«БҰЙРЫҒЫ БОЛМАҒАНДАР» ҺӘМ ҚАЗАҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ
«БҰЙРЫҒЫ БОЛМАҒАНДАР» ҺӘМ ҚАЗАҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ
Демографтардың мәліметінше, 2000 жылдан бері елімізде қыздар саны көбею үстінде екен.
«Егер бойжеткен қыздар дер кезінде күйеуге шықса, ұлтымыздың саны кем дегенде 1 миллионға көбейер еді», – дейді сол ғалымдар. Қазақстанда кәмелет жасынан асқан миллионның үстінде басы бос бойжеткен бар екен. Шаңырақ көтере алмай жүрген азаматтардың да саны осы шамада. Жастардың отбасын құруға асықпауының себебін зерттеушілер халық тұрмысының төмендігінен көреді.
Баяғыда екі жастың арасында жеңгелері жүрген. Сондықтан да болар, қыздың оң жақта отырып қалуы сирек кездескен. Қазақтың пысық жеңгелері күні кешеге дейін қазіргі уақыттағы күрделі әлеуметтік мәселені оп-оңай шешіп келді. Сөйтіп, демографиялық жағдайымыздың жақсаруына үлестерін қосты.
Ұлттың ішінде тұтас менталитеттің сақталмауы да үй болу мәселесін ушықтырып тұрғандай. Онсыз да аз қазақ өз ішінде екі үлкен топқа бөлінеді. Бірі – байырғы менталитеттің қаймағы бұзылмаған ортасында өскендер, екіншісі – батыстың «озық» мәдениетімен сусындаған қалалық қауым өкілдері. Осы екі топтың ұл-қыздары көбіне бір-бірімен қосыла алмайтыны белгілі. Қосылатындары бірен-саран ғана, яғни туындап отырған қарама-қайшылықтың бәрі ұлттық ерекшеліктеріміздің жойылып бара жатқандығынан болуы әбден мүмкін. Оның үстіне, бүгінгідей жаһандану дәуірінде үй болып, отау тігу, бала сүю секілді заңдылықтар сөз етуден қалып, есесіне батыстық анайы, біржыныстылық насихаты халық арасында кең етек жайып барады.
Қазіргі қазақтар қызының жатжұрттық екенін көбіне ұмытып кететін сияқты. Күйеуге кеткеннен гөрі, жұмыс істеп, бірдеңеге қол жеткізгенін қалайды. Ертең оның жұмысқа жегіліп жүріп, ақыры соңында қу тізесін құшақтап қаларына ой жүгірте бермейді. Қазақтың «бұйрығы болмаған шығар» дейтін жұбаныш даналығы бар. Ал қоғамда әлгіндей «бұйрығы болмағандар» елеулі топқа айналды.
Әйел адамның бұл өмірдегі басты міндеті ұрпақ өсіру екенін бәріміз білеміз. Бірақ біле тұра ескермейміз. Еуропалық түсінікпен «әйел заты қоғамда белсенді болуы керек» деп отбасы шаруасын ұмыта бастаған әйел-ананы көбейтіп алдық. Бүкіл әлемді тербеткен қасиетті әйел-ананың беделі уақыт өткен сайын осылайша төмен түсіп барады. Бүгінде халықтың жағдайы бұрынғыдан көш ілгері. Небір жаугершілік заманда да ата-бабамыз бас құрап, өсіп-өнген.
Жастардың үйлі-баранды болуының қиындап бара жатқанының себебі бір ғана нәрсеге – жақсы дәстүрімізден айрылғанымызға байланысты. Басқа айтып жүрген «қалай асыраймын», «үй жоқ, жай жоқ», «жұмыс жоқ» дейтін байламдардың барлығы – салдар. Жалқаулықтан арылып, еңбек етсең үй де, ақша да болады. Он-он бес баланы өмірге әкелген әжелеріміздің заманының жанында бүгінгі кезең жұмаққа тең екенін естен шығармайық.
Ұлттық тәрбие мен қазақы сана жетіспейді бүгінгі жасқа. Ондай тәрбие, ақыл беретін ескінің көздері де азайған. Салт-дәстүрді жаңғырту – бүгінгі қалыптасып отырған мәселелердің шешімін табуға септігі тиер еді. Халқымыздың бесік құда, яғни атастыру, сүйек жаңғырту, әмеңгерлік салттары жайлы қазаққа түсіндірудің қажеті жоқ. Оны кез келген қазақ жақсы біледі. Тек қолданысқа шығару керек. Олай болса, қазіргі сүрбойдақтар мен кәрі қыздардың мәселесін шешу үшін осы салттарды қайта түлетіп, жаңғыртып, шынайы өмірімізге енгізе бастағанымыз жөн бе дерсің.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВОңтүстік Қазақстан облысы