Жаңалықтар

ЖҮРЕК ХИРУРГИЯСЫНЫҢ ТАРИХЫ ӘЛІ ЖАС

ашық дереккөзі

ЖҮРЕК ХИРУРГИЯСЫНЫҢ ТАРИХЫ ӘЛІ ЖАС

Сәбит ПАЗЫЛОВ:

Соңғы екі жылдың ішінде елімізде трансплантация ісіне айтарлықтай қан жүгірді. Бұған А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында бауырға, бүйрекке жасалып жатқан оталардың нәтижесі дәлел бола алады. Ал орталықта қан тамырлары хирургиясының да алатын орны ерекше. Біз бүгінгі медицинаның жетістігі мен кемшілігі жөнінде А.Н.Сызғанов атындағы ҰҒХО-ның бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Сәбит Бексейітұлын аз-кем әңгімеге тартқан едік.

– 1998 жылы С.Асфендияров атындағы университетті бітіріп, осы орталықтың қабырғасында жүріп екі жылдық резидентурадан өттім. Осындағы ұстаздарымның ұсынысымен аспирантураны бітіріп, кандидаттық дәрежені қорғап алдым. 2009 жылдан 2012 жылдың басына дейін №4 клиникалық ауруханада бас дәрігердің орынбасары, өткен жылдың наурызынан осы орталықта бас дәрігер қызметін атқарып келемін. А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы Қазақстанның хирургтары үшін қара шаңырақ. Өйткені мұнда ең күрделі отаның түрлері жасалынады. Қазақстанға қандай да бір жаңа технология келсе, ол осы орталықта. Яғни, көпсалалығымен де ерекшеленіп тұрады. Орталық екі жылдан кейін 70 жылдығын атап өтпекші. Орталықтың кешегісі мен бүгінгісін салыстырсақ, айырмашылық жер мен көктей. Қазіргі таңда дүниежүзіндегі жаңа заманауи технологияның түр-түрін енгізіп, алдыңғы қатарлы мамандарды дайындауға үлкен күш жұмсалуда. Осында даярланған мамандар бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі аурухана мен емханаларда жұмыс істеп жүр. Кардиохирургия, жүректің хирургиясы осы жерден бастау алады. Бұл орталықта жүрек хирургиясының елу жылдай тарихы бар. Бұрын бір бөлім болса, қазір жеке-жеке. Жүректің туабітті және жүре пайда болған ақауларын емдейтін бөлім бар. Мысалы, бауыр, өт жолы, ұйқы безі хирургиясы соңғы уақытта үлкен жетістікке жетті. Бауыр хирургиясының даму деңгейін көрсететін трансплантация болса, ота жасау 2011 жылдан бастап жолға қойылды. Аз уақыттың ішінде алты адамға бауыр трансплантациясы жасалды. Сол сияқты алғаш 1980 жылдары құрылған микрохирургия бөлімінде жұмыс жоғары деңгейде жасалуда. Одан басқа қан тамырлары хирургиясы бар. Мұның да қырық жылдай тарихы бар. Трансплантацияның дамуы – қан тамыры хирургиясы дамығаннан кейін пайда болды. Осыдан бес жыл бұрын трансплантация жасау бойынша Қазақстанда бір ғана клиникада лицензия болса, қазір алты клиника бар. Ал өзім қан тамыры хирургиясы бойынша мамандандым.

– Бұрын ауылда медициналық амбулаториялар мен пункттер болатын. Бүгінде кейбір елді мекенде бұл да жоқ. Ауылдан келетін науқастардың көбі жоғары стадиясында, яғни ауруы асқынған жағдайда сіздердің көмектеріңізге жүгінетіні белгілі.

