КҮНГЕЙДІ КЕЛЕШЕКТЕ КӨКСАРАЙ ГҮЛДЕНДІРЕДІ
КҮНГЕЙДІ КЕЛЕШЕКТЕ КӨКСАРАЙ ГҮЛДЕНДІРЕДІ
Берік Оспанов,
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары:
Оңтүстік Қазақстанға барған іс-сапарымыздың барысында, облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов мырзамен сөйлесудің сәті түскен еді. Біздің әңгімеміз облыстың бүгінгі хал-ахуалы, экономикасы, ауыл шаруашылығы, діни жағдайы төңірегінде өрбіді. Сарыағаш, Созақ аудандарындағы дүлей дауыл мен тасқыннан кейінгі жағдай да әңгімемізден тыс қалмады.
– Күнгей елімізді көкөніс, жеміс-жидекпен қамтамасыз етіп отырған өңір. Әңгімені облыстың ауыл шаруашылығынан бастағымыз келіп отыр. Облыс өткен жылды ауыл шаруашылығы саласы бойынша қалай қорытындылады?
– Жуырда Үкімет еліміздің ауыл шаруашылығы үшін тарихи шешім қабылдады деп айтуымызға болады. Мемлекет басшысы да ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты өткен жылы арнайы мәселе көтерген еді. Елбасы өзінің 2050 стратегиялық Жолдауында да бұл жөнінде арнайы айтып өтті. Осыған орай, ауыл шаруашылығын дамытуға арналған арнайы бағдарлама түзілді. Бұл бағдарламаны Үкімет қарап, бекітті. Оны бекітпес бұрын, бір жыл бойы түрлі талқылаулардан өтті. Аталмыш бағдарламаны бекіту дегеніміз – ауыл шаруашылығы үшін жаңа кезең келді деген сөз. Бұл біз үшін өте қуанышты жағдай. Аталмыш бағдарлама ауыл шаруашылығы саласының келешектегі келбетін мүлдем өзгертуге мүмкіндік береді. Ол үшін бәріміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып атсалысуымыз қажет. Бағдарламалар қабылданады. Бірақ қабылданған бағдарламаны іске асыру үшін көп жұмыстар атқаруға тиіспіз. Оны өз нәтижесіне жеткізу – оның механизміне байланысты. Яғни, ол бағдарлама қалай іске асырылады?! Мәселе, осында. Екіншіден, біздің өңірімізде ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді десек, қателеспейміз. Соңғы екі-үш жылдың ішінде біздің өңірде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі екі есеге артты. Тағы бір қуанышты жайт, биыл Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы саласынан елімізде бірінші орынға шықты. Біздің негізгі табыс көзіміз – өсімдік шаруашылығы. Бізде суармалы жерлер көп. Суармалы жерлердің елу пайызы бізде десек, қателеспейміз. Елімізде 1 млн. гектар суармалы жерді пайдаланып отырсақ, оның 500 мыңы біздің оңтүстіктің еншісінде. Кеңес Одағы кезінде суармалы жерлер Қазақстанның ішкі өнімінің 25 пайызын қамтыған екен. Яғни, ол жердің тиімділігі өте жоғары болған деген сөз. Сондықтан, біздің ең алдымен көңіл бөлген саламыз, сол суармалы жерлерді қалпына келтіру болды. Яғни, су бармай жатқан жерге су барды. Кеңес Одағы кезінде пайдаланған жерлерді біз 100 пайыз қайтадан қалпына келтіріп, пайдалануға енгіздік. Тозған, сортаңы шыққан 10-15 мың гектардай жеріміз бар. Оны қалпына келтіру үшін қомақты қаражат керек. Бұл уақытты қажет етеді. Қазіргі таңда сол жерлерді қайта қалпына келтіру үшін арнайы жұмыстар жасалуда. Оны қалай, қандай жолмен іске асырамыз?! Осыған орай, бірқатар зерттеу жұмыстарын жүргізген едік. Жарты жылдың көлемінде барлық ауыл шаруашылығы мамандарымен ақылдастық. Қандай мүмкіншіліктер бар екенін тексеріп көрдік. Бүкіл жерді тексергенде көз жеткізген бір