Жаңалықтар

МҮЛТ КЕТКЕН ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЛАРЫ

ашық дереккөзі

МҮЛТ КЕТКЕН ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЛАРЫ

Марченконың қатаң сынына ұшырады

Нұрахмет ҚУАТ

Еліміздегі 5 миллион салымшының аманатын арқалаған зейнетақы қорлары неден мүлт кетті? Қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қай тәсілге көбірек иек артты? Бірыңғай жинақтаушы қорының қарапайым халыққа, яғни салымшыларға берері не?

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко ресейлік телеарналардың біріне берген сұхбатында қазақстандық зейнетақы жинақтаушы қорларының кемшіліктері мен қателіктерін тізіп берді. Ресейдегі жинақтаушы қорларды қайта құрылымдау мен олардағы қаражаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары туралы сұрақ қойған журналиске Марченко ең алдымен қаржылық қоржынды дербестендіру керектігін айтты: «Мемлекеттер бойынша да, активтер тобы мен валюталар бойынша да». Отандық зейнетақы қорларының бұл міндетті атқара алмағанын көлденең тартқан Бас банкир: «Қазіргі нормативтік актілерге сәйкес, жекеменшік зейнетақы қорлары жинақталған қаражаттың кем дегенде 20 пайызын мемлекеттік құнды қағаздарға салуы тиіс. Шын мәнісінде бұл көрсеткіш 50,5 пайызға тең. Олар бұдан артық тәуекелге барғысы келмеді. Себебі түсінікті. Қатер – төмен, алайда, түсетін кіріс те – мардымсыз. Бір жағынан алғанда, олар нормативтік-құқықтық актіге сәйкес, 40 пайыз қаражатты шет мемлекеттерге салуға мүмкіндігі бар болатын. Бірақ бұл көрсеткішті 9 пайызбен шектеген. Яғни, жекеменшік зейнетақы қорлары мемлекеттік құнды қағазға инвестиция салуда асыра сілтесе, керісінше, шет елдерге инвестиция мәселесінде кемшін түсті», – дейді. Алайда, Марченконың айтуынша, 2013 жылдың 1 шілдесінде іске асырылатын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылуына басты себеп бұл емес.

Өткен аптада «Түркістан» газетіне сұхбат берген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов: «Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы қорды өзі басқарады немесе ішкі басқаруға береді. Жинаған қаражатты қалай көбейтуге болатынын білетін және ақшамен жұмыс істей алатын компаниялардың жауапкершілігіне тапсырылады. Немесе инфляция өте қатты ықпал етпейтін жолды тауып, қаражатты аман-есен сақтайды. Бұл әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры да осы сияқты. Қор – Үкіметтікі, яғни Қордың иесі – Үкімет және біз оның басқару жауапкершілігін Ұлттық банкке тапсырамыз. Ал шешім қабылдау міндеті ҚР Президентінің жанынан құрылатын Кеңеске жүктеледі. Қазір Президенттің жанынан құрылған екі Кеңес бар. Біріншісі, Ұлттық қорды басқару бойынша Кеңес, екіншісі, «Самұрық-Қазына» Қорын басқару бойынша Кеңес. Аталған кеңестерде жоғары деңгейдегі кәсіби мамандар шоғырланған және қажет кезінде ұстанатын саясаттың бағытын түзеді. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін зейнетақы қорлары барлық ақшаны Ұлттық қорға өткізуі тиіс. Ол үшін ҚР Үкіметі Ұлттық банкпен бірлесіп, жаңа заң жобасын дайындады. Парламент құжатты бекіткеннен кейін іске кірісеміз» деген болатын.

Қазақстанда 10 жекеменшік және бір мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры (МЖЗҚ) бар. Биыл зейнетақы нарығының 20 пайызына ие МЖЗҚ негізінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылады. ҚР Үкіметінің меншігінде болатын бұл қорға Қаржы министрлігі жауап береді. Ұлттық қордың баламасы саналатын осы қорды Ұлттық банкінің басқаруына береміз. Ұлттық қордың Қаржы министрлігіне қарайтынын білесіз ғой. Бірақ оның тізгіні Ұлттық банкке тапсырылған. Бүгінде қазақстандық зейнетақы қорларында 5 млн. салымшының қаражаты сақтаулы. Ресми деректерге сүйенсек, отандық зейнетақы қорлары қолдарындағы қаражатты мемлекеттік қағаздарға, квазимемлекеттік салаларға, яғни, Қаржы министрлігінің мемлекеттік құнды қағаздарына, «ҚазТрансОйл» мен «Самұрық-Қазынаға», «Қазақстан Темір Жолы» т.б. салған. Бұған дейін құзырлы органдар, тіпті Президент зейнетақы қорларының жұмысын қатаң сынға алған болатын. Оның басты себебі, қорлар күмәнді акционерлік қоғамдардың көмегіне жүгініп, қаражаттың белгілі бір бөлігін соларға құйған, ал ақшаның қайда кеткені белгісіз. Өкініштісі, мұндай келеңсіздіктер банк саласында да өте көп: жинақтаушы жүйенің банк саласымен тығыз байланысты. Мемлекет халықтың зейнетақы қорларындағы ақшасы жоғалып кетпес үшін барлық жауапкершілікті Ұлттық банкке жүктеп отыр. Анығында, салымшылардың қаржысына бірдеңе болса, мемлекет жауап береді. Мемлекет ұсынып отырған жүйе Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Малайзия, Сингапурде қолданылатын көрінеді. Қазіргі таңда зейнетақы жүйесіндегі реформалармен қатар Үкімет сарапқа салып жатқан басқа да мәселелер бар. Мысалы, жүйенің өзгеруі, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы, жұмыс берушілер үшін міндетті жарналар т.б. Ол үшін сарапшылармен, мамандармен пікірсайыстар ұйымдастырылып, өте кең ауқымда зерттеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Қазір заң жобасы дайын тұр. Үкімет оны қоғам талқысына салады.