– Орталық көпсалалық хирургия­лық қызметтің бағдарламасын жасақ­тауда. Оның өзі бірнеше бөлімнен тұ­рады. Осы жұмысты жандандыру мақ­са­тында 2011 жылы министрліктен «Ку­раторлық көмек» деген бұйрық шық­қан. Бүгінгі күні орталыққа Жамбыл және Қызылорда облысы бекітілген. Осы облыстарға біздің хирургтар жылына төрт рет шығады. Арнайы ұйымдастырылған бригадада өкпе, бауыр, жүректі емдейтін мамандар болады. Олар ауылдан қалаға жете алмайтын адамдарға жергілікті жерде медициналық көмек береді. Мұндағы басты мақсат – сол жергілікті мамандарды үйрету арқылы аймақтағы медициналық көрсеткішті жақсарту. Өткен жылы жаңа технологияларды енгізу мақсатында Жамбыл мен Қызылорда облысына төрт рет жолымыз түсті. Әр барғанда отыз шақты технология енгіздік деуге болады. Осы тоқсанда да бір бригада Жамбыл облысына баруға дайын.

– Ал басқа облыс халқы қайтпек? Егер Денсаулық сақтау министрлігі арнайы қаржы бөлсе, орталық мамандары басқа облыстарға баруға дайын ба?

– Әрине, біз министрліктің бұйрығы бойынша әрекет етеміз. Қаржы жағы да министрлік тарапынан шешілген. Мұның бәрі Елбасының жолдауы мен «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аясында жасалып жатыр. Жасыратыны жоқ, еліміздің басқа өңірлерінде де отаны тағатсыздана күтіп отырған науқастардың көрсеткіші жоғары. Олардың көбі біздің орталыққа өз аяқтарымен келіп жатады. Республикалық клиника болғандықтан Қазақстанның түкпір-түкпірінен қабылдаймыз. Еліміздің кез келген өңіріндегі азаматтар тегін медициналық көмек есебінен, портал арқылы ем алады.

– Мәселен, күрделі ота жасау керек болса, сол жергілікті жерде жасай бересіздер ме?

– Әлбетте, оған мүмкіншілік бар. Біз аталмыш облыстарға бармас бұрын алдын ала келетін уақытымызды хабарлаймыз. Олар науқастарды дайындайды. Біздің мамандар ауырған адамның анализін жан-жақты сараптап, тексергеннен кейін ғана ота жасайды. Бұл ең бастысы, ауылдан қалаға келуге жағдайы жоқ науқастар үшін тиімді.

– Қазір елімізде онкологиялық аурулардың түрі көбейіп кетті. Оның көбі ота жасайтын дәрежеге жеткен. Отандық медицинада қабылданып жатқан түрлі бағдарламалардың нәтижесін халық көріп жатыр ма?

– Нәтижесі бар, бола береді де. Біз онкологиялық науқастарға көмек береміз, бірақ окнологиялық бағдарламаларға қатысымыз жоқ. Біраз жыл бұрын кардиохирургияны дамыту жөнінде бес жылдық бағдарлама болған. Ал осыдан бес жыл бұрын Қазақстанда бір ғана кардиохирургия бөлімі болса, қазір еліміздің барлық өңірлері мен үлкен қалаларында орталықтар ашылды. Білуімше, қазір айналасы 21 кардиохирургиялық орталық бар. Астанада салынған орталық жүрек-қан тамырлары ауруларын анықтай алады. Жүректің қан тамырының зақымдалғанын тексеретін карнография тәсілі бар. Бұрын карнография тәсілі арқылы жылына 2 мың зерттеу жасалса, қазір 20 мыңға жетіп жығылады. Құдайға шүкір, медицинаға бөлінген ақшаның көбеюіне байланыс­ты еліміздегі медициналық ұйымдар түрлі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде.

– А.Н. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы соңғы заманауи технологиялық құралдармен толықтай жабдықталған ба?

– Жаңа технология көп қой. Біз бәрін алдық дей алмаймыз. Қазір біз үйреніп, пайдаланып жүрген технологиядан кейін де неше түрі шығып кетті. Мысалы «До Винчи» деген аппарат бар. Бұл робот ота жасайды. Болашақта осы құралды сатып аламыз деген ойымыз бар. Егер робот ота жасауды қолға алсақ, сандаған науқасқа өмір сыйлай алар едік.

