы алып, заңды түрде мемлекеттік қорға төлегеннен не пайда?» – дейді. Әлеуметтік желіде өз пікірін білдірген әріптесіміз Жанар Төлендиева керісінше, жаңа заңды қолдайды: «Жалақысы жоғары немесе салыстырмалы түрде жоғары адамдар өзін-өзі қаржыландыруы керек. Әлеуметтік жеңілдіктер халықтың әлеуметтік ахуалы төмен бөлігіне көрсетілуі тиіс. Әйел жолдастар, елімізде бір үзім нанға зар әйелдер мен балалар барын естеріңізден шығармаңыздар. Балаңызды Дольче Габана тіккен жаялықтарға орап қойғаныңыз сәбиді түк те қызықтырмайды». Жаңа заңды қолдаушылар арасында ҚР Парламентінің депутаты Светлана Жалмағамбетова да бар. Оның пікірінше, «әйелдердің 90 пайыздан астамы ай сайын 186 мың жалақы көлеміндегі ақшаны алмайды. Яғни олар жәрдемақыны айлығы жоғары әйелдерге қарағанда, әлдеқайда аз алады. Бұл жерде көңіл бөлетін екі нәрсе бар: біріншіден, айлығы аз келіншектер жалақысы көп келіншектер үшін жәрдемақы төлеуге үлес қосады. Ал бай әйелдер жалақысы төмен әйелдердің арқасында әлеуметтік төлемдерді көп алады. Екіншіден, кейбір әйелдерге тым ірі көлемдегі жалақы өтірік төленіп, жүктілік пен босануға қатысты төлемдерді алады. Мұны прокуратура қызметкерлері дәлелдеп берді»,– дейді.

Жауапкершілік жұмыс берушінің мойнында

Жуырда Twitter әлеуметтік желісі арқылы келіншектер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берген ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов жүктілік пен бала туған кезде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы берілетін төлемақыларды алуда алаяқтық әрекеттердің жиілеп кетуі жаңа заңды қабылдауға себеп болғанын жазған еді: «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заңының 23-1-бабындағы өзгертулерге сәйкес, жүктілік пен бала тууға байланысты берілетін әлеуметтік төлемдер міндетті зейнетақылық жарна есебінен емес, 10 реттік ең төменгі жалақы (2013 жылы 186 660 теңге) көлемінде есептеледі». ҚР Еңбек министрлігі әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру департаментінің директоры Әсел Мақанова: «Осының нәтижесінде, жұмыс беруші жүктілік пен босану бойынша төлемдерді Қордан берілетін ақшаны есептей отырып, орташа жалақының көлеміне сәйкес береді», – деп мәлімдеді.

Есесіне, шенеуніктердің бұл сөзімен наразы топ өкілдері келіспейді. Мысалы Махмутова ханым: «Түптеп келгенде, жалақылары жоғары деңгейдегі әрі бала тууды алын ала жоспарлаған әйелдер жапа шегіп отыр»,– дей келе, Үкімет пен Еңбек министрлігін аса маңызды мәселені кең ауқымда талқыға салмағаны үшін айыптады. Наразы топтың министрлікке айтар тағы бір уәжі – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорындағы 126 млн. теңгені Қордың жарнамалық жұмыстарына, кітапшалар шығару т.б. жұмсағалы отыр екен. «Бұл – ысырапшылдық. 126 млн. теңгені желге шашқанша, бізге берсін!». Бірақ министр Әбденов бұл сөзді де теріске шығарды. Оның айтуынша, Қордың жеке шаруасына қажетті қаражат республикалық бюджеттен қарастырылады. Ал сақтандыру қорындағы ақша тек азаматтар игілігіне жұмсалуы тиіс.

Көптеген әйелдер наразылық шараларын еліміздің түкпір-түкпірінде өткізуге белсене кірісті. Таяуда Алматыдағы наразылық шарасының соңында жүкті әйелдер мен оларды қолдаушылар балалардың жөргегі мен басқа да заттар салынған қорапты Еңбек министріне «Қазпошта» арқылы салып жіберген болатын. Бірақ бұл қорапты министр алмапты. Қабылдап қойған заңға қарсы шыққан әйелдер әлеуметтік желілерде арнайы топ құрып, заң шеңберіндегі қарсылық шараларын ұйымдастырып жатыр. Бұл орайда алматылықтар аса белсенді. Үстіміздегі жылдың 20 ақпанында Алматы қалалық Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің алдында наразылық шарасын өткізгендер енді 14 наурызда тағы да көшеге шықпақ. Олар тіпті, Алматы қаласының әкімдігінен рұхсат алып қойыпты.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