дүние – қосымша 292 мың гектар жерді қосуға болады екен. Ол үшін өңірімізде 5-6 жаңа су қоймасы салынуға тиіс. Бәйдібек ауданындағы Қостұра деген жерде су қоймасын салатын болсақ, көрші аудандарда және Бәйдібек ауданында қосымша 15-20 мың гектар жерді айналымға енгізуге мүмкіндік бар. Қызылқұм каналының 3-4 тармағын іске асыратын болсақ, ол жерде елу мыңға жуық гектар жерді қосуға болады. Одан кейін Көксарай су реттегішінен механикалық әдіспен су тартып, Шәуілдір массивінің және Арыстың маңайында 15-20 мың гектар жерді пайдалана аламыз. Барлық аудандарда қосымша жерлер қосу үшін есеп жүргізіп, бағдарлама қабылдадық. Былтыр жоспарлағанымыздай, 21 мың гектарды жаңадан суармалы жер қатарына қостық. Биыл сол жерлерге егіс егіледі. Бұл қосымша өнім, қосымша жұмыс орындары болып саналады. Ал бір ауыл шаруашылық жұмыс орны ашылса, онымен сабақтас бес жұмыс орны ашылады. Біздің өңірде қайта өңдеу саласын қолға алу алдыңғы кезекте тұр. Жалпы, дамыған елдерде 100 пайызға жуық өнім қайта өңдеуден өткізіледі. Ол қосымша табыс. Ол сапасы жағынан да, тұтынушылардың пайдалануы жағынан да тиімді әрі шығынды азайтады. Сондықтан, біз осы саланы қолға алып, жұмыс жасап жатырмыз. Одан кейінгі мәселе, мал шаруашылығы саласын дамыту. Ең бірінші – мал шаруашылығын асылдандыру. Мал шаруашылығына байланысты, тек қана республикалық емес, өзіміздің бюджеттен де қаражаттар бөліп, арнайы бағдарламаны іске асырып отырмыз.
– Ғасыр жобасы деп аталған Көксарай су реттегішінің бүгінгі мүмкіндігі қандай?
– Біріншіден, Шардара су қоймасы тек қана оңтүстік жұртшылығы үшін ғана пайдалы емес. Оны Қызылорда облысымен бірге, екі бірдей облыс пайдаланады. Яғни, біз бұрын тек қана бір су қоймасын пайдаланғанбыз. Егер 5 млрд. текше метр су болатын болса. Көксарай су реттегіші қосылғаннан кейін 8 млрд. текше метр суға қол жеткіздік. Яғни, Қызылорда облысының суару мәселесі толық шешілді. Соңғы екі-үш жылдың ішінде оларда рекордтық өнім алынуда. Міне, тиімділігінің қандай екенін өздеріңіз де байқап отырған шығарсыздар. Ал біз үшін де Көксарайдың салынғаны өте тиімді. Су алу мүмкіндігіміз жоғарылады. Оған қосымша Көксарайдың маңайында мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік молайды. Ол маңда қазір бірнеше жобаны іске асырудамыз. Яғни, Көксарайдан су алып, суғару жүйелерін қалпына келтіріп, 15-20 мың гектар қосымша суармалы жер енгізуді жоспарлап отырмыз.
– Жыл сайын көктем туа халықтың ең алдымен қауіптенетіні – су тасқыны. Қазір бұл қауіптің беті сейілді деп ойлайсыз ба?
– Оны толық шешілді деп айтатын адам қателеседі. Мысалы, су тасқынының өзі табиғаттың тосын мінезінен болып отыр. Бір жыл құрғақшылық болуы мүмкін, бір жыл жаңбырлы болуы мүмкін. Өзіңіз білесіз, биыл қанша қар түсті, қанша жаңбыр боп жатыр. Екі-үш жылдық көлемде қар жауды. Ол қар ертең еріген кезде қауіп төндіруі мүмкін. Тасқынды болдыртпау, оның алдын-алу – біздің міндетіміз. Мұның бәрі тікелей биліктің жауапкершілігі деп те айтуға болады. Осыған байланысты бізде арнайы бағдарламалар іске асырылуда. Арық-атыздарды тазалау, каналдарды бетондау сынды жұмыстар жүргізілуде. Қазір қосымша бюджеттен 1 млрд. теңгеге жуық ақша бөлініп, аудандарда тазалау жұмыстары жүруде.