– Бізде заманауи құралдарды жетік меңгерген мамандар жеткілікті ме? Бәзбір облыстардағыдай шаң басып тұрмай ма?

– Біздегі аппараттардың ешқайсысы бостан бос жатпайды. Кез келген құрал өз пайдасына жұмыс істеуде. Тоқтап тұрған аппарат жоқ. Орталықтың бір мақтанатын жері – жаңа технологияны жетік меңгерген мамандар көп. Дәрігерлер де бір жерде тұрып қалмайды. Үнемі білімін жетілдіріп отырады. Жыл сайын бағдарлама қабылданып, қай маманның қай мемлекетке баратындығы туралы тізім бекітіледі. Былтыр министрліктің көмегімен 100-дей маман шетелде білім алып, тәжірибе жинақтады. Сондай-ақ дүниежүзіндегі белді хирургиялық орталықтармен тығыз қарым-қатынас орнаттық.

– Орталықтағы транс­план­та­ция­лық ота жасау процесі шетелдік дәрі­герлердің бақылауы арқылы жү­з­е­ге асуда. Өткен жылы отаға Бело­руссиядан, Жапониядан келген­ білікті мамандар қатысты. Ал олар­дың келіп, кету шығынын кім­ көтереді? Әлде екіжақты ке­лі­сім­шарт бар ма?

– Мұның барлығы министрліктің көмегімен жасалады ғой. Бүгінде Жапонияның мамандары тоқсанына бір рет келеді. Біздің клиника мен Нагасаки университеті клиникасы арасында бес жылдық келісім-шарт жасалған. Былтыр біздің он дәрігер Нагасаки университетінде болып, тәжірибе алмасып келді. Бұл қарым-қатынасымыздың басы ғана. Біз оларға, олар бізге келеді. Келешекте де біз бұл байланысты жандандыра түспесек, үзбейтін боламыз.

– Елімізде 1200 адамға жүрек, 1300 адамға бауыр трансплантациясын жасау керек екен. Мұншама науқасқа донор табу оңай емес екені анық.

– Біріншіден, халық көзқарасын өзгерткен кезде ғана трансплантация өз арнасын табады. Бауырға, жүрекке трансплантация жасайтын маман жеткілікті. Екіншіден, трансплантация жасауға болады деген заң бар. Бірақ бұл жерде адамгершілік мәселесі бар. Кей жағдайда тыйым салған жайттар бөгет болуда. Егер шетелдегідей бәрі заң жүзінде шешілсе, трансплантация бізде де кеңінен дамиды. Заңда: «Егер ауруханаға түскен адамның миы жарамсыз деп табылып, ал басқа мүшелері аман болса, туыстары келісімін берсе, онда ол адам донор бола алады» деген мағынада жазылған. Бірақ ағза мүшесін кез келген адамнан алып, басқа біреуге салуға болмайды. Ол үшін ағзаның тіні мен қан тобының сәйкестігі анықталады. Салған орган бітіп кете ме, жоқ па? Мұны ДНК деңгейінде анықтайтын зертхана бар. Оны жүргізу үшін трансплантация керек адамдардың тізімі жасалады.

– Бұл уақытта донорға мұқтаждар тізімінде ұзақ жыл бойы тұрған кейбір науқастардың демі үзіліп те кететін шығар…

– Мәселе сонда ғой. Мысалы, жүрек трансплантациясы керек адамдарға ота тезірек жасалмаса, ұзаққа шыдамайды. Екі, әрі кетсе алты айда тізімнен шығып қалады. Яғни, көбі өмірден озып кетеді. Сондықтан да халықтың жүрегі жібіп, көзқарасы өзгерсе екен деген тілек бар. Тірі адам тіршілігін жалғастырады. Өмір мен өлім арасында арпалысқан жандарға өмір сыйласақ, одан асқан дәрігерлік бақыт бар ма?!

