Жаңалықтар

АТАМАНДАР АРАСЫНДАҒЫ АЛАУЫЗДЫҚ

ашық дереккөзі

АТАМАНДАР АРАСЫНДАҒЫ АЛАУЫЗДЫҚ

Осыдан үш жылдай бұрын еліміздегі казактар ұйымының төңірегінде үлкен дау-дамай туындаған болатын. Орыс, славян және казактардың «Благовест» ұйымы Алматы қаласы, Алмалы ауданындағы №2 Оқушылар үйін балалардан тартып алуға әрекет етіп, өздерінің сөзімен айтқанда «Русский дом» жасауды жоспарлаған. Тіпті казак атаманы Юрий Захаров бұл ғимаратты мейрамханасы, қонақүйі, дене шынықтыру залы бар кешенді орталыққа айналдыратындығын да айтқан.

Кезінде «Орыс қауымдастығы» мен Казак ұйымы «Орыс үйін» ашпақшы болып, Орталық стадионның жанынан жер де сатып алыпты. Бірақ қаланың жобасы бойынша А.Байтұрсынов көшесі бойына мәдени мекеме салу қарастырылмаған екен. Бұдан соң аталмыш ұйым басшылары «Бізге әкімшілік Байтұрсынов көшесіндегі жер телімін қайтарсаңдар, Оқушылар үйі ғимаратын беруді қарастырамыз деді де, артынша айнып қалды», – деп зар қаққан-тұғын. Соған қарамастан, Бунаков пен атаман Захаров қалалық әкімшіліктің ешбір рұқсатынсыз Оқушылар үйіне баса-көктеп кіріп, өз қорасындай аралап кетеді. Әбден үрейі қашқан оқушылар мен ұстаздар Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Серік Сейдумановтың: «Атаман Захаров әкімшілікке бірнеше рет хат жазды. Ол берілуге болмайтын ғимараттарды сұрайды. Бұл мүмкін емес. Оқушылар үйі қандай жағдайда болмасын, жұмыс істейді» деген пікірінен кейін ғана тынышталған болатын. Ал кейбір ақпарат көздерінің жазуынша, атаман Захаровтың көзі Оқушылар үйіне ғана емес, Семиречье казактары одағының ғимаратына да түскен көрінеді. Қоғамдық ұйымның негізін қалаушы атаман Владимир Овсянников екеуі осы ғимарат үшін бүгінгі күнге дейін соттасып жүр. «Біраз жыл бұрын Бунаков және Захаровпен дос едім. Біздің ұйым бірлесіп түрлі шаралар өткізді. 2007 жылы Латиф Хамиди көшесінде орналасқан үйімізге жөндеу жұмыстарын жасау қажетттігін айтып, Захаровтан қайырымдылық көмек сұрадым. Негізі бұл ғимарат 1999 жылы Президенттің бұйрығы бойынша бізге берілді. Сосын қалалық әкімшілікпен арада үйді 49 жылға қайтарымсыз жалға беру жөнінде келісім-шартқа қол қойылған. Үйдің аумағы 1100 шаршы метр, алдында 24 сотық жер телімі бар», – дейді атаман Овсянников. Бір таңданарлығы, жөндеу жұмысына Захаровтың «Благовест» қоры 17 млн.теңге бөледі. Захаров осыншама ақшаны қалайша бере салды? Бәлкім, мұның астарында астыртын саясат болды ма? Овсянниковтің айтуынша, сол екі арада Захаровтан: «Он күннің ішінде қызметіңді, Семиречье казактары одағының мүліктері мен қаржылық есебін маған өткізуіңді талап етемін» деген сарында хат келеді. Казак атаманы берген ақшаны әріптесі жымқырып қойды деп күмәнданды ма, Қаржы полициясына шағым түсіріп, тексеруін сұрайды. Бірақ арнайы тексеру нәтижесінде жөндеу жұмысына Захаров берген 17 млн. теңгеден де көп, яғни 20,5 млн. теңгенің жұмсалғаны анықталады. Бұдан соң Семиречье казактары одағының басшысы Владимир Овсянников Захаровтың өзін «жала жапты» деп сотқа береді. Тіпті, сол кезде еліміздің әр өңіріндегі казак ұйымдары мен бірлестіктері Президент Н.Назарбаевқа ашық хат жазып, оны Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметінен босатуын талап етеді. Міне, содан бері бір тоқтап, бір жалғасып келе жатқан сот процесіне түбегейлі нүкте қойылар емес. Сот шешімді қай казактың ығына жығып беретіні де белгісіз. Ал жоғары атаман Захаров болса, өзінікін заңды деп есептейді. Десе де, қарсы топ атаман Захаровтың Семиречье казактары одағы ғимаратына рейдерлік жолмен қожайын болып, тарихи орынды ойын-сауық орталығына айналдыруы мүмкін екенін айтады. «Келісім-шартта 49 жылға қайтарымсыз жалға алған ғимарат тек мәдени іс-шаралар өткізуге ғана беріледі делінген. Яғни, ешқандай дүкен, мейрамхана, монша болмауы тиіс. Ал қазір шіркеуге қарама-қарсы орналасқан ғимарат ішімдік ішетін орынға айналды…», – дейді олар. Захаров та қалысар емес. «Өздері кінәлі. Бұлар осы күнге дейін жал­қаулық пен ішкіліктің нормасын орындады. Бізге мұндай адамдардан құтылуға тура келді. Бүгінде олар казак ұйымынан шығып қалса да, өздерін «казакпын» деп санайды», – депті басылымға берген пікірінде. Қысқасы, екі жақ бір-бірін «казактардың жоғары атаманы» атағына лайық еместігін айтып, даурығып жүр. Ал «Время» газетінің жазуынша, 2002 жылы «Единая Россия» партиясының өтінішімен «Орыс қауымдастығына» Алматы қаласындағы бір балабақша ғимараты беріледі. Содан бұл «Орыс үйін» казактардың «Благовест» қорының атына тіркейді. Бірақ ұйым ғимаратты 325 млн. теңгеге «Қуат» корпорациясына сатып жіберіпті. Соған қарамастан, Бунаков Президент Н.Назарбаевтан «Бізге өзіміздің тіліміз бен мәдениетімізді дамытатын «Орыс үйі» керек» деп сұрауын қояр емес. Ал тағы бір ақпарат көздерінде Бунаков мырза: «Единая Россия» партиясы үйді Қаскелең қаласынан берді. Алматының орталығында еврей, неміс, кәріс орталықтары бар. Ал «Орыс үйі» қаланың шетінде болуы керек пе? Әлде, біздің еш еңбегіміз сіңген жоқ па?», – депті өркеуделеніп. Міне, қызық. «Орыс қауымдастығының» кеудесін керіп, «Бізге қала ортасынан ғимарат беріңдер» дейтіндей жөні бар ма? Тіпті, Оқушылар үйіне ауыз салып, тартып алғысы келген Бунаков пен Захаровтың қолтығына кім су бүркіп жүр? Бәрінен де, бұл казактар өзді-өзімен соттасып, жұрттың күлкісіне айналғанын біле ме екен?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