– Қаңтарда табиғаттың тосын мінез көрсеткенін бәріміз білеміз. Сарыағаш ауданындағы хал-ахуал қалпына келтірілді ме?
– Сарыағаш ауданында ауа-райына байланысты жол жұмыстары өзінің мерзімінде істелінетін болады. Уақытша жасалып қойды. Қазір біз барлық тиісті құжаттарды дайындап, ол жұмыстарды екінші рет жасамайтындай қолға алып отырмыз.
– Таукенттегі дауыл ауылға біраз қиындық тудырды. Қазір Таукенттің жағдайы қалай?
– Таукент елді мекенінде жағдай тұрақталды. 5 күн ішінде жоспардағыдай барлық тиісті жұмыстарды аяқтадық. Халық өте риза. Яғни, бір отбасының адамдарындай бәрі жұмылып, бүкіл облыстың адамдары қол ұшын созып, ауа-райы бұзылмай тұрып жұмысты сәтті аяқтадық.
– Оңтүстіктегі діни ахуал жайында не айтар едіңіз? Облыста қалыптасқан діни ахуал жөнінде қоғамда алаңдаушылық бар екенін жасыруға болмайды.
– Иә, өкінішке қарай, соңғы жылдары бұл сала бізде қараусыз қалған еді. Өздеріңіз білесіздер, елімізде 2000 мешіт болатын болса, оның 700-дейі бізде. Яғни, 30 пайызы деп айтуға болады. Дінге біртабан жақын екеніміз рас. Бізде табиғатымызда жоқ бағытта жүретіндер аса көп емес, бірақ бар. Солармен қазір арнайы жұмыстар атқарылуда. Ең бірінші онда түсіндіру жұмыстары қажет. Оларды қинап, ой-пікіріңді ауыстыр деу дұрыс емес. Біздің халық қашанда сөзге тоқтаған халық қой. Сондықтан жайдан-жай бірнәрсеге ұрына бермейді. Қазақтың өзінің ұлттық ерекшеліктері бар. Соны біз ескеруіміз керек. Қазақ қандай халық екенін білуіміз, ескеруіміз қажет. Бұл жерде ата-ананың да атқаратын рөлі өте үлкен. Қандай тәрбие беріп жатырмыз? Соған терең қарауымыз керек. Балаларымызды тәрбиелеуге ата-аналарымыз дайын ба? Яғни, рухани, мәдени, басқа да мәселелер бойынша тәрбиелей ала ма? Халық бұрынғыдай емес, қазір ептеп болса да ақтың ақ, қараның қара екенін ұғып келеді. Яғни, уақтылы тоқтатылды деп айтуға болады. Дін деген өте нәзік сала болғаннан кейін, күнделікті бақылауда болып, тиісті жұмыстар атқарылғаны абзал. Жастарға дұрыс тәрбие қажет. Кейбір діни ағымдарға ілесіп, өз жолынан та-йып кеткен адамдарға қол ұшын созып, жұмыспен қамтамасыз ету керек. Жағдайы төмен, мүмкіншіліктерді аз адамдарды пайдаланады ғой кереғар ағымдар. Ондай ағымдарға бақылау жасап, тұрақты жұмыс жасайтын болсақ, келешекте мұндай жағдайлар қайталанбас еді.
– Жастардың әр түрлі ағымға бұрылуы жұмыссыздықтың салдары деп айттыңыз. Жастарды жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілуде?