– Былтыр орталық транс­план­та­ция­ жасауды «беспен» аяқтағаны бел­гілі. Биылғы жоспар бойынша қан­ша адамға ота жасалмақшы?

– Өткен жылы бауырға бес трансплантация жасалса, биыл он трансплантация отасын жасау жоспарда бар. Былтыр 23 бүйрек алмастырылса, биыл қырық-елуге жеткізсек дейміз. Сондай-ақ жүрек трансплантациясы бойынша бес ота жасауды алға қойып отырмыз. Әрине, оның бәрі жоспар. Медицинада трансплантацияның екі түрі бар. Бұл – туыстан туысқа және өліктен алу. Орталықта ауыстырылған 23 бүйрек пен 5 бауыр трансплантациясының бәрі туысынан алынды. Бүгінгі күнге дейін өліктен алу трансплантациясы болған жоқ. Оған халық әлі дайын емес сияқты. Қазір бұл жағынан көп жұмыс жасалуда.

– Әрине, науқастың аман қалуы әуелі Алланың, содан соң дәрі­гер­лердің қолында. Кейде ота сәтті, кей­де сәтсіз жасалуы да мүмкін. Транс­плантациялық ота жасау алдын­да өзіңізге жүз пайыз сенімді бола­сыз ба?

– Кез келген дәрігер-хирург отаны­ сенімді болған кезде ғана жасай­ды. Өзім де солай. Адамның өмірі ойыншық емес. Бізге үлкен жауап­кер­шілік жүктелген. Мәселен, бауыр трансплантациясын жасаған соң­ғы жағдайда әпкесі сіңлісіне, әйелі күйеуіне берді. Бұл жерде жауап­кершілік бір адамның емес, екі адамның өмірінен туады. Өйткені науқасқа салған бауыр мен донорда қалған бауыр әрі қарай жұмыс істеуі керек. Ағза мүшесі адамның өмір сүруін қамтамасыз етуі қажет. Әрине, мұның бәрі зертханалық анализдердің көмегімен, компьютерлік зерттеулердің нәтижесінде алдын ала келісіліп, анықталып шешіледі.

– Бүгінде қан тамырлары ауруына шалдыққандардың көрсеткіші көп екен. Кейінгі кезде жастарға да ауыз сала бастағанын статистика растайды. Осы тұрғыда не айтасыз?

– Медицина тарихына көз жүгірт­сек, қан тамырлары ауруының кең тара­ған екі түрі бар. Оның бірі – атероскле­роз. Мысалы, қалыпты тамырдың іші тегіс болады. Тамырдың ішкі қаба­ты қалыңдағанда, қан дұрыс жүр­мей­ді. Бұл зат алмасу процесінің бұзылуынан, қанда холестериннің көбеюінен пайда болады. Соның салдарынан май түйіршіктері тамырдың ішкі қабатын қалыңдатып, бітеп тас­тайды. Егер аяқтың тамыры жабылып қалса, адам жүре алмайды. Ал толық бітеліп қалса, аяқ шіриді. Біз көбінесе атеросклероздың асқынуын емдейміз. Қан тамырлары адам ағзасының барлық мүшесінде бар. Тамыр организмді қанмен қамтамасыз етіп, оттегін жеткізіп отырады. Егер жүректің қан тамыры зақымдалса, инфарктқа, мидың қан тамырлары зақымдалса, инсультқа әкеледі. Бұрын қан тамырлары ауруына ота ашық түрде жасалып, тарылған жер протезбен ауыстырылса, қазір жаңа технологияның, стендттердің көмегімен отаны ағзаны кеспей-ақ жасауға болады. Қан тамырлары хирургиясы өте жоғары дәрежеде дамыған. Медициналық көмек те сапалы түрде көрсетілуде. Бұған мүмкіндіктеріміз де жетеді, мамандарымыз да сақадай-сай.

Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