– Бізде республикалық, облыстық деңгейде бірнеше бағдарламалар іске асырылуда. Ол «Жұмыспен қамту», «Дипломмен – ауылға» және басқа да бағдарламалар. Одан кейін тікелей өңірлік инвестициялық орталық құрғанбыз. Соған қомақты қаражаттар бөлінуде, жас кәсіпкерлер де назардан тыс қалмайды. Бізде жыл сайын егер 80 мыңға жуық бала дүние есігін ашатын болса, яғни жыл сайын мыңдаған жұмыс істейтін адамдар көбейіп отыр деген сөз. ЖОО-ны бітіріп, орта білім алып жатқандар бар, олардың барлығын жұмыспен қамту өте үлкен мәселе. Ең бірінші мәселе – мұнда өндірісті дамыту керек. Біз әр адаммен жеке жұмыс жасай алмаймыз. Біздің мақсатымыз – жалпы жұмыс нарығын дамыту, жаңа жобаларды іске асыру. Жаңа жобалар ашылған сайын жаңа жұмыс орындары көбейе береді. Бізде жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздың көлемінде. Яғни, ол елдегі жұмыссыздықтың деңгейінен жоғары емес. Облыста 1 жыл ішінде мемлекеттік арнайы көмек алушылар 30 мыңға азайды. Олар жаңа жұмыс орны ашылғаннан кейін, білімін жоғарылатқаннан кейін, табыс көздері табылғаннан кейін әлеуметтік көмектен бас тартып отыр. Бұл дегеніңіз әлеуметтік әл-ауқат жақсарып келе жатыр деген сөз.
– «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен келген жастарға қандай көмек болады?
– Ең бастысы, өзінің жаңадан барған жұмыс орнынан көмек ретінде субсидиялар беру. Одан кейін жұмыс орны белгіленіп, тұрғын үй алуға несие беріледі. Тиісті аудандарда ол жұмыстар жүргізіледі. Оларға арзан үй тауып береді. Сол жерге орналастырады. Бөлінген квота бойынша бізде жұмыс жасай алады.
– Оңтүстік түрлі басылым өте көп аймақ. Естуімізше, екі жүзге жуық басылым жарық көреді екен. Оның бәрін басқару сіздерге қиын емес пе?
– Негізінен оны басқару дегеннен аулақтаумын. Бізде жағдай басқа. Бұл жерде олармен жұмыс жасау, оларға елдегі саясатты дұрыстап жеткізу, бәріне бірдей мүмкіншілік жасау қажет. Газет шығаратын адамдар – олар да кәсіпкер. Әр адам өз ойындағыдай, өзі білгеніндей жұмыс жасайды. Біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Сынды кім жақсы көреді?! Әсіресе, қазақ сынды көтере бермейді. Негізінен сынға дұрыс қарау керек. Бұқаралық ақпарат құралдары көп болған сайын бәсекелестік күшейеді. Екіншіден, бұқара барлық жағдайды біліп отырады. Дұрысын да, бұрысын да. Оның ең үлкен пайдасы, билікке қашан болса да бақылау бар. Соның арқасында шенеуніктер аяқтарын тартады. Ақты ақ, қараны қара деу керек. Біржақты болмау керек. Баспасөз тәуелсіз болу керек. БАҚ-тың ең ұтымдылығы – халықтың пікірін қалыптастырады. Сондықтан олар дұрыс жұмыс істегені абзал. БАҚ кейде халықты қызықтырамын, оқырман тартамын деп бағытынан айнып кетпегені жөн. Журналистер белсенді болса деймін. Мен оларды басқарып емес, бірлесе отырып, жұмыс істеуім қажет.
– Өзіңіз сол басылымдардағы сынды қалай қабылдайсыз?
– Мен сынды қабылдай білмесем, онда баяғыда бәрімен соттасып жүретін едім ғой. Сын айтылады, кемшіліктер айтылады. «Ауруын жасырған өледі» дегендей, ештеңені жасырмау қажет. Мен кемшілікті түзетуге тырысуым керек. Шешілмей жатқан мәселелер болса, шешуге тырысамын. Соның арқасында бізде біраз мәселе шешімін табады. Егер бәрі жақсы деп жасырып жүрер болсақ, біз онда дамымаймыз. Сондықтан біздің өңірде БАҚ-тың рөлі өте үлкен.
ӘңгімелескенГүлзина БЕКТАСОВА